Жаңалықтар

АЙЫП ӨТЕЛСЕ, ЖҰМЫС ТА ЖАЛҒАСАДЫ

ашық дереккөзі

АЙЫП ӨТЕЛСЕ, ЖҰМЫС ТА ЖАЛҒАСАДЫ

Жуырда "Атамекен" Одағы Ұлттық экономикалық палатасында кезектi жиын өттi. Бұл жиында сөз алған палата президиумы төрағасы Тимур Құлыбаев: "Экономикалық қылмыстарды реттейтiн заңнамалық, құқықтық құжаттарды тағы бiр сараптап, кейбiр баптардың жауапкершiлiк жазасын қайта қарау қажет. Бұл кәсiпкерлiктiң дамуына серпiн берер бастамалардың бiрi" дедi.

"Атамекен" Одағы Президиум мен басқарма мүшелерiнiң бiрлескен отырысында экономикалық қылмыстар жүйеленiп қана қоймай, бүгiнгi заңдардың мазмұны да пысықталды. Сонымен бiрге, кәсiпкерлiктi дамытуға арқау болар тың бастамаларды ортаға салды.

Аталмыш жобаны белгiлi заң мамандарынан жасақталған арнайы сарапшылар тобы әзiрлеген. ҰЭП Президиум төрағасы Тимур Құлыбаев мырза ағымдағы жылдың 23-маусымында өткен Қазақстан кәсiпкерлерiнiң конгресiнде шағын кәсiпкерлiкпен шұғылданғысы келетiн азаматтардың тәуекелшiлдiгiн жетiлдiру қажеттiгiн баса айтқан болатын. Сондай-ақ, өзiнiң жекеменшiк шаруашылығын жүргiзгiсi келген азаматтарға да мемлекет тарапынан түсiнiстiк пен қолдаудың бар екендiгiн көрсеткен жөн деген ой қорытқан едi.

"Экономикалық қылмыстарға қолданатын жазалардың үлес салмағын тағы бiр iрiктеп, қылмыстық жауапкершiлiктiң орнына әкiмшiлiк жазаға тарту мүмкiндiгiн қарастыру керек. Осылайша елдегi кәсiпкерлiк белсендiлiктi арттыруға жағдай туады", — дедi Тимур Құлыбаев.

Бұған дейiн де мұндай реформалардың қажет екендiгiн мемлекет басшысы да талай рет тапсырған болатын. Осы жылдың 17-тамызында "Құқық қорғау қызметi мен сот жүйесiнiң қызметiн жақсарту туралы" жарлыққа қол қойылған. Аталмыш заң бойынша, экономикалық ауыртпалығы аз, әрi қоғамға тигiзер залалы мардымсыз заң бұзушылықтар қатал жазаланбауы тиiс.

Жобаны талқылауға 150-ге жуық арнайы мамандар қатысты. Олардың арасынла Парламент комитеттерiнiң өкiлдерi, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, қаржы полициясы мен салық комитетiнiң басшылары да бар. "Атамекен" Одағы экономикалық қылмыс боп есептелетiн 77 iс-әрекеттiң 21-iн қылмыстық кодекстен алып, оның 15-iн әкiмшiлiк жауапкершiлiкке қосу қажеттiгiн, қалған алтауын бiржолата құқықтық нормадан алып тастау туралы да өз ұсыныстарын бiлдiрдi. Сонымен бiрге, шағын және орта бизнестiң өкiлдерiн әбден мезi қылған 192 бапты, яғни "Жалған кәсiпкерлiктi" жою керектiгi де сөз болды.

Аталмыш жоба талқылаудан соң, "Нұр Отан" ХДП партиясының құқықтық кеңесi мен Үкiмет жанындағы үйлестiру кеңесiне жiберiлдi.

"Түркiстан-ақпарат"