Жаңалықтар

ЖАПОНДАРҒА ҚАЗАҚ ТIЛIН ҮЙРЕТКЕН ӘНШI

ашық дереккөзі

ЖАПОНДАРҒА ҚАЗАҚ ТIЛIН ҮЙРЕТКЕН ӘНШI

Қазақ тiлi – әуездi әрi сұлу тiл. Қазақ тiлiнiң құдiреттiлiгi сонша, бұл тiлдi үйренуге, бiлуге асықпаған ұлт жоқ. Тiптi, Оңтүстiк Кореяда бiр топ кәрiс жастарының қазақ тiлiн меңгерiп, елiмiзге келiп арнайы фестиваль өткiзгенi баршамызды сүйсiндiрген.

Айтмұрат Төреғалиұлы Қытайда туып-өскен азамат. Ол ата-бабасының атақонысы Қазақ елiне келуге асықса да, отбасылық жағдайымен Жапонияға жолы түседi. Бiр қызығы, ол Жапонияға құралақан емес, қолына қасиеттi қара домбыраны ала барыпты. “Соның арқасында қазақ ұлтын, қазақ тiлiн, қазақтың ұлттық аспабы – екi iшектi домбыра мен шаңқобызды әйгiлi еттiм”, – дейдi қандасымыз.

– Жұбайым Жапонияда оқуға мүмкiндiк алды. Жапон елi өз жерiнде оқыған азаматтың отбасына да қамқорлық көрсетедi екен. Содан баламды алып, жолға шықтық. Әуелгiде бөгде елге баруға жүрегiң тiксiнедi екен. Басқа амал жоқ, әйелiмнiң терең бiлiм алуы үшiн солай етуге тура келдi. Қазақтық қасиетiмнен айрылып қалмау үшiн қара домбырамды алуды ұмытпадым. Сол кезде музыкадан хабары әлсiз әйелiм: "Домбыраны не қыласың? Ол жерге бұл аспабыңның түкке де керегi жоқ" деп айтқанда, "жоқ, керек болады. Тым болмаса зерiгiп кеткенде серiк ететiн досым болады", – деп қояр да қоймай өзiммен алып жүрдiм. Жапонияға барған соң, сол қасиеттi қара домбыра мен шаңқобыз арқылы нәпақа тауып әрi қазақтың атын, қазақ халқының домбырасын таныттым. Бұған кезiнде "Домбыраңды тастап кетшi…" деп қиыла сұраған жұбайымның да көзi жетiп, құдiреттi өнерге басын иетiн болды, – деп бастады әңгiмесiн шабыттана.

Жапонияға алғаш барған кезде Айтмұрат Төреғалиұлы жатпай-тұрмай жапон тiлiн үйренуге кiрiсiптi. Әрине, сол елдiң тiлiн бiлмесең, нан тауып жеуiң де қиынға түсетiнi белгiлi. Жапон тiлiн меңгерудiң аса қажеттiгiн сезген Айтмұрат небәрi 2-3 айдың iшiнде жапон тiлiнде суша ағыла сөйлептi. Сөйтiп жүргенде, көлiк жөндейтiн орталыққа қарапайым қара жұмысшы ретiнде орналасып кетедi. Өзiнiң еңбек жолы туралы тебiрене айтқан қандасымыз Айтмұрат: "Алғашқыда қандай жұмыс болсын, талғамадым. Өйткенi, күн көру керек. Тiптi, кейбiр жұмыс берушi қожайындар басқа ұлт екенiңдi бiлiп, 5-6 айдан кейiн шығарып жiбередi. Бiрақ менiң жолым – өнер жолы болғандықтан, бұл еңбектiң түрi қол болмаған сияқты. Бiр күнi ойға шомып отырып, осы менiң әншiлiгiм, композиторлығым бар едi. Неге осы өнерiмдi жұртқа көрсетпеймiн" деп армандап жүргенде, әртүрлi ұлттардың халықаралық басқосу кешi өтетiнiн естiдiм де, басыма тақиямды, үстiме қазақы ою-өрнекпен тiгiлген кеудешемдi киiп және қолыма қасиеттi қара домбырамды алып, жетiп бардым. Ұлттық киiмiме, домбырама таңырқай қараған халық: "Сен қандай ұлтсың? Қайдан келдiң?" деп жан-жақтан қаумалай кеттi. Бәрiне де еш шiмiрiкпестен: "Мен – қазақпын. Қазақ деген ұлттың атынан келдiм" деп өзiмдi таныстырып жатқанда, ендiгi бiрi: "Қандай өнерiң бар? Мына аспаппен қандай ән орындайсың?" деп қолқа салып, сахнаға шығуымды шыдамсыздықпен күтiп отырды. Сөйтiп тұрғанда, менiң де кезегiм келдi. Ә дегеннен-ақ жиналған көпшiлiктi елең еткiзерлiктей әндердi нақышына келтiре орындадым. Нұрғиса Тiлендиевтiң "Аққу" күйiн шерткенде қошаметiн аямаған жұрт делебемдi қоздырып жiбердi. Ду қол шапалақ соғылып жатыр. Одан соң шаңқобызда ойнап едiм, өнерсүйер қауым тағы бiр ән орындауымды сұрады. Сол мезетте сiлтiдей тынған журналист қауымы тұра жүгiрiп, "Қай жерден келдiң? Қандай ұлтсың? Мына екi iшектi домбыраның дауысы нелiктен көтерiңкi шығады?" деген сұрақтың астына алды. Сөйтiп, қазақтың қара домбырасының, ән өнерiнiң құдiреттiлiгiнiң арқасында танылдым", – дейдi Айтмұрат Төреғалиұлы.

Мiне, осыдан кейiн қандасымыз Айтмұраттың өнерiне тәнтi болған жапон халқы әртүрлi салтанатты кештерге, концерттiк бағдарламаларға арнайы шақырып тұрған. Қасиеттi қара домбыраның арқасында Жапонияның қалаларын аралаған ол жапон халқының салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпын да iштей зерттеп, зерделеп жүрiптi. Тiптi, жапон халқының тұрмысында қазақтың салт-дәстүрiне жақын кейбiр көрiнiстердiң бар екенiне таңқалған Айтмұрат: "Қазақта "сол, солай" деген сөздi жапондар да тура сол күйiнде қолданады екен. Сосын бiз молдас құрып отырамыз ғой. Олар да солай отырады. Бiр қызығы, үйлерi де сабаннан, қамыстан жасалған. Iшi кең. Құдды киiз үйдiң өзi сияқты. Кең тыныс алып, жамбастап жатқың келедi. Төсенiш ретiнде кiшкене-кiшкене көрпеше мен шынтақтап жатқың келсе, жастық та бередi" деп қазақ пен жапон халқының өзара ұқсастығын да айта кеттi.

Иә, өнердi қадiрлеп әспеттейтiн жапон халқы қазақтың ән-күйiне неге қызықты? Қасиеттi қара домбыраның күмбiрлеген қоңыр үнiне жапондар қалай тәнтi болды? Бұл сұраққа толыққанды жауапты Айтмұрат Төреғалиұлының аузынан естiп, сүйсiнiп қалдық. Оның айтуынша, жапондар қазақтың сыңғырлаған әуенiнен кең жазиралы даланың тынысы мен көрiнiсiн көз алдына әкелген сияқты. Бұл олардың қазақтай қасиеттi ұлттың ұлттық аспабы – домбыра мен әуездi әнiнiң құдiреттiлiгiн бағалағаны емес пе?

Бiрде Айтмұраттың өнерiн тамашалауға жиналған қауым, әсiресе ата-аналар мен мұғалiмдер жапон балаларына қазақ тiлi мен домбыра тартуды үйретуiн өтiнiптi. Өйткенi, ол осындай бiр әдемi кеште Кенен Әзiрбаевтың "Бозторғай" әнiн нақышына келтiре салғанда, жан-тәнiмен құлақ салмаған жан болмапты. "Балаларға әннiң қысқаша тарихын жапон тiлiне аударып айтып берем. Сол кезде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейiн көзiне жас алғаны әлi күнге есiмде" деген әншiнiң жаны жадырап сала бердi. Бiр таңқаларлығы, осы әсерлi кештi тамашалаған журналистер газет-журналдарға, телеарналарға хабар таратып, балалардың "Бозторғай" әнiнен алған әсерiн суреттей жеткiзiптi.

Қазақтың атын Жапонияға шығарған Аймұрат Төреғалиұлы аптасына төрт сағаттан балалардан бастап, жасы 95-ке келген қарияға дейiн қазақ тiлiн үйреткен көрiнедi. Олардың қазақ тiлiн бiлуге деген құштарлығын, талпынысын көргенде ерекше шабыт құшағына бөлендiм дейдi ол.

Бiрақ "Өзге елде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол" деген қағиданы ұстанған Айтмұрат Төреғалиұлы 2006 жылы ата-бабасының кiндiк қаны тамған Отанына оралуға бiржола бел буады. "Өйткенi, өз тiлiн, өз ұлтын, сал-дәстүрiн қадiрлемеген адам басқаның да қадiрiн бiле қоймайтыны белгiлi. Оның үстiне бала-шағамның қазақ болып өсiп, қазақ тiлiнде сөйлегенiн қаладым. Қытайда тұрған кезiмiзде ұлттық салт-дәстүрдi негiз етiп жүргендiктен де, ұлтшылдық сезiмiм мен патриоттық рухым жоғары болған сияқты. Алайда, елге келгенде қазақтың өзiмен қазақша тiлдесе алмай, қиналып қалдық. Көңiлге келетiнi, қазақша бiле тұра, орысша сөйлейдi. Ал оларға орысша бiлмейтiн едiм деп түсiндiрудiң өзi қиын" деп жүрген жайымыз бар", – дейдi көптi көңiлiне түйген кейiпкерiмiз.

Бүгiнде Айтмұраттың қазақша әжептәуiр тiл сындырып қалған жапондық шәкiрттерi Қазақстанға саяхаттап келiп-кетедi. Тiптi, олар концерттерде домбырамен ән айтып, күй шертiп, бақтарын сынап жүр. Қытайдың Құлжа қаласында 3 жылдық музыкалық бiлiм алған Айтмұрат Төреғалиұлының 30-40 шақты әнi бар. "Жоғары бiлiм алмасам да, әрқашан өзiмдi жоғары бағаладым. Айтылмаған әндерiм де көп. Олардың нақ орындаушысын таба алмай жүрмiн" дейдi бiрнеше аспапта еркiн ойнайтын әншi. Есесiне, ұлы Қайнар Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық училищенiң домбыра класында бiлiм алып, өзiн үлкен сахналардан көрсетiп келедi. Ол Жапонияда, Кореяда өткен түрлi байқауларда үздiк танылып, елiмiздегi "Шабыт" фестивалiнiң арнайы сыйлығымен де марапатталған. Жақында Түркияда болған ұлттық аспаптарды орындаушылар байқауында үздiк орындаушы атанып, елiмiздiң мерейiн өсiрiп қайтты. Ал, қызы Айғұлан да Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық училищенiң фортепиано бөлiмiнде 2-сыныпта оқиды. Өнер жолын таңдаған кiшкентай бүлдiршiн Қытай, Жапония мемлекеттерiне барып, ән салып жүр.

Сонау Жапониядағы жапон балаларына қазақ тiлi мен қасиеттi қара домбыраны сiңiруге атсалысқан Айтмұрат Төреғалиұлы бiраз еңбегiнiң сiңгенiн мақтанышпен айтады. Әлi күнге жапондық шәкiрттерiмен хат алысып, хабарласып тұратын қандасымыз жат жұрттың ең әуелi қазақтың ән мен күй өнерiн бағалайтынын, ұлттық аспабымыз – домбыраны аса құрметтейтiнiн ерекше сезiммен тебiрене жеткiздi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ