Жаңалықтар

ҚЫЗЫЛЖАР МЕН КЕРЕКУДI ҚАЙТАРУҒА ТАЛПЫНЫС

ашық дереккөзі

ҚЫЗЫЛЖАР МЕН КЕРЕКУДI ҚАЙТАРУҒА ТАЛПЫНЫС

Күнi бүгiнге дейiн Қызылжардың Петропавл, Керекудiң Павлодар атанып жүргенi жүрегi "қазақ" деп соғатын кез келген азаматтың намысына тиетiнi анық. Тiптi, Петропавлда қала атауын ауыстыруға қарсылық бiлдiрген наразы топ бұл ойын сары лента тағу арқылы көрсетуге тырысты.

Ақпараттық пiкiрталас Мәжiлiс депутаты Жарасбай Сүлейменовтiң Петропавл қаласының атауын өзгерту туралы Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалынан басталған едi. Осы тұрғыда "Abai kz" ақпараттық порталының ұжымы күллi Алаш баласына ашық хат жолдаған болатын. "Қазақ жерiнiң атауы үшiн күрес, ол — қазақ жерi үшiн күрес! Қазақ жерi үшiн күрес ол — қазақ мемлекетiнiң мызғымас мәңгiлiгi үшiн күрес! Алаш үшiн күрес — қасиеттi күрес! Бiр Аллаға сыйынып, елдiгiңдi танытып қал, есеңдi ешкiмге жiберме, Алаш баласы!" деп келетiн ашық хатта екi қаланың атауын қайтарып алу жөнiнде ой-пiкiр мен ұсыныстар дәйектi дәлелмен жеткiзiлген. Аз уақыттың iшiнде ашық хатқа оң көзқарасын бiлдiрiп, бiрауыздан қолдау бiлдiрушiлердiң қатары 1 мыңнан асып жығылған. "Abai kz" ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуаттың айтуынша, елдiк, халықтық тұрғыдан шешiлетiн мәселелерге қарапайым халықтың, зиялы қауым өкiлдерiнiң немкеттi қарамайтындығына көз жетiп отыр. "Демек, бұл Петропавл пен Павлодар қаласының ежелгi атауын қайтарып алуға кез келген қоғам мүшесiнiң бей-жай қарамайтындығын аңғартады. Сондықтан да мемлекет бұл мәселеге жүрдiм-бардым қарамауы тиiс", — дейдi ол.

Д.Дүрмән