Жаңалықтар

ӘН ӨНЕРIНIҢ IНЖУ-МАРЖАНДАРЫ

ашық дереккөзі

ӘН ӨНЕРIНIҢ IНЖУ-МАРЖАНДАРЫ

Астанада "Қазақтың дәстүрлi мың әнi" антологиясының тұсауы кесiлдi

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Кез келген ұлттың өзiндiк кескiн-келбетi мен болмыс-бiтiмiн айқындайтын ұғымды оның өзiне тән ұлттық мәдениетi дейтiн болсақ, қазақ мәдениетiндегi ән өнерiнiң алар орны ерекше. Данышпан Абайдың "Туғанда дүние есiгiн ашады өлең. Өлеңмен жер қойнына кiрер денең" деген сөздерi қазақ өмiрiнiң бүкiл тыныс-тiршiлiгi өлеңмен өрнектелетiнiн айқын көрсетедi. Шындығында сәби дүниеге келгенде "бесiк жырымен әлдилеп қарсы алып, адам дүниеден өткенде "жоқтау" айтып шығарып саламыз. Қадым ғасырлар қойнауынан басталатын осы тамаша дәстүр әлi күнге дейiн жалғасын тауып келедi" деген кiрiспе сөзiмен басталған екен "Қазақтың дәстүрлi 1000 әнi" антологиясы.

Қазақтың әнi — қазақтың рухани жаны, шежiрелi тарихы. Жанрлық сипаты жағынан алуан түрлi. Ән өнерiн зерттеушi музыка мамандары ұлтымыздың дәстүрлi бұл өнерiн тұрмыс салтымызға байланысты үшке бөледi. Олар — ғұрыптық, халықтық және кәсiби әндер. Ғұрыптыққа бесiк жыры, тойбастар, беташар, жоқтау, көрiсу, сыңсу, жар-жар, жарапазан жатады. Ал кәсiби ән өнерiне — авторлары белгiсiз халық әндерi мен көпшiлiкке кеңiнен танымал халық композиторларының әндерi жатады.

Ғұрыптық әндер негiзiнен Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей қазақтары арасынан жиналды.

Қазаққа қара өлең кеңiнен тараған. Оның тақырыптық аясы өте кең. Айтыс түрлерi де бар. Оларды алғаш жинап нотаға түсiрген А. Затаевич едi. Ғалымның "Қазақтың 1000 әнi" кiтабы күнi бүгiнге дейiн өз маңызын жойған жоқ.

Ұлттық музыка мәдениетiмiзде халық әндерi ерекше орын алады. Бұл әндердiң көбiне сөзi жеңiл, әнi әуездi келедi. Дәстүрлi әндерiмiздiң iшiндегi халыққа көп тараған да осы. Халық әндерiнiң iшiнде кең құлашпен шырқалатындары да көптеп кездеседi. Атап айтсақ — "Алқоңыр", "Ақбақай", "Сұржекей", "Гауһартас" секiлдiлердiң құрылымы өте күрделi. Сол себептен бұл әндердi кез келген жандар орындай алмайды. Жалпы антологиялық жинаққа халық әндерiнiң 500-ге жуығы енгiзiлiптi.

Жинақтағы әндердiң көбi домбырамен, қобыз, сырнай, жетiген аспаптармен орындалған. Әсiресе, домбырамен шырқалған әелердiң саны көп. Ал қобызбен Сматай Үмбетбаев салған "Ай сәулем", Қазбек Әдiкей салған "Ағажай, Алтай", "Бозторғай" және т.б. әндерi ешкiмдi де бей-жай қалдырмайды. Өткен ғасырдың басында сырнай аспабымен ән шырқаған Тайжан, Шашубай, Нартай, Майра сынды өнерпаздар өз мектептерiн қалыптастырып кеттi. Қазiр солардың ән айту үлгiсiн Мұхамеджан Рүстемов, Клара Төленбаева, Құрманбек Бекпейiсов, Назгүл Қилыбаева секiлдi әншiлер жалғастыру үстiнде.

Жиырмасыншы ғасырдың басында әндердi еуропалық аспап — фортепиано (күйсандық ) сүйемелдеуiмен орындайтын әншiлерiмiз де шыға бастады. Жинаққа атақты әншiмiз Күләш Байсейiтова, Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, Рахия Қойшыбаева, Елубай Өмiрзақов, Рәбия Есiмжанованың күйсандықпен салған әндерi енген.

Антологиядағы Арқа әншiлiк дәстүрiн қалыптастырған тұлғалардың әндерi де жанға жылылық құяды. Олар елiмiздiң Шығыс, Орталық, Солтүстiк аймақтарынан шыққан сал-серi әншiлер — Бiржан сал, Ақан серi, Жаяу Мұса, Абай, Әсет, Үкiлi Ыбырай, Балуан Шолақ, Жарылғапбердi, Иманжүсiп, Ғазиз, Естай, Мәди. Бұлар ұлттық әнiмiзге бiрi бiрiне ұқсамайтын жаңаша әуен алып келдi. Бұлардың әндерi бiзге әуелi Әмiре Қашаубаев, Қали Байжанов, Игiбай Әлiбаев, Байғабыл Жылқыбаев, Қосымжан Бабақов, Жабай Тоғандықов секiлдi майталмандар аманаттап жеткiздi. Бертiнде Жүсiпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жаңыл Қартабаева, Ләззат Сүйiндiкова, Мәдениет Ешекеев, Жәнiбек Кәрменов, Қайрат Байбосыновтай саңлақ әншiлер бүгiнгi ұрпаққа сол қалпында жеткiздi.

Қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбаевтың ұлттық ән өнерiне қосқан үлесi аз емес. Ол тiптен жаңашылдығымен де басқалардан ерекшеленедi. Жұрт сүйсiнiп тыңдайтын "Өзгеге көңiлiм тоярсың", "Сегiз аяқ", "Айттым сәлем Қаламқас", "Желсiз түнде жарық ай", "Қараңғы түнде тау қалғып", "Көзiмнiң қарасы" әндерi жан дүниеңдi ерекше әсерге бөлейдi. Ақын-сазгердiң жинаққа он екi әнi кiрген. Сондай-ақ, осы жинақта

Абайдың шәкiртi Шәкәрiм Құдайбердiұлының да бiрнеше әндерi бар.

Батыс Қазақстан әншiлiк дәстүрiнен — Мұхит Мералыұлының, Ғарифолла Құрманғалиевтың, Маңғыстау әншiлiк дәстүрiнен — Жылгелдi, Тастемiр, Шолтаман, Тұрсын, Әдiл т.б. Жетiсу әншiлiк дәстүрiнен — Дәурен сал, Тәкен сал, Қапез Байғабылұлы, Жамбыл, Сарбас, Кенен, Сәдiқожа Мошанұлы, Сауытбек Ұсаұлы, Дәнеш Рақышев, Сыр өңiрi әншiлiк дәстүрiнен — Балқы Дайрабай, Нартай, Ешнияз сал, Күмiсай, Тоғжан, Рүстембек жырау, Алтай-Тарбағатай әншiлiк дәстүрiнен — Таңжарық, Аппақ, Сұлубай, Бүркiтбай, Төлеухан, Жұмахан, Құмарбек Көпенұлы, Шәушекей Керiмқызының әндерi таспаға жазылып, бүгiнге жетiп отыр.

"Қазақтың дәстүрлi 1000 әнi" антологиясы Елбасының "Мәдени мұра" ұлттық стратегиялық жобасы аясында дүниеге келдi. Жуырда тұсауы Астанадағы "Қазақстан" Орталық концерт залында осы құнды дүниенiң тұсауы кесiлдi. Кештi ҚР Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед ашты. Елiмiзге танымал әншiлер Нұржамал Үсенбаева, Нұрғали Нүсiпжанов, Майра Мұхамедқызы, Кенжеғали Мыржықбаев, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тiлеухан, Ержан Қосбармақов антологияға енген әндердi шабыттана орындап, көрермендер талғамынан шықты.

Көлбай Адырбекұлы