Жаңалықтар

ЕГЕМЕН ЕЛ ТУРАЛЫ ЕЛЕУЛI ЕҢБЕК

ашық дереккөзі

ЕГЕМЕН ЕЛ ТУРАЛЫ ЕЛЕУЛI ЕҢБЕК

"Намыс найзағайы" романын оқығанда туған ой

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев былай дейдi: "Дағдарыстар өтедi, кетедi. Ал, мемлекет тәуелсiздiгi, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгi қалады". Елбасы айтқан осы құндылықтар жайлы тұңғыш роман жазылып, жарыққа шықты. Ол – көрнектi жазушы Сәбит Досановтың "Намыс найзағайы" атты романы.

Романда қала мен дала өмiрi кезектесе суреттелiп, тәуелсiздiк жылдарындағы ел өмiрiнiң кең тынысты, кемел ойлы панорамасы жасалған. Адалдықтың ақ жолынан таймайтын академик Жүнiсов, әдiлетсiздiкке төзбейтiн зейнеткер Төребеков, халықтың жоғын жоқтап жүрген жазушы Ерасыл, өмiр жолы бұралаң актриса Кәмила, ауылдың ақ көңiл мұғалiмi Тұрысов, жандүниесi жұмбақ арбадағы ару Жайна, қиындыққа қайыспаған жұмысшы Жұман, мәскеулiк мейман Анатолий, жобалау институтының кешегi қызметкерi, бүгiнгi жұмыссыз Айтан т.б. Кейiпкерлер нақты iс-әрекеттерiмен ғана емес, шарпысқан сезiмдерiмен, iшкi толғаныс, ой ағыстарымен оқушыға ой салатын, кескiн-келбетiмен көз алдыңнан кетпейтiн кесек бейнелер.

Бұл күндерi кемелiне келген, әр шығармасы сайын творчестволық шабыттануға бөленген Сәбит Досанов роман оқиғаларын шебер өрiп, кейiпкерлерiн әртүрлi стильмен шешен сөйлетедi. Әр кейiпкердiң сөзiнен оның жан дүние әлемi, дүние танымы айқын аңғарылып тұрады. Қазақ елiнiң тәуелсiздiк жылдарындағы қиындықтарды қалай жеңгенi де роман кейiпкерлерi арқылы сенiмдi суреттелген.

Жазушы Ақбас бүркiт пен Тiлеулестiң түстерi арқылы да астарлы ойларды ажарлы жеткiзген. Нарықтық қатынастар кезiндегi "Барахолкадағы" тiрлiктi Тана, Талап, Тәрбие тағдырлары арқылы ашып, ащы өмiрдiң боямасыз көрiнiстерiн көз алдыңа алып келедi.

"Таң алдындағы тәттi ұйқыда жатқан Талапты анасы Тана оятты.

– Талапжан, тұр, тұра ғой, – дедi ұлына мейiрлене қарап. – Таңғы асымызды iшiп алып, "Барахолкаға" ертерек жетейiк. Әйтпесе сонау Стамбұлдан әкелген товарды көтерме бағасына өткiзу қиындап кетедi. Базардан ертерек оралып, ыстық ас әзiрлеуiм, ауруханада жатқан Тiлеулеске баруым, сосын жолға дайындалуым керек. – Түнде сонау Түркиядан түнделетiп жеткен анасын әуежайдан қарсы алған Талаптың ұйқысы шала едi. "Тұр-тұрдан" хабар келген соң ұйқыдан маза кеткен ол төсектен созалаңдап әрең тұрды.

Тана мен Талап таксилетiп қала шетiндегi "Барахолка" атты үлкен базарға жеткенде ұясынан шыққан жарықтық жарық күн айналаны аппақ нұрмен аймалап тұр едi. Тананың бүгiнгi саудасы сәттi болды. Солтүстiк облыстардың бiрiнен келген өзi құрбылас қазақ әйелi Тананың тауарларын көтерме бағамен түгел сатып алды. Ала қаптан арқасы босаған ана мен бала үйге қайтпақ болып ұзын жолдың қарсы бетiне өте бергенде, қара шегiрткедей қаптаған көлiктердiң ара-арасынан жүгiре басып бұларға қарсы келе жатқан жап-жас қызды бiр жеңiл көлiк қақты да кеттi. Қыздың қолындағы қытайдың ала қапшығы бiр жаққа, өзi екiншi жаққа ұшып түстi. Жол үстiнде құлап жатқан қызға тақап қалған автобус тежегiштi дер кезiнде басып үлгердi. Көлiктiң көптiгiнен базардың осы бiр өкпе тұсында жүргiзушiлер жылдамдықты қатты шектеушi едi. Соданда жаңағы жеңiл машина қаққан қыз құдай сақтап аман қалды. Талап пен Тана жүгiрiп келiп құлаған қызды орнынан тұрғызды. Тана қызды сүйемелдеп, Талап қыздың ала қапшығын арқалап жолдың қалаға апарар қарсы бетiне шықты.

– Қалқам, қалайсың, бiр жерiң ауыра ма? – деп сұрады Тана Талап жерге қойған қаптың үстiне отыра кеткен қызға жылыұшырай тiл қатып.

– Қолым, қолым, – дей бердi қыз…" (261бет).

Сәбит Досанов жазушылыққа сын болатын диалог құрудың шынайылығына да терең мән бередi. Соған көп дәлелдiң бiрi мынау:

" – Иә, не дейдi ол? – деп елең ете қалды Тiлеулес.

– Алдағы аптада Алматыға келмек.

– Жалғыз келе ме?

– Жалғыз емес, Буш бар қасында. Генрих та келiп қалар.

– Қанша болады екен мұнда?

– Үш-төрт күн, әрi кетсе он күн.

– Әу, онысы несi сонша асығып? Мұхит асып, сонау АҚШ-тан келгенде сонша асыға ма екен кiсi?

– Ой, папа, сен қызықсың. Ол мұнда ұзақ болса бизнесi ақсап қалады.

– Сен де ылғи асығасың да жүресiң.

– Асықпауға болмайды. Қазiр уақыт солай. Пока, пока, пока… (468-бет).

Шағын диалогтың шалымдылығы сүйсiнтедi. Қысқа ғана тiлдесумен-ақ кейiпкердiң сөйлеу ерекшелiгi арқылы оның характерiн аша алған. Сонымен бiрге кейiпкер өмiр сүрген уақыт пен ортаның бедерлi белгiлерi де бар бұл диалогта.

Қаламы қарымды, ойы алымды қаламгер сом алтындай сомдаған кейiпкер келбетiн сыншы сырт көздiң бiр ауыз сөзiмен онан әрi әрлей түседi. Авторлық баяндау мен суреттеу арқылы мiнсiз мүсiнделген Президент образын екiншi бiр кейiпкердiң: "Абылайдың болғанына Нұрсұлтанды көргеннен кейiн сендiм" деген жалғыз ауыз сөзiмен онан әрi ажарландырып, асқақтата түседi.

"Намыс найзағайы" романында: "Анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш Назерке мен Бексұлтан жанған отқа жалаңаш кiрiп, ләззәт ойынын ойнап жатыр екен" (257 бет) деп келетiн жалғыз сөйлеммен жасалған суретте, "жан дүниесi жағалауға ұрған толқындай толқыған" (300 бет) дейтiн тетелi тың теңеу де, "сол сәт өрт пе, дерт пе, әлдебiр алапат күштiң құшағына кiрген екi дене бiр денеге айналып бара жатты…" (308 бет) сынды кейiпкердiң жалын атқан жан сезiмi де оқушыны бей-жай қалдырмайды. Романда молынан ұшырасқан осындай ұшқыр да ұтымды, қысқа да нұсқа, қызулы да қылықты сөйлемдердi оқығанда аз сөзге көп жүк артқан жазушы қолтаңбасына разы боласыз.

Автор тарихи оқиғаларды бүгiнгi күнмен сабақтастыра байсалды баяндайды. Мысал келтiрейiк:

" – Осы Толстойға Нобель сыйлығы бұйырмапты ғой.

– Иә, тарихта сондай да бiр әдiлетсiздiк болған. Швед академиясы 1901 жылы Нобель сыйлығын Франсуа Артур Сюлли-Прюдомға бердi.

– Бұл кiм тағы? Шынымды айтсам, ешқашан естiмеген есiмiм. Ауылда жүрiп қарайып қалғаным сонша Нобель сыйлығы лауреатының шығармасы тұрмақ, атын да бiлмейдi екенмiн. Ұят-ай.

– Оның түк ұяты жоқ.

– Неге?

– Артур Сюлли-Прюдомды әдебиетшiлердiң өзi де бiле бермейдi.

– Неге бiлмейдi?

– Себебi ол өз елiнде де онша танымал емес, ортаңқол ақын. Ал Толстойдың жөнi бөлек. Ол Нобель сыйлығын әр жылдары әдiлеттi түрде иеленген поляк Генрих Стенкиевич, ұлыбритандық Джозеф Редьярд Киплинг, бельгиялық Морис Метерлинк, үндi Рабиндранат Тагор, орыс Михаил Шолохов, француз Альберт Камю, калумбиялық Габриель Гарсия Маркес, жапон Кэндзабуро Оэ, тағы басқа да әлемдiк деңгейдегi ғажайып суреткерлердiң бәрiнен де биiк тұрған қайталанбас хас талант! Орыстың осы данышпан шалының тағы бiр ерекшелiгi ол жазған тоқсан том еңбектiң бәрi мiнсiз. Небiр атақты жазушылардың да көбi паровоз тектес бiрер мықты шығарма жазады да, қалған вагон сияқты ортаңқол туындыларын сәттi еңбектерi сүйреп әкетедi. Ал Толстойдың кеңқұлашты эпика мен нәзiк лиризмдi, теңiздей терең философиялық ой-толғамдарды шебер жымдастырған, дәуiр суреттерiн шынайы бейнелеген, өмiрдегi кез келген күрделi сұрақтарға жауап беретiн "Соғыс пен бейбiтшiлiгiн" былай қойғанда шағын туындысымен-ақ шалқар шындықты танытқан "Қажымұраты" қандай ғажап. Атақты эпопеядағы Андрей Волконскийдiң Аустерлиц айқасында жараланғанда, есiнен танар алдында айтқан: "Все обман кроме этого бесконечного неба. Ничего, ничего нет, кроме него…" деген сөзiнiң астары қандай терең! Лирика мен трагедияны қатар өрген "Анна Каренина" мен "Арылуда" адам жанының iшкi иiрiмдерi қалай шебер суреттелген десеңшi! Өзгесi өзге. Толстоймен иықтасып тұрған тағы бiр алып Достоевский шығармаларының шыңы – "Ағайынды Карамазовтардың" өзi ол көтерiлген биiкке көтерiле алған жоқ. Тiптi, адам жанының терең түкпiрлерiндегi сиқырлы құбылыстарына жете үңiлiп, оны тап басып, тамаша суреттейтiн аса алғыр, психолог Стендальдың өзi де!" (370-371 беттер).

Ой сiлемiн түйiп айтсақ, Сәбит Досановтың "Намыс найзағайы" екi түрлi ерекшелiгiмен құнды. Бұл Тәуелсiз Қазақстан жайлы тұңғыш та толымды, толғақты роман. Екiншiден, шығарма қазiргi қазақ прозасының тағы бiр көркемдiк табысы, егемен елiмiз туралы елеулi еңбек.

Асқар АЛТАЙ