Жаңалықтар

ОНОМАСТИКАДАН ОПЫРЫП ЖЕПТI...

ашық дереккөзі

ОНОМАСТИКАДАН ОПЫРЫП ЖЕПТI...

Мемлекеттiк тiлдi дамытуға арналған қаржының көлемi жылдан жылға ұлғайып отырғанына қарамастан одан шыққан оң нәтиженi көре алмайтын сияқтымыз. Кейбiр облыстарда құрылған тiл басқармалары мемлекеттiк тiлдi дамыту жолында нақты шараларды жүзеге асырғаннан гөрi жаттанды конкурстар мен жауыр болған байқаулар өткiзуге әуес. Әлгiндейлер қазақ тiлiн бiлетiн басқа ұлттың бiрер өкiлдерiн қатыстырып, тарту-таралғы, сый-сияпат үлестiрумен шектеледi. Көбiнесе мұндай шаралардың соңы кiшiгiрiм той-томалаққа ұласып жатады.

Басқа ұлт өкiлдерi демекшi, жаңағы сайыстардан жыл сайын бәйге алып дәнiккен тұрақты қатысушылары, бiр сөзбен айтқанда, "тотықұстары" болады. Мiне, соларға қазақша көйлек-шапан кигiзiп, көлбiретiп сахнаға шығарумен, шала-шарпы ән салғызып, мақал-мәтел айтқызумен iс бiтедi. Ешбiр жаңалық әкелмейтiн мұндай шаралардан көпшiлiк қауым жалыға бастағандай. Ал қыруар қаржы жұмсап ашылатын тiл үйрету курстарының да кейде басы таудай болып басталғанымен аяғы қылдай болып кететiнi бар.

Ең өкiнiштi жайт, осы тiл төңiрегiнде жүрген кейбiр пысықтардың жемқорлыққа белшеден батып, мемлекеттiк тiлдi "майшелпекке" айналдырып алатындығында болып тұр. Тiптi мұндай көрiнiс республикалық Тiл комитетiнiң бұрынғы басшыларынан да байқалып қалғаны жұрттың есiнде.

Былтырдан берi Қарағанды облысының тiлдердi дамыту басқармасының директоры ( ендiгi жерде бұрынғы) Бақытқали Мұсабековтың осындай былық-шылығы ашылып, басы дауға қалған болатын. Әлгi азамат сол кездегi облыс әкiмiнiң қатаң сөгiсiн арқалап, бiр жолға жазадан құтылып кеткендей болып едi. Дегенмен, бұл қылмыстық iс толықтай жабылмаған екен. Жуырда Қарағандының Қазыбек би аудандық сотында Бақытқали Мұсабеков мырзаға қатысты айыптау шешiмi шығарылды,– деп хабарлайды "ҚазАқпарат" агенттiгi.

Б.Мұсабеков қызметтiк лауазымын асыра пайдалану (ҚР ҚҚ 307-iншi бабының 2 бөлiмi) және қызметтiк алаяқтық (ҚР ҚК 314-iншi 2-iншi бөлiмi) бойынша айыпты деп танылды. Сот оған 2000 айлық көрсеткiш көлемiнде айыппұл салды, бұл дегенiмiз айыпталушы 2,826 млн. теңге төлеу керек деген сөз. Сонымен қатар, сот шешiмiне сәйкес ол 5,3 млн. теңге көлемiнде мемлекеттiк шығынның орнын толтыруы тиiс. Бұрынғы директор, сондай-ақ, үш жыл iшiнде мемлекеттiк қызметте жұмыс атқару құқығынан айырылды.

"Мұсабековтың кiнәсi толықтай дәлелдендi. Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы болған кездерi ол осыған дейiн келiсiмде жария етiлген "Орталық Қазақстанның ономастикасы" топтамасының орнына танысының "ҚазКСР iс жүргiзу тарихы. 1923-25 жылдар" кiтабын басып шығарған. Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, аталмыш басылымның ономастикаға қатысы жоқ. Сонымен қатар, басқарма мен "Юраудит" Заң және консалтингiлiк компания" арасында мемлекеттiк қызметкерлердi мемлекеттiк тiлдерлi оқытуға келiсiм жасалған. Тергеу барысында анықталғаны, бюджеттiк қаржыға оқыған 170 оқушының тек 98-i ғана мемлекеттiк қызметкер екен", – деп түсiндiрдi мемлекеттiк айыптаушы, Болат Есенбаев. Мемлекеттiк қызметшiге қатысты iс алты томға жеттi. Судья айыптау үкiмiн бiр сағаттан астам уақыт оқыды.

Айыптау шешiмi заңды күшiне әлi кiрген жоқ, айыпталушының оған наразылық келтiруге құқы бар.

"Балық басынан шiридi" дегендi халқымыз бекер айтпаса керек. Мемлекеттiк тiлге жанашыр болатын, ұлтымыздың жоғын жоқтап, жыртығын бүтiндейдi деп сенген серкелерiмiздiң шынайы келбетi осындай болып жатса не шара?!

Аманжол АМАН