Жаңалықтар

БИДАЙ ТҮСТЕС БҰРЫМ

ашық дереккөзі

БИДАЙ ТҮСТЕС БҰРЫМ

1997 жыл. Шыжыған шiлде. Оралдың орталық базарынан шаруамды бiтiрiп, №20 автобусқа отырдым. Кенет автобусқа жасы жиырмалар шамасындағы орыс бойжеткен ендi. Кәдiмгi көгiлдiр көз, сұңғақ бойлы бойжеткен, тек өзгелерден айырмашылығы-белiне түскен сап-сары, пiскен бидай түстес, екi өрiлген ұзын бұрымы бар. Көлiктегi отырған немесе тұрған бүкiл еркек кiндiктiнiң көзi әлгi бейтанысқа түстi десем, қате айтпаспын. Қарамау да мүмкiн емес, егер тап сондай бұрымды қыз тiптi қазақтың арасында сирек болса?! Қазiргiлер бiрден шашын қырқып, жүнiн жұлған тауықтай сымпиып шыға келедi емес пе?!

Өзiне қадалған сан алуан көзден қымсынған бойжеткен: "Неге бәрiңiз маған көңiл аудардыңыздар?", – дедi таңдана. – Қалайша қарамаймыз, мұндай бұрымды қызды күнде көрiп жүргенiмiз жоқ, -деп, орысы бар, қазағы бар ер-азаматтар бастырмалата айтып жатты. – А, солай ма? Осындай ұзын бұрым қоюды марқұм анам сұраған едi. Әрi өзiме де ұнайды, – дедi бойжеткен. Бөрiктi атаулыны өзiне қаратқан бойжеткен төрт аялдамадан кейiн түсiп қалды. Ол түсiп жатқанда, бiр мосқал орыс: "Қызым, бұрымыңды сақта! Сен сонымен сұлу көрiнесiң!", – деп дауыстады. Оның сөздерiнiң бұрымды қыздың құлағына шалынғаны не шалынбағанынан хабарсызбын…

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ