ОМАРТАШЫНЫҢ ҚҰПИЯ СЫРЫ
ОМАРТАШЫНЫҢ ҚҰПИЯ СЫРЫ
Кәсiп түбi-нәсiп
Қасиеттi Құран-Кәрiмде "Ара" атты сүре бар. Онда бал арасынан алынатын барлық өнiмнiң адамға пайдалы екенi айтылыпты. Алладан түскен соңғы кiтапта араға арналған сүре тұрса, оның қаншалықты пайдасының барлығы осынан көрiнетiнi сөзсiз ғой.
Қазақ ежелден балды да, бал арасын да бiлсе керек. Бұған көне Отырар, Сайрам, Сығанақ қалаларының орнынан табылған балауыз сияқты заттар дәлел. Соған қарағанда, там-тұм омарта ұстағандар да болған. Рас, ол туралы дерек көздерi тым сирек. Ал қазiр бiзде бал арасын ұстаудың шежiресiн 1786 жылдан, яғни, қазақ даласының сонау шығысында жатқан Алтай өлкесiн Ресейдiң отарлау кезеңiнен бастайды. Сонан кейiн аталған кәсiп Жетiсу өңiрiне тарапты. Ақжайыққа алғашқы омарташылар мен бал арасының "отбасылары" көршiлес Орынбор өңiрiнен келген.
Қай заманда да өмiрден өшпейтiн омарташылық Кеңес өкiметiнiң жылдарында өрiсiн кеңге жайды. Өткен ғасырдың 90-жылдарына дейiн Қазақстанда 400 мыңға жуық ара ұясы болып, ұжымшарлар мен кеңшарларда және жеке шаруашылықтарда ұсталды, бағып-күтiлдi. Отанымыз жыл сайын Жапония, Оңтүстiк Корея және тағы басқа елдерге 50 мың тоннадан астам жоғары сапалы, мөлдiр де таза балды экспортқа шығарып отырған. Бал арасын өсiру саласында 100 мыңнан астам адам еңбек еттi. Бал арасын өсiру – бiреулер үшiн кәсiп болса, екiншiлер үшiн нәсiпке және бос уақытын мазмұнды өткiзудiң көзiне айналды.
Алайда соның барлығы бүгiнде "Бәлду-бәлду, бәрi өтiрiк". 2008 жылы елiмiзде бар болғаны… 2780 тонна бал өндiрiлiптi. Қазiр бал арасын өсiрумен бүкiл республика бойынша тек он мың адам ғана айналысуда. Салыстыратын болсақ, Украинада бұл кәсiпке мойын бұрғандардың саны жарты миллионға жеттi. Былай қарағанда, украин елiнiң экономикалық ахуалы бiзбен тiптi салыстыруға да келмейдi. Сонымен қатар, ара отбасыларының саны он есеге қысқарған. Мемлекет тарапынан бал арасын өсiру саласын басқару тетiгi атымен жоқ. Қазақтың бал арасын өсiру тәжiрибе стансасы жабылып қалды.
Тек соңғы жылдары ғана iсте жанданушылық байқалады. Қазақстанның бұрынғы Үкiметбасы С. Терещенконың бастамасымен Қазақстан бал арасын өсiрушiлердiң Ұлттық Одағы құрылды. Оның төрағасы – өзi. Бұдан басқа, аймақтарда осы одақтың бөлiмшелерiн құру қолға алынды. Отанымызға сырттан бал арасы үшiн нәрлi шөптердiң тұқымдары әкелiнiп, себiлуде. Нәр беретiн ағаштар отырғызу iске асырылып жатыр. Осы салаға қажеттi құр ал-жабдықтар өндiретiн кәсiпорын ашылмақ. Тағы да басқа iстерге қозғау салынды.
Таулы Алтайдың шөбi шұрайлы, жасыл желектi аңғарларындай болмаса да, Ақжайықта да омарта ұстап, күнiн көргендер бұрын да аз кездеспеген. Тап қазiр де жоғалып кете қойған жоқ. Тек санының күрт кемiгенi болмаса. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлiм бастығы Қали Ахонның дерегiне сiлтеме жасасақ, бұрын ұзын саны 400-ге жеткен бал арасын өсiрушi қожалықтар қазiр елуге де жетпейдi. Әрине, бұл өте аз.
– Дұрыс айтасыз, өте аз, – дейдi әңгiмесiнде "Ратель" облыстық бал арасын өсiрушiлер қоғамдық бiрлестiгiнiң және "Тенториум" бал арасы өнiмдерi компаниясы аймақтық орталығының жетекшiсi Гүлжан Мұхамбетқалиева: – Сонау жылдары омарташылардың басым көпшiлiгi Ресейге кеттi. Қалғандары Орал қаласының аумағы мен iргесiндегi Деркул және Плодовощной ауылдарында өмiр сүрiп, арасын өсiрiп жатыр. Бөрлi, Теректi және Шыңғырлау аудандарында да омарташылар кәсiбiмен алаңсыз айналысуда. Бiзде ресми тiркелген бал өсiрушiнiң саны отыздан аспайды. Iшiнде орыс Сергей Кривобоков, татар Наиль Мұхитов, украин Сергей Шевчук сынды майталман, тiс қаққан омарташылар бар. Бәрi де жыл сайын бал арасын өсiрiп, "бармағын жалайды". Өздерiн, қала бердi тума-туыстарын, таныстарын қамтиды. Жинаған өнiмi жылына 15-20 тоннадан асқан емес. Бұрын одан да көп едi.
Гүлжан Мәжитқызының айтуынша, бал арасын өсiруге және омарта ұстауға қызығушылар жеткiлiктi. Аталған ұжым шiлде айында "Информбиржа" газетiне "Тұңғыш омарташылар компаниясы "Тенториум" жұмысқа және ынтымақтасуға шақырады" хабарландыру бергенде, безек қаққан телефонда тыным болмапты. Сан адам, iшiнде өзiмiздiң қаракөздер де бар, қалайша бал арасын өсiруге болады, омартаны қалай ұстау және басқа үдерiмдер жөнiнде кеңес пен көмек беруiн сұрапты. Осы жерде айта кеткен жөн, омарташылардың арасында қандастардың саны әлi де саусақпен санарлықтай…
Алайда бал арасын өсiрудi онан әрi дамытуға кедергi де көп. Оның да түрлi себебi бар. Мәселен, бал арасы нәр жинайтын екпе шөптер өсiрiлетiн алқаптар жоқтың қасы. Барының өзi тым аз. Мысалы, өңiрiмiзде өсiрiлiп жатқан күнбағыс түрлерi мейлiнше майлы болғанымен, бал арасына берер нәрi жұтаң. Эспарцет, қарақұмық сынды нәрi мол дақылдардың себiлмегенiне көп болды немесе барының өзi жартымсыз. Несие жайыда алаңғайырлық облысымызға танымал омарташы Сергей Кривобоков биыл банктен несие алды. Рас, ол өзiнiң мүлiктiк және қаржылық мүмкiндiгiне кәмiл сенiмдi. Өкiнiшке қарай, өзге омарташылар мұндай қадамнан әзiрге жалтарулы. Өйткенi, кез келген банктың пайыздық жеңiлдiктерiнiң жоқтығы өз алдына, сол несие алу үшiн сандаған ведомствоға барып, құлаш-құлаш құжат жинаудың машақатын айтыңызшы?! Соңғы кезде тағы бiр аяққа оралғылар туындады-биыл шiлде айында қабылданған Қазақстан Республикасының биоқосымшалар туралы заңында бал арасының бiр өнiмi-прополис биоқосымшаға жатқызылған. Сондай-ақ, дәрiгерлер қауымы да: "Араның балы да аллерген" деп, ызыңдай бастады. Ал мұндай ұйғарымдарға Г.Мұхамбетқалиева сол саланың маманы ретiнде үзiлдi-кесiлдi қарсы:– Табиғаттың тума тұнбасы болғандықтан, бал ешқандай аллерген де, биоқосымша да емес. Тек бал ғана емес, арадан алынатын прополис, аналық сүт, тозаң гүлi және басқа өнiмдер бүкiл дертке дауа. Апитерапия-яғни, бал арасы, бал өнiмдерiмен сауықтыру-ежелден келе жатқан ем-домның түрi. Тiптi балды дәрi-дәрмекпен қатар қолданса, ол ағзадағы дәрiден тұла бойға сiңген химиялық улы заттарды бiртiндеп шығаратын көрiнедi. Сондықтан компанияға келушiлердiң қарасы үзiлмейдi, жұмыс телефонына да тыным жоқ. Бiр сөзбен айтсақ облыс омарташылары ара шаруашылығы туралы арнайы заңның қабылдануын асыға күтедi. Сонан соң, бал арасына қатысты облыстық бағдарлама қабылданса да, артық болмас едi. Әрине, мұның бәрi келешектiң еншiсiне тиер жұмыстар.
Жайықтың балы да арзан. Келiсi 2 мың теңгеден аспайды. Атырау мен Ақтауда ол 3,5-4 мыңнан кем емес. Тек жасанды емес, тазасын таңдай бiлсеңiз болғаны. Айтпақшы, 14 қыркүйекте атаулы күнге орай, Орал қаласындағы М.Ықсанов және Құрманғазы атындағы көшелердiң тоғысқан тұсында бал жәрмеңкесi ұйымдастырылды. Одан құр қалғандар Орал қаласының күнi-18 қыркүйекте болған келесi жәрмеңкеге барып, өз қалағандарын тапты.
Осыған орай айтарымыз, "Тенториум" компаниясы жан-жақты байланыс орнатқан. Сонау Ресейдiң Пермь қаласында бал өнiмдерiнiң бүкiләлемдiк көрмесi ретiндегi мұрағат бар екен. Мiне, соған жеткiзiлген Ақжайықтың балы "Ең сапалы да дәмдi өнiм" деген бағаға ие болса керек.
Бал арасын өсiру және омарта ұстау-әрi қиын, әрi қызықты кәсiп. Кеткен шығынды ақтайтыны өз алдына, Гүлжан Мәжитқызының айтуынша, кiрiсiнiң өзi кейде 200 пайызға дейiн барады.
Қазақтың даңқты ұлы, Кеңес Одағының екi мәрте Батыры Талғат Бигелдинов ағамыз жетпiстен асқан шағында омарташылыққа ден қойыпты. Осы кәсiппен түбегейлi айналысқан ақсақал өзiнiң таза балды күнделiктi тұтынуының арқасында денсаулығының күрт жақсарып, ағзасының жасара түскенiн айтады. Әттең, Талғат ағамыздың өнегесiнен бүгiнде қолы бос, кейбiр мазасыз, қытымыр қарттарымыз үлгi алса, кәне?!
Қали АХОН, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлiм бастығы:
Бал арасын өсiрудiң және омарташылардың қиыншылықтары маған жақсы таныс. Қазiргi экономикалық ахуалға байланысты ара шаруашылығына байланысты облыстық бағдарлама жасау кейiнге шегерiлген. Ендi ара нәр жинайтын екпе шөп пен ағаштар алқабына келсек, омарташылар өзара бiрiгiп, келiсiп, жер алсын да ексiн. Оған бiздiң тарапымыздан кедергi жоқ. Немесе ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушi шаруашылық қожайындарымен келiсiп, өзара тиiмдi ынтымаққа ұмтылса, несi ауыр?! "Жыламаған сәбиге омырау бермейдi" деген халық даналығы бар ғой. Өзiмнiң пайымдауымша, өңiрiмiзде ара өсiрудiң үлкен келешегi бар.
Руслан ДОСМҰХАМБЕТОВ,омарташы:
Осы кәсiппен бес жылдан берi айналысамын. Әрi еңбек, әрi ермек. Пайдасы да мол. Өзiме де ұнайды. Атақты Шерлок Холмс та омарта ұстапты ғой.
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ