Жаңалықтар

ҰНТАҚ ЖЕП ӨСКЕН ҰРПАҚ ӨКIЛIМIЗ, — ДЕЙДI ҚАСЫМ АҒА ЖӘКIБАЕВ

ашық дереккөзі

ҰНТАҚ ЖЕП ӨСКЕН ҰРПАҚ ӨКIЛIМIЗ, — ДЕЙДI ҚАСЫМ АҒА ЖӘКIБАЕВ

Осынау қазақтың шынашақтай ғана сары шалымен әңгiмелесу бiраздан ойда бар-тын. Көргенi мен түйгенi мол, қазақ мәдениетi мен өнерiнiң ауыр жүгiн бiр кiсiдей-ақ иығына артып келе жатқан Қасым ақсақалдың, шынында да, айтары аз емес екен. Бауырмал ақсақал ақжарылқап әңгiменi бiрден бастап-ақ кеткенi.

– Әрине, екеуi де қиын өнер болғандықтан кино мен сахнаны бөле-жарған емеспiн. Бөле алмаймын да. Екеуiнiң де өзiндiк артықшылығы, ерекшелiгi бар, тiптi, әдiс-тәсiлi де мүлдем бөлек болғанымен, айналып келгенде қазақтың қасиеттi қазынасы ғой.

Сахнада жүрген өнер адамына, артистерге Белинский баяғыда айтқан екен: " венцом исскуство является драма" деп. Бұл дегенiңiз, менiңше, ұлы кинолардың бәрiн артистер жасайды, өнердiң кез келген түрiн жасайтын драманың артистерi ғана деген ұғымды бiлдiредi.Сол – дұрыс пiкiр. Мәселен, ұлы кинолардың бәрi артистердiң еңбегiне байланысты ғой.

– Сахнаны сағынасыз ба?

– Әрине, сағынамын! Мен он сегiз жасымда, 1948 жылы төрт жылдық театр-көркем сурет училищесiн бiтiргенмiн. Актер, режиссер және суретшiлер дайындайтын училище болатын, кейiн суретшiлер Гоголь атындағы өнер ордасы болып бөлiнiп кеттi. Желтоқсанның 12 жұлдызында, Құдай бұйыртса, 81-ге толамын. Осы жылдарымның ең қымбат елу жылын театрда өткiздiм. Он жылдай "Қазақфильмде" жұмыс iстеп, басты рөлi, жанама рөлдерi бар бiраз киноларға түстiм. 1984-94 жылдары Досқан Жолжақсынов директор болып келгенде, өзiнiң шақыруымен Ғ.Мүсiрепов атындағы Жастар театрына келдiм. Өнердегi, әсiресе, кино өнерiндегi қызметiмнiң бағаланбай жүргенi жанына батса керек, жағдайымды жасауға тырысты. Еткен еңбегiмнiң жемiсi шығар, Қазақстанның еңбек сiңiрген артисi едiм, Қазақстанның Халық артисi деген құрметтi атаққа ие болдым.

2005 жылдан берi денсаулығыма байланысты жұмысқа жарамай қалдым. Әсiресе, жүрекпен ойнауға болмайды ғой, екiншi жүрек талмасы ауырлау болды. Таетрға Досқаннан кейiн Теменов деген жiгiт келдi. Отты жiгiт екен, сөзден сөз туады ғой, айтып кетейiн, талантты әрi пысық жiгiт екен. Жас артистерге театр маңынан жатақхана салдырды, спорт залы, бильярд залы бар, аз уақыттың өзiнде әжептәуiр жұмыс тындырды.

– Сiздi үнемi жастардың рөлiнде көремiз…

– Иә, ол баяғыда ғой. Мен сiзге айтайын, қырық жасқа дейiн жасөспiрiмдердiң рөлiн ойнадым. Менiң тұстастарымның маңдайына жазылған ауырлықтар, әсiресе балалық шақтары соғыс жылдарына тұспа-тұс келген сормаңдайлардың бiрiмiн ғой. Сол жылдары Наталья Сац Қарағандыдағы лагерде екен. Қазiр орыстың балалар театры сол кiсiнiң атымен аталады. Менiң шығармашылық ғұмырымда ол кiсiнiң алар орны ерекше, сондықтан марқұм орнынан бiр аунап түссiн, айтуға тура келiп тұр. "Чио-Чио сан" операсын қоятын болды да, басты рөлдi қазақтың Күләшi (Бәйсейiтова) ойнамақшы болады. Екiншi составында Ольга Ким деген кәрiс келiншек бар. Сонда Күләштi тұңғыш көрдiм, тұңғыш рет тыңдадым. Керемет! Кiм қояды дегенде, әйтеуiр, Натальяға тоқталады. Оның әкесi Мәскеуде МХАТ театрында музыка бөлiмiнiң меңгерушiсi болған, Ақ патшаның уағында большевиктер төңкерiске дайындалып жатқанда Бауманды үйiне жасырған, большевиктерге болысқан кiсiлiгi бар азамат екен. Содан Орталық комитет Мәскеуден Сацты шақыртып алады. Ол кезде бәрi Мәскеу арқылы шешiлетiн заман ғой. Сөйтiп "Чио-Чио санды" қояды, бiр ариясын, әлгi оркестр ямасы дейдi ғой, басын салбыратып жатып орындайтын жерi бар. "Чио-Чио сан" операсының бас кейiпкерi аяғы ауыр болғандықтан, жаттығу кезiнде бес-алты жасар баланы арқасына байлап қойып жаттыққан деседi. Екiқабат әйелдiң iшiндегi баласын осылай қорғаған, қандай әдiс десеңiзшi! Опера керемет сәттi шығады. Сацтың күйеуi Рязанов деген 37-шi жылдары министр болған екен, ұсталып кетiп қайтпай қалған. Осы операдан кейiн Наталья Ресейге еңбек сiңiрген актриса деген атағын қайтарып берiп, Қазақстанға келедi де, 1945 жылы 7 қараша күнi Алматыда Жасөспiрiмдер мен балалар театрын, ал келесi жылы, яғни 1946 жылы қазақ труппасын ашады.Ол кезде бiр кеңсе, бiр бастық дегендей орталықтандырылған театр деп аталады.

Бiрiн айтып бiрiне кетiп отырмын ғой, айналып келгенде, Алланың берген дарыны болмаса болмайды ғой. Қабiлет-қарымымен қатар, қандай да шығармашылық адамының қолында мықты қаруы болуы керек. Суретшiнiң қолында қылқаламы бар, натурасы бар, яғни аң-құс болсын, тiрi пенде болсын салатын дүниесi бар, соны салады. Ал композитордың музыкалық аспабы бар, нотасы бар, сонымен жазады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, мүсiншiнiң де өз өнiмi өзiнде, ал бiзде, драманың артистерiнде өзi ғана. Бұл – жеке пiкiрiм.

Режиссердiң көмегiмен сахналанған шығарма арқылы сiз бен бiздiң рухани араласуымыз, сахна мен залдың арасындағы қарым-қатынас, үйлесiмдiлiк қалыптастыруға ұмтылыс жүредi. Содан кейiн "сквазной действие" деген болады. Спектакльдегi автордың айтайын деген идеясы. Пьесаңыз әдеби шығарма ғой, ал спектакль мүлдем басқа.Оның үстiне, әдеби тiл шұбарланған заман болды. Шынын айту керек, қазiр артистерге құрал –оқитын кiтап жоқ! Қазақта талай режиссерлар болды, Маман Байсеркенов, марқұм Асқар Тоқпанов, солардың өзi мен сияқты орысша-қазақша оқитын. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының өзiнде орысша-қазақша.Тiл шұбарланған жерде сөз-сөйлем құрылысының да бұзылуы заңдылық. Күнделiктi қолданыстағы емес, көркем әдебиеттiң, көркем дүниенiң бүлiнуi,ол сахнаның ғана емес, қалың қазақтың соры.

Маман Байсеркеновтың жазған бiр кiтабы қолыма түстi, оқыдым. Жарыққа шыққан кiтаптың соңында қандай оқулықтар пайдаланылған тiзiмдегi өнертанушылардың бiрде-бiреуiн танымаймын. Өзiм кiтапқұмармын, көп оқыдым, әлi де оқимын. Тiптi пiкiрлерiн қолданған адамдар түгiлi, әлгi кiтапты түсiнсем бұйырмасын. Сахнада 40-50 жыл жүрiп мен ұқпаған шығарманы, бүгiнгi ұрпақ қайдан ұқсын?! Бұл мәселенi көп болып ойлануымыз керек.

Мектептi бiтiрерде, сегiзiншi сыныптан кейiн онжылдықты бiтiрумен қатар, кәсiби сала бойынша мамандық алып шықтық.. Сонда бiр жолдасым осы өнер жолын таңдайық дедi, жатақханасы бар, спипендиясы бар екен, соған қызықтық. Маған сонда мұғалiмдер таң қалыпты, бiреуi ғана қазақ, Сыдықов деген драма театрдан.Қалғандарының бәрi орыстар, "образно" сөйле, суреттеп сөйле дейдi. Шаляпин деген орыс халқының дарынды артисi болды. Сол Михайл Александрович Чеховтың "Гамлет", "Хлестаковты" да, тiптi комедия-драма, кез келген жанрда ойнағандарын көрiп, таңқалған екен. Ол Антон Павлович Чеховтың туған немересi болған. Тiлсiз, сөйлемсiз, мылқау кинолардың уағында Еуропаға барып киноға түскен. Кезiнде ол туралы Моров деген жазушы "Трагедия художника" деген кiтап та жазды.

– Әлгiнде Күләштiң көзiн көрдiм, операсын тыңдадым дедiңiз. Жақсылармен жүрген күндер еске жиi түсетiн шығар?

– Қазақтың талай режиссерларымен жұмыс iстедiм. Оның арасында еврейдiң Барн деген жақсы режиссерi болды, Барукаев деген осетин де болды. Асқар Тоқпанов бiрiккен театрдың көркемдiк жағын басқарды. Орыстың мықты режиссерлерiн бағындыратын.

Шәкен Аймановтың киноларына түскенiм жоқ, шығармаларын бағалайтын режиссерiм. Театрға жиi келедi, үнемi жалғыз емес, шұбырып нөкерлерiмен жүретiн-дi. Амандасып жүремiз. Талантты. Жүрiс-тұрысының өзi бөлекше. Жаратылысы бөлек адамдар ғой. Бiр күнi келгенде "Сценарий жаздым" дедi. Мұхтар Әуезовтың "Абай" романынан. Жас Абайды Алтынбек Кенжеков өте жақсы ойнады. Құнанбайды Бәйдiлда Қалтаев деген артист жандырды. Оның Абайды ойнағысы келiп едi, бiрақ Шәкен аға осылай шештi. Маған Дәркенбайды бердi. Ой-бүй, талайдың қолы жете алмаған, Өмiрзақтар қанжығасына байлаған Дәркенбай әдiлдiкпен алысып жүрген жалғыз кедей, төңiрегiмнiң бәрi бай-шонжарлармен алысып, жағаласып жүретiн сом рөлдi бергенiне әуелде тосылыңқырап қалсам да, Шәкеннiң сенiмi үлкен күш-қуат бергендей, бойымды әлдебiр шабыт кернеп шыға келдiм.

– Сенiң әртiстiгiң жаман емес, даусың да мықты, ал ендi Абайдың әкесiн ойнайтын актердiң даусы күштi екен, басасың ба? – дедi.

– Басамын, – дедiм. Оның даусында, орысша айтқанда, металл жоқ, мүлдем аз. Менiң даусым зор, күштi-ақ. Оның үстiне соғыс жылдарында оқыдым дедiм ғой, сонда еврейлерден сабақ алдым. Ол кездерi операның әншiлерi сияқты драма артистерiне де дауыс қоятын-ды. Сонда кәдiмгiдей аптасына үш рет театрдан келiп, дауыс ырғағын қалыптастыратын тұрақты сабақ жүретiн. Жоғары, орта және төменгi немесе кеңiрдектен шығатын бөлiк деп бөлiнедi. Мен мақтанғаным емес, осы үш буында да өте жоғары деңгейде сөйлей алатынмын. Ал қазiр сахна артистерi түгiл әншiлерге де ондай талап қойыла бермейдi. Тынысымның кеңдiгi сондай, менiң бiр алған демiм қағаздың жарты беттiк сөзi, демде оқып немесе дем алмай айтып шыға аламын. Тағы сыдыртып емес, бабымен таза, ашық, анық айтып шығатынмын. Даусым зор, диапозоны кең болғанымен, бойым аласа, қазақша айтқанда қортық дейдi ғой. Сондықтан да қырық жасқа дейiн жасөспiрiмдердi ойнадым.

Сөйтiп, Шәкен ағай сенiм бiлдiрiп, тiптi Дәркенбай-менi өзi киiндiрдi. Спектакль бiткен соң:

– Қасым жаман ойнаған жоқ, маған ұнайды,– дедi. Ол кiсiнiң аузынан мұндай мақтау сөз есту дегенiңiз, сұмдық мәртебе ғой.

– Сiзге қол жетпес арман болған рөлiңiз бар ма?

– Актер болған соң, әрине, неге болмасын?! Менiң қабiлетiм де, дарыным да жететiн образдар болды. Орта бiлiммен-ақ шамам да жетер едi. Ойымда талайлары болды, қазiр айтсам бiреулер миығынан күлiп жүрер, атамай-ақ қояйын. Бiр ғана кемшiлiгiм, ой озық болғанымен бойымның қысқалығы, шыны керек, көп кедергi жасады.

– Сiзге арнап жазылған шығармалар да бар. Әсiресе, "Түркiстанның" iргесiн қалаған жазушы-драматург Қалағаң, Қалтай Мұхамеджановтың өзiңiзге арнаған пьесаларын бiлемiз…

–Иә, жазушы Сәкен Жүнiс қазақтың бiртуар режиссерi Әзiрбайжан Мәмбетов екеумiздiң балалық шағымызға арнап "Жаралы күндер" деген соғыс жылдарындағы балалар тағдырын сахналады. Ал Қалтай жазушылығымен қатар азаматтығы да жоғары қаламгер едi. "Қуырдақ дайын", "Өзiме де сол керек", "Бөлтiрiк бөрiк астында" деген шығармаларын арнады.Өзi де үнемi келiп қатысып отыратын-ды. Әр спектакльден кейiн:

– Сахнаға Жәкiбаев шыққанда менiң қаным көтерiледi,– дейтiн. Сонда менiмен қоса "ойнап шыққандай" болады ғой деймiн, риза көңiлiн бiлдiргенi, әр спектакль сайын жалықпай сол сөзiн қайталайтын.

Қасым аға әлдебiр қимас күндердiң шуағына шомылып отырып, "басшыларыңа айта бар, газетке қызметке келiп-кетiп жатқан жаңа толқын журналистерге Қалтайдың шығармаларын насихаттап отырсын" деген сәлемдi айтуды тапсырды.

– Сiздi көрермендерiңiз "Жансебiл", "Қан мен тер", "Қызғыш құс" кинолары арқылы да жақсы бiледi. Әсiресе, "Жансебiлдегi" "тағдырыңыз" өте аянышты. Аяқ-қолы сау адамның мүгедек арбасына таңылып отыруы деген сұмдық шығар…

Қасым аға кеңкiлдеп күлiп алды. Киноны түсiру барысындағы қызықты оқиғалар есiне түссе керек. Көз алдымызда шөкiмдей болып отырған қазақ өнерiнiң қара жорғасы әңгiме сайын биiктеп бара жатқандай. Сәлден соң әңгiмесiн әрi қарай жалғастырды.

– Негiзi киноға кешiрек түстiм. Ұсыныстар болып жатты, ең алғашқы кинолардың бiрi "Бiз Жетiсуданбыз" деген киноға да шақырылып едiм,бармадым. Сағатбек деген жас бала түстi. Ал, киноның нанымды, жақсы шығуы көбiне операторға байланысты. Әбдiлда Қастеев түсiрдi, атақты Қастеевтiң баласы. Арбаның астына екi аяғымды тығып байлап тастаған. Арбадан шалқалап құлайтын жерiм бар, сұмдық көрiнiс. Жазушы Жүсiпбек Қорғасбек пен режиссерi марқұм Аяған Шәжiмбай та талантты жiгiттер ғой. Аяған қаншыл, намысшыл азамат едi. Ол кеңес дәуiрiнiң өзiнде "халық жаулары" жайлы деректi фильмдер түсiрген, көркем фильмнiң де бағына туған дарынды режиссер болатын. Жазушының шығармасында кейiпкер тап-таза шолақ емес, жартылай мүгедек болса керек. Бiрақ маған қойылған талап әлгiндей, екi қол, екi аяғы да жоқ. Театрда болса таласып-тартысуға, ақыл-кеңес айтуға, пiкiр қосуға болады. Ал кинода тек қоюшы режиссердiң айтқанына бағынуың керек.

Талай әңгiме болып жүрсе де қайталап айтайын, Аяған сценарийдi ресейлiк талантты киноактрисаны iздеп барып бередi, ал Нина Мордюкова өзiне ұнаса да, белорустық құрбысы Галина Макарованы ұсынады. Сол кездiң өзiнде жетпiске таяп қалған кезi, бұл қалай болар екен деп iштей ойланып та қалдым. Содан дайындық, түсiру басталды да кеттi.

Бiрде түсiру алаңында ары-берi өткен пойыздың артынан жүгiре-жүгiре шаршап, дем алдық. Күннiң қайнаған ыстығы, ары-берi жүгiргеннен ол да, мен де дiңкелеп отырмыз. Терлеп кеттiм де, басымдағы тақиямды алшы деп едiм, ол тақияны алдыма қоя салды. Бiр кезде жанымыздан өтiп бара жатқан жетi-сегiз жасар қызы бар келiншек тақияма тиын тастады. Сөйтсем, бас киiмiм шалқалап қалған екен. Содан жетегiндегi қызы анасының құлағына бiрдеңе деп сыбырлап, керi бұрылды да, қайтадан 3 сом тастап жөнiне кеттi. Сонда ойладым, менiң мына кейпiм таза қайыршыға ұқсағаны, шын мәнiнде образдың шынайы шығып жатқан ғой деген ой келдi. Содан сенiмдiрек болғаны киноның сәттi түсiрiлiмiмен аяқталды ғой…

– Қасым аға, сiздiң ғұмырыңыз бiзге аңыз сияқты. Тағдырыңыз жайлы кiтап жазу ойда жоқ па?

Балконнан сыртқа көз салып отырған қарияның көңiлiне сәл-пәл кiрбiң түсiрiп алғанымызды iштей ұқсақ та, көңiлдегi сұрақ ауыздан шығып кеттi…

"Е,е, қарағым, менiң тағдырымды адам баласына бермей-ақ қойсын, ешкiмге тiлемейтiн, аса ауыр ғұмыр кештiм мен" деп барып қайтадан үнсiз қалған дана ақсақалдың жанарына келiп қалған мөп-мөлдiр тамшыны көрмесек те, жанымызбен сезiндiк. Жүрегiмiз сыздап қоя бердi. Тәуелсiздiкке қол жеткiзер тұстағы қазақ халқының тарихындағы Желтоқсан оқиғасының зардабы бұл отбасын да айналып өтпегенiнен хабардар басымыз, әдемi бiр әсерiн мұңға айналдырып жiбергенiмiзге тағы да қиналдық. Дегенмен, көптi көрген, жақсылармен табақтас, дәмдес болған, өнердiң қызық-шыжығын татқан ақылман қарияның сабасына тез түскенi бiздi де ауыр ойдан алып шықты.

– Менiң тағдырымды дос түгiл дұшпаныма бермесе екен деп өмiрден өтемiн, қарағым. Алла тағаланың маңдайыңа жазылғанын көрмей кетпейдi екенсiң. Тағдыр қатал жазалады менi, оны тәптiштеп айтып, жазып жанды ауыртқаннан не пайда?!

Кiтапты шабан оқысам да, көп оқимын, әсiресе тарихи дүниелер ұнайды.Ал, кiтап жазу деген сәнге айналған заман болды, бiраз танымал жазушылар ұсыныс та жасап едi, келiспедiм. Кезiнде Оспанхан Әубәкiров та ұсыныс жасап едi, көршi болдық. Өнердегi ғұмырымды көрермендерiм жақсы бiледi, ал жеке өмiрiм, ол менiң жеке қазынам. Мүмкiн жақсылығынан, қуанышынан гөрi көрген қиындық-азабым көп те болар, дегенмен, ол жеке тағдыр ғой, адам тағдыры! Жаманды-жақсылы өнер адамының тағдыры! Көзiм тiрi кезiмде ол бағасыз қазынаға ешкiмдi жолатпаймын, ал… күнделiктi күйбең тiрлiктен туған ойларды қағазға түсiрiп жүру деген де жақсы қасиет. Газеттерден Асанәлiнiң күнделiгiн оқып отырамын. Ол азамат та қазақ халқының тәңiрi берген мақтанышы ғой. Пiкiрлерi көңiлге қонады.

– Бiр сұрақты қойсам, көңiл-күйiңiз бұзылып қалар ма екен, дегенмен сексен жылдығыңыз неге республика көлемiнде аталып өтпедi?

– Өйткенi, мен жоғарыда айтқанымдай, ұлы актер де, данышпан актер де емеспiн. Мен тек қана өз кәсiбiмнiң, өз қабiлет-қарымымның, өз iсiмнiң маманымын. Оны ешкiм тартып ала алмайды.

Өнердегi еңбегiмдi өзiнше бағалап, сыйлап, "осы шалдың еңбегi зор едi-ау, бағаланбай қалды-ау" деп жанұшырып атақ әперген Досқан балама рахмет! Республика көлемiнде шалқып аталып өтпесе де, ұжымымен бiрге келiп құттықтап, азын-аулақ сый-сияпат жасаған театрдың қазiргi басшылығына да ризамын. Жастар хал-жағдайымды телефоннан болса да сұрап, хабарласып тұрады. Одан артық не бақыт, қандай тағдыр керек дейсiң?..

81-ге толамын деп отырмын ғой, мына жарық дүниеде көрген-бiлгенiң бiр күнгiдей болмайды. Осы киноның арқасында Таймувский Моловод деген бар, Солтүстiк мұзды мұхит, сонда болдым. Талай киносаңлақтарымен бiрге киноға түстiм… Осының өзi бiр ғанибет

– Ұзақ жасаудың, әдемi қартаюдың сыры неде деп ойлайсыз? Сiз сексеннен астым десеңiз де, бiз баяғы сахнадағы өзiмiз көрген Қасым ағатаймен әңгiмелескендеймiз…

– О-о, ол алысқа кеткен заманмен тең.Әйтпесе, ұнтақ жеп өскен ұрпақ өкiлiмiз. Ашаршылықтан соғысқа ұласқан балалық шақ… Әр ұлттың өзiндiк ерекшелiгi бар, ас-тағамдары бар. Осы қырғыздар "қазақтар жылына бiр центнер қыл жейдi" дейдi екен. Шiркiн-ай, сонда ет жегiштер өздерi болғаны ғой! Сонда немене қазақ соқыр ма екен, соқыр екеш соқыр да қыл-қыбырды аузынан алып тастап жейдi ғой. Өз басым тәбетiм тартқан дәмнен қалыс қалмаймын. Дегенмен, жас ұлғайған сайын әр нәрсенiң де шегi, шетi болатыны ақиқат.

Мәдениеттiң майын iшiп, өнердiң әдемi өрiсiн кеңейткен, кино мен сахна өнерiн қыздың қос бұрымындай көркем өрген қазақтың қайсар шалы – Қасым аға Жәкiбаевпен арадағы әңгiме осылай өрбiдi…

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ