Жаңалықтар

ҒАСЫР ТАҢЫНДА ТУҒАН "ШОЛПАН"

ашық дереккөзі

ҒАСЫР ТАҢЫНДА ТУҒАН "ШОЛПАН"

Қазақ тарихы мен мәдениетi әлi де жан-жақты зерттеудi қажет етедi. Өткен уақыт оқиғалары кезiнде жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдары беттерiнде жазылғаны белгiлi. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары мәселелерiн зерттейтiн Журналистика институтының директоры Намазалы Омашев ағамыздың "Айқын" газетiнiң (22.06.2009) бетiнде айтқан: "Алаш басылымдарының бәрi бүгiнде Ташкент, Петербор, Мәскеудiң мұрағаттарында сақтаулы. Өзге дерек жоқ. Деректiң бәрi сыртта жатыр. Сол үшiн де олардың түгелiмен көшiрмесiн түсiрiп алып, еш редакциясыз орыс кириллицасына түсiру қажет. Әрине, бұл iске өте көп қаржы жұмсалады, мықты мамандарды қатыстыру керек" деген пiкiрi қазақ зиялыларының алдында iске асырылуы тиiс жұмыстардың әлi де көп екенiн айқындайды.

Осыдан бiршама уақыт бұрын Оңтүстiк Қазақстан облыстық қуғын-сүргiн құрбандары мұражайының директоры, ақын Ханбибi Есенқарақызының бастамасымен, өткен ғасырдың басында шығып тұрған "Шолпан" журналының түпнұсқасы көршi Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласындағы мемлекеттiк мұрағаттарынан әкелiнгенi, журналдың мәтiндерiн сол кезде қолданыста болған төте араб жазуынан бүгiнгi қолданыстағы кириллицаға аударылатыны жөнiнде баспасөз беттерiнде жазылды. Осы бiр күрделi жұмысты iске асыру барысында өткен ғасырларда шығып тұрған газет-журналдарды зерттеп, халыққа жеткiзудiң ұлы ғалымдар Ш.Сарыбаев, Ү.Суханбердина және басқалардың атымен байланысты үлгi алар үлкен үлкен мектебi бар екенiн ескерiп, сол ғалым ағаларымыз бен апаларымыздың тәжiрибесiмен жақын танысу дұрыс. Шынында да бұл ғалымдарымыздың тәжiрибесi ұшан-теңiз. Ғалым-библиограф Лаура Дүйiмқызы Әбенованың жазуы бойынша тек Үшкөлтай Суханбердина "Түркiстан уалаяты газетiн" тiрiлтiп, топқа қосып қана қоймай, қазақтың төңкерiске дейiнгi мерзiмдi баспасөзiн: "Дала уалаяты газетi" – 5 кiтап, "Айқап" – 3 кiтап, "Қазақ" – 2 кiтап, "Алаш" – 1 кiтап, "Сарыарқа", – 1 кiтап, "Әдеби мұра", "Батырлық дастандар", "Ғашықтық дастандар" т.б. жалпы саны 25-тен астам кiтапты жарыққа шығарып, 135-астам мақалалар жазды (Ұрпақ үнiн үкiлеген. Алматы, 2007, 6-бет). Сонымен, қайсыбiр мәтiндердi сол кезде қолданыста болған төте араб жазуынан кириллицаға аударып зерттеп, сараптап, бүгiнгi күн қажеттiлiгiне жарату үдесiнен шығып, бүгiнгi оқырмандарға жеткiземiн деген адамның бұл салада бүгiнге дейiн қандай жұмыстар атқарғанын бiлумен қатар өзi де терең, жан-жақты бiлiмдi болғаны керек. Себебi, ғылым асығыстықты кешiрмейдi. Ал ендi "Шолпан" журналы туралы айтар алдында бұл саланың тарихына қысқаша болса да тоқтала кетейiн. Қазақстандағы қазақ тiлiндегi тұңғыш басылымдар "Түркiстан уәлаятының газетi", (1870-82), "Дала уәлаятының газетi" (1888-1902) болып есептеледi. Ал журнал шығару тарихы "Айқап" журналынан бастау алады. Қазақстан бодан болған Ресейде 1331 журнал, оның iшiнде орыс тiлiнде 82, шет ел тiлдерiнде 27 журнал шығып тұрды. Ресей халықтарының тiлiнде шығып тұрған 82 журналдың бiрi — 1911–15 жылдар аралығында 88 саны шыққан "Айқап" журналы. Бұл "Шолпан" журналы шыққанға дейiн қазақ журнал шығару тәжiрибесi бiршама болса да бар екенiн бiлдiредi. 1999 жылы жарық көрген Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 4-томының 50-бетiнде: "Айқаппен" бiрге "Ақмола" журналы да шығып тұрды (1911–16). Кейiн "Садақ" (1917, татарша-қазақша), "Айна" (1918), "Мұғалiм" (1919), "Қызыл Қазақстан" (1921–29), қазiргi "Ақиқат"), "Шолпан" (1921–24), "Темiр қазық" (1923), "Жас қазақ" (1923–24), "Жас қайрат" (1923–24), "Сәуле" (1923–24), "Сана" (1923–24), тағы басқа да журналдардың шығып тұрғаны жазылған. Осы мақалада "Шолпан журналының шыққан жылы 1921 жыл деп қате көрсетiлген. Осы басылымның 9-томының 530-бетiндегi "Шолпан" мақаласында: "Шолпан" – Түркiстан АҚСР-i ОАК-нiң бiлiм, әдебиет, шаруашылық, саяси журналы. Тұңғыш саны 1922ж. қазанда жарыққа шықты деп дұрыс жазылған. Журналдың түпнұсқасының мұқабасында да "1922 жыл, октябрь" деп көрсетiлген. Журналдың алғашқы саны ғана жеке басылған, кейiнгi сандары 2-3, 4-5, 6-7-8 болып бiрге шыққан. Бұдан ары журнал шықпай қалады. Бұның себебi, Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 4-томында: "…жеке мақалаларында буржуазияшыл-ұлтшылдық қате тұжырымдарға жол берiлген деп есептелiп, осыған байланысты журнал 8 саны шыққаннан кейiн 1923 жылдың мамыр айында жабылды", – деп көрсетiлген. Туысқан екi халық қазақ пен қырғыздың мұң-мұқтажына қамқор бола бiлген, журналдың мұқабасында "Саясат – шаруашылық, бiлiм-әдебиет туралы айына бiр шығатын қырғыз-қазақ журналы" деп жазылған. Мұнда "қырғыз-қазақ журналы" деген үш сөз үлкен әрiппен жуан етiп, көзге бiрден түсетiндей етiп басылған. Журнал шығарушылардың бұлай жазуы өздерiнiң мақсат-бағдарын бiрден айқындап алғанын меңзейдi. Журнал мұқабасында шығарушы орын мен шығарушының есiмi былай берiлген: "Бастырушы – Түркiстан коммунистер партиясының Кiндiк (Орталық – Б.О.) комитетi, Шығарушы: (бас редакторы) И.Тоқтыбаев" деп жазылған. Сол кездегi қазақ-қырғыз халықтарының өте бiр керектi басылымның ғұмырының қысқа болуы сол кездегi саяси ахуалға тiкелей байланысты болды. Қазақ ұлттық энициклопедиясының 8-томының 421-бетiнде Түркiстан Коммунистiк партиясының 1918 жылы Өлке большевиктерiнiң съезiнде құрылғаны, соған орай бұл съез ТКП-ның 1-съезi атанғаны айтыла келiп, мынандай деректер берiлген: Бұл съезге қатысқан 43 делегаттың алтауы ғана жергiлiктi халық өкiлдерi болды. Съезде ТКП-ның РК(б)П-мен (Ресей Коммунистiк (большевиктер) партиясы) байланыста болуы, оның нұсқауларына қатаң бағынуы керектiгi басты шарт ретiнде белгiлендi. Партияның құрылуымен мүшелерiнiң күрт өсуiнен (1918 жылдың ортасында 2 мыңдай, ал 1919 жылға қарай 56,7 мыңға жеткен) қауiптенген РК(б)П ТКП Түркiстан автономиялық кеңестiк республикасы үкiметiн өз бақылауына алып, оның өзiне бағыныштылығын қалыптастыруды көздедi. Осылайша 1919 жылы наурызда ТКП-ның ОК жанынан жергiлiктi халық арасында саяси ұйымдастыру жұмыстарын жүргiзетiн Мұсылман бюросы құрылды. Оның құрамына Т.Рысқұлов (төраға), А.Мұхитдинов, Н.Қожаев тағы басқалар ендi. Осы кезде ТКП-на ықпалын күшейтудi мақсат еткен Мәскеу құрамында Ш.Элиава, В.Куйбышев, М.Фрунзе, И.Бокий, Ф.Голощекин, Я.Рудзутак бар арнайы комиссия жiбердi. Бұл комиссияға iлесiп 117 партия қызметкерi келдi. Оларға өлкелiк билiк орындарынан басшылық қызметтер берiлiп бұл жергiлiктi халық өкiлдерiнiң ығыстырылуына әкеп соқты. Бұндай бағыт жылдар бойы жалғасты. Тарихшы Бақыт Садықованың "История Туркестанского легиона в документах" – "Түркiстан легионының тарихы құжаттарда", ("Қайнар" баспасы, Алматы, 2002.) кiтабында коммунистердiң жергiлiктi халықтарға деген қатыгездiгi туралы мәлiметтер берiлген: 1925 жылдың 25-қаңтарында, Лениннiң қайтыс болуына бiр жыл толуына байланысты мұсылман еместер тiк тұрып: "Ленин қайтыс болды, бiрақ оның iсi мәңгiлiк" деп дауыстаған кезде, Ташкенттiк Кеңестiк билiк орындарының бұйрығы бойынша Ташкенттiң мұсылман халықтары өкiлдерi колониалдық құлдар сияқты бiрнеше минут бойы тiзерлеп тұруға мәжбүр болды". Францияның "Журналь де Деба" атты басылымының 1928 жылдың 8-қазанында шыққан санында: "Жоқшылықтан қырылып жатқан жергiлiктi тұрғындардың есебiнен орыстардың жағдайын жеңiлдету үшiн мұсылмандарды жүйелi түрде қудалау, жергiлiктi пролетариатты түгелдей езiп-жаншу, жалған аграрлық реформа, надандық пен кемiстiктi әдейi көтермелеу – мiне – саяси, әлеуметтiк және экономикалық тұрғыдан қарағандағы бүкiл өркениеттi халықтар айыптауға тұрарлық советтiк үстемдiктiң нәтижесi", 32-бет. (Қазақ тiлiне аударған автор). Взгляд большевиков на жителей наиболее точно выразил в период страшного голода глава большевиков в Туркестане И.Тоболин: "киргизы, экономически слабые с марксистской точки зрения, должны все равно погибнуть", 32-бет. Большевиктердiң жергiлiктi халыққа деген нақты көзқарасын ашаршылықтың сол бiр ауыр жылдарында Түркiстандағы большевиктердiң басшысы Тоболиннiң мына сөзiнен бiлуге болады: Марксистiк көpқараспен қарағанда, қырғыздар (қазақтар – Б.О.) экономикалық жағынан өте әлсiз, сондықтан бәрiбiр жойылуы тиiс", 32-бет. Сондықтан "Шолпан" журналының неге "…жеке мақалаларында буржуазияшыл-ұлтшылдық қате тұжырымдарға жол берiлген деп есептелiп, осыған байланысты журнал 8 саны шыққаннан кейiн 1923 жылдың мамыр айында жабылды" деген себебi айтпаса да түсiнiктi. Сол бiр кезеңнiң қазақ халқының басына, оның iшiнде қазақ зиялыларына қандай ауыртпашылық әкелгенiн М.Әуезовтiң 1932 жылдың мамыр айында, сол кезде басқа амалдың жоқтығынан жазған "Ендi мен саясатпен айналыспаймын, әдебиетке бiржолата бет бұрам" дегенге саятын "Председателю СНК КАССР тов. Исаеву У. О признании своих политических ошибок" деген хатынан оқи аламыз: "В частности, считаю, абсолютно не соответствующими социальному заказу революционных лет и революционной общественности, свои ранние идеологические вредные высказывания на страницах журнала "Шолпан", о путях казахской литературы дореволюционных лет" (Әуезов және архив. "Атамұра" баспасы, Алматы, 1997. 23-бет.). М.Әуезовтiң бұл бас тартуын көкiрегi ашық әр азамат дұрыс түсiнедi. Себебi, бұл хат – ендiгi жерде күрес күрделене түскенiн терең сезiнген, көп нәрсенi түсiнген адамның саяси қадамы болатын. Сондықтан да ол бұл қадамға саналы түрде, ендiгi жерде оң-солын таныған саясаткер ретiнде барды. Оған жазушының "Шолпан" журналында "Қазақ" газетi туралы 1923 жылы жазғаны ("Қазақ әдебиетi", №11, 2007) дәлел: "…ел дертiнiң себебiн ұғып, емiн бiлiп, ендi қазақты оятып, күшiн бiр жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де iске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа келдi. Бұл тұтынған жолында "Қазақ" газетi өз мiндетiн дөп атқарды". "Қазақ" газетi туралы 1923 жылы осылай ой тұжырымдаған М.Әуезов "Шолпан" туралы да осындай пiкiрде болғаны анық, бiрақ өмiр мен өлiмнiң арасында тұрып бұл ойын ашық айтудың уақыты келмегенiн түсiнген. Себебi, Кеңес өкiметiнiң қысымы күшейгеннен кейiн "Алаш" партиясы өздерiнiң әдiс-тәсiлдерiн өзгертiп олар ендi ағартушылық бағытқа ойысып ағартушылық арқылы халықтың сана-сезiмiн оятып қалыптастыруға күш салды. Бұл iстi ары қарай жалғастыруды "Алаш" көсемдерi Мұхтар Әуезовке тапсырған едi. Сондықтан да М.Әуезов "Алаш" көсемдерiнiң өсиетiн орындау мақсатында осындай қадам жасауға мәжбүр болды. Бұған Мұхтар Әуезов Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсiпбек Аймауытовпен түрмеде бiр бөлмеде жатқан кезде Ахмет Байтұрсынұлының: "Абайды халқыңа берiп кетем десең, Мұхтар, басыңның амандығын тiле. Бiздiң шаруамыз бiтiп, талқанымыз таусылған адамбыз. Партиядан кешiрiм сұра" – деп ақыл айтқанын М.Әуезовтiң өз аузынан естiген белгiлi абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың сөздерi дәлел. (Қайым туралы сөз. "Фолиант" баспасы, 2006, 137 бет). Әрине, Ахмет Байтұрсынұлының рухани iнiсiне бұдан басқа да ақылдарын айтқаны көзiқарақты адамға түсiнiктi. Өткен ғасырдың осы бiр қилы кезеңiндегi зиялы қауымның iс-әрекетiне белгiлi қоғам қайраткерi Мұрат Мұхтарұлы Әуезов: Бұл кез – әдебиеттiң де саяси категорияға айналған кезi" деп өте дәл баға бердi ("Жас Алаш" №14, 2008). "Шолпан" журналы сол жылдары қазақ-қырғыз зиялылары мен бас көтерерлерiнiң өз мойнына үлкен жауапкершiлiктi алып, қоғам мүшелерiнiң сана-сезiмдерiнiң өсiп, жаңа өмiрге талпынуының айқын белгiсiнiң нәтижесiнде, сол кезгi талапқа сай кезек күттiрмейтiн мәселелердi шешу мақсатында жан-жақты тақырыптарды қамтыған сан-алуан мақалалар жариялап отырған. Әрi журнал шығарушылар биiк өркениет иелерi байырғы түркiлердiң ұрпағы екi бауырлас қазақ пен қырғызды бөлмей-жармай өз бағыт-бағдарын бiрден айқындап алған. №1 санының мұқабасында: "Саясат – шаруашылық, бiлiм – әдебиет туралы айында бiр шығатын қазақ-қырғыз журналы" деп көрсеттi. Мазмұны "Бұл санда жазылған сөздер" айдарымен: Саяси һәм жалпы бөлiм, Шаруашылық, Партия тiршiлiгi, Бiлiм бөлiмi, Әдебиет бөлiмi, Бұйрық-жарлықтар – атты алты бөлiм аясында берiлiп тұрды. Журналдың №2-3 сандарында "Ағарту бөлiмi", №4-5 сандарында "Ағарту бөлiмi", ал №6-8 сандарында "Әдебиет бөлiмi", "Тарихи бөлiм" "Оқу бөлiмi" атты бөлiмдер болған. Шығарушылар журналдың мазмұны бойынша рухани бiлiм көтеру құралы екенiн де жақсы түсiнген. Журналдың әр санында жарияланған мақалалар осының дәлелi. Журналдың №1 санының мазмұнының өзi көп нәрсенi аңғартады: Саяси һәм жалпы бөлiм 1. Түркiстан коммунистер партиясы һәм Түркiстан коммунистер партиясының барлық мүшелерiне жазған ашық хаты. 2. Абыр-сабыр заманда сақтану керек. Шаруашылық 3. Түркiстанда мал шаруашылығының осы күнгi жайы һәм оның iлгерi басуы турасында……………………Шағырша. 4. Жер хақында шыққан жаңа заң…………………………….Асқаров. 5. Түркiстан салықтары ……………. …………………………………Бөриев. Партия тiршiлiгi 6. 7-шi Аймақтық партия конференциясы. Бiлiм бөлiмi 7. Қазақ тiлiндегi Сингармонизм заңы …………………………..Х.Досмұхамедов. 8. "Орхон жазуы" туралы бiрнеше сөз………………………Әбубәкiр Диваев. 9. Түркiстан қырғыз-қазақтарының ескi тұрмысы туралы жазба сөздер ……….. …………………………..Әбубәкiр Диваев. 10. Қазақ-қырғыз бiлiм комиссиясы жайынан қысқаша баяндама ……………….. …………………………..Х.Досмұхамедов. Әдебиет бөлiмi 11. Әдiл би ……………………………. …………………………….Ә.Диваев. 12. Тауасар есепшi ……………………… ……………………………..Төлешұлы. 13. Шолпанға ……….Балақадыр. 14. Азия………………Сәкен. 15. Түркiстанда халық ағарту iсi …… …………………………….Сұлу батыр. Бұйрық-жарлықтар 16. Жаңа жер заңы. Журналдың авторлары М.Әуезов, Ә.Диваев, Х.Досмұхамедов, С. Асфендияров, С.Сейфуллиндер бүгiнгi ұлтжанды көпшiлiкке белгiлi болғанмен журналдың бағдарламасын түзу жөнiнде атқарған қызметi зор бас редактор, аяулы азамат Тоқтыбаев Исаны жұртшылық бiле бермеуi мүмкiн. Иса Тоқтыбаев Қызылорда облысының түлегi (1894-1967), мемлекет және қоғам қайраткерi. ҚҰЭ 8-томының 421-бетiнде ол туралы мынадай мәлiметтер берiлген: "И.Тоқтыбаев Перовскiдегi орыс-қазақ мектебiнде оқып, одан кейiн Ташкент қаласында мұғалiмдер семинариясын бiтiргеннен кейiн Орта Азия университетiн бiтiрген. 1917-19 жылдары Ташкент қалалық депутаттар кеңесiнiң хатшысы, Халық ағарту комиссариаты алқасының мүшесi және комиссарының орынбасары, Түркiстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң баспа бөлiмiнiң меңгерушiсi. 1922-1925 жылдар аралығында "Шолпан", "Сәуле", "Коммунист", "Сана", "Шаншар" журналдарының және "Ақжол" (қазiргi "Оңтүстiк Қазақстан" газетi – Б.О.) газетiнiң редакторы және басқа да мемлекеттiк қызметтерде жұмыс iстеген. 1933-1949 жылдар аралығында үш рет саяси қуғын-сүргiнге ұшырап, Коми АССР-iне, Краснояр өлкесiне жер аударылып, 1957 жылы ақталып елге оралып Қазақстанда оқу-ағарту саласын өркендету, әдеби мұраларды жинау iсiнде қажырлы жұмыстар атқарды". Ғұмыры қысқа болған журнал өз қал-қадiрiнше ағартушылық жұмыс жүргiзiп, жаңалық жаршысы, жалпы бiлiм берушi мектеп әрi қоғам пiкiрiн қалыптастырушы және жарқын болашаққа қол жеткiзуге көмекшi күрес құралы бола бiлдi. Журнал сол кезде қоғамды алаңдататын мәселелердiң барлығын қамтуға тырысқан. Көпшiлiктi экономикалық мәселелердi түсiнуге бағыттап, қазақ тiлiнiң заңдылықтарын түсiндiру мен зерттеу, шаруашылық, салық мәселелерi Халыққа бiлiм берудiң көрiнiсi ретiнде журналдың санындағы мақала дәлел бола алады. Журналдың бiрiншi санында басылған Халел Досмұхамедовтың "Қазақ-қырғыз бiлiм комиссиясы жайынан қысқаша баяндамасы" бүгiнгi бiлiм саласы қызметкерлерi мен кино көрiп үйренген қауымға үлкен жаңалық екенi сөзсiз. Х.Досмұхамедовтiң жазуы бойынша: 1922 жылдың аяғында мына азаматтар, мынадай оқу кiтаптарын жазып бермекшi болып уәде бердi: 1) С.Қожанов, Арифметиканың бiрiншi бөлiмiн; 2) К.Жәленов, Арифметиканың екiншi бөлiмiн; 3) А.Таныбаев,Педагогиканы; 4) Ф.Ғалымжанов, Арифметикадан абсолюттiктi; 5) Х.Досмұхамедов, Жануарлар жайынан; 6) С.Оспанов, қазақ-қырғыздардың тiлiндегi сөздердi түзету" – деп мақаласын жалғастырып халық ағартудағы басқа да мәселелер жайында айта келiп "Бекет батырдың" кинематограф суретiне қалай алынашақ жобасының сыналғанын еске салады. Бұл мәлiмет "Шолпан" журналындағы мәлiметтердiң қазақ кино тарихына және басқа да салаларға қосатын үлесi зор екенiне дәлел. Дәлiрек айтқанда, журнал сол жылдары шықққан және басуға жоспарланған кiтаптар туралы да хабардар етедi. Жоғарыда аты аталған мақалада автор: "Диваев материалдарынан батырлар: 1) "Қарақыпшақ Қобыланды"; 2) "Нароғлы Шора"; 3) "Бекет батыр"; 4) "Қамбар батыр"; 5) "Шора батыр"; 6) "Мырза Едiге батыр"; 7) "Алпамыс батыр", бәрi жетi кiтап. Бәрi де басылып шықты, – дей келе: "Ыбырайдың, Абай Құнанбаевтың таңдамалы өлеңдерi жуық арада шапшаңдықпен басылса керек" деп жазады. Бұдан бiз 1922 жылы қандай кiтаптардың жарық көргенiн бiлемiз. Журнал авторлары қоғам өмiрiнiң жанға тиер жағына да көп көңiл аударған. Экономика мәселесiн түсiнбеген елдiң болашағы бұлыңғыр екенiн жақсы сезiнiп бұл тақырыпқа да қалам сермеген. Журналдың №1 санында былай деп жазылған: "Ашық салық жер-су сияқты мал, фабрика, завод өзi һәм сол сияқты мүлiктердiң әйел-ерiне ашық салынып отырады. Жасырын салық халыққа бiлдiрiлмей, көрсетiлмей, байқатпай салынып жиналатын сияқты. Ендi екi түрлi салықтың қалай жиналуын түсiнуiмiз үшiн мынадай мысалдар алайық: Үкiмет жүз уақ малы һәм он бес, жиырма iрi қарасы бар орта шаруаға бiр жылда – сегiз, он сом салып алатын салығын ашық салық деймiз. Сол шаруа иесi үкiметке бiр жыл iшiнде сегiз, он сомына (алтын ақша есебiмен) басқа шығын төлемеймiн деп жүрсе де тағы да һәм түрлi жолменен өзi байқамай-ақ жасырын салық бiрнеше шығында төлейдi. Оның себебi жасырын салық төленбегенде саудагер жоғарыдағы бұйымдарды көрсетiлген бағасынан арзанырақ сатар едi. Шыттың кезiн сегiз тиыннан һәм майдың қадағын бiр сом отыз тиыннан десек) бiрақ үкiмет саудагердiң сататын бұйымдарына жасырын салық салғандықтан саудагер ол айтқан бағамен сатпайды". 1997 жылы Алматының "Хант" баспасынан Елбасымыз Н.Назарбаевтың алғысөзiмен шыққан ғалым Асқар Егеубай аударған Махмұд Қашқаридың "Диуани лұғат-ит-түрiк" атты күллi түркi тектес елдерiнiң әдебиетi мен тiлдерiн салыстырмалы түрде зерделеп түзiп шыққан, алғашқы энциклопедиялық еңбегi үш том болып жарық көрiп, елiмiздiң ғылымында үлкен серпiлiс туғызған жаңалық болды. Ғалым бабамыз туралы байланысты тағы бiр жаңалықты "Шолпан" журналынан бiлуге болады. Журналдың 6-8 бiрiгiп шығарылған санында ұлы ғұламаның баға жетпес еңбегi жөнiнде көлемдi мақала жарық көрген. Мақала соңына жазушы Х. деп қол қойылған. Бұл еңбек Халел Досмұхамедұлының қолынан шыққан. Бұлай деуiме осы мақаладан кейiн Халел Досмұхамедовтың "Қазақ тiлiндегi сингармонизмдер" деген мақаласының басылуы дәлел. Екi мақалаға бiрдей атын толық жазуды дұрыс деп таппағаны айдан анық. Бұл журналшыларда көптеп кездесетiн тәжiрибе. Жалпы журналдың барлық сандарында бұндай бүркеншiк есiмдер баршылық. Мысалы: Жаяу сал, Қоңыр, Сұлу батыр, Сәкен, Шағырша, Ф., Алып Ер, Мұхтар, Қатаған Балықшы, Байқаған, Мадияр. Бұл жердегi: Жаяу сал, Қоңыр – Мұхтар Әуезовтың, Мадияр – Мiржақып Дулатұлының, Сәкен – Сәкен Сейфуллиннiң бүркеншiк есiмдерi екенi белгiлi. Бұлай дейтiнiм, "Қазақ энциклопедиясы" бас редакциясы 1998 жылы басып шығарған "Қазақ" газетi" кiтабының 553-555 беттерiндегi "Бүркеншiк есiмдер көрсеткiшi" осы сөзiмдi растайды. Ал "Сұлу батыр" бүркеншiк есiмi Сәкен Сейфуллиндiкi болса керек. Себебi журналдың №1 санының "Әдебиет бөлiмiнде" Сәкен деп қол қойылған "Азия (Европаға)" атты өлеңнен кейiн басылған "Түркiстанда халық ағарту iсi" мақаласының соңында "Сұлу батыр" деп көрсетiлген. Ал "Шолпан" журналына сөз жазушы азаматтар тiзiмiнде Н.Төреқұлов, С.Қожанов, С.Асфендияров, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, К.Бөриев, доктор Х.Досмұхамедов, доктор И.Қошқынбаев, А.Досжанова, этнограф Ә.Диваев, М.Есболов, К.Жаленов, С.Айзунов, Ж.Досмұхамедов, Ә.Сыдықов, А.Арабаев, Олеков, Искалов, Ә.Оразаев, Сара Есова тағы басқалар деп көрсетiлген тiзiмде Мiржақып Дулатовтың есiмiнiң болмауы, бiрақ шығармасы Мадияр деген бүркеншiк есiмiмен басылуы сол кезгi саясат салқынының әсерi болса керек. Басылым көптеген тарихи, ғылыми, әдебиеттiк, әдет-ғұрыптық бүгiнгi ғылымға құнды мәлiметтер беруiмен қатар сол кездегi қазақ-қырғыздың тiл дамуы деңгейiнiң көрсеткiшi болып табылады. Бүгiн қолданыста жоқ сөздер мен қос сөздер де әдебиет зерттеушiлерге қазақ тiлiнiң жаңа қырларын анықтауға көмектесуi әбден мүмкiн. "Шолпан" журналы – өзiнiң қысқа ғұмырында қазақ поэзиясының жанашыры бола бiлдi. "Кiтап тарихы – адамзат тарихы" мақаласында ғалым Үшкөлтай Суханбердина: "Ләйлi – Мәжнүн" поэмасының қазақ арасына мол тараған нұсқасы – Физули дастанының сюжетi бойынша Шәкәрiм Құдайбердиев поэма жазған. Ш.Құдайбердиев дастанды 1907 жылы жазған болатын. Ол алғаш рет "Шолпан" журналының 1922–1923 жылғы 2–8 сандарында жарияланып, 1935 жылы Сәкен Сейфуллин алғы сөз жазып, жеке кiтап етiп бастырып шығарған. – дей келе поэмаға былай деп баға берген: "Ғашықтардың пiрi атанған Ләйлi мен Мәжнүннiң бiр-бiрiне деген махаббаты, феодалдық замандағы керi кеткен заң, әйелдi қорлықта, кемшiлiкте ұстайтын әдет-ғұрып шебер суреттелген. Поэмада Ләйлiнiң аймен, жапырақпен, самалмен, шаммен, көбелекпен, жұлдызбен, бұлтпен сырласқан тұстары өте әсерлi" (Қазақ кiтабының шежiресi. Ү.Суханбердина, Д.С.Сейфуллина. Алматы, "Рауан", 1996. 27-бет). Журналдың барлық сандарында қазақ-қырғыз халық әдебиетiне назар бөлiнiп отырған. Ғасыр басында қалыптасып келе жатқан қаламгерлердiң – Мұхтар Әуезовтiң "Қыр әңгiмелерi", Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баян" шығармалары да насихатталып отырды. "Шолпан" журналы тоқтамай шығарыла бергенде қазақ-қырғыз халықтарына берерi мол едi. Халқым деп жүрегi соққан зиялылар халық санасына жарық жұлдыздай сәуле шашқан "Шолпан" журналын сақтап қалуға бар жанын салып, түрлi жолдар қарастырды. Басылымның 4-5 бiрiккен сандарында мынадай хабарландыру басылды: "Оқушыларымызға! "Шолпан" журналына дүние жағынан хүкiметтiң берiп келген жәрдемi бұдан былай тоқталатын болды. Журналдың барлық қаражаты өз мойнына түсiп өзiнен өндiрiлген ақшамен шығатынға айналды. "Жығылған үстiне жұдырық" дегендей оның үстiне қымбатшылық күннен-күнге өсiп келедi. Сондықтан журнал ақсамай шығу үшiн қырғыз-қазақ азаматтарының көмегi керек. Әйтпесе, қырғыз-қазақ тiлiнде шыққан iлгерi көп журналдар, газеттер сияқты журналымыз тоқтауы мүмкiн. Сондықтан журналымыздың өмiрiнiң ұзақ болуына тiлектес азаматтардан оқушылардан өтiнемiз. 1. Iлгерi журнал жiберiлген азаматтар тиiстi ақшаларын кешiктiрмей жiберуi. 2. Түптеп журнал алдырып ел арасына, қала-қалаға таратып, журналға жазушылар жиюы. "Шолпан" журналының дүние жағынан халiнiң нашар екенiн түсiнiп, жоғарыда айтылған тiлектерiмiздi қазақ-қырғыз-қазақ азаматтарырының iшiндегi оқушыларымыз iс-жүзiнде орындар деген сенiмiмiз бар. Басқармадан." Бұдан ары да журналды шығару жағдайы 6-8 саны шыққан кезде де өзгермегенiн журналдың басында журнал басқармасының оқырмандарға кезектi үш (6-8) нөмiрлерi мерзiмдi уақытынан кешiгiп шығып отырған себебiн айта келiп, оқырмандардан "зор кешу" – кешiрiм өтiнгенiн бiлеуге болады. Бiрақ журнал шығарушылар басылымды жабу туралы ойламағаны анық. Оған журналдың 6-8 сандардың бiрiгiп шыққан журнал беттерiнде жарияланған "Орта Азия бiрлiгi", "Түркiстанда әлеумет төңкерiсiнiң негiздерi қалай жүзеге шықты һәм жаңа шаруашылық саясаты қалай жүргiзiлуге тиiс?", "Европаның саяси халi", "Дарвиннiң сөзiнiң негiздерi", "Өсiмдiктердiң түзiлiсi", "Емшек баласын асыраудың һәм тәрбиелеудiң ретi", "Ташкенттегi қазақ-қырғыз институты туралы" т.б. мақалалар тақырыбының ауқым кеңдiгi дәлел. Журналдың бүгiнгi көзi ашық, көкiрегi ояу қауымға берерi көп. Көптеген мәлiметтерiмен қатар көзiқарақты оқырман басылым беттерiнен сол кезде қазақтардың қандай сөз қолданғандарын, мысалы: Кiндiк комитет – Орталық комитет; әпжету – қысқарту; басқыш – сынып; ғылым атау – термин, қос-сөздер: аздыр-қабдiр; көделi-қаулы; сұйық-сылдыр; шын-таза, жер аттары: Ору болысы, Дөңгелексор жайлауы, Бөлектау, Ырғайлы, киiм түрлерi, мысалы: найзаша тақия, тағы басқа да мәлiметтердi көптеп бiлерi анық. "Шолпан" журналы – сол кезгi шежiре әрi тарихи жәдiгер екенi даусыз. Журнал беттерiн парақтап шығу – кешегi жиырмасыншы ғасыр басында ғұмыр кешкен зиялы қауыммен рухани қауышу жалпы көпшiлiкке, әсiресе ғалымдарға өте пайдалы болмақ. Тек ендiгi жерде "Шолпан" журналының жеке кiтап болып шығу сәтi тезiрек жақындағай. Бердалы ОСПАН