Жаңалықтар

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСӨСПIРIМДЕР ТУРНИРI

ашық дереккөзі

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСӨСПIРIМДЕР ТУРНИРI

Қазақ футболының әлемдiк деңгейге көтерiлуi үшiн алысқа бармай-ақ, iргедегi Ресейдегi сияқты жағдай жасау керектiгiн екiнiң бiрi бiледi. Бүгiнгi таңда қазақ футболын дәстүрлi түрде жедел дамыту үшiн мемлекеттiк сергек саясат пен жанашыр жетекшi қажет-ақ…

Соған қарамастан елiмiзде жастар футболының аяқ алысы жаман емес. Құдайға шүкiр, жасөспiрiмдер футболы өз шама-шарқынша, қолда бар мүмкiндiктерге сай даму үстiнде десек қателеспеймiз. Бұған дәлел ретiнде жуықта, яғни, 21-27 қыркүйек аралығында Жамбыл облысы, Шу қаласында Шу қаласының 80 жылдығы мен Шу ауданының 50 жылдығы мерейтойы құрметiне орай өткiзiлген футболдан 1996 жылы туылған жасөспiрiмдер арасындағы халықаралық турнирiн бөле-жара атауға болады.

Аталмыш халықаралық жасөспiрiмдер футболының турнирiне көршiлес Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласындағы №24 спорт мектебi командасы, Алматы облысы, Қарасай ауданы спорт мектебiнiң футбол командасы (демеушiсi "RG BRANDS" компаниясы), Қызылорда облысы, Тараз қаласы, Талдықорған қаласы футбол командалары, сондай-ақ, Шу қаласынан екi футбол командасы мен Меркi, Қордай, Байзақ аудандарының жасөспiрiмдерiнен құралған футбол командалары қатысып, алты күн бойы тартысты да тартымды ойындарымен жанкүйерлерiне тамаша көңiл-күй сыйлады. Турнир барысында екi топқа бөлiнiп доп додасын қыздырған жасөспiрiмдер ақтық сында да шеберлiктерiн шыңдай түстi. Осы аяқдоп сайысында Алматы облысы, Қарасай ауданы спорт мектебiнiң футболшылары өздерiнiң сауатты, шебер ойын өрнегiмен жақсы әсер қалдырды. Бұл жетiстiк, әрине, футбол сынды киелi өнердiң қыр-сырын жас шәкiрттерiне жылдың төрт мезгiлiнде де жан-тәнiмен үйретуден жалықпайтын талантты жаттықтырушы, отаншыл азамат Сәрсенбек Оқасовтың жеңiсi десек қателеспеймiз. Күнi ертең-ақ Сәрсенбек шәкiрттерiнiң арасынан әлемдiк доп додасында алтын доп иесi атанатын мергендер шықпасына кiм кепiл…

Ақтық сында – Ташкент қаласы №24 спорт мектебiмен өзара тартысты ойын көрсеткен Қарасай спорт мектебiнiң футболшылары 1:3 есебiмен ұтылып екiншi орынды, қонақтар бiрiншi орынды бөлiстi. Үшiншi орынды сарапқа салған Тараз қаласы мен Шу қаласы командаларының арасындағы ойын нәтижесiнде Шу командасы үшiншi орынға, тараздықтар төртiншi орынға ие болды.

Турнирдiң дәстүрлi қорытындысы бойынша бiрiншi, екiншi, үшiншi орын алған футбол командалары арнаулы кубоктармен, әрбiр ойыншылар алтын, күмiс, қола медальдармен, дипломдармен, өзге қатысушылар бағалы сыйлықтармен салтанатты түрде марапатталды. Бұл халықаралық жасөспiрiм футболшылар сайысында жас футболшыларымыз кезектi бiр шыңдалу сынағынан өтiп, қанаттары қатая түскенi сөзсiз.

Жаңабек Тойбазаров