Жаңалықтар

АБЫРОЙ БОЛАР ШЫН ҒАЛЫМ АТЫ...

ашық дереккөзі

АБЫРОЙ БОЛАР ШЫН ҒАЛЫМ АТЫ...

(Фольклорист ғалым Сейiт Қасқабасов туралы толғаныс)

Бейсекең де қызық. Бiрiншi курсты аяқтап, екiншi курс партасына жаңа отырған көгенкөз шiп-шикi балаға мақала жаздырып, оны ғылым докторлары болмаса, ғылым кандидаттарының өзi кезек күте жүрiп жарияланатын, ал iзденушiлер есiгiнен сығалай алмайтын, аспиранттар өздерi жазған мақалаға мүйiзi қарағайдай бiр докторды (көбiне ғылыми жетекшi) мойынсерiк-автор етiп алдынан қосып, қорғаныспен барып "әупiрiм-тәңiрмен" жарияланатын "Қазақ ССР Ғылым академиясы Хабаршысына" жiберiп… Жазған құлда жазық жоқ. Бардық. Академик секретарь Iсмет Кеңесбаев қабылдады. "Айналайын" — деген сөзi езуi кейiн тартып кетiп "ойнолойын" болып шығатын ақ басты науша академик студент баланы қабылдай отырып: "Әрбiр студентiн бiлдей ғалым көредi ғой, бiздiң Бейсекең…" — деген. Мақтағаны, әлде мазақтағаны, кекесiнi әлде сүйсiнiсi. Кiм бiлсiн?! Сәл ойланып барып "Әдебиет жағын Әди басқарады" — деп М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директорына сiлтеген. Ақсары қасқабас кiсi қабылдап, мақаланың бетiне "Сейiт! Маған жолығарсың! А.Шарипов" — деп қол тартып берiп едi. Студенттiң бәтеңкесiнiң өкшесiн шоңқитып келiп тұрған жерi — аталған жорналдың жауапты хатшысы, ақ құба жiгiт!

Ақ құбамыз жылы-жылы сөйлесiп, студент қолындағы жазбасын қабылдап алып қалып едi. "Оқып шығайын. Хабарлас!" — деген. Жауапты хатшы үнiнде шығарып салмалық та, қулық та болған жоқ. Риясыз таза табиғат үнi. Студент жасты аяқ басқан сайын күмбiрлеген ғаламат көк түнiкелi Ғылым академиясы шаңырағының мысы басты ма, әйтеуiр ол қайтып келiп ақ құба жiгiттен мақаласының жайын да сұраған емес. Алайда, ол жiгiтке деген бала көңiлде бiр жылылық, шынайы ықылас қалды. Әлгi ақ құба жiгiтiмiз, бүгiнде елағасына айналған — Сейiт аға Асқарұлы едi де, әлi күнге сонау 1972 жылы әкелiп тапсыратын мақаласының жарияланған, жарияланбағанын тiс жарып сұрамай тып-тыныш келе жатқан пақырыңыз мына мен едiм…

1975 жыл. Жазғы демалыста ауылға барғанмын. Кешкi салқынмен далада өтiп жатқан тойда әлгi ақ құба ағамыз алдымнан шыға келмесi бар емес пе? Әрине, менi таныған жоқ. Бiз сырттай танып, орысша жазылған "Қазақтың қиял-ғажайып ертегiлерi" аталатын ғылыми монографиясын тiсiмiз бiрде батып, бiрде батпай, қидалап оқып, қызығып қарап қойып жүргенбiз. Қасында "Айтбай молданың баласы" — Өмiрзақ ағай. Екеуi кезектесiп домбыраны қолға алып ән салсын… Әй, бiр қызыққа кенелдiк-ау. Тойдың сәнiне айналды екi азамат. "Өркенiң өссiн!" — десiп жатты ауыл-аймақ. Әуелетiп салса әнi тамаша, әуезелетiп айта қалса әңгiмесi бiр тұңғиық екi ағаны жақын келiп танып, лепес-лебiзiн тыңдағаным осы едi. Бұл күнде екеуi бiрдей бiлдей-бiлдей академик атанған егiз қозыдай дос-жар азаматтар жарасып бiрге келедi. Екеуiне бiрдей еркелеп, бiзбен де қоштасып кетiп қалғысы келiп жүрген балалығымызды қайта шақырып алып бiз жүрмiз шалалықтан арыла алмай… Аздап кекселеу тартқаны болмаса, жан-дүниесi бiр өзгерiссiз келе жатқан осы екi ағаммен бiрдей мақтанып, екеуiне бiрдей сұқтанбай қызығып қарап-қарап қойып жүремiн.

Секең дегенде сағынышқа айналған әлгi бiр сәттер көңiл төрiнен қайта оянып тұра келмесi бар емес пе?! Ақын болсақ сол сағынышты малданып өлең жазар бiр әдемi сәт! Ғалым сағынышы парасат! Қадiрмен аға Сейiт Асқарұлы Қасқабасов десе менiң есiме сонау бiр көк дөнен мiнiп жүрген балаң шақ, көк белде қалып кеткен балалық естелiгi түседi.

Ал бүгiн кездейсоқ сол бiр көк белдiң арғы жағында қалған уыз сәттi еске алсам, оның да себебi бар. Сол жолы Сейiт ағаның менi баласынбай ақылын айтып, шығарып салуы көңiлiмде ерекше жылылық қалдырып едi. Сол кезден күнi бүгiнге дейiн ғылымталап жасты көрсе талабын ұштап, өзiн қанаттандырып жiберу — Секеңнiң сүйексiңдi мiнезiне айналған дер едiм. Қатар жүрiп қаншама замандасының диссертациялық еңбегiн орыс тiлiне аударып, Мәскеу ғылыми орталығына шабар аттай тағалап жiбердi десеңiзшi Секең.

Бейсекең-Кенжебайұлына жақындау жүргенiмдi тағы да еске аламын. Бiзге үлгi етiп айта ма, әйтеуiр ғылым есiгiн сәттi ашқан жас ғалымдар есiмiн айтып отырар едi. Сонда келешегiнен зор үмiт күте айтар адамының бiрi — Сейiт аға Қасқабасов болатын. Дұрыс-ау. Бiрақ, мен бiр жайға таңқаламын. Сейiт аға — фольклорист Н.С.Смирнованың төл шәкiртi. Алға озыңқырап айтсақ, қазақ фольклористикасына Сейiт Қасқабасов, Едiге Тұрсынов, А. Костюхин,т.б. бiрсыпыра шынайы талантты, табанды ғалымдарды тәрбиелеп бергенi үшiн де сол бiр санкт петербургтық зиялы оқымысты рухына тағзым етсек жарасады.Ол басқаны былай қойғанда Сейiт ағаның анасына айналған шынайы ұстазы! Сөйте тұра, Бейсекеңнiң әлгi сүйсiнiсiне таңқалатыным — ол кiсi замандасы Н.С.Смирнованың қолынан шыққан қазақ фольклоры туралы еңбектi сол уақыттарда "Қазақстан коммунистi" жорналы бетiнде аймандай қылып сынап жатады. Сын болғанда да кiсi белiн қайыстырардай ащы сын, ай-шайға қарамай тас-талқан етiп сынау… Тiптi Бейсекең сынынан кейiн "Е, мен қазақ фольклористикасының табиғатын түсiнбейдi екенмiн ғой" — деп екi қолын төбесiне қойып без терiп кетуi де кәдiк кiсiнiң. Сөйте тұра, Н.С.Смирнова дайындаған жас ғалымдарды мақтай айтып отырғаны… Бәлкiм, шын ғалымдық табиғат дегенiмiз осы шығар…

Секең тiптi уыздай жас кезiнiң өзiнде, жетпiсiншi жылдары қазақ фольклористикасы ғана емес, түркi тiлдес халықтар ертегiлерi поэтикасын ("Из наблюдений над поэтикой тюркоязычной сказки" деген сияқты) типологиялық тұрғыдан зерттеу өресiне көтерiлiп едi. Ал оның "Қазақтың қиял-ғажайып ертегiлерi" (1972) аталатын монографиясы — ғалым есiмiн қазақ фольклористерi алдына шығарды. Сол жылдардың өзiнде Сейiт ағаның аталған еңбегiн славян, түркi тiлдес халықтар фольклористерi, этнографтары өздерiнiң еңбектерiнде тиянақты пайдалана бастағаны анық байқалған болатын. ҚазМУ-дың студенттерi бiз де С.Қасқабасовтың дода бұза келген аталған еңбегiн орыс тiлiнде жазылғандықтан тiсiмiз батыңқырамай қиналып оқыған едiк. Азды-көптi бiрдеңе жазып, әдебиетпен әуестенiп жүрсек сол "шалықта" Секең еңбектерiнiң көп-көп әсерi бар. Өзiмiздi осы қиырдан келiп бүгiнгi қазақ ғылымында, қазақ ғылымы ғана емес, тұтас түркологияда айтулы тұлғаға айналған ғалымға шәкiртпiз десек, көкiрегiмiзден итере қоймас ол кiсi… Күнi бүгiн Сейiт Қасқабасов қаламынан туған "Қазақтың қиял-ғажайып ертегiлерi" аталатын әлгi ғылыми монографиясынан асырып сөз айта қойған қазақ әлi жоқ. Бұл бiр жағы мақтанатын, бiр жағы өкiнетiн жағдай. Өзгерген уақытқа қарай келген жерден iлгерi жылжып кету орнына фольклористика жеткен биiгiнде тұр да, фольклор жауһарларын тұтынуды қойып, тек экспонат ретiнде қызықтаудан аса алмай бiз отырмыз. Өкiнiштi. Фольклорды маман жоқта иеленiп, бәз-баяғы кеңестiк тақырып пен идея тұрғысынан қарайтын жасы үлкен ғалым ағаларымыз дөй фольклористпiз деп өздерiн-өздерi алдайды. Тағы… Жоқ. Екi есе өкiнiштi. Өзiн де алдап, өзгенi де алдап кейiнгi ұрпақты қараңғылыққа қалдырып барамыз.

Сейiт Қасқабасов ғылымда — жүйе. Ғылыми iзденiстiң алғашқы атырабында нысанаға қазақтың қиял-ғажайып ертегiлерi поэтикасын алып, толайым нәтижеге қол жеткiзiп едi. Тiптi М.О.Әуезов кезiнде қазақ ертегiлерiн хайуанаттар, қиял-ғажайып, тұрмыс-салт ертегiлерi деп жанрлық үш жiкке бөлген болса, бүгiнде оны Секеңдер этиологиялық, батырлық ертегi деп бестiкке қарай бастатып, дамытып алып кеттi.

Жоғарыда аталған еңбегiмен өзiн қапысыз фольклоршы райында дәлелдеген ол докторлық еншiсiне "Қазақтың халық прозасын" алып, оны жанрлық тұрғыдан тамаша етiп ашып, тың нәтижелерге қол жеткiзiп, ғылымдағы iрi тұлғаға айналды. Қазақ фольклорындағы жанр теориясын барын — барша; жоғын — жоқша айтып алып, халық прозасын қалай классификациялау керектiгiн алақанға салғандай етiп жүйелеп те, жүлгелеп те ажыратып айтып бердi. Ғалымның аталған еңбегiнде миф, аңыз, хикая, әпсана-хикаят жанр ретiнде тұңғыш рет жаңаша жүйеленiп, толымды анықтамаға ие болды.

Халық прозасын жанрлық тұрғыдан зерттеу қиынның қиыны. Халық шығармасын нәшiне келтiре айтып, дамытып бүгiнге жеткiзген қара танымас қарағымдар — хат бiлмейтiн "данышпандар" сенiң жанрыңды не қылсын?! Олар айтар аңыз, әпсана, хикая кейде жеке-дара болып шығар, кейде мидай араласып кете барар. Жанр шартын сақтайтын Мәскеудiң М.Горький атындағы әдебиет институтын тауысты дейсiз бе олар?! Халық қазынасын табиғатына қарай елеп-екшеп, жанр iзiн анықтап алып шығу қайдан оңай болсын сосын?! Оңай болса — ғылым бола ма ол бар болғырың?! Халық прозасын жанрлық тұрғыдан жүйелеуде С.Қасқабасов — қазақ фольклористикасында дара. Ал, кезiндегi "мызғымас" Одақ, күллi туысқан республикалар iшiнде В.П.Аникин, А.Баймұрадов (түркмен), К.Имомов (өзбек), В.П.Круглянова, Л.С.Толстова, К.В.Чистов, Б.Кербелите (литван), Н.И.Кравцов, А.И.Лазарев, Ф.Надршина (башқұрт) дегендей санаулы фольклорист ғалымдармен бiздiң Секең бiр өрiсте. Өрiсiмiз дұрыс-ау, бiрақ "бiр өреде" дегенге қимай тұрмын. Әрлi-берлi оқып жүрiп аңғарғанымыз, бiздiң Сейiт Қасқабасовтың халықтық проза жанрын зерттеуде әлгi аталған "жанровиктердiң" арасында шоқтығы әрдәйiм биiк тұрады. Бiз соған сүйсiнемiз. Ғылымжарыс болғанда "қазақта бұл мәселеде кiм бар?" – дегенде, олар бiздiң Сейiт аға Қасқабасовқа қайырылып тұра қалады. Бедел! Бiз соған қуанамыз. Қазақтың "хикая" ұғымын халық прозасына апарып жанрлық атау ретiнде қайта түлетiп, оны орыстың "былинымен" бауырластыра, салыстыра зерттегенде жаңа жанр таным өресiне өркештенiп шыға келедi.

Уақыт адам пендеңiздi илейдi, илейдi де билейдi. Адам талкүбiдей айнымалы күй кешедi. Ал, Секең… Секең ғылымда қандай табанды болса, өмiрде сондай тұрақты кiсi. Темiрқанат шағында оны тәрбиелеушiлердiң бiрi академик Смет Кеңесбаев болды. Өзгенi былай қойып, Секең туралы ана жылдары мына бiздiң өзiмiз де пiкiрiмiздi өзгертiп барып, қайта қалпына зорға келтiрдiк. Ал, Секең ұстазы жөнiнде пiкiрiн де өзгерткен жоқ, ұстанымынан да айнымады. Сүйiктi перзентiне есiмiн берген қымбат ұстазын өзi таныған биiгiнде күнi бүгiн ардақтап ұлықтап жүр. Ал, тәуелсiздiкке қол жаңа жетiп, мемлекеттi мемлекет жасаудың не екенiн бiлмей кiрiсiп жатқан патриотизм шарықтаған тоқсаныншы жылдары Сейiт аға бойындағы кiсiлiк, iзгiлiк, мол бiлiмдi қапысыз байқап Өзбекәлi Жәнiбек қасына шақырды. Ол кiсiнiң жұмысына жегiлiп көргенбiз. Мемлекеттiк қызметтi өзiнiң жұмысынан әрман аяусыз iстейтiн, ұлт мүддесiн өз мүддесiнен аса жоғары қоятын (ұлт мүддесi дегенде өз мүддесiн бiржолата ұмытатын) ұлтшыл қайраткер Өзекең қасына шақырған кiсiсiн маңдайынан сипап қана отырмас едi. Сүйген перзентiн тарпып сүйетiн тарпаңдардай Өзекең қарамағындағы әрбiр адамды ауыр мiндеттерге жеге отырып (өзi де жегiле жүрiп) азамат өрiне, қарапайым қызметкердi қайраткер төрiне көтере тәрбиелейтiн өрелi өрiс иесi болатын. Қазақ ұлтының ұлт болып қалыптасу, жаңа мемлекет құру жолында ұлттық биiк өреден табылар сол бiр тұста Өзекеңдей азамат басшылығымен қызметке жегiлген Сейiт Қасқабасов қолтаңбасы елдiк iсiмiздiң әр жерiнде-ақ көрiнiп тұрады. Сол жылдары болар, ЖАК iсiн жолға қоятыны. Сонда бiр ерекше зер саларлық, әлi күнге көп еленбей жүрген бiр сәт бар. Ол — түркологиялық шифрды сыналап енгiзiп жiбергенi. Әлi күнге жүзеге аса қоймағанымен осы шифрдың өмiрге енуi келешекте қазақ елiнiң күллi түрiк халқы арасында мәртебесiн өсiретiнiн бiлгенi. Күнi бүгiн Елбасымыз түркi тектес, түркi тiлдес мемлекеттердiң ынтымақ бiрлiгiн көксей көсем әрекет жасап бақса, Сейiт ағаның әлi он сайманынан бiр сайманы жоқ, бағдары бұлдыр мемлекеттiң келешегiнiң кемел болуын, тiптi өзбек, қырғыз, татар, башқұрт секiлдi бауырлас елдердiң ғалымдары да бiз арқылы — қазақ ЖАК-ы арқылы аяқтанатындай етудi ойлаған екен. Мiне, ұлтшыл ой, мiне мемлекетшiл әрекет.

Қазақ азаматтарында атқа мiнсе — жердi, таққа мiнсе елдi көрмей қалатын рухани басыр мiнез жиi кездеседi. Ал, Секең мансаптан елдiк мүдденi жоғары қойып үйренген жан. Сондықтан да болар, "үйренiп қалып едiм" деп жатпай, өзi дөңгеленте атқарған биiк мансаптан гөрi халыққа, ғылымға жақын қызметке жегiлiп жүре бередi. Өзiне керегiрек орындарда емес, өзi керегiрек орындарда жүргендi Сейiт ағаның жаны қалайды. Жұрт жапа-тармағай Астанаға ұмтылып жатқанда Сейiт аға Астанадағы жылы орнын тастап, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына келiп, "Қазақ әдебиетiнiң тарихы" аталатын 10 томдықтың бағын жандырды. Ол орында отырған талай аузымен орақ орған азаматтар болған. Жылы жер iздеп жылыстап кеттi бүгiнде. Ал, Сейiт аға келдi де бiлегiн сыбанып осы бiр аса ауыр мiндетке жегiлiп жүре бердi. Ғылым деген iсiңiз бiлген кiсiге ләззатты, бiлмеген кiсiге азапты жұмыс. Ғылым-бiлiмге батырып алған Сейiт аға басқарып атқарған жұмыстың нәтижесi — көптен көкейде жүрген, бiрақ шамамыз келiп атқара алмай келе жатқан мәселенiң жүзеге асуы болып шықты.

Айта берсе, қазақтың тамаша фольклористi, әрi түркiтанушысы Сейiт Қасқабасовтың отандық ғылымда ашқан жаңалығы мол-ақ. Ауыз толтырып айтуға толық мүмкiндiк бар. Қалай айтсаң да жарасады. Бiрақ, бiз бүгiн Секең ашқан ғылыми жаңалықтың әрбiрiн желкесiнен ұстап алып, тiзбелеп айта бастасақ, бiраз жерге кетiп қаламыз. Бiздi оқырман күтiп отырмайды. Оның үстiне Секең жайында айтылар сөздi тап бүгiн түгесе айтар болсақ, ағамыздың алдында тұрған сексен, тоқсан, жүз жастық аңсау биiктерiн оның өзiне қимағандай боламыз. Сондықтан, ақылы асқан, ғылымы толысқан ағаға ендiгi алар асуын астарлап айтып, дер шағында отырған шын табиғатты шыншыл азамат, шынайы ғалым — халықаралық өреде ой баптап, жаңалық ашып келе жатқан iрi түрiктанушы, ғылыми мектебi қалыптасқан кемел оқымыстыға толайым табыс тiлеп ойымызды түйiндеймiз.

Ол — ғылымдағы жаңашыл тұлға ғана емес, отандық ғылымды ұйымдастырушы аз ғана iрi тұлғаның бiрi! Ол өмiрдегi, ғылымдағы асуларын Өз бойында бармен алып келе жатқан шынайы адам, шын ғалым! Асылы, шын ғалым аты — абырой шығар! Сейiт Асқарұлын абыройдан айырмасын Алла Тағалам!

Құлбек ЕРГӨБЕК