Жаңалықтар

ЕҢБЕКТIҢ ЕСКЕРIЛГЕНI ҒАНИБЕТ

ашық дереккөзі

ЕҢБЕКТIҢ ЕСКЕРIЛГЕНI ҒАНИБЕТ

Ел еңсесiн түсiрген Қызылағаштағы апатты жағдай қай қазақтың болмасын қабырғасын қайыстырды. Су тасқыны жайпаған ауылдарды қалпына келтiру жұмыстарына Алматы облысының әкiмiнен бастап бүкiл қазақ елi жұмыла кiрiстi. Жуырда Ақсу ауданының судан зардап шеккен ауылдарын қалпына келтiру жұмыстарында ерекше көзге түскен азаматтар үкiметтiк наградаға ұсынылды.

Бұл жөнiнде Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов су тасқыны салдарын жою бойынша құрылған жедел штабтың қорытынды отырысында мәлiмдеген болатын. Бұл отырысқа құрылыс ұйымдарымен бiрге елдi мекендердi қалпына келтiру жұмыстарына атсалысқан түрлi сала мамандары, БАҚ өкiлдерi қатысты. Жиын барысында Серiк Үмбетов аталған сала қызметкерлерiне 84 алғыс хат ұсынды. "– Сын сағаттың алғашқы сәтiнен бастап-ақ жедел қимылдап, апат алдында жүздеген адамды құтқарған, апаттың салдарын жоюға белсене атсалысқан төтенше жағдайлар мен iшкi iстер саласының қызметкерлерiне зор алғысымды бiлдiремiн. Сол сияқты апаттан кейiнгi ауылдарға қысқа мерзiм iшiнде еңселi үйлер мен әлеуметтiк маңызы зор нысандарды қайта тұрғызған құрылысшылардың да еңбегiн ерекше атап өткiм келедi", – дедi облыс басшысы ел үшiн маңызды iсте аянбай еңбек еткен азаматтарды марапаттап. Бұған қоса облыс әкiмi апат кезiнде елдi мекендердегi жағдайды үздiксiз халыққа жеткiзiп отырған БАҚ өкiлдерiне де өз алғысын бiлдiрдi. Тағы бiр айта кетерлiгi, ел билiгiнен бастап, қарапайым азаматтар қиын қыстау кезде қызылағаштықтарға қолұшын созды. Осының арқасында, 7 млрд. теңгеден астам қаржы жиналып, зардап шеккендерге барлық қажеттi көмектер көрсетiлiптi. Ә.БАҚЫТҚЫЗЫ