КҮМIС ҰШАҚТАРДЫҢ ҚАНАТЫНАН СОҚҚАН ЖЕЛ
КҮМIС ҰШАҚТАРДЫҢ ҚАНАТЫНАН СОҚҚАН ЖЕЛ
"Бейбiт миссия" жаттығулары жоғары деңгейде өттi
Жамбыл облысында орналасқан "Мәтiбұлақ" әскери жаттығу полигонында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердiң қатысуымен лаңкестiкке қарсы күрес шаралары пысықталды. "Бейбiт миссия – 2010" халықаралық бiрлескен жаттығудың шешушi кезеңiнде Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжiкстан және Қырғыз елiнiң әскери жасақтарының тактикалық дайындықтары сыналды. Оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымға мүше мемлекеттердiң Қорғаныс министрлерi сырттай бақылап отырды.
"Бейбiт миссия – 2010" жаттығуын Қазақстан жерiнде өткiзу туралы шешiм 2008 жылғы мамыр айында ұйымға мүше мемлекеттердiң Қорғаныс министрлерiнiң жиынындағы бiрлескен коммюнике негiзiнде бекiтiлген болатын. Бiр айта кетерлiгi, ШЫҰ-ға мүше елдердiң бiрлескен әскери жаттығуы аталған ұйымға Қазақстан төрағалық еткен кезеңде өткiзiлiп отыр. Бұған дейiн кең көлемдi "Бейбiт миссия" оқу-жаттығуы осыдан үш жыл бұрын Ресей Федерациясының аумағындағы "Шұбаркөл" полигонында өткен болатын.
Қорғаныс министрлiгiнiң баспасөз қызметi хабарлағандай, осы уақытқа дейiн әскери жаттығу бағдарламасы бойынша шартты қарсыласқа әуеден соққы беру, ракета әскерлерi мен артиллерияны пайдалану, сондай-ақ танк құрамаларын ұрысқа қосу сияқты қимылдар сауатты орындалған. Қазақстан, Ресей, Қытай мемлекеттерiнiң әскери ұшқыштары қарсыластың командалық пунктiне, жаяу әскер қосынына, артиллериялық күштерiне бомба тастау арқылы олардың көзiн жою операцияларын сәттi орындап шықты. Ал, бiз бес мемлекеттiң жауынгер жасақтары паш еткен қорытынды жаттығу барысында лаңкестiкке қарсы амал-әрекеттердiң көңiлден шыққандығына куә болдық. Бәрi де көз алдымызда жүзеге асты. "Бейбiт миссия – 2010" жаттығулары ұйымға мүше мемлекеттердiң аймақта бейбiтшiлiк пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қауқары жететiндiгiн көрсетiп бердi. Ұлтаралық қақтығыс пен дiни текетiрестердiң алдын-алу мақсатын көздеген жаттығу шарасы көңiл толарлық деңгейде өттi.
… Бейбiт тiрлiк кешкен халықты тұтқиылдан тап берген лаңкестiк топ әп-сәтте жаулап алды. Тұтқындағы тұрғындарды азат ету үшiн 5 мемлекеттiң әскери топтарынан құралған ауыр артиллерия жау тылын нысанаға алды. Жерден қаз-қатар оқ жаудырған жауынгерлерге әуе әскерлерi дереу көмекке келдi. Қазақстан, Ресей және Қытай әуе қорғанысының ұшақтары мен тiкұшақтары жердегi әскерлердi қолдау мақсатында әуеден соққыны қарша боратты. Жау тылына қыран құстай шүйлiккен әскери ұшақтар қас пен көздiң арасында лаңкестер шоғырланған жердi бомбылап, күл-талқанын шығарды. Тiзе бүгуге амалсыз көндiккен лаңкестер жасақталған әрскерлердiң қолынан сытылып шықпайтынына көзi жеттi. Бұдан кейiн iске шұғыл кiрiскен топтың әскери бөлiмшелерiнiң жасағы мен артиллерия, танк және мотоатқыштар тобы араласып, белгiленген уақытта 37 шақырымды алып жатқан алаңға оқ жаудырып, жауынгерлiк тапсырмаларды ойдағыдай орындап шықты. Ал лаңкестер кепiлдiкке алған адамдарды құтқару үшiн елiмiздiң Аэромобильдi әскери бөлiмiнiң десантшылары шапшаң қимылдап, кепiлдегi адамдардың бәрiн босатты. Әскери iс-қимылдардың жоспары бойынша лаңкестер шоғырланған елдi мекендi оқшаулау мiндетi қойылған-ды. Бұл жердегi лаңкестердiң көзiн құрту үшiн арнайы жасақтар да тартылды. IIМ-нiң "Бүркiт" және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң "Арыстан" арнайы мақсаттағы топтары мен Қырғызстан армиясының әскерилерi – "Скорпион" арнайы мақсаттағы жасақтарының сарбаздары жауды жайратып, тапсырманы мүлтiксiз орындады. Лаңкестiк әрекеттер кезiнде артиллерия оғы нысандарға дөп тиiп, олардың көзiн жойды. Отандық Қарулы күштердiң "Айбат", "Нүкте У" сынды қаһарлы қарулардың даусынан құлақ тұнды.
Әскери оқу-жаттығуға 6 жарым мың әскер мен 1 жарым мыңнан астам қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды. Ал авиациялық техниканы Қазақстан, Қытай және Ресей тараптары қосты. Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiгiнен жедел топ, кинологиялық және медициналық қызметтердiң жасақтары да болды.
"Бейбiт миссия – 2010" әскери оқу-жаттығу барысын қадағалап отырған ШЫҰ-ға мүше елдердiң Қорғаныс министрлерi Қазақстанның бұл шараға тыңғылықты түрде дайындалғанын айтып жатты. Мәселен, ҚХР Қорғаныс министрi Ляи Гуанле: "Қазақ жерiндегi бұл iс шара бiздiң мемлекет басшыларының осыдан 3 жыл бұрынғы өзара түсiнiстiгiнiң арқасында өтiп жатыр. Менiңше, сарбаздар өздерiне жүктелген үш мiндеттi де асқан шеберлiкпен орындады. Мұндай ауқымды iс шараны өткiзу өте қиын екенiн жақсы түсiне келе, оқу жаттығуға қатысқан өз әрiптестерiме алғысымды бiлдiремiн" десе, Ресей Қорғаныс министрi Анатолий Сердюков: "Бүгiнгi оқу-жаттығуға Ресейдiң тарапынан мыңдаған жауынгерлер мен жүзге жуық қару-жарақты техника қатысты. Бiз ұрыс алаңдарында дәл осылай бiрiгiп жұмыс iстейтiн болсақ, кез келген жаудың бетiн қайтаратынымызға сенiмдiмiн" деген жүрекжарды ойын бiлдiрдi. Ал, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрi Әдiлбек Жақсыбеков бiрлескен операциялық шарада барлық жасақтардың берiлген тапсырманы мүлтiксiз орындағанын мақтанышпен жеткiздi. Бұл – ШЫҰ елдерiнiң қарулы күштерi осы елдерге қарсы бағытталған кез келген террорлық әрекеттерден қорғана алады деген сөз.
Бас-аяғы бiр сағат шамасында "Алай" елдiмекенiнде орын алған лаңкестiк әрекеттердi ауыздықтауға жұдырықша жұмылған топ бар тәжiрибесi мен шеберлiгiн ортаға салды. Алайда, бестiктiң iшiнде Өзбекстан мемлекетi болса да, биылғы жаттығудан өзбек жасақтары қалыс қалыпты. Ендiгi "Бейбiт миссия" шарасын Ресей Федерациясы өткiзбекшi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ