ПРЕЗИДЕНТ ФЕЛИКС КУЛОВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ
ПРЕЗИДЕНТ ФЕЛИКС КУЛОВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Қазақстан Республикасының Президентi 28 қыркүйекте Ақордада Қырғызстандағы "Ар-намыс" саяси партиясының төрағасы Феликс Куловты қабылдады. Кулов бұрын республиканың бiрқатар билiк орындарында болған жан. Ол 90-шы жылдар басында республика IIМ-iн басқарған. Кейiнiрек Қырғызстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiк министрлiгiне жетекшiлiк жасады.
1999 жылы ол лауазымдық құзiретiн асыра пайдаланғаны және мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны үшiн сотталды. 2005 жылдың қараша айында қамаудан босатылуы тиiс болатын. Оппозиция өкiлдерi Ф.Куловты 2000 жылғы президент сайлауына қатыстырмау үшiн оның үстiнен жалған қылмыстық iс қозғалған деп санайды. Ф.Кулов бүкiлхалықтық наразылық шараларына қатысушылардың талабы бойынша 24 наурызда қамаудан босатылған болатын. Сәуiр айының басында Қырғызстан Жоғарғы соты оны толық ақтады. Қазiр айыр қалпақты ағайындар iшiнде оның ұстанымын қолдайтындар да аз емес.
Феликс Кулов кездесу барысында Қазақстан Елбасымен Қырғызстандағы қазiргi жағдайды тұрақтандыру мәселесiн талқылады. Үстiмiздегi жылдың сәуiр айындағы көтерiлiстен соң бүлiнген ел экономикасын қалпына келтiруге көрсеткен жанашырлық көмектерi үшiн Қазақстанға шын жүректен ризашылығын бiлдiрдi. Алдағы Республика Президентi сайлауына дайындық барысынан хабардар еттi. Қазақстан Үкiметi бауырлас қырғыз халқына басқа елдердiң алды болып, шиеленiс ретке келiсiмен-ақ, мыңдаған тонна астық, құрылыс материалдары, энергетикалық отын және тағы басқа да заттар жiберген едi.
"Түркiстан-ақпарат"