Жаңалықтар

ҚЫЗЫЛЖАР YШIН БАСТАЛҒАН ҚИЫН КҮРЕС

ашық дереккөзі

ҚЫЗЫЛЖАР YШIН БАСТАЛҒАН ҚИЫН КҮРЕС

Петропавл қаласының атын өзгертуге жақтастар мен қарсылар өзара акция ұйымдастыруда

Петропавл қаласының көшесiнде көк және сары түстi лента тағушылар көзге жиi түсе бастаған. Бұл өткен аптада Петропавл атауын Қызылжар деп атауды ұсынған Парламент депутаттарының Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовке жолдаған депутаттық сауалынан кейiн қолға алынған iс-шара. Осылайша елiмiздiң солтүстiгiнде түрлi-түстердiң текетiресi бой көрсетiп отыр.

БАЯҒЫ ЖАРТАС – СОЛ ЖАРТАС

Сары күз түрлi бояуға толы ғана емес, қоғамдық, саяси өмiрде де белсендiлiк арта түсетiн кез. 22 қыркүйекте Премьер Кәрiм Мәсiмов Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын тойлауға дайындық пен оны өткiзу жөнiндегi ұйымдастыру комитетiнiң отырысын өткiзген едi. Осы отырысқа қос палаталы Парламент депутаттары, Президент әкiмшiлiгiнiң, орталық және жергiлiктi билiк өкiлдерiнiң басшылары, үкiметтiк емес ұйымдар мен саяси партиялардың жетекшiлерi қатысқан болатын. Дәл осы жиында Мәжiлiс депутаты Жарасбай Сүлейменов Петропавл атауын Қызылжар деп өзгерту туралы 13 депутаттың қолы қойылған депутаттық сауалын Премьер-министрге жолдай отырып, бұл талаптарын Елбасыға жолдауын өтiнген едi. Бiрақ, ертесiнде Сенат депутаты Тасбай Симамбаев бұл идеяға қарсы екендiгiн бiлдiрiп, жер-су атауларын едел-жедел ауыстыру елдегi ұлт араздығын тудырып, Қазақстаннан үдере көшушiлердiң қарасын көбейтедi деген пiкiр айтты. Оның ойынша, Петропавлға тарихи Қызылжар атауы қайтарылуы – облыстағы мықты мамандардың елден кетуiне түрткi болмақ.

Дәл осындай ойлар осыдан жиырма жыл бұрын, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында да айтылатын. Ол кезде қанаты әлi қатпаған, буыны бекiмеген жас мемлекеттiң iшiндегi ұлтаралық араздықтан үрейленушi едiк. Үстем ұлттың көңiлiне жалтақтап, олардың сезiмiне қылау түсiрмеудi мақсат еткенбiз. Жылдар өте келе елдегi өзге ұлт өкiлдерi бiздiң осы жалпақшешейлiгiмiздi түсiнер, мемлекет құраушы ұлттың мүддесiмен санасар, мемлекеттiк тiлдi үйренуге де, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға да қарсылық бiлдiрмес деген ой болған ол кезде. Бiрақ, тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылдығы тұсында да ұлттық дербестiктi мойындағысы келмейтiндер сол баяғы жырды әлi үзбей жырлап келедi. Баяғы жартас – сол жартас. Бұл бiздегi мемлекетшiлдiк сананың әлi де болса қалыптаспай отырғандығының салдары. Бiз түгiлi Ресейдiң өзi кеңестiк идеологияның сарқыншақтарынан арылу мақсатында – Ленинградты Санкт-Петербургке, Сталинградты Волгоградқа, Нижний Новгородқа Свердловскiнi Екатеринбургке ауыстырып жiберген жоқ па? Тарихи атауы қайтарылған Ресей қалаларының тұрғындары ешқайда үдере көшкен жоқ. Олар мемлекеттiң стратегиялық, ұлттық саясатымен санаса бiлдi.

Қазақстандағы тұрғындар жиырма жыл бойына қайда тұратындығын толық айқындап үлгердi. Елдегi 16 миллионнан астам халық Қазақстанның тәуелсiздiгiн саяси тұрғыдан мойындады. Өздерiнiң болашағы Қазақ мемлекетiмен байланысты екенiне еш күмән келтiрмейдi. Ол ол ма, жылына алыс, жақын шетелдерден келген 100 мың адам Қазақстан азаматтығын қабылдауда. Тек кейбiр кертартпалар тiлдiк тұрғыдан әзiрге мойындауға құлықсыз. Бұған өзiмiздiң солқылдақ тiлдiк саясатымыз кiнәлi. Жиырма жылда тарихи әдiлдiктiң салтанат құруы үшiн тағы да өзгенiң қас-қабағын бағу керек пе?

Тасбай Симамбаев мырза Қызылжар атауының Петропавлға мүлдем қатысы жоқ дейдi. "Қызылжар жәрмеңкесi қаладан бiршама қашықта өтiп тұратын. Ал, әулие Петрдiң қорғанын ресейлiк переселенестер салған, сөйтiп, қазақ жерiн Жоңғар шапқыншылығынан қорғап қалған-мыс" дейдi.

САРЫ БАСЫМ ТҮСУI МҮМКIН БЕ?

Бүгiнде дәл осы мәселе төңiрегiнде қызу пiкiрталас өрби бастаған. Қызылжарлықтар көк пен сары болып екiге жарылыпты. Елiмiздiң туы түстес лентаны таққандар мойнымыздағы ауыр ажырғы – құлдық психологиядан, әулие Петр мен Павлдың қорғандарының атауы берiлген Петропавл атауынан құтылып, тарихи Қызылжар атауын қайтаруды жақтаушылар болса, сары лентаны таққандар – Петропавл атауынан ажырағысы келмейтiндер.

Сөйтiп, Ж. Сүлейменов пен Т. Симамбаевтардың арасындағы тартыс кәдiмгiдей қоғамдық пiкiр туғызып отыр. Өзгенiң қолтығына су бүркуге шебер бiздiң саясаткерлердiң арқасында Петропавл халқы да өре түрегелiп, Қызылжар атауының қайтарылуына қарсылық таныта бастаған секiлдi. Әлдекiмдер арнайы сайт жасақтап, интернет сауалнама жүргiзген екен, сары түстiлер 87 пайызға жетiптi. Бiрақ, бұның да қолдан ұйымдастырылуы мүмкiн дейдi Жарасбай Сүлейменов 28 қыркүйекте КТК телеарнасына берген сұхбатында.

– Бұл арзан ұпай жинауға талпынған, әлдекiмдердiң қолдан ұйымдастырған қитұрқысы болуы әбден мүмкiн. Сауалнаманы кiм ұйымдастырып отыр, кiмдерден жауап алынды ол жағы беймәлiм ғой, – дедi ол.

Мәжiлiс депутаты, ұлтжанды азамат Ж. Сүлейменов мырзамен осы мәселе төңiрегiнде шағын сұхбат өткiзудiң сәтi түскен едi:

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты:

ТАРИХИ АТАУДАН АЖЫРАУ – ҰЛТТЫҢ ТАРИХЫНА БАЛТА ШАБАДЫ

— Сiз Мәжiлiстiң үстiмiздегi жылғы қыркүйектiң 22-күнi болған жалпы отырысында бiр топ депутаттың атынан Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмшiлiк орталығы- Петропавл қаласына ежелгi Қызылжар атауын қайтару жөнiнде Үкiмет басшысына сауал жолдадыңыз. Оған негiз болған жайларға тоқтала кетсеңiз.

– Жалпы, менiң өз ойым жер-су атауларына жеңiл-желпi қарауға болмайды. Өйткенi, қай елдiң де қасиеттi жерi – сол ұлттың мыңдаған жылдарғы мәдениетiмен, тарихымен тығыз байланысты. Жердiң ежелгi атын сақтамау дегенiңiз ұлт тарихының тамырына балта шабу деген сөз. Кезiнде бiз осындай қасiретке ұшырадық. Соның зардабын әлi күнге тартып келемiз

Бұл өзi терiскейдегi ат төбелiндей аз қазақты ғана емес, ел тарихын, жер тарихын қастерлейтiндердiң бәрiн ойландырып, толғандырып жүрген, толғағы жеткен, басы ашық, дау туғызбайтын мәселе деп ойлаймын. Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмшiлiк орталығы – Петропавлды Қызылжар деп атау туралы әңгiме бүгiн ғана көтерiлiп отырған жоқ. Ақын-жазушыларымыздың тамыры тереңге бойлайтын еңбектерiнде кездесетiн деректердi былай қойғанда, Петропавл өткен ғасырдың басында, нақты айтсақ, 1925 жылы ресми түрде Қызылжар деп атала, жазыла бастайды. Бұл өзi бұрын қырғыз атанып келген ұлтымызға дұрыс атауы қайтарылып, "қазақ" атана бастаған, Петропавлдағы кирпедтехникумның "Казпедтехникум" болып өзгерген кезiмен тұспа-тұс келедi. Мiне, осы кезде астанамыз – Қызылордадан, үкiмет орындарынан жолданған хаттарда бұрынғы Петропавловск деген орысша атауы тоқтатылып,"Қызылжар қаласы" деп жазыла бастады.

Зер салып қараған адам бұл өзгерiстiң тегiн еместiгiн байқауға тиiс. Әйтпесе, Халық ағарту комиссариатында отырған басшы қызметкерлер Петропавл деген ресми қала атағын өз беттерiмен өзгерте ала ма? Ол аз болса, нақ осы кезде бүкiлодақтық "Правда" газетiнде Петропавлдың "Қызылжар" болып өзгергенi туралы хабар жариялаған. Бұған 1925 жылғы шiлденiң 18-iнде Ақмола губерниялық атқару комитетi(ол кезде Қызылжар осы губернияның орталығы болған) төралқасының Петропавлды ресми түрде "Қызылжар" деп атау туралы қаулы қабылдауы, оны Қазақ Республикасы орталық Атқару комитетiнiң бекiтуi негiз болған. Бұл құжаттың түпнұсқасы Мәскеудегi ВЦИК-ке, көшiрмесi Қызылжарға жiберiлген.

– Алайда, осы өңiрден сайланған Сенат депутаты Симамбаев оған өзiнiң үзiлдi-кесiлдi қарсы екенiн бiлдiрдi. Сiз ол кiсiнiң мәлiмдемесiмен таныстыңыз ба?

– Иә, таныстым. Тасекеңнiң бiр сөзi бiр сөзiне үйлеспей жатқан секiлдi. Тарихқа қатысты айтқан пiкiрлерi тiптi күлкiңдi келтiредi. Тасбай "Жоңғарлар бiздi жойып жiберуге шақ қалғанда, Ресей бiздi аман алып қалды". Тарихтан титтей хабары болса, мұндай сөздi айтпас едi. Ақиқатына келсек, патша үкiметi Петропавл бекiнiсiн жоңғарлардан қорғану үшiн емес, қазақтардан қорғану үшiн салған. Кейiн бекiнiс салынғаннан кейiн бұл маңайға қазақтарды жолатпай қойған. Абылайдың хат жазып, қазақтардың сауда-саттық жасауына жағдай туғызу жөнiнде өтiнiш бiлдiретiнi нақ осы кез. Бұл – бiр. Екiншiден, бекiнiс салынған кезде бұл маңайда жоңғарлардың исi де болған жоқ. Оларды Қабанбай батыр бастаған қазақ жасақтары 1751 жылы жетi қырдан асырып қуып тастаған болатын.

Мәжiлiстiң жалпы отырысында жасалған сауалға келетiн болсақ, бұл аяқ астынан туған ой емес. Өз басым бұл мәселенi "Егемен Қазақстан" газетiнде, "Алаш айнасы" апталығында, "Бетпе-бет" хабарында, Қазақстан Республикасының Бас прокурорына сауал жолдау арқылы, бұған дейiн де талай рет көтерген болатынмын. Петропавлдың ежелгi атауы Қызылжар екенi дәлелдеудi қажет етпейтiн, дау туғызбайтын шындық. Әрине, оны кеңес заманында қалпына келтiрудiң мүмкiндiгi болған жоқ. Тәуелсiздiк алғанымызға да 20 жыл болып қалды ғой. Бұл өзi мен қазақпын дегеннiң бәрiнiң жүрегiн ауыртатын мәселе. Iссапармен аймақтарға шыққанда да тұрғындар осы мәселенi жиi көтередi. Осы жайында жоғары жақтағылар не ойлап жатыр, сiздер неге айтпайсыздар дейдi. Осы жайларды ескере келiп, Үкiмет басшысына сауал жолдау арқылы терiскейдегi осы бiр түйiндi мәселеге тағы бiр назар аударуды жөн санаған едiк. Оған төменгi палатаның көптеген депутаттары қолдау бiлдiрдi. Бұқаралық ақпарат құралдары сауалды қолдаған депутаттардың санын әртүрлi айтып жатыр, ал нақты 23 адам қол қойды.

Бiз бұл мәселенiң бiр күнде шешiле қалмайтынын жақсы түсiнемiз.

– Сенатор Симамбаев өзiнiң мәлiмдемесiнде егер бiз қала атауын Қызылжар деп өзгертетiн болсақ, барлық басқа ұлттардың өкiлдерi көшiп кетедi дептi, осы жайында сiз не айтар едiңiз?

– Сөзге бәрi сия бередi ғой. Тасбайдың бұл уәжi де негiзсiз. Осы заманда елдi мекеннiң атауын өзгерттiңдер деп көшiп кеткен, битке өкпелеп тонын отқа жаққан адамды кездестiрген емеспiн. Қай кезде де көшiп-қонушылар болады. Оның бәрi әркiмнiң жеке басына қатысты. Жалпы,бұл мәселеден саяси астар iздеудiң, Тасбай сияқты жұртты қорқытып-үркiтудiң қажетi жоқ. Тәуелсiздiк алған 20 жылдың iшiнде жалпы саналық тұрғыда Қазақстанда тұратын этностардың көзқарасы өзгерген. Әлеуметтiк зерттеулердiң қорытындыларына сүйенсек, қазiр бiздiң елiмiзде тұрып жатқандардың басым көпшiлiгi Қазақстанды өз отаным деп санайды. Олай болса, олардың мемлекет құраушы ұлттың тiлегiне түсiнiстiкпен қарайтынына сенiмiм зор.

– Сенатор сайлау жақындап келе жатыр, сондықтан, Мәжiлiс депутаттары осындай қадамға барып отыр дептi.

– Бұл да бос сандырақ, жаптым жала, жақтым күйенiң керi. Шынтуайтына келсек, бүгiн-ертең Мәжiлiстiң сайлауы өтедi деген сөз жоқ. Ал Симамбаевтың депутаттық мерзiмi келесi жылы аяқталатыны басы ашық мәселе. Олай болса, кiмнiң ұпай жинағысы келiп отырғаны өзiнен-өзi белгiлi болып тұрған жоқ па. Мен де сол өңiрдегi халықтың ұлттық құрамын жақсы бiлемiн.Егер жеке басыма қатысты басқа ой болса, бұл мәселенi он айналып өтпеймiн бе. Ал тiптi Мәжiлiс сайлауы мерзiмiнен бұрын өтетiн болғанның өзiнде, менi дәл қазiр осы арада қалай қалып қойсам екен деген ой мазалап отырған жоқ.

Әркiм өзiнiң сөзiне жауап беруi тиiс. Мәжiлiстiң бiр топ депутатына осындай орынсыз кiнә тағудың алдында Тасбай Симамбаев мырза ойлануы керек едi.

– Жарасбай Қабдолұлы, сiз депутаттық сауалыңызда осы мәселенiң оң шешiмiн табуына жергiлiктi жерде ешкiм қарсы болып жатқан жоқ дедiңiз ғой. Шын мәнiнде солай ма?

– Осылай десем де, Петропавлдың атауын өзгертуге iштей наразылар бар екен. Солар неше түрлi қитұрқылықтар жасап жатқан сияқты.

Бұл өзi бүгiн ғана көтерiлiп отырған мәселе емес, 1994 жылы бiр топ, арасында марқұм Мәлiк Мұқанов, Сабыр Сеңкiбаев, Қайырбек Ғалиев, Өмiр Есқали, Зейнолла Әкiмжанов, Марат Әбiлмәжiнов, Сайын Есенқұлов бар, қазақ азаматтары халықаралық қазақ тiлi қоғамының Солтүстiк Қазақстан облыстық филиалының атынан жергiлiктi мәслихаттардың сайлауына қатысып, облыстық мәслихаттың депутаты атану үшiн күрестiк. Бiздi осындай қадам жасауға не итермеледi дегенге келсек, ол кезде облыстық кеңестiң, одан кейiн пайда болған облыстық мәслихаттың құрамында жергiлiктi ұлттың өкiлдерi тым аз болатын. Содан да ұлттық мүддеге қатысты мәселелер күн тәртiбiне қойылғанда олардың үнi естiлмей қалатын. Әрине, бәрiмiздiң бiрдей жолымыз болған жоқ. Мен 20-Сергеев сайлау округiнен дауысқа түстiм. Төрт кандидат тiркелдiк, үшеуi басшы қызметте iстеп жүрген жергiлiктi жердiң азаматтары да, қаладан барған мен ғана. Ол ауданда да қазақтардың үлес салмағы өте төмен болатын. Соған қарамастан мен өзiмнiң "Қазақ тiлi " қоғамының атынан келгенiмдi бүкпесiз бiлдiрдiм. Халық қолдады, сөйтiп бiрiншi турда-ақ жеңiске жетiп, облыстық мәслихаттың депутаты мандатына ие болдым. Осыдан кейiн бiз облыстық мәслихаттың сессияларында жер-су атауларына, тiлге қатысты мәселелердi жиi көтере бастадық. Ол iсiмiз нәтижесiз болған жоқ. Әрине, айтыстық, тартыстық, шамамыз келгенше түсiндiрдiк. Сөйтiп жүрiп Сергеев ауданының Шал ақын, Совет ауданының Аққайың, Булаевтың Мағжан Жұмабаев, Лениннiң Есiл, Бескөлдiң Қызылжар атануына қол жеткiздiк. Мiне, осы аудандардың бәрiнде басқа ұлттардың өкiлдерi қалың орналасқан, қазiрде олардың саны қазақтарға қарағанда басым. Тасбайдың әуенiне салсақ,олардың бәрi сол кезде тiк қопарылып көшiп кетуге тиiс едi. Аудан атауын өзгерттiң деп ешкiм көшкен жоқ, бәрi орнында.

– Осындай сауал жасағаннан кейiн сiзге хабарласқандар болды ма?

– Хабарласқан адамдар өте көп. Олардың бәрi де осы бастамаға қолдау бiлдiруде. Тағы да айтамын, бұл мәселенi бүгiн-ертең шешейiк деп отырған ешкiм жоқ. Бiрақ ол күн тәртiбiнен түспеуге тиiс, онымен нақты айналысу қажет. Қазақтың ежелгi жер-су атауларын қалпына келтiру бұл, кейбiреулер ойлап жүргендей, арқаны кеңге салуды көтеретiн мәселе емес, бұл – сайып келгенде, ел тарихына, ұрпақ тәрбиесiне тiкелей қатысты аса маңызды мәселе, бұл – егемендiгiмiздiң iргесiн бекiту деген сөз.

Жоғарыда айтқанымдай,бұған қарсылар табылып жатыр. Қызылжардағы шiркеу басшысының едәуiр уақыттан берi осындай адамдардың қолын жинап жүргенiн де бiлемiн. Жалпы бұл шiркеу айналысатын мәселе емес қой.

P.S. Бiз осы мәселеге орай өз дәлелдерi мен дәйектерiн келтiруiн өтiнiп сенатор Тасбай Симамбаев мырзаға да телефон шалған едiк. Сенатордың көмекшiсi Эльмира Хамзина ол кiсiнiң шаруаларының бастан асып жатқанын айтып, қолы тигенде өзi хабарласамын дедi. Бiрақ, сол хабарласу созбұйдаға салынып кеттi. Егер, Тасбай Симамбаев мырза өз ойларын бiздiң газет арқылы бiлдiруге құлықты болса, бiз дайынбыз.

Есенгүл Кәпқызы