Жаңалықтар

ЕЛБАСЫ ЕСЕП АЛДЫ

ашық дереккөзі

ЕЛБАСЫ ЕСЕП АЛДЫ

Елбасының қабылдауында болған Мемлекеттiк хатшы, Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев БҰҰ Бас Ассамблеясы жұмысының қорытындылары туралы хабардар еттi. Ол Президент тапсырмасы бойынша бiрқатар мемлекеттердiң көшбасшыларын он бiр жылдық үзiлiстен кейiн Астанада 1-2 желтоқсанда өтетiн ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Саммитiне шақырды.

"Шақыру алғыс сезiммен қабылданды, еуропалық елдердiң көшбасшыларының көпшiлiгi осы жоғары халықаралық форумға өздерiнiң қатысатындықтарын растады", – дедi Қанат Саудабаев. Сондай-ақ, Барак Обаманың Елбасы Н.Назарбаевқа өзiнiң игi тiлегiн бiлдiрiп, екi ел арасындағы байланысты әрмен қарай дамытуды ұстанатындығын жеткiзген Қанат Саудабаев маңызы зор басқосуды өз деңгейiнде өткiзу үшiн алдағы уақытты ұтымды пайдалануға шақырды.

Бұдан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовты қабылдады. Ол Елбасына Үкiметтiң ағымдағы кезеңдегi жұмысы және елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындысы туралы баяндап бердi. "Қазiргi көрсеткiш бойынша, елiмiзде 13 млн.-нан астам тонна астық жиналған. Бұл азық-түлiк қауiпсiздiгiнiң барлық мәселесiн шешуге мүмкiндiк бередi", – дедi Кәрiм Мәсiмов.

Елiмiздегi астық қоры келер жылдың қазан айына дейiн жеткiлiктi. Егер 2011 жылы бидай бiтiк шықпай қалғанның өзiнде республика қорында жиналған астық қоры бағаны бiрқалыпты жағдайда сақтай алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкiметтiң алдына Қазақстанның барлық өңiрлерiн астықпен қамту және астық теру науқанын оңтайлы мерзiмде аяқтау мiндетiн қойды. "Қалыптасқан жағдайдан қорытынды шығару маңызды. Қуаңшылықта осындай астық жинау мемлекеттiң ауыл шаруашылығына зор көмек бергендiгiнiң арқасында мүмкiн болды. Ауыл шаруашылығында жаңа технологияны кеңiнен қолдану керек" – деп атап өттi Елбасы.

"Түркiстан-ақпарат"