Жаңалықтар

ДОСҚАЛИЕВ ДӘРIГЕРЛЕРДIҢ ҚАРАУЫНА НЕГЕ ТҮСТI?

ашық дереккөзі

ДОСҚАЛИЕВ ДӘРIГЕРЛЕРДIҢ ҚАРАУЫНА НЕГЕ ТҮСТI?

Денсаулық сақтау министрлiгiн екiншi мәрте басқарып отырған Жақсылық Досқалиевке қатысты қылмыстық iс қозғалды. Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбайдың айтуынша, елiмiздiң Қаржы полициясы министр Досқалиевқа Қылмыстық кодекстiң 308-бабы бойынша қызметтiк өкiлеттiгiн асыра пайдаланған деген айып таққан.

Кезiнде Денсаулық сақтау саласын медицинадан хабары жоқ басшылар ұстап тұрғанда, жұрт Досқалиевтың бұл орынға қайта отыруын құп көрген. Осыдан екi жыл бұрын, яғни, 2008 жылдың қарашасында билiк тiзгiнiн қолына алған министр бұрын-соңды жiберген кемшiлiктерiн қайталамауға бел шеше кiрiсiп едi. Әуелгi кезекте бұл мiндеттi Елбасы Н.Назарбаевтың өзi аса сенiмдiлiкпен тапсырғанда, бұған ешкiмнiң де күмәнi болған емес. Бiр қызметке екi рет келген министрдiң осы салада жинақтаған, көңiлге түйген тәжiрибесi бар екенiне де дау жоқ. Алайда, Оңтүстiк Қазақстан облысынан ВИЧ iндетi ошағының қайта тұтануы, гепатит пен лейкемия ауруының кiшкентай нәрестелердi шырмауы, дәрi-дәрмектiң жетiспеушiлiгi, сондай-ақ бiрыңғай денсаулық сақтау жүйесiнiң дайындықсыз енуi Досқалиевтың артынан бiраз сөз ерткiзген едi. Бiрақ, министрлiк тағына екi рет жайғасқан министр Досқалиевтың Елбасы, Үкiмет, әрбiрден соң қарапайым халық артқан сенiмнiң үдесiнен шыға алмағаны белгiлi болды.

Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбай Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиевке қатысты қылмыстық iстiң 21 қыркүйекте қозғалғанын, қазiргi кезде тергеу амалдарының жүргiзiлiп жатқандығын мәлiмдедi. Бұдан басқа нақты дерек айтылған жоқ. Кейбiр бейресми ақпарат көздерiнiң айтуынша, қылмыстық iс екпе мен дәрi-дәрмекке байланысты қозғалған көрiнедi. Бiрақ, бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Сонымен, 55 жастағы медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиевтың басына қандай қара бұлт үйiрiлдi? Оның аяғын кенеттен шалыс басуына не себеп болды? Жұртты мазалаған бұл сұрақ төңiрегiнде әзiрге министрлiк те, Қаржы полициясы да жақ ашпай отыр. Тек Денсаулық сақтау министрлiгiнiң бұқарамен байланыс басқармасының бастығы Алмагүл Әбенова Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиевтың қызметiнен аластатылмағанын, қазiргi кезде денсаулығы бойынша демалысқа шыққандығын жеткiздi. Бүгiнде министрдiң мiндетiн ведомствоның жауапты хатшысы Болат Садықов атқаруға кiрiскен. "Интерфакс" ақпарат агенттiгiнiң хабарлауынша, денсаулық сақтау саласының басшысы Астана қаласындағы бiр аурухананың жан сақтау бөлiмiне ауыр жағдаймен түскен. Қазiр министр үйқамақ есебiнде арнайы күзеттiң бақылауында.

Бiр айта кетерлiгi, осыдан үш жыл бұрын бiр жылдай әрiптес болған депутаттардың көбi Жақсылық Досқалиевтың үстiнен қылмыстық iс қозғалғандығынан хабарсыз болып шықты. Тiптi, кейбiрi үшiн бұл күтпеген жаңалық iспеттес әсер еткен. Мәселен, Парламент мәжiлiсiнiң депутаты Владимир Нехорошев: "Жақсылық Ақмұрзаұлы 2007 жылы депутат болып жұмыс iстедi. Одан соң Астанадағы медицина академиясының ректоры қызметiн атқарып, 2008 жылы бұрын отырған министрлiкке қайта барды. Менiңше, ол кәсiби маман ретiнде бiлiктi адам. Мәселенiң бәрi анықталар, шешiлер. Бiрақ, бұлай болғанына қатты қапаланып тұрмын" десе, депутат Тито Сыздықов: "Ол өз iсiнiң нағыз маманы. Өзiм жеке адам ретiнде Жақсылық Досқалиевты құрметтеймiн. Қылмыстық iс қозғалды деген сөз оның айыпты екенiн әзiрге дәлелдеп тұрған жоқ. Ата Заң бойынша адамның кiнәсi тек сот арқылы ғана шешiледi" деген ойларын ортаға салды.

Әзiрге Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиевтың денсаулығы дәрiгерлердiң жiтi қарауында екенi ғана анық. Оның үстiнен қозғалған қылмыстық iстiң не үшiн тағылып отырғаны туралы да нақты ақпарат жоқтың қасы. Ал, дәл қазiр ақпарат құралдары мен қоғам арасында Досқалиевтың қай жерде, неден мүлт кеткенi жайында пiкiрталас қызып тұр.

Жемқорлықтың құрсауында қалған денсаулық сақтау саласын жөнге келтiруде Досқалиевтың атқарған шаруасы да аз емес. Өз iсiнiң бiлгiр маманы болғандықтан да, елiмiздiң медицинасына жаңа тұрпаттағы заманауи технологияларды енгiзуге бiраз күш салды дейдi. Ол ауру науқастың ағзасына сау клеткаларды трансплантациялауда айтарлықтай нәтижеге қол жеткiзiп, көпшiлiктiң қолдауына ие болды. Тiптi, Үкiмет те, халық та денсаулық сақтау саласын басқаруда Досқалиевтай маманның сирек кездесетiнiне көзi жеткен сияқты. Дегенмен, "сүрiнбейтiн тұяқ, қателеспейтiн жақ" болмайтындығына тағы да шәк келтiрмеуге мәжбүрмiз.

Кеше Астанада Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбай жария еткен соңғы мәлiметтер бойынша, Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиев 2003 жылы Қазақ медицина академиясының оқытушылары үшiн тұрғын үй салуға бөлiнген 2,5 гектар жер телiмiн 2005-2006 жылдары "Астана КПТ" ЖШС директоры Кенжинмен тiзе қоса отырып, академияға қатысы жоқ адамдарға сату арқылы 1,4 млрд. теңге заңсыз пайда тапқан. Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиевтiң төңiрегiндегi алып-қашпа әңгiмелер мен оған тағылған айыптың анық-қанығына байланысты әңгiме әзiрге бұйдасын ұстатпай тұр…

Динара ДҮРМӘН