Жаңалықтар

"АҚ АЛТЫНДЫ" ЖИНАУҒА АДАМ ЖЕТПЕЙ ЖАТЫР

ашық дереккөзі

"АҚ АЛТЫНДЫ" ЖИНАУҒА АДАМ ЖЕТПЕЙ ЖАТЫР

Пенде түгiлi перiште шiркiннiң аңсары ауатын сол "алтын" жинауға адам жетiспей жатыр десек таңқаларсыз, бәлкiм. Алтын болғанда "ақ алтын" аталып кеткен мақтаны айтып отырмыз. Осы тiрлiктi тiршiлiгiне талғажау еткен аудандардың барлығында бүгiнде "алтын" жинауға адамдар шақырылып жатыр. Терiм науқанына одақ кезiндегiдей бүкiл облыстың студенттерiн, мектеп оқушыларын, одан қалса өзге аудандардағы колхоз-совхоздардың жұмысшыларын жұмылдыратын заман өткен. Өзбекстан жақтан жұмыс iздеп ағылып келетiн алатақиялардың шекарадан өте алмай шерменде болып жүргендерi тағы бар. "Ендi жағдай қалай болар екен?" дейдi көңiлi күптi диқандар.

Жуырда мақта жинау науқанының қалай өрбiп жатқанын бiлу үшiн облыс әкiмi Асқар Мырзахметов Мақтарал өңiрiне арнайы iс-сапармен барды. Осы сапар барысында мақтаның тиiмдiлiгiн мейiлiнше арттыру мәселесi сөз болды. "Қазақ мақта шаруашылығы" ғылыми-зерттеу институтының директоры Ибадулла Үмбетаевтың айтуына қарағанда, диқандар кейiнгi кездерi элиталы тұқым шаруашылығына көңiл бөле бастаған. Осыған орай институт мақтаның 9 түрiн шығарып, оның үшеуiне патент алыпты. Бүгiнде шаруаларға мемлекет тарапынан жеңiлдетiлген несие берiлiп жатыр. Несiбесiн несиеден iздегендерге қойылып отырған талап та жоқ емес. Ол талапқа сәйкес шаруашылықтар iрiленуi тиiс. Тек iрiленген шаруашылықтар ғана комбайн, жаңа техника сатып алуға мүмкiндiгi болады. Iрiленген шаруашылық – табыстылықтың, сыртқы күштерге деген тәуелдiлiктен құтылудың кепiлi. Қазiр "айттым бiттi" дейтiндей кеңес заманы емес. Бiреудi бiреуге зорлап қоса алмайсың. Бiрақ шаруаға бұдан басқа жол қайсы?! Жалпы биыл облыста 130 мың гектарға "ақ алтын" себiлген. Оның 100 мың гектары Мақтарал ауданының еншiсiнде. Меже бойынша 170-180 мың тонна өнiм терiлуi тиiс. Мақтаның шығымы орташа. Бұдан да жоғары өнiм алуға болар едi. Оған ауа райының қолайсыздығы, зиянкестердiң көп болуы кедергi келтiрдi. Егiстiктегi "ақ алтынның" 20-30 пайызы ерте солды. Басты себеп зиянкестердiң көп болуы. "Неге екенi белгiсiз, биыл мемлекет тарапынан тегiн берiлiп жатқан улы химикаттардың зиянкестердi жоюға күшi жетпедi" дейдi мақташылар.

"Ақ алтынды" кәсiп еткен диқандар үшiн субсидияның көлемi биыл әр гектарға 7 мың теңгеден 9 мың теңгеге көтерiлдi. Зиянкестерге қарсы қолданылатын улы химикаттар, минералды тыңайтқыштар тегiн берiлiп келедi. Басты мәселенiң бiрi ағын су едi. Үкiметтiң қолдауымен бұл мәселе түбегейлi шешiлу үстiнде. Ағын суды Мақтаралға алып келу үшiн Шардара су қоймасынан су тартқыш арнайы қондырғы орнатылуда. Сәтiн салса бұл жұмыстар келер жылы аяқталады. Соның арқасында диқандарға ағын су бетондалған арналар арқылы жеткiзiлмек. Бұл аудандағы егiстiктiң тең жартысын қамтитын болады. Айтқандай, суды шаруаларға тең бөлу үшiн автоматтандырылған су реттегiш жүйелерi iске қосылмақ. Жергiлiктi әкiмдiк бұл жұмысты Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң су ресурстары комитетiмен бiрлесiп қолға алып отыр.

Соңғы жылдары Мақтаралда жер асты суларының көтерiлуi байқалады. Ыза судың салдарынан жер тұздануда. Сондықтан биыл жер асты суларын төмендететiн 218 тiк дренаж жөндеуден өтуде. Дүниежүзiлiк Даму банкiнiң қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар аяқталған соң тiк дренаждар коммуналдық меншiкке қабылданып, алдағы уақытта бюджет қаржысы есебiнен жұмыс iстейтiн болады. Мемлекет тарапынан сондай-ақ арзандатылған жанар май, жеңiлдетiлген несие де бар. Бiрақ айналып келгенде диқандар несiбесiн, әрине, мақта сатудан айыратыны белгiлi.

"Ақ алтынның" бағасын белгiлейтiн нарық. Қайбiр жылдары мақтаның құны күрт төмендеп, шаруалар шығындарын да жаба алмай қалған. Биыл мақта зауыттары өнiмнiң әр келiсiн 85-90 теңгеден қабылдауда. Былтыр баға 60 теңгеден аспап едi. Бұған диқандар бөркiн аспанға атып қуануға асығып отырған жоқ. Өйткенi, терiмшiнiң жоқтығы көп iске қолбайлау болып тұр.

Мақтаралдағы терiм науқанына биыл 190 комбайн жұмылдырылмақ. Оның 83-i шетелдiк "Джон-Дир". 190 комбайн күнiне 1000 тоннаға дейiн өнiм жинайды екен. Бiрақ мақтаның негiзгi бөлiгiн жинау, яғни 80 пайызы терiмшiлерге тәуелдi. Жәрдемшiлердiң жоқтығынан биыл терiмшiлер мақтаның әр келiсiне 7-10 теңгеден сұрап отыр. Екiншi, үшiншi терiм кезiнде баға бұдан да жоғары болып кетуi мүмкiн. Бұған көнбеске амал жоқ. Өйткенi еккен өнiм қар астында қалса, еңбектiң еш, тұздың сор болғаны сол емес пе?!

Ала жаздай аптап ыстықта маңдайының терi сорғалап жүрiп еңбек еткен мақташы қауым үшiн еккен өнiмiнiң жемiсiн көрер кез келдi. Облыста "ақ алтынды" жинау науқаны қыза бастады. Қазiр егiстiк алқаптарында қарбалас тiршiлiк…

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы

Мекенбай АТАБАЙҰЛЫ, Мақтарал аудандық мәслихатының депутаты:

ЗАҢ АДАМҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУI ТИIС

– Баяғыда кеңшардың бiр бөлiмшесiнде 1200-1300 гектар егiстiк болатын. Оның 700 гектарын мақта құрайтын. Осыншама алқаптағы өнiмдi жинауға жергiлiктi оқушыларды қоспағанда 3000-4000 жәрдемшi келетiн. Бұлардан бөлек 25-30 комбайн жұмыс iстеп тұратын. Қазiр олардың ешқайсысы жоқ. Ендi не iстеймiз? Халықтың еңбегi жерде қалмауы керек қой. Осыған орай биыл оқушылардың жаңа оқуы жылын Мақтарал ауданында қыркүйектiң 15-iнен, не 1 қазаннан бастау туралы мәселе көтергенбiз. Бiз осы мәселеге байланысты қол ұштарын созуды сұранып Парламентке, Мәслихатқа, облыстық прокуратураға, облыс әкiмiне, облыстық бiлiм басқармасына, бұқаралық ақпарат құралдарына өз өтiнiштерiмiздi жолдағанбыз. Бiздiң ұсынымыздан әкiмдер үркiп отыр. Бұл заңға қайшы дейдi. Ал, заң адамға қызмет етуi тиiс емес пе?