Жаңалықтар

БАҚЫТЖАН ҚАРАТАЕВ – ҚАЙТАЛАНБАЙТЫН ТҰЛҒА

ашық дереккөзі

БАҚЫТЖАН ҚАРАТАЕВ – ҚАЙТАЛАНБАЙТЫН ТҰЛҒА

Өткен сенбiде облыстық қазақ драма театрында ұлтымыздың көрнектi саяси және қоғам қайраткерi Бақытжан Қаратаевтың дүниеге келгенiне 150 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-машықтық конференция болып өттi. Оған Жапония, Ресейден келген ғалымдар да қатысты.

Облыстық iшкi саясат басқармасының мұрындық болуымен, "Ақжол" ғылым мен бiлiмдi дамыту және қолдау қорының ұйымдастыруымен өткен бас қосуды облыстық Археология және тарих орталығының жетекшiсi, профессор Мұрат Сыдықов қысқаша сөз сөйлеп ашты. Ғылыми конференцияға облыс әкiмiнiң орынбасары Серiк Сүлеймен қатысып, құттықтау сөз сөйледi. "Қазақстанның саяси тарихындағы Бақытжан Қаратаевтың маңызы" – М.Сыдықов, "Бақытжан Қаратаев және алашордашылар: қарым-қатынастың өзгеруi" – Уяма Томохико (Жапония), " Қазақ зиялыларының ақсақалдары мен жiгiттерi: төңкерiстiң сыны" – Дина Киселева, (Мәскеу, Ресей), "Тарихшы ретiндегi Бақытжан Қаратаевтың ғылыми мұрасы" – Гүлмира Сұлтанғалиева, (Алматы), "Бақытжан Қаратаев-саясаткер, құқықтанушы, қоғамдық қайраткер" – Ерлан Медеубаев (Ақтөбе), "Бақытжан Қаратаев мұрағат құжаттарында" – Вячеслав Иночкин (Орал), тағы басқа да мазмұнды әрi терең мәндi баяндамалар жиналған жұртшылықтың жүрегiн баураған.

Ғылыми жиында облыс әкiмi аппаратының жетекшiсi, Бақытжан Қаратаевтың тiкелей ұрпағы Амангелдi Дәулетжанов конференцияға қатысушыларға таныстырылды. Жапон қонақтың иығына қазақы шапан жабылды. Соңынан шағын концерт қойылды.

Уяма ТОМОХИКО, Саппоро университетiнiң профессоры:

– Бiрiншiден, осында шақырған әрiптесiм Мұрат Сыдықовқа шын жүректен алғыс айтқым келедi. Екiншiден, сiздiң осы тамаша қалаңызда осыдан үш жыл бұрын болғанмын. Сол кезде Мұрат Наурызғалиұлы маған Батыс Алашорданың орталығы-Жымпиты ауылы мен Бөкей Ордасын көрсеткен едi. Содан алған әсерiм әлi ұмытылған жоқ.

Менiң кәсiбiм – тарих. Соның iшiнде-Орталық Азия. Дәлiрек айтсам – Қазақстанның XIX және XX ғасырдың басындағы зиялылары. Ал Бақытжан Қаратаев болса, солардың iшiндегi бiрегейi iспеттес. Сондықтан ғылыми басқосудың қызығушылығымды туғызуы орынды.

Дина КИСЕЛЕВА, Мәскеу туризм және сервис университетiнiң профессоры, тарих ғылымдарының докторы:

Бақытжан Қаратаевтың саяси тұлға ретiндегi Қазақстан тарихында алар орны ерекше. 1906 жылы Ресей Думасының депутаты бола жүрiп, шовинистердiң құтырынған қарсылығына қарамастан, қазақтың ұлттық мүдделерiн қорғауы – сол кездiң өзiнде төтен ерлiк. Өкiнiштiсi сол, өзгелерге қарағанда, Б.Қаратаевтың рухани мұралары аз зерттелген. Демек, конференцияға қатысудағы мақсатым – Б.Қаратаевты жан-жақты қырынан тану. Мәселен, оның қазақтың тұңғыш заңгерi екенiн екiнiң бiрi бiле ме екен?!

Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА, Орал гуманитарлық академиясының доцентi, тарих ғылымдарының кандидаты:

Бақытжан Қаратаев – соңына қалдырған рухани мұрасы телегей теңiз, ешқашан қайталанбас жан. Оған биыл жазда көршiлес Ақтөбе қаласындағы облыстық мұрағатта болғанда көзiм жеттi. Талай теңдесi жоқ құжаттармен танысып, өзiме беймәлiм деректерге қанықтым. Бiр жақсысы сол, ақтөбелiк әрiптестерiмiздiң кейбiреулерi соған орай ғылыми iзденiске кiрiсiптi. Маған конференция ерекше ұнады. Әрине, өзiм де баяндама жасағандықтан емес, оның нағыз ғылыми пiкiр алмасу жағдайында болғандығы үшiн. Осының бәрiнде әрiптесiм Мұрат Сыдықовтың еңбегi зор.

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ,

Орал қаласы