Жаңалықтар

БАУЫРЖАН – ҚАЗАҚТЫҢ АР-НАМЫСЫ

ашық дереккөзі

БАУЫРЖАН – ҚАЗАҚТЫҢ АР-НАМЫСЫ

Жамбыл жерiнде Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы аталып өттi

Сандаған ғасырлық тарихында сан алуан қиын-қысталаң заманды басынан өткiзген, ақын тiлiмен айтқанда, "мың өлiп, мың тiрiлген" қазақ халқы қол бастаған батырлар мен ерлiктiң шыңына ту тiккен қаһармандардан кенде болмаған. Оған тарихтың көзi куә, сонау Алтайдан ана-оу Атырауға дейiн көсiлiп жатқан ұлан-байтақ туған жерiмiздiң өзi куә. Көлемi жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан мемлекетiн құру, тағдыры тарих таразысына түскен қиын-қысталаң сәтте жасанған жаудан елдi қорғау мен оны бiртiндеп кеңейту пешенесiне жазылған қаһармандардың әрбiрiн қалай ұлықтасаң да жарасар. Қилы қиын заманда тарыдай шашылып, барар жер, басар тау таппай дағдарған ат төбелiндей аз халықтың басын қосып, бiр мақсатқа ұйытқан, Қозыбастауда алғаш рет қазақ мемлекетiнiң туын көтерген Керей хан мен Жәнiбек сұлтан, тарихи тұрғыдан аса қысқа уақытта жұртының санын еселеп өсiрiп, миллион түтiнге жеткiзген Қасым хан, "Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламадан" соң ел қабырғасы бүтiнделiп, қаһарлы жаудың бiржола күйрей жеңiлуiне жол салған Абылай сынды хандар қазақ тарихының ғана емес, әлемдiк тарихтың төрiнен ойып орын алатын қасиеттi тұлғалар. Бұлар ғана емес, қазақ халқы үшiн шыбын жанын шүберекке түйген барша батырлар мен ел үшiн еңiреп өткен ерлердiң әрбiрi де халықтың жүрегiнде.

Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы да қазақ халқының хас батырлары мен қаһармандарының арасындағы бiрегей, қайталанбас тұлға екенi күмәнсiз. Жамбыл жерiнде өткен Бауыржан Момышұылының 100 жылдық мерейтойында батырдың тойына құттықтау жолдаған Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың хатын мерекеге жиналған көпшiлiкке таныстырған және қысқа болса да аса мәндi, нұсқа сөйлеген Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның: "Бауыржан Момышұлы өшпес ерлiгiмен, азаматтық дара қалпымен, ұлтжандылығымен, намыстылығымен халқымыздың орынды мақтанышына айналған ұлы тұлға. Оның есiмi ерлiк пен өрлiк символы ретiнде халқымыздың жүрегiнде мәңгi сақталады", – деуiнiң терең мәнi бар. Расында даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы Ұлт тұтастығының символы. Ол – бүкiл қазақ мойындайтын, құрметтейтiн, алдында бас иетiн нар тұлға ғана емес, елiмiздiң елдiгiн анықтайтын тұлғаға айналған. Қазақ халқының жүрегiнде батырлық пен ерлiкке құрмет сақталатын болса, батыр Бауыржан аты да мәңгiлiкке сақталатыны сөзсiз. Отан үшiн, туған халқы үшiн көзсiз ерлiкке барғандарға шынайы құрмет таныта алмаған ұлттың келешегi жоқ екенi де аян.

1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн өршiл рухы жасып қалғандай көрiнген қазақ халқының еңсесiн қайта тiктеп, жұдырықтай жұмылуына ортақ ұлттық идея қажет болған едi. Мiне, осынау тарихи кезеңде даңқты қолбасшыға Кеңес Одағының Батыры атағын беру мәселесi жаппай ұлттық идеяға айналғаны белгiлi. Бұған сол кездегi баспасөз беттерi куә. Сандаған мың адамдар қазақтың құрыштай берiк ұланына, қайсарлық пен қаһармандықтың символына айналған Бауыржанға батыр атағын беру мәселесiн жаппай көтердi. Тiптi, бұл мәселе сол кездегi қоғамдық, жалпыхалықтық ой-пiкiрдiң басты барометрi болды десек қателеспеймiз.

Өйткенi, Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза өз сөзiнде айтқандай: "Халқымыздың арғы-бергi тарихында ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған батырлар аз болған жоқ. Бiрақ солардың бәрiнен Бауыржанның орны да өзгеше, атағы да айрықша, тұғыры да биiк. Себебi, Бауыржан қатысқан Екiншi дүниежүзiлiк соғыс адамзат тарихына әлемнiң 70-тен астам елi қатысқан ең алапат соғыс болып ендi. Ол батылдық пен батырлықтың ғана емес, әскери өнер, соғыс тактикасы, ақыл-ой мен бiлiм-бiлiктiң арпалысқан, бес құрлық пен төрт мұхитта адамзат жан алысып, жан берiскен, жер жаһанды қамтыған ғаламат соғыс болды". Ал осынау соғыста қазақ халқын өшпес даңққа бөлеген батырдың елеусiз қалуы қабырғалы елдiгiмiзге ауыр сын болатын.

Орыстың белгiлi қаламгерi А.Бектiң "Волоколам тас жолы", А.Кривицкийдiң "Москва түбiндегi тосқауыл" шығармаларының бас кейiпкерi Бауыржан батыр болса, даңқты қолбасшы-генералдар К.Галицкий, И.Чистяков, басқа да сандаған майдангерлер қаһарман қазақтың ерлiгi туралы тамсана, таңғала жазғаны белгiлi. Сан мәрте Кеңес Одағының ең жоғары наградасына ұсынылған қаһарманның тоталитарлық жүйе әдiлетсiздiгiнен меселi қайтқаны, ерлiгi еленбеуi, қазақ халқына қарсы жүргiзiлген зұлым саясаттың жемiсi екенi де елге жақсы мәлiм-тұғын. Бұл әдiлетсiздiк жарты ғасырға, дәлiрек айтсақ, қырық бес жыл бойына созылды. Ұлтына ұран болған ұлды тудырған қазақтың аңсаған үмiтiне жол ашқан жан – сол кездегi Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң жас басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Табанды, тайсалмайтын Нұрсұлтан Назарбаев осыдан төрт жыл бұрын Алматыдағы алаңға шыққан жас қазақтарды жазалауға бұйрыққа қол қойған М.С.Горбачевтi 1990 жылдың 12 желтоқсанында қаһарман Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлыққа қол қоюға мәжбүрледi. Осылайша, өршiл рухты қазақ халқының бойындағы ұлттық мақтаныш, ар-намыс қайта асқақтады.

25 қыркүйек күнi мерекеге жиналған қонақтар Жуалы ауданындағы батыр атындағы ауылдағы Бауыржан Момышұлының ескерткiшiне гүл қоюмен бастаған. Биiк тұғырда отырған Бауыржан батырдың қола мүсiнi мейiрлене шуақ төккен жарқын күннiң жайдары сәулесiмен алтындай жарқырайды. Белiне қылыш байлаған батыр мүсiнi сәл шалқая түсiп, алыс қияндарға қабағын түйе, сұстанып отыр. Отан – ана дәп қазiр бұйрық берсе, орнынан ұшып тұрып, қанды жорыққа аттануға iштей тас-түйiн дайын жанның қалпы аңғарылады. Ескерткiштiң сол қол жағындағы асфальт төселген бiр тегiс алаңқайдың бетi бiрнеше жерден тесiлiп, қап-қара асфальт түйiрлерi жан-жаққа шашылып жатыр. Тас астынан қылтиып бас көтерген жас өскiндердiң күш-қуатына шыдамаған тас бетi сызаттанып жарылып кеткен. Тiршiлiк деген осы! "Өршiл рухтан өлмес ерлiк туады!" деп күбiрледiм Бауыржан батырдың сөзiн iштей қайталап…

Батырдың ескерткiшiне гүл қоюға келгендердiң сансыз көлiгi жан-жақта қаңтарылып қапты. Жансыз көлiк. Ұлт қаһармандарына қойылған ескерткiштерге қала көшелерiн жаяу аралап, бiрiн-бiрi қолтықтай сап түзеп барып тағзым ететiн түрiк бауырларымызды ойладым. Кәрi мен жас, ересек пен бозбалалар қолтықтаса қатарласып жүретiн осындай шеру үстiнде барша адамдар өздерiн бiр халықтың, бiртұтас ұлттың перзенттерi деп сезiнедi екен-ау. Мен де қаһарманның тойына жиналған барша қазақтармен қолтықтасып, сап түзей қатар жүргiм келдi…

Жаңабек ШАҒАТАЙ