Жаңалықтар

«БАЛАПАННЫҢ» ТҰСАУЫ КЕСIЛДI

ашық дереккөзі

«БАЛАПАННЫҢ» ТҰСАУЫ КЕСIЛДI

Жаңа телеарна өзге ұлттың өрендерiне қазақ тiлiн үйретуде таптырмас құрал болмақшы

Бүгiнгi бүлдiршiннiң көбiне телеарна алдында тәрбиеленетiнi жасырын емес. Балаларға арналған арнайы бағдарлама мен қызықты хабарлардың жоқтығы шетелдiк мультфильмдер мен олардың кейiпкерлерiн жаттап өсуiне әкеп соқты. Жат жұрттың жан дүниесi мен болмыс-бiтiмiн бойына сiңiрiп өскен ұрпақтан не күтуге болады? Қазақтың қаракөздерi ұлттық сипаттағы дүниенi қашан тамашалайды? Бұл – елiмiздегi барша ата-ана мен ұстаздардың ұлық арманы.

Көптiң тiлегi орындалды. Бұған дейiн айтылып келген мәселе бiртiндеп өз шешiмiн тауып жатқандай. Соның бiрi – балаларға арналған жеке телеарна ашу мәселесi едi. Осы аптада елiмiздiң мәдениетiнде тың серпiлiс пайда болып, көптен күткен "Балапан" телеарнасы өз жұмысын бастады. Бесiктен белi шыққан кiшкентай нәрестеден бастап, тiлi былдырлап шыға бастаған балғындарды экранның алдына жинайтын "Балапан" телеарнасының бiр артықшылығы, өз хабарларын тек қана мемлекеттiк тiлде таратады. Бұл әуелгi кезекте баласы қазақша тiл сындырмаған отбасыларға таптырмайтын тәрбиелiк құрал.

Бүгiнгi ұрпақ – ертеңгi ел сенiмi. Олар ұлттық тәрбиенi бойына бүгiннен бастап сiңiрмесе, ертең кеш болады. Қазақ халқының өзiне ғана тән табиғи болмысын көрмеген, бiлмеген, бойына сiңiрмеген ұрпаққа сенiм артудың өзi әбестiк. Мiне, осы мақсатта қаз-қаз басқан "Балапан" телеарнасының алдына қойылатын талап та, мiндет те көп. Келешекте елiмiздiң сауда алаңын арзанқол дүниелерiмен жаулап алған батыстық үлгiдегi мультфильмдердi қанағат тұтып жүрген балалар өзiмiздiң ержүрек батырларымыздың есiмiн жаттап, ерлiгiн көңiлiне түйiп өссе, "Балапанның" өз үдесiнен шыққандығының бiр белгiсi болар едi.

Қазақстанда электронды ақпарат құралының қатарына қосылған "Балапан" телеарнасы таңғы 10-нан кешкi 10-ға дейiн балаларға базарлық тарту етпек. Бұл интеллектуалды жобаның жүзеге асуын "Қазақстан" ұлттық телеарнасы өз мойнына алып отыр. Балалар ендi "Алақай, балақай!" хабарымен бiрге оянатын болады. Спорттық ойын-сауық бағдарламасының арқасында денелерiн шынықтырып, бой сергiтiп алуға мүмкiндiк бар. Бүлдiршiндер телеарна арқылы ана тiлiнде әрiп танып, шығармашылық қабiлеттерiн де шыңдай алады. Эфирде тұрақты түрде "Әлiппе", "Ғажайыпстанға саяхат", "Айжұлдыз" сынды танымдық бағдарламалар көрсетiлмек. "Айгөлек" тасада жүрген жас таланттарды ашса, "Шеберханада" балалар түрлi өнерлердi игередi. Сонымен қатар 3 пен 10 жас аралығындағы балаларға арналған ұлттық мәдениет пен әдебиетке де қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты хабарлар саны да дайындалыпты. "Балапан" телеарнасының жетекшiсi Жанар Шәмелдiң айтуынша, "Балапанның" хабарларының бәрi де педагог-психолог мамандардың қатысуымен, балалардың жас ерекшелiктерi мен мiнез-құлықтарын ескере отырып жасалады. Мұның сыртында әлемдiк балалар киносы мен анимациялық фильмдердiң ең үздiк туындылары "Қазақстан" ұлттық арнасының дубляж бөлiмiнде қазақша дыбысталып, ұсынылмақшы.

Алайда, қазақ тiлiндегi мультфильмдердiң тапшылығы әу бастан күрделi мәселе. Осының салдарынан шетелдiк туындыларды амалсыз аударуға тура келедi. Бiрақ арна жетекшiлерiнiң айтуынша, барлық материал мұқият iрiктелiп, сараптамадан өткiзiлiп тұрады.

Бiр айта кетерлiгi, балалардың көзайымына айналатын телеарна "Йамал-201" спутниктiк желi бойынша эфирге шығады. Мұны кабельдiк қондырғысы жоқ шалғайдағы ауылдар мен елдiмекенде тұратын бүлдiршiндер көре ала ма? Ауыл тұрмақ, қаладағы спутниктiк желiге қосылмаған тұрғындар да көрсетiлiмi басталып кеткен "Балапан" телеарнасының хабарларын көре алмай отыр. Жаңа дүниенi көруге асыққан көпшiлiк жұрт: "Балапан" телеарнасы да басқа мемлекеттiк телеарналар секiлдi неге таратылмайды?" деген сұрақты көлденеңнен қоя бастады. Бұған қарағанда, кiшкентай көрермендер аудиториясы да әзiрге толық қамтылмайтын сияқты. Бұл тұрғыда "Қазақстан" телерадиокорпорациясы төрағасының бiрiншi орынбасары Ләззат Танысбай: "Ауылдың қара домалақтарына "Балапан" базарлығын алдағы уақытта ғарыштық байланыс арқылы жеткiзу көзделiп отыр. Бiрақ қазiр сандық жүйеге қосылу жағы әңгiме болып жүр. Егер де бүкiл телевизиялық жүйе сандық жүйеге көшiрiлсе, онда әрине 100 пайыз қамтылады. Әзiрге мүмкiндiгiмiз осы ғана, берiлiп отырған жеке жиiлiк жоқ" дегендi алға тартады.

"Балапан" телеарнасының салтанатты тұсаукесерiне қатысқан "Қазақстан" телерадиокорпорациясының басшылығы мен Президент әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Мәулен Әшiмбаев, Байланыс және ақпарат министрi Асқар Жұмағалиев ақ жол тiлеп, құтты болсын айтты. Ал, құттықтау сәлемiн жолдаған Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов "Балапан" телеарнасына үлкен жауапкершiлiк жүктелiп отырғанына ерекше тоқталыпты. "Балапанды" көрiп, олардың тiлi шығады, көзқарасы мен дүниетанымы қалыптасады. Тарихымызды ұғып, ұлттық мәдениет пен өнердi үйренедi. Салт-дәстүрiмiздi көрiп өседi. Сондықтан телебағдарламалардың сапасы жоғары болуы тиiс. Мұның барлығы телеарна ұжымынан табандылықты, қажырлы еңбектi талап етедi. "Балапан" тек қазақ тiлiнде шығады. Ендi бiздiң алдымызда "Балапанды" ғарыштық байланыс арқылы әр елдi мекенге, әр ауылға тарату мақсаты тұр. Бұған тез арада қол жеткiзу керек. "Балапанды" көру арқылы ауылдағы әрбiр бала қаладағыдай бiлiм, тәрбие алуы тиiс", – дейдi жаңа телеарнаның ашылуына байланысты алдағы мiндеттердi де айқындаған Кәрiм Мәсiмов.

Ал, Президент әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Мәулен Әшiмбаев: "Бұл телеарнаның ашылуы – саяси-тәрбиелiк мәнi бар үлкен оқиға. Соңғы жылдары бiз қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтеру үшiн, қазақ тiлiн қоғамдық қолданыста кеңейту үшiн бiраз жұмыс iстеп жатырмыз. Бiрақ көп нәрсе бала кезден басталады ғой, балаларды қазақ тiлiне үйретсе, олар тап-таза қазақша сөйлеп тұрса, бұл тiлiмiздiң болашағына жол ашатыны сөзсiз. Сондықтан "Балапан" телеарнасы басқа ұлттың балаларына қазақ тiлiн үйретуде үлкен рөл атқарады деп сенемiз. Екiншi жағынан, "Балапан" телеарнасының балалардың бойына қазақтың құндылықтарын сiңiруде танымдық, тәрбиелiк мәнi зор болады деп ойлаймыз" деп үлкен сенiм мен жауапкершiлiк жүгiн артты.

"Балапан" телеарнасы арқылы алтын бесiк – ауылда өсiп жатқан кiшкентай көрермендерiмiз тәрбие мен бiлiм алуға қол жеткiзсе, нұр үстiне нұр болар едi. Өйткенi, мұндай телеарнаға қаладан гөрi ауылдағы қаракөздердiң шөлiркеп жүргенi қашан. Сәтiн салса, 2011 жылы "Мәдениет", 2012 жылы "Бiлiм" арнасы да "Балапан" сияқты қанат қағатын болады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ