ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ТҰРАР РЫСҚҰЛОВҚА МЕМОРИАЛДЫ ТАҚТАЙША ОРНАТЫЛМАҚ
Қазақтың белгiлi мемлекет қайраткерi, РСФСР Халық комиссарлар кеңесi төрағасының орынбасары болған Тұрар Рысқұловқа Мәскеудегi өзi тұрған №14 үйге мемориалды тақтайша орнатылатын болды.
Қазақстан Республикасының Ресейдегi Төтенше және өкiлеттi елшiсi Зауытбек Тұрысбеков пен Мәскеу мэрi Юрий Лужковтың кездесуi барысында осындай келiсiмге қол жеткiзiлдi. Дипломатиялық үкiметтiң баспасөз қызметi хабарлағандай, Мәскеу мэрi елшiлiктiң 1931-1934 жылдары қазақтың белгiлi мемлекет қайраткерi, РСФСР Халық комиссарлар кеңесi төрағасының орынбасары болған Тұрар Рысқұлов тұрған Мәскеудегi №14 үйге мемориалды тақтайша орнату туралы бастамасына қолдау бiлдiрдi.
"ГАЗПРОМ" БЕЛОРУССИЯҒА ТIЗЕСIН БАТЫРУДА
"Газпром" Украинаға берiлетiн газ бағасын анықтады. Ағымдағы жылдың төртiншi тоқсанына межеленген газдың 1 мың текшеметрi 250 АҚШ долларына бағаланып отыр. "Газпром" ААҚ төрағасының орынбасары Валерий Голубев келер жылы да газдың құны осы мөлшердiң айналасында болады, – дедi журналистерге берген түсiнiктемесiнде. Еске сала кетсек, "Украина Нафтогаз" бен "Газпром" арасындағы ағымдағы жылдың сәуiр айында арнайы шарттарға сәйкес, қосымша келiсiмшарттар жасалған болатын. Соның нәтижесiнде табиғи газдың бағасы (жеңiлдiктi қоса есептегенде) 1 мың текшеметрi үшiн 100 доллар шамасын құраған едi. Бiр айта кетерлiгi, бұдан бұрын "Газпром" басшысы Алексей Миллер: "Егер "Украин Нафтогаз" компаниясы бiзге қосылатын болса, бiз украиндық тұтынушыларға газды ресейлiк бағамен жеткiзетiн боламыз" деген шарт қойған. Алайда, қазiр бұл мәселе басы ашық күйiнде қалған сияқты.
Ал, Белоруссия мемлекетi үшiн газ бағасы 2011 жылы үш есеге артпақшы. Егер, ағымдағы жылы 1 мың текшеметр газдың құны 186 долларды құраса, 2011 жылы бұл баға 35 пайызға өсiп, (мұнай бағасының ауытқуына қарай) шамамен 250 долларға табан тiрейдi деп болжануда. Бұған қарағанда, алдағы жылы Ресей мен Белоруссия бұрынғы келiсiм негiзiнде жұмыс iстемек. Сондай-ақ, газ бағасының өсуiне байланысты Белоруссия аумағында газ жеткiзу бағасының артатыны мәлiм болды. Бүгiнде 100 шақырымдағы 1 мың текше метр газды тасымалдау құны шамамен 2 доллардың төңiрегiне жетiп қалады.
Ал 2008 жылы Белоруссия мемлекетiне жеткiзiлетiн газ бағасы мұнайдың нарықтағы құнына байланысты тоқсан сайын есептелiнiп тұрды. Осы есептеулерге сәйкес, 2008 жылы Минск үшiн жанар-жағармай еуропалық бағамен салыстырғанда 33 пайыз, 2009 жылы 20 пайыз, ал 2010 жылы 10 пайыз жеңiлдiкпен берiлдi. Тағы бiр дерек, "Газпром" 2009 жылы қаржылық дағдарыстың салдарынан белорустарға жанар-жағармайды 30 пайыз жеңiлдiкпен жеткiзуге келiсiм берген-тұғын.
ҚЫРҒЫЗСТАН ӘСКЕРИ БАЗАНЫҢ ЖАЛДЫҚ ҚҰНЫН ӨСIРЕ МЕ?
Қырғызстан билiгi ресейлiк әскери нысандары орналасқан орталықтың жалдық құнын көтерудi жоспарлап отыр. Қырғызстан республикасының Қорғаныс министрi Абибилла Құдайбердиев: "Жалдық төлем бойынша келiсiм сонау 1990 жылы жүргiзiлген. Мұны қайта жасау қажет" деген мәлiмдеме жасаған. Оның айтуынша, Ресей жыл сайын 866 гектар аумаққа 4,5 млн. доллар ақша төлеп келген. Бiр айта кетерлiгi, бұл төлемақы ақша жүзiнде емес, тек қару-жарақ өнiмдерi мен қырғыз азаматтарының Ресейдiң әскери оқу орындарында бiлiм алуымен өтелiп тұрған. Қазiргi кезде Ресейдiң қарызы 6 миллион долларға жеттi. Сол себептен Қорғаныс министрi қойманың жалдық құнын 3-4 есеге дейiн көтеретiндiгiн қадап айтты. Алайда, Қырғызстанға арнайы iссапармен келген ресейлiк делегаттар бұл мәселенiң жай-жапсарын талқылап, бiр тоқтамға келетiнiне сенiмдi. Жаңа келiсiмшарттарға сәйкес, әскери базаның жалдық құнының бағасы тек наурыз айында белгiлi болуы мүмкiн. Жоспар бойынша, бұл келiсiмге Роза Отунбаева наурыз айының соңында қол қойып, Жогорку кенешке ратификациялауға беруi тиiс. Бiрақ бұған Ресей ырық бермейтiн сыңай танытты.
"Коммерсант" газетiнiң хабарлауынша, Қырғызстан Қорғаныс министрi Абибилла Құдайбердиев Мәскеуге келiп, ресейлiк әрiптесi Анатолий Сердюковпен әскери нысандар туралы келелi әңгiме қозғаған. Бiр қызығы, екiжақты кездесуден кейiн, Абибилла Құдайбердиевтың: "Бiз жалдық бағаны бұрынғы бағамен қалдыруға келiстiк. Есесiне, Ресей қарызын дер кезiнде өтеп, жыл сайын қару-жарақ пен техника жағынан көмек беретiн болды" деген тоқтамға келгендерiн қадап айтты.
Бүгiнде Қырғызстанда Ресейдiң 5 әскери нысаны бар. Бұл ауқымды авиабаза Бiшкек қаласынан бiршама қашықтықта орналасқан. Ал, "Манас" халықаралық әуежайы аумағынан орын тепкен авиабазаға АҚШ жыл сайын 60 млн. доллар төлеп келгенi мәлiм.
ЕУРООДАҚ ФРАНЦИЯНЫ ЖАУАПҚА ТАРТПАҚШЫ
Өздерiн "рома" деп атайтын европалық сығандармен байланысты түйткiл Европалық Одақтың саммитiнде басты тақырыпқа айналды. Оған Франция үкiметiнiң Румыния мен Болгариядан келген мыңдаған сығанды отандарына керi қайтару жөнiндегi шешiмi себеп болып отыр. Франция президентi Николя Саркози, сығандардың қоныстары әртүрлi қылмыстың ұясы болып отыр дей келе, оларды елiне қайтаруға жарлық берген болатын. Ал Еурокомиссия төрағасының орынбасары Вивиана Редингтiң мәлiмдеуiнше, Париждiң әрекетi Еуроодақтың көшi-қон еркiндiгi туралы заңына қарамай-қайшы. Сондай-ақ, Бельгия француз үкiметiнiң бұл қылығын Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiндегiдей аө ұлттарға қысым көрсетумен теңедi. Дегенмен, Рединг кейiннен өзiнiң артық кеткен тұсы үшiн Франция үкiметiнен кешiрiм сұраған екен. Ал Франция премьер-министрi Франсуа Вийонның айтуынша, Франция адам құқықтарын қорғайтын мемлекет десек те, жұмыс таппаған және ұзақ уақыт тұруға рұқсат алмай келген адамдардың елге ағылып келуiне қарсы. Еуропалық комиссардың пiкiрiн Германия канцлерi Ангела Меркель де сынға алды.
Еуропалық Одақ Францияны сығандарды қудалаған үшiн жауапкершiлiкке тартпақшы. Алайда, ескертулерге қарамастан, Париж райынан қайтар емес. Франция сығандарды Румыния мен Болгарияға көшiрудi одан әрi жалғастырмақ. Билiк басындағылар "елден шығарылатындардың әрқайсысына өтемақы төленедi" деп ақталып отыр.
ҚЫРҒЫЗСТАН КЕДЕН ОДАҒЫНА ЕНЕ МЕ?
Бiшкекте Қырғызстан Республикасының бiрiншi вице-премьерi Амангелдi Мұралиевтiң Таяу Шығыс және Орталық Азия елдерiндегi департамент директоры Девид Оуэнның төрағалығындағы Халықаралық валюталық қор мүшелерiмен кездесуi болып өттi. Қырғызстан үкiметiнiң өкiлi Халықаралық валюталық қормен арадағы ынтымақтастық деңгейiнiң қанағаттанарлық екендiгiн атап өттi.
А.Мұралиев Халықаралық Валюталық қордың атқарушы кеңесiне жақында ел iшiнде болған саяси оқиғалардың керi әсерiнiң алдын алуға көмектесу мақсатымен Қырғызстан Республикасы үшiн жедел несиелендiру тетiктерi аясында 33,73 миллион АҚШ долларын бөлу жөнiндегi мәселенi қолдағаны үшiн алғысын айтты. "Бұл ел экономикасын реттеу мен тұрақтандыруда айтарлықтай көмек", – деп атап өттi ол.
Амангелдi Мұралиев Халықаралық валюталық қор өкiлдерiн елдегi экономикалық жағдай мен алдағы парламенттiк сайлау туралы ақпараттандырды.
Сонымен қатар, А.Мұралиев Қырғызстанның Кеден одағына енуiне қатысты жоспарларымен де бөлiстi. "Бiздiң мемлекет Ресей, Беларусь және Қазақстанның Кеден одағына қосылу немесе оған ену туралы бас тарту мәселесiн өзектi етiп отырған жоқ. Алайда, Кеден одағы аясында сауда жасауға мүдделiмiз. Және де бiзге Кеден одағына ену мәселелерi бойынша белсендi жұмыс iстеу керек", – дедi ол. Шынында да, қазiргi кезде Қырғызстан көршi жатқан Қазақсанға тауарын тасымалдауда көпгеген кедергiге кезiгiп отыр. Оның үстiне тауарға салынатын кедендiк баж салығының да салмақ салатынын ескерген қырғыз үкiметi алдағы уақытта Кедендiк одаққа ену не енбеу мәселесiн жiтi қарастыратын жолды таңдау үстiнде.
Өз сөзiнде Таяу Шығыс және Орталық Азия елдерiндегi департамент директоры Девид Оуэн қырғыз тарапына қонақжайлылығы үшiн алғыс бiлдiрiп, Қырғызстан үкiметiнiң қазiргi таңда макроэкономикалық тұрақтылықпен қамтамасыз ету саласында дұрыс жол таңдағандығын айтып өттi. "Бiз сiздердiң елдегi экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша қолға алған iс-қимылдарыңызды қолдаймыз. Сiздер дұрыс мақсат қойып, керек мiндеттердi анықтадыңыздар", – дедi ол.
Дайындаған Динара ДҮРМӘН