Жаңалықтар

ӘРКIМГЕ МӘЙМӨҢКЕЛЕГЕН ЖҰРТТЫҢ ЖАЙЫ

ашық дереккөзі

ӘРКIМГЕ МӘЙМӨҢКЕЛЕГЕН ЖҰРТТЫҢ ЖАЙЫ

Қытайды неге "аспан асты елi" деймiз?

Соңғы кезде елiмiздегi БАҚ-тар Қытай туралы жиi-жиi жаза бастады. Бұлай болуы заңды да. Ежелден қоңсы отырған елдiң iшкi һәм сыртқы саясатын бiле түсу бiздер үшiн басты мiндет болып саналады. Себебi, алып елдiң бiздерге деген жылы пейiлiнен гөрi күмәндi пиғылы басым екенi айтпаса да түсiнiктi жәйт.

Қытайда Қазақтану орталығы жұмыс iстейтiнiнен хабардармыз. Олар бiздiң әр басқан қадамымызды "тышқан аулаған мысықша" аңдып отыр десек те болады. Әйгiлi Сун-цзы "Соғыс өнерi" кiтабында: "…Жауы мен өзiн жақсы бiлетiндер, жүз соғыста да қатерге тап болмайды. Жауын жақсы бiлмейтiн, бiрақ өзiн жақсы бiлетiндер бiресе жеңiп, бiресе жеңiлетiн болады. Ал жауын да, өзiн де бiлмейтiндер айқас сайын үнемi жеңiлiс табады", – деген екен. Әйтсе де бiздiң айтпағымыз ол емес. Мүлде басқа…

Кейiнгi кезде қолына қалам ұстаған әрiптестерiмiздiң ерiнбегенi қытайды "айдаһар" немесе "аспан асты елi" деп жазуға әуестенiп алды. Әуестенiп алғаны соншалық, қытай туралы мақала жазарда "аспан асты елi" деп жазбай кетудi бойына ар санайтын деңгейге жеткен сияқты. Үстiрт қарағанда қарапайым мәселе болуы бек мүмкiн.

Әйтсе де "айдаһар ел" бiр кездерi тарихта кесiртке ғұрлы болмай қалған кездерi болған жоқ па? Мәселен, Мұстафа Шоқай: "Iшкi алауыздықтардың салдарынан бөлшектенiп жатқан Қытай өзiнен 7 есе кiшi Жапонияға төтеп бере алмай, "Жапондар Ұлттар Ұйымының қаулысын, 1928 жылғы Париж пакты және Ұлттар ұйымының соңғы қаулыларын бұзып жатыр" деп дүние жүзiне жар салып шағынуда" деп жазады. Дәл сол кезде қытайлардың жан саны 400 миллионнан асатын едi. Соған қарамастан "…өзiнен 7 есе кiшi Жапонияға төтеп бере алмай" тiзесi дiрiлдейдi. Мұстафа Шоқай 1932 жылы жазған мақаласында: "Қытай трагедиясы сол – бұл ел өз күшiмен өз құқықтарын қорғауға дәрменсiз" деп атап көрсетедi. Оның тағы бiр себебi, Қытайдың iшкi алауыздығына келiп тiрелетiнiн Мұстафа тiлге тиек етедi. Қош. Олар өздерiн өзi "айдаһар елмiз" дей берсiн, бiзге не жорық?

"Аспан асты елi" деп жазбасақ тұра алмайтын "кеселге" қайдан тап болдық. Осыдан жарты ғасырдай бұрын Қытайға барған сапарынан жазған кiтабын Сәбит Мұқанов "Алыптың адымдары" деп атаған екен. Ал "Аспан асты елi" деген сұмдықты кiм ойлап тапты? Әрине аталмыш теңеудi "ойлап тапқан" азаматты қазiр iздеп табу оңай емес. Десек те бүгiнгi күндерi бұлай жазу жаппай жөнсiз әдетке айналды.

Мысалы Кенжалы Есберген "Азаттық радиосына" "Аспан асты елiнiң араны" деп мақала жазған екен. Ал "Оралмандарға орыс тiлiн үйрету керек пе?" – деген "Айқын" газетiнде шыққан мақалада: "…Бұл қытайландыру саясатының құрбаны бола жаздап тұрған бауырларымызды бергi бетке өткiзiп алуға мол мүмкiндiк бермек. Сол мүмкiндiктi дер кезiнде пайдаланып қалмасақ, аспанасты елi ойынан айни салуы да ғажап емес", – дейдi Халима Бұқарқызы.

Бұл сөздi ең әуелi радио және телеараналардан жиi еститiн болдық. Базбiр журналистер буын үндестiгiне бола "аспан асты елi" деп әсiрелейтiн болар. Бiрақ олар аспан астында тек қытайлар ғана тұрмайтынын неге ескермейдi? Қытайлар өз елiндегi аз ұлттарға "хан ұлты" деп айтқызатынынан хабардармыз. Олар тәуелдi болғаннан кейiн "хан ұлты" деуге мәжбүр. Ал бiздер азат елде тұрып оларға тәуелдi болуымыз қисынға келiңкiремейдi.

Ұларбек БАЙТАЙЛАҚ, ақын:

– Қытайды "Аспан асты елi" деп атау нағыз құлдықтың, сондай-ақ екiжүздiлiктiң белгiсi. Себебi, аспан астында қытайдан басқа ұлттар тұрмай ма? Қытайлар аспан астында, ал өзгесi көкте өмiр сүрiп жатқан жоқ қой. Кiм бiздi "Көкбөрiлер елi", "Қас Сақтар елi" деп атап жүр? Ешкiм де. Өлсе де олай деп атамайды. Өзiнен зорды көрсе қолын сүйiп, құлы болуға дайын тұратын журналистер ғана осылай деп жүр. Бiздер оларды "аспан асты елi" демеуiмiз керек.

Ырысбек ДӘБЕЙ, ақын:

– Таласбек Әсемқұлдың "Аштық және Соғыс" атты мақаласында мынадай жолдар бар. "…Қытай мен сахараның арасындағы мыңдаған жылдарға созылған күрес Қытайдың жеңiсiмен аяқталды. Модернизм дәстүрдi жеңдi. Түрiк санасына айықпас жара түстi. Санадағы осы жара мезгiлiмен түрлi ментальдiк аурулар түрiнде сыртқа шығып отырады. Қазақ фольклорының көптеген салаларынан, афористiк поэзиясының көптеген түрлерiнен, "Заманақыр болғанда қара қытай "қаптайды", "қытай қаптағанша топан суы жапсын" деп басталатын, алып аждаһамен екi арадағы талай ұрпақты жалмаған нәтижесiз күрестiң белгiсi болып табылатын қорлық мәтiндер елес берiп отырады" дейдi. "Аспан асты елi", "Аждаһа елi" деген секiлдi ұғымдар әне сол сәтсiз күрестердiң нәтижесi ғой. Бiр жағынан естiген құлақты есiнен айыратын, атағынан ат үркетiн бұндай атаулар жымысқы қытайдың жүргiзiп отырған идеологиясы да болуы мүмкiн. Қазақшалап, қаттап-шоттап ел арасына сiңiрiп жiберген атауларды айтқанда абай болуымыз керек. Көбiнесе телеарналарда жаңалықтар қызметiн атқаратын жас қыздар мен жiгiттердiң осы атаулардың интонациясына айрықша ден қойып айтатыны жаныңды жабырқатады. Құлдық санадан арылу керек бiзге. Орысты көрсе орысқа, қытайды көрсе қытайға мәймөңкелей беру жақсылыққа апармайды.

Серiк ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ, журналист