БIЗ ҚАЛАЙ СӨЙЛЕЙМIЗ?
БIЗ ҚАЛАЙ СӨЙЛЕЙМIЗ?
Әдеби тiл нормасын бiр жүйеге түсiрiп, тiл мәдениетiн жетiлдiрiп, сөз тұлғаларын дұрыс қолдану тәсiлiн анықтап, тiлiмiзге жасалып жатқан қиянаттан арылу төңiрегiнде баспасөз бетiнде көптеген пiкiр, ой-толғам айтылып жүр. Бүгiнгi таңда сөз мәдениетiне қатысты кездесiп жүрген қателiктiң төрт түрiн атауға болады. Олар – орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық және стилистикалық дәлсiздiктер. Әсiресе, мұның iшiнде орфоэпиялық нормадан ауытқу жиi кездеседi.
Жасыратыны жоқ, қарапайым оқырманды айтпағанның өзiнде, тiптi ғалымдар мен оқытушылардың, журналистер мен дикторлардың, тағы басқа ана тiлiнiң бiлгiр де жетiк мамандарының да ауызша сөйлеу үрдiсiнде бiлместiктен бе, әлде немқұрайлылықтан ба, қынжылыс тудырар ақаулардың мүлдем етек алып бара жатқанын байқап жүрмiз. Қай тiлдi алсақ та, әдеби тiл екi сипатта, ауызша және жазбаша түрде қызмет етедi. Сөздiң ауызша айтылу нормасы – орфоэпия деп аталады. Мұндай жүйе тiлдiң ұлттық ерекшелiгi ретiнде ғасырлар бойына жалғасып қалыптасады. Әдеби тiлдегi сөздердiң, сөз тiркесi мен қосымшаның белгiлi бiр ережеге сәйкес бiрiздi дыбысталуын қамтамасыз ететiн жалпыға бiрдей қалыпты айтылу нормасын, екiншi сөзбен айтқанда, дұрыс сөйлеу үлгiсiн орфоэпия деймiз. Сондықтан да орфоэпияны тiл мәдениетiнiң өзектi саласына жатқызамыз. Тiл – тiлдегi сөздiң орфоэпиялық сөз нұсқаларының қалыптасу ерекшелiгi әртүрлi. Орыс тiлiнде орфоэпиялық сөз нұсқаларының екпiнге қатысы көп. Түрiк тiлiндегi жағдай одан өзгеше. Орыс тiлi бiлiмiнде сөздiң дыбысталу нормасының маңызы емле нормасынан кем емесiн қатты ескерiп, одан ауытқуға еш жол берiлмейдi. Өкiнiшке қарай, қазақ тiлi бiлiмiнде орфографияға ғана баса көңiл бөлiп, орфоэпиядан ауытқып, жiтi мән бере бермеймiз. Сөздiң әдеби тiлде дұрыс айтылу нормасын саналы түрде үйрету сөйлеу тiлiне емле ережелерiнiң тигiзер ықпалын еске алып, жүйелi түрде жұмыс жүргiзудi қажет етпек. Тiлдiң реңiн бұзып, ажарын кетiретiн һәм құлақты тырнап тұратын қолданыстарға орфоэпиядан да мысалдардың жеткiлiктi екенi белгiлi. Сондықтан ана тiлiнiң сөйлеу нормасын саналы түрде үйрету қазiргi таңдағы ең өзектi мәселе екенi анық. Қазақ тiлiнiң дыбыстық құрылымына тән сипатты ерекшелiктiң бiрi – дауысты дыбыстардың, сондай-ақ сөз iшiндегi я сөз аралығындағы ұяң, сонор дыбыстардың келу ыңғайына қарай дауыссыздардың да ассимиляциялануы, яғни iшкi үндестiгi, өзара гармониялы болып келуi. Соған орай тiлiмiздегi қ, к дыбыстарынан басталатын сөздер екi, кейде одан да көп орфоэпиялық нұсқада айтылып жүр: кел/гел, көл/гөл, құрт/ғұрт, қазан/ғазан, қыр/ғыр, қаш/ғаш, көз/гөз, қой/ғой, керi/герi. Мысалы: ғазақ жiгiтi, қазағ жiгiтi, қара ғазақ, қыр ғазағы (жазылуы: қазақ жiгiтi, қара қазақ, қыр қазағы). Қатаң дауыссызды көршiлес дыбыстармен үндесуiне қарай сындырып (ұяңға айналдырып) айту арқылы сөйлеу тiлiнiң әуездiлiгi, ырғақ өлшемi, дыбыстардың құлаққа жағымды үндестiгi сақталады. Сондықтан бұл негiзгi орфоэпиялық нормаға жатады. Мектеп оқушыларының, жұртшылықтың сөйлеу тiлiнде бұл ереженiң ескерiлiп, дұрыс сөйлеу нормасы ретiнде насихатталуы, қалыпты дағды-әдет ретiнде бұзылмауы көзделуге тиiс. Қазiргi тiлiмiздегi сөздiң орфоэпиялық сөз нұсқасының болу жағдайы мен даму заңдылығын анықтау олардың әдеби ретке келуi үшiн өте-мөте маңызды болмақ. Орфоэпияның бүгiнгi таңдағы ең күрделi мәселесi – кiтаби стильде сөйлеу дағдысы, басқаша айтқанда, сөздердi өзара үйлестiрмей, сiрестiрiп, жазылуына сәйкестендiрiп айту. Олай болса, сөздiң айтылу қалпын әдеби нормаға сай тиянақтаудың бiр жағы орфографиялық норманы жетiлдiру талабымен жымдасып жатыр. Қазақ тiлiнiң бейнелiгiмен қоса әуендiк үндестiкпен дыбысталу жүйесiн атап өткен орыс түркологi П.М.Мелиоранский қазақтың "сөздерi әсем ырғақпен күмбiрлеп естiледi дегенде, сөз бен сөздiң тiркесiндегi айтылу сазы мен әуездiлiгiн меңзесе керек" ("Өркен", 1988, №7). Қазақ тiлiндегi қайсыбiр сөздердiң жеке-жеке дара тұрғанда айтылуы бар да, сөз тiркесiнде дыбысталуы бар екенiн ескермей, олардың бiр-бiрiмен дыбыстық үйлесiмiн келтiрмей, жазылуынша оқу немесе айту қарапайым оқырманды айтпағанның өзiнде, тiптi тiл мамандарының арасында да белең алып барады. Өкiнiшке орай, ауызша сөйлеу мәдениетiне жұртшылық назарын өз мәнiнде аудармай отырғандықтан, бүгiнгi ауызша сөйлеу үрдiсiмiз сын көтермейдi. Теледидар мен радиодан берiлген хабар сан мыңдаған тыңдаушыға арналғандықтан, олардың дұрыс сөйлеп, сөздердi дұрыс дыбыстауға дағдыландыруға тиiстi дей тұрсақ та, қарапайым қатардағы тұтынушыларды айтпағанның өзiнде филолог ғалымдар, журналистер, дикторлар, мұғалiмдер, тағы басқа ана тiлiне жетiк тiл мамандарының да орфоэпиялық норманы сақтай бермейтiнi жиi байқалып, алаңдаушылық тудырып отыр. Сөз бен сөз тiркесiн қалай жазылса солай оқып, айтып, қатаң дауыссызды сындырмай, сiрестiрiп айту уақыт өткен сайын белең алып барады. Үндестiк заңы қазақ тiлi фонетикасының басты заңдылығы болғандықтан, сөздердi дыбыстау жағынан бiр-бiрiмен қиыстырып, табиғи түрде дұрыс айтуға мектепте өз мәнiнде көңiл бөлiнiп, орфоэпия нормасын үйретпейiнше iс өз нәтижесiн бере қоймас. Бiр жолы радионы тыңдай отырып, диктордың сөз мәнерiн, ырғағын дұрыс келтiргенмен, орфоэпиялық заңдылыққа мән бермей, мынадай сөздердi бұзып айтқанын байқадық. Диктор қайырлы гүн, шегера, қыргүйек, көгөнiс, сонымен ғатар, немғұрайды, қолғойған, кәсiводақ, Алматы ғаласы, Астана ғаласы, әрғашан деп айтылуға тиiстi сөздердегi қатаң қ, к, п дауыссыздарын сөздiң жазылуына сәйкестендiрiп, ұяңдатпай айтқаны құлаққа түрпiдей тиедi екен. Қысқасы, мұндай қателер шаш-етектен. Ал орыс тiлiндегi хабарда бiр орфоэпиялық қате жiберiп көрiңiз, мәселе елеусiз қалмай, мiндеттi түрде қаралып, шара қолданылады. Қатаң дауыссызды көршiлес дыбыстармен үндесуiне қарай сындырып (ұяңға айналдырып) айту арқылы сөйлеу тiлiнiң әуездiлiгi, ырғақ өлшемi, дыбыстардың құлаққа жағымды үндестiгi сақталады. Сондықтан бұл негiзгi орфоэпиялық нормаға жатады. Демек, мектеп оқушыларының, жұртшылықтың сөйлеу тiлiнде бұл ереженiң ескерiлiп, дұрыс сөйлеу нормасы ретiнде насихатталуы, қалыпты дағды-әдет ретiнде бұзылмауы көзделуге тиiс. Сахнадан еститiн сөзiмiз, диктордың, мұғалiм мен оқытушының тыңдарман алдындағы сөзiнiң, лектордың айтқан сөзiнiң дыбыс үндестiгiне, демек, әдеби тiлдiң орфоэпиялық нормасына сай келуiнiң елеулi маңызы бар. Тағы бiр келеңсiз жағдай, әншiлердiң қазақ тiлiнiң артикуляциялық заңдылығын сақтамай, дауыссыз дыбыстарды үндестiрмей, кiтаби стилмен сөздердi сiрестiрiп айтуы белең алып отыр. Әркiм нақышын келтiре шырқалған әндi сүйсiне ұйып тыңдап, жақсы әсерге бөленгiсi келедi. Бiр жас әншiнiң сұлу ғыз-ау, сұлу ғыз деп айтылатын сөздi жазылуына ұқсатылып, "сұлу қыз-ау, сұлу қыз" деп сөз тiркесiн сiрестiрiп қылғына қайталап айта берген әнiн ұйып тыңдау мүмкiн бе, Әндi таспаға түсiрерде бiр адам ескертпе жасамаған ба деп те ойлайды екенсiз. Тiптi атақты әншiлерiмiздiң өзi әндi құйқылжыта шырқау барысында "адамға жақсы көру керек екен" (адамға жақсы гөру герек екен деудiң орнына), "әнi болғым келедi, сәнi болғым келедi" (әнi болғым геледi, сәнi болғым геледi деудiң орнына) деп қатаң дауыссызды өз ретiмен үндестiрiп ұяңдатпай дақпақтап айтуы өкiгiнш тудырады. Әншiнiң әннiң сөзiн дұрыстап дыбыстауының тыңдарманды орфоэпиялық нормадан ауытқымауға дағдыландыруда елеулi әсерi болмақ. Соны ескерiп әрбiр әншi өз репертуарындағы әндердi алдымен тiл маманына тыңдатып алса, мәселе өз шешiмiн табар едi. Радио мен теледидар көпшiлiк қауымды ауызша дұрыс сөйлеуге, орфоэпия заңдылығын меңгеурге баулитын ақпарат құралы болғандықтан, тiл мәдениетiне қатысты өзектi мәселенi журналистер мен дикторлардың сөздi құлаққа жағымды етiп бұзбай айту жағына баса назар аударып отырмыз. Жоғарыда аайалған тiл мамандары, қаймағы бөзылмаған ана тiлiнiң сөйлеу ортасында бiлiм алып тәрбиеленгендiктен, ана тiлiнiң табиғатын өз мәнiнде сезiне алмауы мүмкiн емес. Тек орфоэпия заңдылығына өз тұрғысынан мән бермеушiлiктiң кесiрi болу керек. Осыны ескерiп, бiрер рет олардың хабарын арнайы тыңдатып, орфоэпиялық қателерiн тiзiп көрсетiп, ескерту жасаса, олардың сөздi қатесiз дыбыстау дағдысы ешқандай қиындық тудыра қоймас едi. Өкiнiшке орай, ана тiлiмiзде ауызша дұрыс сөйлеудiң маңызына жөндi мән берiлмей, бұқаралық ақпарат құралдарын басқаратын орындар тарапынан ешқандай iс-шараның жүргiзiлмей отыр. Мектепте, орта және жоғарғы оқу орындарында қазақ тiлi мәдениетiнiң орфоэпияға қатысты нормаларын үйретiп, жастардың санасына ұялатып отыру-әлеуметтiк мәнi зор iс. Тiлiмiздiң жоғын жоқтап, қадiр-қасиетiн сақтап, беделiн арттырып, мерейiн үстем етуде тыңбай еңбектенiп, еселеп күш-жiгер жұмсайтын қазiргi таңда тiл ғылымының белдi бiр саласы орфоэпияға жүктейтiн мiндет пен қояр талабымыз еселеп арта түскенi анық. Тiлiмiздiң тұнығын бұзбай келер ұрпаққа жеткiземiз десек, сөздiң тұлғалық тартылымдығын сақтап, құрылым-құрылысын жақсартамыз, әдеби тiл нормасын күшейтiп, жетiлдiремiз десек, сөйлеу тiлiнiң мәдениетiне жете көңiл бөлу керек. Сейдiн БИЗАҚОВ, филология ғылымының докторы, профессор