Жаңалықтар

БЕЙӘДЕПТIК ПЕН БАТЫЛДЫҚТЫ ШАТАСТЫРҒАН

ашық дереккөзі

БЕЙӘДЕПТIК ПЕН БАТЫЛДЫҚТЫ ШАТАСТЫРҒАН

"Әлемде зұлымдықтың билiкке қол жеткiзуiне жақсы адамдардың еш қимылсыз отыруының өзi жеткiлiктi"

Цицерон

"Болашақ" газетi жарыққа шығуда. Бiр қарағанда, ұлтының болашағын көксеп, келешектiң жарқын бейнесiн ортаға салатын баспасөз бетi. Сенiмiмiздi, әсiресе мына бiз секiлдi жас ұрпақтың сенiмiн одан әрмен арттыра түсетiн бұл газетке талапты жастардың сын пiкiр айтуы өрескел көрiнуi мүмкiн. Бiрақ, бiз айтып көрелiк…

Бұл газеттi былтырдан, яғни 2009 жылдан берi оқып келемiз. Уақыт өткен сайын "шикiлiктен арылатын шығар" деген дәмемiздiң сағыздай созылып келе жатқанын айтуымыз керек шығар. Мысалы, газеттiң соңғы санындағы тоғызыншы беттiң аты "Бейпiл бет!". Оқырманын әлдеқандай сұмдық ойға жетелеп, "Ұлық сөзде ұяттық жоқ" деп ұрандайды-ай кеп. "Бұрын-соңды қазақ баспасөзiнде болмаған бастама!" деп көсiледi кеп. Сондағы ұққанымыз, онысын тағы да жалғастырып отырмақ болғаны да. "Жамбыл мен келiншек" деп, атауынан әлдеқандай жырға үмiттендiрген "белгiсiз автор" түк таппағандай анайы тақырыптағы аңызға кезек бередi. Кiшкене ғана екi шумаққа жол берелiк: Келiншек: "…Басыңдағы бөркiңмен, "к"-iмдi сүртiп тастайын!" Жамбыл атамыз (аруағы кешiре көрсiн! – А.Қ): "…Тақияма қырық ине қадап қойғам, Кiрiп кетiп жүрмесiн к-iңiзге!" – дейдi екен ғой сол кезде! Бiз қайта әумесердiң қылығына жамау болмай, "керектi" жерлердi тастап кетiп жазып отырмыз. Ендi түсiнiктi болған шығар мән-жай. Әлгi келiншектi қоя берiңiз, "аты аталмаған соң…" деймiз де. Ал ұлт әдебиетiнiң тiрегiне айналған Жамбыл Жабаевтың аруағын қорлап, атағы алашқа жайылған ақынға берiлген бүгiнгi бағамыз осы болғаны да деймiз бе? Әлгi бiр ауылдың әумесер айтқыштарынан еститiн жүгенсiз әңгiменi, амалы не, жастардың патриоттық газетiнiң бетiнен таптық! Егер де осымен бар дақпырт бiттi десек, тағы да жүгенсiз анайылық алдымыздан андағайлап қоя бередi.

Әрмен қарай кеттiк. "Жоқтау үстiндегi қызғаныш!" Әлгi бiрiншi әңгiмедегi сұмырай келiншек болуға керек, күйеуi қайтыс болып жатса да, жоқтауының сыйқы мынадай көрiнедi: "Жабағы жүн жатағың-ай, …" Қап! Батылдығымыз жетпей тағы да айта алмадық сормаңдайлардың тiлiнде! Иә! Иә, дәл солай жазылған. "Жұмбақ шешейiк" дейдi аты жоқ автор. "Айдай жеңгем астында қашып жатыр, …" "Тәйт әрi!" дерсiз тағы да. Маған емес. Газетке! Сондағысы диiрмен, бидай, ұн екен ғой зұлым жұмбақтың жауабы! Есер газеттегi ай мен күнге ұқсаған диiрмен мен қызыл бидайды көрген кiм бар екен? "Мәтелдер-ге" көз салыңыз: "Ас iшерде керек, …", "Асыңды iшейiн, дақпыртыңа…", "Айтқаныңды … қыстырмады". Соңғысы тiптi де мәтелдiк анықтаманың шартына толық сай келмейдi! Тұрақты сөз тiркесi деу орынды. Қандай арсыз, лас сөз дерсiз! Алайда, редакция алқасы да, аты жоқ автор да оны мәңгi өлмес мұраға теңегендей "мирас болып келе жатқан мұндай дүниелер де ұмыт қалмауы қажет" дейдi алғысөзiнде. "Қажет" дейдi! Мiне сiзге, мәдениеттiң мәйегi, болашақтың жарқын көрiнiсi – "Болашақ" газетi! "Атың шықпаса, жер өртенiң" кебiн киген ұжым газеттiң екiншi төл аты – мәдениет екендiгiн тiптi де ұмытқаны белгiлi болды. Әлгi сайтан-албастыдай ат қойылған бетiн өздерi айтқандай "жылы жауып" қоя алмадық.

Иә, айтылмай кеткен бiр түйткiл, назымыз газеттiң "ереже бiлместерiне" арналады. Шамасы бұларға да ешкiнiң екi емес, төрт аяқты екенiн дәлелдеу ләзiм шығар. Құрметтiлерiм, әрбiр қаратпа сөзден кейiн үтiр белгiсi қойылады. Осыған орай, төртiншi беттiң мұңы аз бола қоймады. "Берн Шторк кет!" дейдi бiреу. Қазақтың кеше ғана футбол ойынынан түрiктерден ойсырай жеңiлгенiн өзгеден көрiп, сықпырта жөнелуiне нендей түрткi болды екен деген сұрақ туындайды. Ара-тұра "…Берн Шторкты алаңның ортасына қойып сабап салу басты арманға айналды" деуде де қандай мән бар?

Бiз бiлмеген екенбiз, сөйтсек жұлдыз жорамалдың он екi белгiлi хайуанының iшiнде үш бiрдей "егiздер" бар көрiнедi! Және де жұлдыз-жорамал емес, "жулдыз-жорамал" екен. "Қазаншының еркiнде, қайдан құлақ шығарса" деген осы да. Делiк, десек те өз газетiм екен деп, қателiктер мен анайылықты алақайлап көрсетудiң не маңызы барын түсiнбедiк… Намысыңды қоздыратын, iштегi отыңды судан алып, майға қоятын да осы тұс.

М. Мағауин: "Қазақта жау бар. Қуатты, қатерлi жау, күн озған сайын күш алып, тамырын тереңге жайып барады. Ақыры түпке жетсе, сол ғана жетедi" – дейдi. Деймiз. Бiздiң де алып қосарымыз сол – мәдениеттiң мәйегiне санасымен бара қоймаған жастардың терiс iсi жауымыз емей немене?! Қазақтың эротикалық фольклоры кiтабынан қандай да бiр сандырақтаған журналистiк зерттеу жасау, оны ат төбелiндей етiп қаймана жұртқа ашуда не мақсаттың бұқпантайланып жатқанын бiлмедiк. Менiңше, өз ойым, бүгiнгi күнде қазақтың жастарын ұйыстырып отырған бiр ғана ақиқат жол – дiн жолын насихаттайтын газетте бiр үлкен бет болса жараспас па едi?!

"Кидальщик – Нұржанов" дейдi бiр мақаласын Ботагөз атты қарындасым. Ең бiрiншi грамматикаға келейiкшi, "кидальшик" орыстың кидать, яғни лақтыру сөзiнен болғаны белгiлi. Әлдебiр жаргон тiлiндегi "кидала" сөзiн бiлсек те, оған ғайыптан келе қалған "щик" жалғауын көргенiм осы. Мақалаға ат қоюдың мәдениеттi дәстүрi де бар екенiн "Болашақ" газетi мүлдем ұмытқанына не шара? Әлде газет я кiтап беттерiндегi "Туалеттегi туынды", "Адамды қойшы, Құдаймен жүрмiн келiспей…", "Берн Шторк кет", "Кидальщик – Нұржанов" дегендей тақырыптар журналистерге әлдеқандай тылсым демеу бере ме?! Сiз қалай ойлайсыз, құрметтi оқырман?

Патриоттық газеттiң бiр бетi түгелiмен "Мұтырғанов өз сүйiктiсiн тауыпты", "Бүркiт бүрiп түстi", "Эверестiктердiң" ерегесi", "Атақты әртiс есiрткiмен ұсталды" деген тақырыптардағы өнер жұлдыздары туралы ақпарат не мақсатпен берiлгенiн де түсiне алмадық. Соңғы мақала тiптi де шетелдiк поп-жұлдызы туралы емес пе?

Ұлт болашағын ойлап, бiрер жыл бұрын ғана "Болашақ" деген атпен алға қадам басқан газетiмiздiң сыйқы осы болса, ұшы жоқ ұзын, түбi жоқ терең құрдымға құлап бара жатқан секiлдiмiз…

Ардақ ҚҰЛТАЙ

Қайсар ҚАУЫМБЕКҰЛЫ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң филология факультетiнiң 3-курс студентi.

– Қазақ баспасөзiнен бұрын-соңды мұндай бейәдеп дүниенi көрмедiм. Әрине, "Қазаққа эротика жат емес" (Ақселеу Сейдiмбектiң сөзi), дей тұрғанмен де, баспасөз бетiнде дәл мұндай сөз, сөйлемдерге дейiн қымсынбастан ашық айтып, бейнелеу жиiркенiштi-ақ. Кешегi Шал ақын шығармаларында, сонау Қобыланды, Алпамыс батыр жырларындағы, тiптi осы күнгi кей шығармалардан да кездестiрiп жататын мұндай сөз орамдары онша таңсық емес. Бiрақ, дәл бүгiнгi бiз айтып отырған "Болашақ" газетi секiлдi өрескелдiктi кездестiрмеп едiк. Баспа бетiнде жазылатын мұндай сөйлемдер мен сөздер көп нүкте арқылы қалдырылып отыратын. Ел болғасын "Отыз тiстен шыққан сөз – отыз рулы елге тарап жатады". Оған тыйым салып үлгере де алмайсың. Ауылда жүрсең орынсыз қолданған екi ауыз сөзiң үшiн ақсақалды ата мен ақ самайлы әжеңнен оңбай сын еститiнiң белгiлi ғой. Не бетiмiздi айттық?! Бiзде онсыз да жалаңаш сурет пен суреттеулерге толы бейәдеп газет-журналдар аз емес. Соларға тыйым сала алмай жүргенде жастардың болашағы, ертеңiнiң куәсi деп сенген газетiмiздiң жасап отырғаны мынау. Ел арасында ауыз екi тарап кеткен анау бiр шумақ өлеңдi әруақты Жамбыл ақын айтыпты дегенге қалай тiлi барғанына таңмын! "Болашақ" газетi ендi ғана жетiлiп келе жатыр. Әлi етек-жеңiн жинай алмай жүргенiне алғашқы басылымынан-ақ куә болып келемiз. Деңгейi толыса қоймаған журналистердiң сөз, сөйлемiндегi логикалық қателiктер мен емлесiнiң сауатсыздығынан аяқ алып жүре алмай қалатынбыз. Еңбегi қатпаған газетке үлкен де, кiшi де кешiрiммен қарап келгенi белгiлi. Сөйте тұра, ендiгi "Бейпiл бетiне" не жорық?! Баспасөз — рухани қазына. Ал осы "Бейпiл беттiң" халыққа, жастарға берер қандай қазынасы бар деп ойлады екен?!

Жолдасбек МӘМБЕТОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң аға оқытушысы:

– "Болашақ" – жастар газетi. Онда бүгiнгi өскелең ұрпақтың арман-мүдделерi, бiлiмi мен бiлiгi, дүниетанымы көрiнiс берсе керек едi. Мынау, аласапыран заманға өз көзқарастарын, ойларын айтуға болар едi. Бiрақ газеттiң алғашқы бетiн ашқаннан-ақ жастарға тән жалыннан гөрi торығудың басым екенiн аңдағандаймыз. Бұл газеттi үзбей оқып жүр едiм деп айта алмаймын, бiрақ бүгiнгi қолыма түскен нөмiрiнен тiксiнiп қалғаным рас. Мысалы, оныншы беттегi "Ойдан-қырдан" деген айдармен берiлген материалдардың қандай тәрбиелiк мәнi бар? "Ойдан-қырдан" деген сөздiң мағынасының өзi әр жерден алынған өсек дегендi меңземей ме?! Ал "Бейпiл бет" деген бетiңiздi күллi қазақ қоғамын масқаралау деп түсiнемiн. Мұндай дүниелердi бiздiң жастарымыздың жариялап жатуы менi қатты қынжылтады. "Өмiрлiк сабақ алатын" басқа дүние құрып қалған ба?!

Ақберен Елгезек, ақын:

– Студенттер арасында тегiн таратылып жүрген "Болашақ" деген газеттi әрине, бiлемiн. Биылғы жылы оған топтама өлеңдерiм де шыққан. Жақсы көрiп, сыйласып жүрген iнiлерiм де сол газетте еңбек етедi. Материалдарының сапасы өте төмен деңгейде болғанымен, әйтеуiр жастардың саяси санасын ұйықтатпайтын, жас буынды елде болып жатқан түрлi процесстерден хабардар етiп отыратын бiр бұқаралық ақпарат құралының бар болғанына тәуба деп жүретiнбiз. Сол келешегiне сенiммен қарап жүрген "Болашағымыздың" 10 қыркүйекте шыққан нөмерiн көрiп, төбе шашым тiк тұрды. Әсiресе, "Бейпiл бет" деген жаңа айдары тiптi адамды құлазытып жiбередi екен. Жастарды тәрбиелеу мен оған ақпарат жеткiзу үшiн құрылған газеттiң басшылығы мұндай сорақылыққа қалай барғанын түсiнбей қалдым. Оқырманды көптеп тартамыз деген желеумен жасалған аталмыш баспасөздiң бұл қитұрқы әдiсi тiптi де сын көтермейдi. Ұят-ақ! Сыныққа сылтау iздеп жүрген өзге ұлттың жазғыштары оқып, бiздi сынға алса, жерге тiрiдей кiргенiмiз. "Ленинградтық өрендерiм" арқылы күллi Кеңес Одағы ауқымында бiр заманның сүйiктiсiне айналған Жамбыл атамыздың абыройы не болмақ сонда? Шал ақын секiлдi адуынды шайырымыздың ше? Әрi-берiден соң, екi атамыз осылай айтыпты дегенге өз басым сене бермеймiн.

Мәдениетi ең төмен, "сары пресса" деп аталып жүрген газеттер де мұндай көргенсiздiк танытпайды. Сөзiм жоқ. Ендi бұл газеттiң дұрыс шығуын жастар қадағалап отыруы керек. Егер оқырмандарынан кешiрiм сұрамай, олардың құқығын аяқ асты етiп, ары қарай бiлгенiн iстей берсе, студенттер бiрлесiп бұл газеттi сотқа беруi тиiс.