ҒАСЫРДЫҢ ҚАСIРЕТТI IНДЕТI
ҒАСЫРДЫҢ ҚАСIРЕТТI IНДЕТI
"Метадондық бағдарламаның" мүмкiндiктерi қандай?
Бұл iндет сандаған ғасырлардан берi келе жатыр. Бiздiң заманымызға дейiнгi 2700 жылдарының өзiнде Қытайда көкнәр пайдаланылған. Көне заман тарихшысы Геродот жазбаларында, бүгiнде есiрткiге саналатын көкнәрдi Египетте емдiк мақсатта қолданғаны туралы айтылады. Ал оның адам ағзасына зиянын алғаш рет Шығыс ғұламасы Ибн Сина дәлелдеген екен. Өткен ғасырдың басында Батыс Еуропа елдерiнде есiрткi тұтынушылар санының күрт өскенi белгiлi. Ал Америкада есiрткi айналымы барынша дамыды. Нашақорлық әлемдiк сипат ала бастаған шақта ғана халықаралық медицина өкiлдерi дабыл қағып, баршаны онымен күреске шақырды. Осының нәтижесiнде 1946 жылы ғана Бiрiккен Ұлттар Ұйымында есiрткiнi пайдалануға тыйым салу туралы арнайы құжат қабылданды. Содан берi әлемнiң барлық елдерiнде бұл iндетпен күрес тоқтаусыз жүрiп жатыр. Бiрақ, нәтижесi айтарлықтай емес. Есiрткi тұтынушылар саны жылдан-жылға көбеймесе, азаймай отыр.
Ресми деректер мәлiметiне сүйенсек, қазiр бiздiң республикада есiрткi тұтынушылар саны 55 мыңға жетiптi. Алайда арнайы емдеу орындарына тiркелмей жүргендер қаншама. Әсiресе, соңғы он жылда есiрткi тұтынушылар саны әлденеше есеге артқан. Солардың басым бөлiгiн он сегiз бен отыздың арасындағы жастар құрайды. Таяуда Алматыда есiрткi саудасымен айналысқан, бұрын сотталған адам тұтқындалды. Әлгiнiң үйiне жиналған бес адам өздерiнiң тамырларына инемен есiрткi жiберiп жатқанда қолдарына кiсен салынған. Ал есiрткi құмарлардың жын ойнағына айналған мұндай үйлер қаншама? Тiптен жетi жасар балаға дейiн кездеседi екен. Елiмiздiң болашағы жастар деймiз. Соларға үмiт артамыз. Дегенмен жоғарыда келтiрiлген көңiлсiз көрсеткiш кiм-кiмдi де алаңдатып, бей-жай қалдырмасы анық. Көңiлге қаяу салады. Өкiнiштiсi сол, өткен жылдың өзiнде осы нашақорлықтан 473 адам бақилық болса, биылғы жылы 400-дей жас қыршынынан қиылған.
Есiрткi контрабандалық тауар түрiне жатады. Бiздiң республикаға негiзiнен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан территориялары арқылы тасымалданып, көп бөлiгi Ресей асуда. Бiзде есiрткiге шырмалғандар саны Алматы, Астана, Қарағанды және Павлодар облыстарында көптеп кездеседi. Қаншама отбасы есiрткiге тәуелдi бiр мүшесiнiң өзiнен-ақ қасiрет шегуде.
Нашақорлыққа қарсы күрес амалдары Қазақстанда соңғы жылдары шындап қолға алына бастады. Қазiр Батыста бiраз жылдардан берi жүрiп жатқан "драг-тест" бiздiң елде де сынақтан өтуде. Бұл тәсiл бойынша Iшкi iстер министрлiгi Денсаулық сақтау министрлiгiмен бiрлесе отырып, мектеп оқушылары мен студенттердiң күзгi жаңа оқу жылы алдында қан құрамындағы есiрткiнi анықтау мақсатында медициналық коммиссияның тестiсiнен өткiзуде. Өткен айда астаналық мыңнан аса студенттер өз ерiктерiмен осындай тест-анықтаудан өттi. Нәтижесiнде қырықтан астамының қан құрамынан есiрткi элементтерi табылған. Солардың араларында марихуанадан бөлек героиннiң де дәмiн татқандар аз емес. Жуырда орталық телеарнадан Қарағандыдағы Iшкi iстер министрлiгiнiң есiрткi тасымалымен күрес жөнiндегi және есiрткi айналымын бақылау комитетiнiң қызметкерлерi қала маңындағы елдi мекеннен есiрткi саудасымен айналысатын сығандарды қолға қалай түсiргенiн көрсеттi. Сығандар өздерi тұратын үйдiң қоршау дуалын кiсi бойынан биiк етiп көтерiп, қыр үстiне шыны сынықтарын тастаған. Аттылы кiсi болмаса, жаяудың аула iшiн көруi еш мүмкiн емес. Үйден бiр жарым келi героин мен қару-жарақ тәркiлендi. Мамандардың айтуынша, осы ақ ұнтақтың өзiмен-ақ үш мыңнан астам жастың өмiрiн тәлкекке салуға болады екен. Сығандар осы уақытқа дейiн қаншама есiрткi сатты десеңiзшi. Бұл күндерi олар заң орындарында қылмыстық iстерi үшiн жауап беруде.
Өкiнiшке қарай, заң қорғау қызметкерлерiнiң бәрi бiрдей өз мiндеттерiн адал орындай бермейдi. ҚР Iшкi iстер министрлiгiнiң Есiрткi бизнесiне қарсы күрес және есiрткi айналымын бақылау комитетiнiң төрағасы Асқар Исағалиев: "Өткен жылы есiрткi бизнесiмен айналысатындардан тоқсан үш килограмм героин тәркiлесек, биылғы жарты жылда героиннiң үш жүз килограмын қолға түсiрiп, жолын кестiк", – дейдi. Ол сөз арасында тәркiленген есiрткiнi сатпақ болған қоғамдық тәртiптi сақтаушылардың да қолға түскенiн айта кеттi. Қызметiн пайдаланып, сондай қылмысқа барғандарға заңның жаңа ережесi бойынша 15-20 жыл бас бостандықтарынан айырып қана қоймай, бүкiл жиған-терген мүлiктерiн тәркiлеу де жатқызылған. Осындай келеңсiз жайлардың ара-тұра болса да көрiнiс беруi себептерiнен құқық қорғау органдары тәркiленген есiрткiлердi сол бойда жоюды қолға алуда. Ал Астана қалалық Есiрткi бизнесiне қарсы күрес басқармасының бастығы Аясын Бәйдiлдаев: "Республиканын оңтүстiгiнде негiзiнен сора кеңiнен тараған болса, орталық пен солтүстiкте героинге сұраныс жоғары. Өкiнiштiсi сол, бүгiнде нашақорлық бизнестi кәсiп еткен елдер бiзге есiрткiнi тасымалдаушы емес, тұтынушы мемлекет деп қарайды. Оның себебi сан түрлi. Елдегi тұрмыстық жағдайдың жақсара түсуi осы себептердiң бiрi десек асылық айтқандық болмас", – дейдi.
Республика Үкiметi нашақорлықпен күрестi жан-жақты ойластыруда. Денсаулық сақтау министрлiгi арқылы бiрнеше тәсiлдердi сынақтан өткiзiп көрдi де. Солардың бiрi "Метадондық бағдарлама" жобасы. Осы бағдарлама бойынша өткен жылы Темiртау, Павлодар қалаларында сынақ жұмыстары жүргiзiлген. Сынаққа есiрткi тұтынушы елу адам қамтылыпты. Егер бұл бағдарлама ойдағыдай нәтиже берсе, онда мұны Үкiмет бюджеттен қаржыландыратын болады.
"СПИД"-тiң алдын алу және онымен күрестiң республикалық орталығының бас директоры Владимир Слесарев: "Денсаулық сақтау министрлiгiнiң "Метадондық бағдарламаны" қолдап отырғандары дұрыс дер едiм. Мысал ретiнде айта кетейiн, бағдарлама сыналған мерзiмде бiрде-бiр "ВИЧ/СПИД" iндетiн таратушы тiркелмедi. Сонымен қатар сыналған топтағы нашақорлар қолымен жасалған қылмыстардың алды алынды. Өздерiңiз бiлесiздер, есiрткiлiк зат сатып алу үшiн нашақор адам өлтiруге дейiн барады. Қазiргi кезде нашақорлар жасаған қылмыстар көп тiркелуде. Егер "Метадондық бағдарлама" мамандар ойлағандай жүзеге асса, "ВИЧ/СПИД" ауруларын таратушылардың қатары күрт сирей түспек", – дейдi.
Бағдарлама бойынша есiрткiлiк затты алмастырушы метадон есепте тұрған нашақорға тиiстi орындар арқылы сұйықтық түрiнде тегiн берiлiп отырады екен. Сондай-ақ, оның таратылуы қатаң қадағаланатын көрiнедi. Әуелi барлық аймақтардағы нашақорлар саны анықталып, метадонмен қамтамасыз ететiн арнайы орындар ашылмақ. Бүгiнде бағдарлама қаржы тапшылығына байланысты екi мың адамды қамтумен ғана шектелмекшi. Ал жалпы он мың адамды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осынша адамды метадондық еммен қамтамасыз ету үшiн кем дегенде 1,5 миллиард теңге қаржы керек екен.
Бұл бағдарлама нашақорлықпен күрестiң тиiмдi тәсiлi бола ала ма? Осы сауал орайындағы сайттардағы пiкiрлер әрқалай.
"Метадондық бағдарлама" ақпараттар аясына шығысымен-ақ, оны қолдануға қарсылар да үнсiз қалған жоқ. Олар жәй қарапайым дәрiгерлер емес, жұртқа кеңiнен танылған ғалымдар.
Фармацевтика ғылымының докторы, профессор Кеңес Үшбаев: "Мен өз басым "Метадондық бағдарламаға" қарсымын. Фармацевт ғалым ретiнде айтарым, метадонның керi әсерi көп. Әсiресе адамның бауырына аса зиян. Оның үстiне нашақордың денсаулығы қайбiр оңған дейсiң. Олардан бiрнеше аурудың түрiн табуға болады. Ал денсаулығы нашар адамға метадон тiптен қауiптi. Естуiмше, көптеген елдерде ғалымдар метадонның адамға зиян екенiн анықтап, одан бас тартуға үндеуде. Ал бiздiң елде керiсiнше, жаңалық ашқандай болып жатырмыз. Негiзi, метадонды емдiк қасиетi бар деп жатады. Мамандар елдегi нашақордың шамамен елу пайызын осы метадондық бағдарлама арқылы емдеуге болады деп үмiттенiп отыр. Алайда метадонның да есiрткiлiк заттар тобына жататындығын естен шығармайық. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшiн Үкiметке қомақты қаржы жұмсауға тура келедi. Одан да сол ақшаны нашақорларды метадонсыз емдеуге жұмсаса еттi. Яғни дәстүрлi медициналық жолды қолдана берсек, сол әдеқайда тиiмдi", – деп жазады.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, нарколог Нәйла Тоқтарқызы:
"Тарихқа көз жүгiртсеңiздер, метадон кезiнде жауынгерлер арасындағы нашақорларға таратылған. Әсiресе фашистiк Германияда кең қолданылды. Өз тәжiрибесiнде сынап көрген еуропалық елдер қазiр "Метадондық бағдарламадан" үзiлдi-кесiлдi бас тартып отыр. Өйткенi, олар метадонның қаншалықты қасiрет әкелетiнiне көздерi жеттi. Бұрынғы КСРО елдерiне, құдды бiр күресiн сияқты жарамай қалған қалдықтарын итере салады. Метадон зауыты әлi де жұмыс iстеп тұр. Көпшiлiк елдер метадонға тыйым салып жатқанда әлбетте зауыт банкрот болады. Амалын тапты да, ендiгi кезекте Қазақстанды пайдаланбақ. Мұның артында нашақорлықпен күрес емес, белгiлi бiр топтардың, яғни есiрткi бизнесiн кәсiп қылғандардың мүддесi тұр дер едiм. Көпшiлiк Денсаулық сақтау министрлiгiн кiнәлайды, бұл бассыздықта оның еш қолтаңбасы жоқ. Мүдделi топ жоғарыда, – дей келiп ғалым сөзiн былай түйiндейдi. – Метадон – өте қауiптi. Бұл да кәдiмгi есiрткiлiк препарат. Метадонды қолданған сайын адамның оған тәуелдiлiгi арта түседi. Сондай-ақ, адам ағзасы оның мөлшерiн ұлғайта түсудi қажет етiп отырады. Ал жобаны ұсынушылар ертеңгi күнi олардың барлығының "құмарын қандырып" отыруды өз жауапкершiлiгiне алар ма екен?".
Иә, тарих тәжiрибесiне сүйенсек бiраз жайға қанығамыз. Медицина саласының ғалымдары өткен ғасырдың орта шенiнде метадон есiрткiлiк зат қатарына жатпайды деп, кең қолданылғанын, алайда метадонға тәуелдi адамдардың ағзаларын тексере келе және ДДҰ жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргiзу нәтижесiнде оны пайдалануға тыйым салады. 1961 жылы БҰҰ метадонды нөмiрi бiрiншi есiрткiлiк заттар тiзiмiне қосқан. Ал ендi әлемдiк ақпараттар бұл жөнiнде не дейдi? "Метадондық бағдарлама" қолданылған Швецияда тоғыз жыл iшiнде аталған бағдарламаның отыз үш пайыз қатысушысы бақилық болған. Сондай-ақ, олардың 69 пайызы қылмыс жасауын тоқтатпапты. Америкада 1999-2004 жылдар аралығында метадон пайдаланғандар арасындағы өлiм-жiтiм 39 пайызға артқан. Литвада "Метадондық бағдарлама" қабылданған кезеңде нашақорлар саны сегiз пайызға көбейген. Ал Белоруссияда метадонға тәуелдiлер саны героин пайдаланатындар санынан асып түскен.
Қазақ даналығында "Кеңесiп пiшкен тон келте болмас" деген ұлағатты сөз бар. Бiлiктi ғалымдардың пiкiр қайшылықтарына қарағанда, "Метадондық бағдарламаның" адам ағзасына пайдалы әрi зиянды жақтарын әлi де анықтай түсу керек секiлдi. Ғасыр iндетi атанған нашақорлық дертiмен күрес тек медицина саласы мамандарының мiндетiне жатпаса керек. Қоғамның барлық салаларында жасөспiрiмдердi жаман әдеттен жирендiрiп, жақсы iстерге баулитын тәрбиенi барынша күшейтуге жаппай жұмыла кiрiссек, бәлкiм iндеттiң алдын алармыз.
Көлбай Адырбекұлы