Жаңалықтар

КIРЕСIҢ ЖИI ТҮСIМЕ...

ашық дереккөзі

КIРЕСIҢ ЖИI ТҮСIМЕ...

(Серiктiң рухымен сырласу)

Сырбаз досым, Серiгiм! Сенiң ажал атты сұрмергеннiң нысанасына iлiнiп, жарық дүниемен қапияда қоштасқаныңа да мiнекей жыл толыпты. Ғұмыр-жасың екiндiге еңкейгенде жаныңда жүрген жан досыңнан айрылу жүрегiңе жазылмас жара салады екен. Жарықтық бұрынғылардан сөз артылмаған-ау. "Дүние шiркiн, өтедi бiр күн", "Әттең шiркiн, дүние шолақ" деген сияқты қарапайым болса да, айтары астарлы, мағынасы терең сырлы сөздер ғой. Қайдан оқып, кiмнен естiгенiм жадымда жоқ, алайда дөңгеленген жарық дүниенiң көздi ашып-жұмғанша өте шығатынын, сүрген өмiр, көрген қызығыңның өткiншi де өкiнiштi екендiгiн еске салатын мына бiр екi жол өлең ойыма оралып отыр:

Сағым күндер көшедi екен,

Көрген қызық өшедi екен…

Рас-ақ қой! Сенiң де сондай көзден кетсең де көңiлден көшпейтiн аяулы досымыз екенiң, Аллаға аян. Әзiрге жер бетiн басып жүрген достарың Асанәлi, Кәдiрбек, Бексұлтан, Қойшығара, Төлен, Дулат бас қосқан жерде Оралхан, Кәрiбай, Ақселеу төртеуiңдi есiмiзге түсiрмеген сәтiмiз жоқ. Өлдi деуге қия алмай жүргендiктен бе, тiптi жиi-жиi түсiмiзге кiресiңдер.

Таяуда тағы бiр түс көрдiм. Екеумiз бiр жерде кездесiп отыр екенбiз деймiн. Сен маған:

– Қуаға, екеумiз бiздiң елге барып қайтсақ, қарсы болмасаң. Бұрындары да барып-келiп жүрмiз ғой, алайда биыл бiртүрлi ауылды сағынып жүрмiн. Бұл жолы саған кiндiк қаным тамған жердi көрсетемiн. Әкемнiң басына соғып, зиярат етiп, ағайын-туғандарға сәлем беремiз. Сөйтiп, үш-төрт күн ел аралап, атамекенге аунап-қунап, бiр жасап келсек ғажап болар едi.

Мен келiсе кеттiм. Ендiгi қызықты қара. Келесi күнi түс ауа Жақаң телефон соғып, жолыққысы келетiнiн айтты. Ағатайың әңгiменiң тiкесiне көштi.

– Серiктiң басын қарайтуды бастадық, iргетасы қаланып, қоршалып болды, таяуда көктасы да даяр болып қалар. Соны көрiп қайтайық. Тағы бiр тiлек: мен бүрсiгүнi ел жаққа жүргелi жатырмын, егер қолың тиiп, ықыласың болса, бiрге жүр. Сапарға жеңiл машинамен шығамыз. Бiзге Қалдыбек бауырымыз ередi. Өз көлiгiңмен жүру – жол қысқартады…

Сөйтiп түсiм ақиқатқа айналды. Таразды бетке алып тартып кеттiк. Алматыдан бiршама ұзап шыққанша онша тiлдескен жоқпыз. Мен сенi ойлап келемiн. Бұл жолы сенсiз – жалғыз келе жатқаным көңiлiме қаяу түсiрiп, қамығып отырмын. Оны Жарылқасын мен Қалдыбек те сезiп келе жатқан сыңайлы. Әсiресе, әшейiнде Жақаң әңгiмешiл болатын. Ол жағы өзiңе де аян. Қалдыбек iнiмiз де қаражаяу емес, әр тараптан әңгiме басталса, оның да араласа кететiн әдетi барын да бiлесiң ғой…

…Иә, онда да осындай мамыражай мамыр айы болатын. Жолдың екi жиегiнен басталып, көз жетер көкжиекке дейiн қырүстi құлпырған алқызыл қызғалдаққа малынып тұрғаны есте. Сен Кәрiағаң (Кәрiбай Ахметбеков) екеумiздi қасыңа ертiп, елiңдi аралатып қайтуға бастап келе жатқансың. Мiнгенiмiз өзiңнiң су жаңа "Волгаң". Онда да жүргiзушi серiгiмiз Қалдыбек iнiмiз едi. Содан не керек, жолай жиi-жиi ат шалдырып, Шәрбан ханым даярлап берген дастарқаннан дәм татып, астан да, әңгiмеден де аузымыз босамаған. Қызыл iңiрде Таразға жеттiк. Шырынбек бауырыңның үйiне ат басын тiредiк. Қой сойып, қуырдақ қуырып, монша жақтырып күтiп отыр екен. Танысып-бiлiсiп, кең дастарқан басында, қазақы дарқан пейiлге де, асқа да қарық болып, түннiң бiр уағына дейiн мәжiлiс құрдық. Үйге үй иелерiнен басқа бiр топ ағайын-туыс, жора-жолдастар жиналыпты. Ұйқыны қандырып, ертеңгi шайды iшкен соң, Таласқа бет түзедiк. Айтқандайын, сол жолы сол кездегi аудан орталығы Ақкөлде Димекеңе ескерткiш ашылған. Жолай сол салтанатқа қатысып, ел-жұртпен жүздесiп, мәдени шараларға қатысып, мәз-мәйрам болғанбыз. Содан кештетiп сенiң туған ауылың Үшаралға тартып кеттiк.

Бiрден қонақ күтiп отырған қайын-жұртыңның үйiне түстiк. Шәрбанның iнi-сiңлiлерi, анасы бас болып, жiк-жаппар болып, аяқтарынан тiк тұрып күттi. Ол шаңырақта да ағайын-жекжат бас қосқан. Сенiң балаша қуанып, үй-iшiмен қоса жүгiрiп, бiзге қызмет көрсеткенiңдi қалай ұмытайық. Келесi күнi ауыл iшiн аралаттың. Оқыған мектебiңдi, бүгiнде бұзылып, iргетасы ғана қалған өз шаңырағыңды көрдiк. Сосын Талас өзенiне барып, шомылып, аптап күнде бiр жан рахатына бөленгенбiз. Келесi күнi Үшарал басындағы Саңырық батыр мен Сапақ датқаның мазарларына соғып, құран бағыштап, осындағы ХVIII ғасырда салынған, республикалық мәдени ескерткiштер есебiнде тұрған зәулiм, көрiктi, архитектурасы керемет мешiттi тамашаладық. Тiптi, ауыл сыртына шығып, Лақ аталатын, өзiндiк аңыз-тарихы бар жотаға да барып қайттық. Сонымен не керек, Кәрiағаң екеумiз елiңдi-жерiңдi аралап, ағайын-туыстарыңмен дидарласып, қазақша айтқанда бiр жасап, аса риза болып оралғанымыз да күнi кешегiдей есте. Ал бұл 2002 жылдың мамыр айының 17-22 жұлдызы аралығы едi.

Содан кейiн де сенiң елiңде екiншi қайтара сайрандап қайтудың сәтi түстi ғой. Бұл жолы достарыңның төрт көзi түгел-тiн.

Бұл сапарға шығуымыздың себебi, бiрiншiден, Асанәлi Әшiмов ағамыз Сарысу ауданындағы Жайылма ауылында атасы Ысқақ пiрәдарға арнап мешiт салдырып, соның ашылу құрметiне бiз сияқты iнi-достары: Ақселеу, Қойшығара, Бексұлтан, Кәдiрбек, сенi мен менi ерте барған. Сөйтiп ағаның ауылындағы Алланың үйiнiң бой көтеруiне орай құран оқылып, ас берiлiп, Астана, Алматы, Шымкент, Атырау өңiрiнен келген кiсiлер бiр жасап қайтқан едiк.

Бұл салтанаттан кейiн бiздiң сапарымыз қайта жалғасты. Тiкелей өзiңнiң ұйымдастыруыңмен, "Президент жолдауы – жазушылар қолдауы" деген мәдени шара өткiзу жоспарланып, сол шаруаны сылтауратып, сен Асекең бастаған достарыңа елiңдi көрсетiп қайтуды ойлағансың. Ол жоспарың да ойдағыдай орындалған. Онда да Ақкөл, Үшаралды аралап, жұртшылықпен жүздесiп, елiмiздегi әлеуметтiк-қоғамдық өмiрдiң жай-жағдайы жөнiнде сұхбат құрғанбыз. Сөйтiп, "бiр оқпен үш қоян атып", Алматыға абырой арқалап оралған сонау 2006 жылдың 8-12 мамыр күндерi көңiл күнделiгiне қызыл әрiппен жазылған.

Мiне, ендi тағы да сенiң туған жерiңе кетiп барамын. Шiркiн, "қасымда Серiгiм болса ғой" деп қиялдап келемiн. Iшiм удай ашып, жапан далада жалғыз жүргендей сезiм кешудемiн. Әйтсе де, бiр мезгiл сенiң балалық шағың өткен, табаныңды ыстық топырағы жылытқан, алтын ұя – туған жерiңдi тағы бiр аралап, өткен күндердi еске түсiрiп, қамкөңiл, жетiмсiреген жанымды аз да болса жеңiлдетiп қайтқанымды да олжа санадым.

Таразға кеште жеткенбiз. Осы қалада тұратын сенiң сыныптас досың Пернебек Қойшығараұлының үйiне түстiк. Сол баяғы қазақы көңiл, қазақы күтiс. Пернебек бiздiң келетiнiмiздi естiген соң, сенiң баяғыда – бiрiншi барғанда қонақ еткен бауырларың Шырынбек Керiмбекұлын, Әлден Өтеулi баласын шақырып алыпты. Жақында Қостанайдан Шымкентке қызметке ауысқан, облыстық сот төрағасының орынбасары, Жарылқасын ағаңның екiншi ұлы Ғалымжан келдi, қасымыздағы Қалдыбек бәрiмiз бас қосып, дастарқан үстiнде әрқайсымыздың ойымызда жүрген сен туралы есте қалған әңгiмелер шертiлдi. Бәрiмiз де сенiң жан дүниесi жұмсақ, жан сарайы таза, кiсiге тек жақсылық жасауға тырысатын, кекшiл емес көпшiл, әу бастан әлеуметшiл, кiсiлiгi кiшiлiгiнен танылатын, барынша бауырмал, мейiрiм-қайырымы мейлiнше мол, жаны жомарт, перiште пейiл ардагер азамат екендiгiңдi айтып, сыр бөлiстiк. Адамгершiлiк асыл қасиеттерiңе қоса қарымды қаламгер, көсемсөздердi көсiлте жазатын, түрлi басқосуларда шешендiкпен шешiле, сөздiң майын тамыза сөйлейтiнiңдi де сүйсiне еске алыстық.

Сәл асығыстау, суыт жүрсек те, бұл жолы да бiршама жер шолып, ел аралап үлгердiк. Саудакентке бара жатып, жолай Ақтөбе ауылында Мырзатай аға Жолдасбеков соқтырған мешiтке соғып, дұға оқып, Жақаң әдейi ала шыққан қалың кiлемiн Алла үйiне сыйға тапсырды. Ал Саудакентте Тойшыбек жиенiңнiң үйiне соғып, 97 жасқа келсе де, кәриялық қалпынан айнымай, сенi есiне алып, жылап та алған Дәмегүл апайға сәлемдесiп, қолынан дәм татып, батасын алдық. Олармен қимай қоштасып әкең Әбдiрайым ақсақал туып-өскен Досбол ауылына аялдап, сондағы мешiтке кiрiп, құран оқыдық. Жақаң ондағы мешiтке де кiлем берiп кеттi. Бұл ауылдағы мешiттi салдырған белгiлi заң қызметкерi болған, осы елдiң азаматы, тумасы Шәрiбек Шәйдiкәрiмов екен. Ел болып, етек жинаған соң, мұсылмандық парызын өтеудi санасына сiңiрген Шәрiбектей азаматтар қатары көбейе түскенi риза етедi..

Өзiңмен екi рет барғанда да жолымыз түспеген Қарамола бейiтiне соғып, әкеңнiң басына дұға жасап, бет сипап, бiр парызымызды өтеген болдық. Одан шығып кезiнде "Талас" кеңшарының жазғы жайлау – егiстiгi болған, өзi қирап, орны қалған Мешiт деген көңге соқтық. Сен нақ сол жерде туған екенсiң, яғни нағыз кiндiгiң кесiлген жер сол екен. Сол топырақты басып тұрып, көңiл қобалжып, көзге жас үйiрiлдi. Өзiңмен бiрге келген болсақ, туған топырағыңа бiр аунатып алатын едiк-ау, шiркiн…

Ымырт үйiрiле Үшаралға жетiп, сенiң ата-енеңнiң үйiне келiп қондық. Енең Әсет пен кiшi балдызың Қуаныш жiк-жаппар болып күттi. Жақында жол апатынан қайтыс болған Жақып ақсақалдың немересi (бауырына салған баласы) Ғалымжанға арнап құран оқылды, келесi күнi Алматыға қайтарда зират басына соғып, құран бағыштадық. Жақаң Үшаралдағы үлкен мешiтке де кiлем сыйлады.

Мiнеки, досым сенсiз, сенi жоқтап қайтқан сапарымыз осылай өттi. Алматыға аттанап бара жатып, артымда қалып бара жатқан сенiң Үшаралыңа қимай-қимай, қиыла көз тастадым. Сен болсаң қайтпас сапарға – мәңгiлiк мекенiңе аттандың. Ендеше ендi қайтып сен туған топыраққа аяғымыз тие қоюы екiталай ғой. Қайтейiн, тағдырдың жазуы осылай болған соң, амал қанша?! Алматыға келiп, сенiң жылың берiлетiн мезгiл таяп қалғандығы ойға оралып, өзiң болмасаң да өлмес рухыңмен бiр сырласып қалуды жөн көрдiм. Зады, зерделi жiгiт едiң ғой, кәрi досыңның қылығына аруағың риза болса екен деп ойлаймын, Секөнтай досым!

Қуанышбай Құрманғали