Жаңалықтар

КӘРI ҚҰРЛЫҚ АСТАНАҒА YМIТТЕНЕ ҚАРАЙДЫ

ашық дереккөзі

КӘРI ҚҰРЛЫҚ АСТАНАҒА YМIТТЕНЕ ҚАРАЙДЫ

2010 мен 2011 жылдар – тәуелсiз Қазақстан тарихы оқулықтарында елдiң сыртқы саясатындағы iрi жетiстiктерiн баяндайтын кезеңдер болып жазылуы анық. Өйткенi, биылғы жыл – Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету және Астанада осы ұйымның Саммитiн шақырумен, ал 2011 жыл – Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 20-жылдығы мен мемлекетiмiздiң Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуiмен ерекше болмақ.

Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалықты Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев "жалпыұлттық стратегиялық жоба" деп атады.

"Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудi мен стратегиялық ұлттық жобалардың бiрiне жатқызамын. Бұл – бiздiң елдiң тәуелсiздiк жылдарында жеткен үлкен жетiстiктерiнiң бiрi және оның беделiнiң өсе түскендiгiнiң белгiсi деп бiлемiн" дедi Президент.

Төрағалыққа өту үшiн ұйымға мүше 55 мемлекеттiң бәрiнiң бiрдей келiсiмiн алудың өзi оңай жұмыс емес едi. Бұл ұйымға төрағалық ету үшiн үш талапқа сай болу керек: елде экономиканың өсiмi байқалып, қоғамда тұрақтылық орнауы және саяси демократияландыруға бағыт алу қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев төртiншi шақырылымдағы Парламенттiң 4-шi сессиясының ашылу отырысында сөйлеген сөзiнде ЕҚЫҰ-на төрағалыққа өтудiң елдiң iшкi саяси өмiрдегi маңызын атап өттi.

"Бiз биыл ТМД және Азия елдерi арасында тұңғыш рет Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына жетекшiлiк етудемiз.

Өздерiңiз бiлесiздер, таяуда елiмiзде осы беделдi ұйымға мүше мемлекет басшыларының Саммитi өтедi.

Бұл – бiздiң елiмiз үшiн зор мәртебе, сонымен қатар үлкен жауапкершiлiк жүктейтiн айрықша ауқымды шара болмақ" дедi Елбасы.

Қазақстан басшылығының ЕҚЫҰ-на төрағалықты абыройлы миссия көретiндей жөнi бар. Өйткенi, Қазақстан бұл ұйымға төрағалық етуге 2003 жылы өтiнiш бiлдiрдi, бұл талпыныс жетi жылдан соң ғана жүзеге асты. Әу бастан жылы қабақ танытқандай болған Батыс бiресе "сөз бостандығы шектелуде" деп, бiресе "адам құқығы тапталуда" деп, Қазақстанның төрағалығын кейiнгi мерзiмге қалдыруды жөн көрiп келдi. Америка болса, Қазақстанның төраға болуына ашық қарсылық бiлдiрмесе де, бұл өкiлеттiлiктi 2011 жылға шегерудi қолдағанын бiлемiз.

Ақыры, Еуропадағы беделдi ұйым төрағалығының тiзгiнi азиялық "жас барыс" – Қазақстанға сенiп тапсырылды.

Бұл орайда, Қазақстанның халықаралық саясаттағы бастамашыл имиджi, халықаралық ұйымдардың жұмысын ұйымдастырудағы тәжiрибесi де ескерiлгенi анық.

Беделдi халықаралық ұйымға төрағалық Ақорданың саяси бастамашылдық қабiлетiн жарқырата көрсетуiне мүмкiндiк бергендей. Осы төрағалықтың алғашқы сегiз айының iшiнде Қазақстан халықаралық қауымдастыққа түрлi мәселелерге қатысты сан қилы ұсыныстар тастап үлгердi. Солардың бiрi – Трансеуразиялық қауiпсiздiк жүйесiн құруға байланысты. "ЕҚЫҰ: жаңа онжылдықта төзiмдiлiкке қарай" деген шартты атауы бар құжат алдағы саммит қарауына ұсынылады.

Қазақстан бұған дейiн Аймақтық ұжымдық қауiпсiздiк мәселелерi туралы келiсiм-шарттың және Шанхай ынтымақтастық ұйымдарының белдi мүшесi ретiнде көптеген бастамашыл идеяларды айтып та, жүзеге асырып та жүр.

Бастамашыл идеялардың бiрi – Қазақстан Президентiнiң мұрындық болуымен Азиядағы өзара қауiпсiздiк және сенiм шаралары жөнiндегi кеңестiң құрылуы едi. Бұл құрылым Орта Азия аймағында ғана емес, Еуразия континентiнде тұрақтылықты сақтауға атсалысуды көздейдi.

Қазақстанның ЕҚЫҰ аясында ТМД, Ұжымдық қауiпсiздiк жөнiндегi келiсiм-шарт ұйымы, НАТО, Еуроодақ сынды бес ұйым жетекшiлерiнiң кездесулерiн өткiзу жөнiндегi ұсынысын көршi мемлекеттер оң қабақпен құп алды.

Ал Қырғызстандағы саяси жағдайдың ушығуының бiздiң төрағалық мерзiмiне дөп келуi Қазақстанның сыртқы саясатында ұстанған бағытының дұрыстығын байқатты.

Қырғызстандағы жағдайды реттеу үшiн Қазақстан қыруар шұғыл шаруа атқарды. Сондай-ақ, Таулы Қарабақ, Грузияның Абхазия мен Оңтүстiк Осетия және Денстр маңы кикiлжiңдерiн реттеу мақсатында диалог жүргiзу, ортақ келiсiмге келудiң алғышарттарын жасау талпыныстары болды.

Қазақстан Президентiнiң тағы бiр бастамасы – Әлемдiк және дәстүрлi дiндер құрылтайын шақыру да – халықаралық қауымдастыққа өзгеше тыныс берудi көздеген талпыныстардың бiрi екенi анық. Биыл дiнаралық құрылтай Астанада үшiншi рет өткiзiлдi. Қоғамның әртүрлi топтар үшiн арасында "Қазаққа бұл жиынның берер несi бар?" деген күмәндi ой ара-тұра айтылып жатса да, мемлекеттiң халықаралық имиджiн жақсартуға игi ықпал еткенi анық.

Қуаттылығы бойынша әлемдегi төртiншi орында болған ракеталық-ядролық қарудан өз еркiмен бас тартқаны да – Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында бейбiтсүйгiштiк имиджiн бекiтiп бердi.

Қазақстан ядролық сынақтарға мүлде тыйым салу туралы жалпыға ортақ Келiсiм-шарттың тезiрек күшiне енуiн қолдайды. Бұл да – Елбасының бастамасы.

ЕҚЫҰ бағдарламалары үш "себеттен" тұрады: қауiпсiздiк, экономикалық және гуманитарлық. Соңғы жылдары бұл ұйым алғашқы екi бағытты назардан тыс қалдырып, адам құқығына байланысты гуманитарлық акцияларға көбiрек мән берiп жүр. Ал Қазақстан төраға ретiнде ұйымға мүше мемлекеттердi үш "себеттi" бiрдей қамтуға шақырады.

Соңғы жылдары "ЕҚЫҰ-на бастамашылдық жетiспейдi" деген сын айтылып қалып жүр. Ал Қазақстанның бастамашылдығы Еуропадағы қауiпсiздiк мәселелерiн қайта қолға алуға сеп бола ма деген үмiт бар.

Биыл Хельсинкiдегi Қорытынды актiге қол қойылғанына – 35 жыл, жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясының қабылданғанына – 20 жыл толды. Кәрi құрлық үшiн маңызы жоғары осындай айтулы мерейтойлардың тұспа-тұс келуi де – Қазақстан төрағалығының тарихи маңызын арттыра түскенi анық.

ЕҚЫҰ-на төраға болудың Қазақстанға түк пайдасы жоқ дейтiндер де баршылық. Қарапайым халықтың тұрмысында бұл айтулы оқиғаның әсерi байқала қоймас. Бiрақ қолға берiлген тетiк дұрыс мақсатқа жұмсалып, Қазақстан өзi мұрындық болған бастамашыл идеяларын жүзеге асыра алса, Еуропа мемлекеттерi де, бiздiң жас мемлекетiмiз үшiн де бұл оқиғаның жағымды жаңалығы көп болуы тиiс.

"Бiз өз тарихымызда тұңғыш рет батыс демократия қағидаларына сай, алдыңғы қатарлы шығысазиялық мемлекеттердiң тәжiрибелерiн және өзiмiздiң көпконфессиялы қоғамымыздың тәжiрибелерiн ескере отырып, тәуелсiз мемлекет құрдық" деп мәлiмдедi Елбасы халыққа Жолдауында.

Астана ЕҚЫҰ-на төраға болуға әбден лайық екенiн дәлелдеуге дайын. Алдағы саммиттiң абыройлы өтуi осының анық дәлелi болмақ.

Ендеше, көптi көрген Кәрi Еуропаның жас Қазақстанға артып отырған үмiтi зор.

Гүлбиғаш Омарова