КЕЙБIР МЫРЗАЛАРДЫҢ "МҰҢЫ"...
КЕЙБIР МЫРЗАЛАРДЫҢ "МҰҢЫ"...
Көп әйел алу қажеттiлiк пе, әлде мәртебе ме?
Жазғы демалыстан келген депутаттар жұмысына қызу кiрiстi. Келе салысымен бiрнеше заң жобаларын талқылауды қолға алған халық қалаулыларының бос уақыты санаулы. Алайда, "Әдiлет" партиясының төрағасы Мақсұт Нәрiкбаевтың тосыннан айтқан дүдәмал пiкiрi жұмысы қауырт депутаттардың қытығына тиiп, дүрлiгiп қалуына түрткi жасады.
Телеарна тiлшiсiне көсiле сұхбат берген ел ақсақалы Мақсұт Нәрiкбаевты қандай түлен түрткенiн кiм бiлсiн, кiдiрместен көп әйел алушылық мәселесiн жырлай жөнелген. Қоғамда бұдан басқа сөз ететiн түйткiл қалмады ма, әлде түпкi ойы тым тереңде ме, әйтеуiр жұрттың назарын осы арнаға бұрғысы келгенi аңғарылып тұрды. Жаңа саяси науқанның бет-пердесiн елең еткiзерлiк ұсыныспен ашқысы келген Мақсұт Нәрiкбаев: "Көп әйел алуды заңдастыру керек. Қазiр керек десеңiз, депутаттардың көбiнде тоқал бар. Бiрақ олар ашық айта алмайды. Өйткенi, Заң жоқ" деп төтесiнен қойып қалғанда, экранның бергi жағында отырған бiз жер шұқып қалғандай күйде болдық. Бiр қызығы, ол бұл пiкiрiн қуаттай келе, өзiнiң тоқалы бар екенiн айтудан жасқанған жоқ. Сөз төркiнiне қарағанда, бiреу емес, бiрнешеу сияқты. Сонымен, Нәрiкбаевтың жанына батқан ендiгi мәселе – көп әйел алуды заңдастыру болып тұрған сияқты.
Талай жыл бiлiм ордасын басқарып, талай шәкiрттi тәрбиелеген аты дардай заңгер-ғалымнан бұрынғы Жоғары соттың төрағасы, бұрынғы Бас прокурордан мұндай сөздi ешкiм де күтпеген болар, сiрә. Дүйiм жұрт Нәрiкбаевтай ел ағаларынан iзгiлiк пен адамгершiлiк құндылықтарының айнымас белгiлерiн, ар тазалығын, асыл жардың төсегiнен адалдықты күтетiнi белгiлi. Тiптi, iзiнен iлескен шәкiрттерi "сол кiсiдей әдiлеттi жолмен жүрiп, әдiлетсiздiкке жол бермеуге тырысамыз" деп ұстаз тұтып, ерiп келедi. Алайда, алдыңғы аға буын өкiлдерiнiң аты мен затына лайық емес әңгiменi ел алдында бықсытуы ненi меңзейдi? Кейiнгi өскелең ұрпаққа осындай "өнегелi" сөз қалдыруға тырысқан Мақсұт Нәрiкбаевтың көкейiн тескен не нәрсе?
"Мен бүгiн барлық еркектерге көп әйел алуды заңдастыруға бiрiгiп күш салыңдар деп айтар едiм. Бұдан бәрi ұтатын болады, себебi ешкiм өзiн күнәһармын деп сезiнбейтiн болады", – дейдi осы мәселенiң түбiне жеткiсi келген Мақсұт Нәрiкбаев тоқетер сөзiнде. Иә, жарайды, қоғамда көп әйел алып, өзiн күнәһар санайтын азаматтар бар шығар. Дәл қазiргi сананы тұрмыс билеген заманда бiрнеше отбасын асырауға жағдайы жетерлiк қалтасы қалың азаматтардың бар екенiн де жасырмаймыз. Десек те, бәзбiреулердiң түн ұйқысын шырт бөлiп жүрген тоқал алуды заңдастыру мәселесi қаншалықты өзектi? Пәленшенiң, түгеншенiң көп әйелi бар екен деп, мемлекеттiк деңгейде "Көп әйел алу туралы" Заң қабылдаудың маңызы бар ма? Әрбiрден соң, қоғамның қарапайым мүшелерi Нәрiкбаев секiлдi ел ақсақалдарынан, Парламенттiң төрiнде отырған халық қалаулыларынан тазалық пен пәктiктiң үлгiсiн күтедi емес пе? Оларға көп әйел алуды заңдастыру мәселесiнен бұрын, құрқылтайдың ұясындай ғана баспанаға ие болу мен бала-шағасын асырау аса маңызды болып тұрған жоқ па?! Әзiрге көп әйел алуға Ата Заңымыз рұқсат ете қойған жоқ. Ал сол заңды құрметтеуге, қатаң сақтауға тиiс лауазымды тұлғалардың қасиеттi заңды бұзуларын қалай түсiнуiмiз керек. Заң рұқсат етпесе де, қоғамда кiсi өлтiрушiлер бар екенi белгiлi. "Елiмiзде адам өлтiру фактiлерi бар, сондықтан оны да заңдастыруымыз керек" деймiз бе?
Мақсұт Нәрiкбаевтың айқайлап айтқан пiкiрi кейбiр депутаттардың шамына тисе керек. Парламент мәжiлiсiнiң депутаты Владимир Нехорошев: "Нәрiкбаев бұл ойы арқылы өзiнiң атын шығаруды ойласа керек" десе, депутат Валерий Котович: "Мәселен, менiң бiр ғана әйелiм бар. Оны өзiм – бәйбiше деп атаймын. Нәрiкбаевтың депутаттар тарапынан осындай уәж айтуына қарсымын" деген ойын бiлдiрген. Шынында да, 70 жасты еңсерген Мақсұт Нәрiкбаев бұл ұсынысын елдiң аузында қалуы үшiн айтқан да болар. Бәлкiм, саяси сахнадағы беделiн осылай арттырғысы келген шығар, кiм бiлсiн? Бiр бiлетiнiмiз, заң, сот саласында таразының екi жүгiн салыстырып жүрген белгiлi азаматтың қоғамдағы өзектi мәселенi талқылаудан гөрi, қоғамнан тыс қалған, керек десеңiз, қылмыстық әрекет саналатын көп әйел алуды заңдастыруды қайта-қайта көтерiп жүргенi күлкiлi әрi жиiркенiштi.
Бүгiнде аттап бассаң, ұрлық-қарлық, адам тонау, зинақорлық жасау, кiсi өлтiру сияқты қылмыстың түрi өршiп тұр. Бұған қоса, Нәрiкбаев көтерген көп әйел алу да осы санатқа жатады. Сонда, көп әйел алуды заңдастырсақ, күндердiң бiр күнiнде кiсi өлтiрудi де заңдастырайық дейтiндер табылатын шығар? Онда бiздiң адамшылық қасиеттерiмiзден не қалады?
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ