Жаңалықтар

ЕСЕНТАЙ ӨЗЕНI КӨРIКТI ОРЫНҒА АЙНАЛДЫ, БIРАҚ...

ашық дереккөзі

ЕСЕНТАЙ ӨЗЕНI КӨРIКТI ОРЫНҒА АЙНАЛДЫ, БIРАҚ...

Астанамыздың Алатаудың баурайынан Сарыарқаның төсiне көшкенiне де бiр мүшел уақыт болып қалыпты. Осы уақыт iшiнде Астана – бас қала, Алматы – оңтүстiк астана аталып, бiр-бiрiмен көрiктi қала атану үшiн ресми емес түрде жарысқандай болған едi. Әрине, бұл жарыста екi қаланың тұрғындары да ұтыла қойған жоқ. Бұрынғы КСРО тұсында бiрнеше жылдар бойы салынатын "сақалды" құрылыстар, қазiргi кезде небәрi 1-2 жылдың iшiнде бой көтеретiн болды. Жаңа құрылыстардың бiр-бiрiне ұқсамайтын өзiндiк көркi де көздiң жауын алғандай. Бiрақ соңғы екi жылда әлемдiк қаржы дағдарысы етектен тартып, бiраз құрылыстар бiтпей тұрып қалды. "Тағы да әнебiр жылдардағыдай қиыншылық басталатын болды ғой" деп көпшiлiктiң жүнi жығылып та қалғаны өтiрiк емес.

"Дағдарыстан жаңару мен дамуға" атты 2009 жылғы 6 наурыздағы халыққа арнаған Жолдауында ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаев: "Бiз Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығының қарсаңында тұрмыз… Ел шежiресiндегi ерекше бұл белеске бiз барынша дайындықпен баруымыз керек. Қазiрден бастап әр ауылдың кем-кетiгiн қалпына келтiрiп, көгалдандырып, жолдарымызды жөндеп, үйлерiмiздiң iшi-сыртын әрлесек, елдiң де көңiлi көтерiле түседi. Сондықтан бұл жұмысты бiз қазiрден бастауға тиiспiз", – деген едi. Қаражат қыспағында қалған халықтың әуелде Елбасымыздың бұл тапсырмасының жүзеге асатынына сенiмi аз болғаны рас.

Тiптi, Алматы қаласының әкiмi А.Есiмов "Алматының өзендерi мен су қоймалары" өңiрлiк бағдарламасы мен Алматы қаласы әкiмдiгiнiң 2009 жылдың 30 сәуiрде бекiткен "Жол картасы" жобасы аясында Үлкен Алматы, Кiшi Алматы және Есентай өзендерiн темiр-бетон құрылымдарымен бекiту үшiн 2010 жылы қалалық бюджеттен 3 млрд. теңге бөлiнедi" – деп мәлiмдегенi пәлендей елең еткiзген жоқ. Бұл хабарды естiгендердiң өзi: "Қайда бөлiнбей, қай құлқынға кетпей жатқан қаражат" деп тырс еткен жоқ. Тек ауыр техникалар қаптап, Есентай өзенiнiң бойы құжынаған құрылысшыларға толып, тарсыл-гүрсiл құлақ тұндыра бастағанда ғана, тұрғындар жасалып жатқан iстерге қызығушылық таныта бастады.

Алматы қаласы әкiмдiгiнiң ресми сайтынан алынған мәлiметтер:

Алматы қаласының аумағында жалпы алғанда 22 өзен, 4 су айдыны мен қолдан жасалған 2 канал бар. Өзендердiң жалпы ұзынды 220 шақырымды (шқ.) құрайды. Су айдындарының жалпы аумағы 1116 гектарды алып жатыр. Бұл қала жерiнiң 4 % жалпы аумағына тең болып табылады. Ең үлкен өзендерге: Үлкен Алматы – 29 шқ., Кiшi Алматы – 28 шқ. және Есентай – 25 шқ. жатады. Соңғы деректер бойынша Алматы өзендерiнiң суын қорғау аймағына 1252 нысан орналасыпты. Олардың iшiнде 1090 – тұрғын үй, 3 – АЖБ, 11 – ТЖО, 27 – кафе, 20 – дүкен, 5 – жел үрлеу бекеттерi, 45 – гараж, 26 – кәсiпорын мен ұйымдар бар екен. Осыдан келiп Алматы өзендерiнiң бактериологиялық ластану деңгейi жоғары деңгейге жеткен. Мысалы, Үлкен Алматы мен Есентай өзендерiнде мыс бойынша рұқсат етiлетiн шектi жоғары шоғырлану мөлшерi (РШМ) – 3 есе, Кiшi Алматы өзенiнде мыс РШМ – 2,5 есе, фенол РШМ – 2 еседен асып түсетiн дәрежеге жетiптi. Санамалай берсе бұдан да сорақы жайлар кездеседi.

Он жылға жуық осы Есентай өзенiнiң бойында тұратындықтан, аталмыш сайтта келтiрiлген табиғатқа жасалып жатқан қиянаттарды көзiм көрiп келедi. Сондықтан қолым боста өзен бойында жасалып жатқан құрылыс жұмыстарын бес ай бойы бақылап жүрдiм. Обалы не керек, арса-арса болған өзен арналары жып-жылмағай болып бетон құйылып, бүтiнделiп қалды. Одан қалса, сабалақтанып өсiп кеткен ағаштар күзелiп, жөнге көнбегендерi кесiлiп, өзеннiң екi бетiне гранит тастар төселдi. Асфальт төселiп, жаяу жүргiншiлер жолы салынды, шоқ ағаштардың астына орындықтар қойылды. Өзен жағасындағы күл-қоқыс тастайтын орындар басқа жерге көшiрiлдi. Ендi екi аптадан соң Есентай өзенiндегi көрiктендiру жұмыстары бiржолата аяқталады.

Бiрақ, "Қырсыққанда қымыран iридi" деген рас екен. Соңғы жылдары жаз бойы суы сылдырап ағатын Есентай өзенi биыл бураша буырқанып, суы ешбiр толастамай қойды. Соның кесiрiнен өзеннiң түбiне бетон құю көп кешеуiлдедi. Тек қыркүйек айының басында ғана судың екпiнi сәл толастап, өзен түбiне бетон құю алға жылжыды.

Тоқтатуға адам қауқары жетпейтiн табиғаттың осындай қиындықтарына қарамастан, ала жаздай демалмастан жұмыс iстеген "Алматы құрылыс монтаж Б.К." ЖШС-нiң прорабы Рауан Нұрғалин, бригадир Нұрсадық Тұрысбаев пен бригадир Бейiмбет Жанайбеков пен жансебiл жұмысшыларды ерекше атап өтуге болады. Шынымды айтсам, мен де штаттан тыс құрылысшысы болғандай едiм. Кейбiр күндерi олардың таң атқанша 60-70 текше (куб) метр бетон қабылдап, ұйқысыз өткiзген түндерiне де куә болдым. Осындай кездерi прораб Рауан Нұрғалин, бригадирлер Нұрсадық Тұрысбаев пен Бейiмбет Жанайбековтер жұмысшылармен бiрге бетонды тiзеден кешiп жүрiп құйғанын да талай мәрте көрдiм. Осындай ерен еңбектерiнiң арқасында, Төле би көшесi мен Әйтеке би көшелерiнiң арасындағы құрылыс жұмыстары кешендi түрде бiрiншi болып аяқталды. Жалпы жекеменшiк шаруашылық жүргiзудiң, бұрынғы кеңестiк шаруашылық жүргiзуден артықшылығы да, осы құрылыс компаниясының жұмысынан айқын көрiнедi. Атамыз қазақ бұл құбылысты "Өзiм дегенде өгiз қара күшiм бар" деп әдемi жеткiзгенiне тәнтi болмасқа амалың жоқ.

Кеңес үкiметiмен бiрге келмеске кеткен "ауыспалы Қызыл ту" беру дәстүрi қайта жаңғырар болса, осындай туды ешбiр ойланбастан осындағы азаматтарға беруге болар едi. Алматының күн санап көркеюiне сүбелi үлес қосқан бұл азаматар таңғы сағат 4-5-те тұрып 30-40 шақырым жерден, кейде көлiкпен, кейде жаяу-жалпылап қатынап iстейдi. Сол кеңестiк дәуiрде осы Рауан, Нұрсадық, Бейiмбет сықылды еңбек озаттарына пәтердiң кiлтiн берiп, тым болмағанда қомақты ынталандыру сыйлықтары берiлетiн едi. Бұл күнде ол дәстүрден жұрнақ та қалмағаны ерiксiз қынжылтады…

Бұрын Төле би мен Қожамқұлов көшелерiнiң қиылысында бұталар мен ығы-жығы ағаштар өсiп кеткен алаңқай болушы едi. Негiзiнен "бомждардың" мекенi болғандықтан, жақын маңдағы тұрғындар бұл жердi айналып жүретiн. Аз ғана уақыт iшiнде осы жерге асфальт төселiп, тамаша саябаққа айналып шыға келдi. Бұрын аулаларында бұйығып отыратын тұрғындар бүгiнде осы саябаққа келiп демалып, таудың салқын самалы соққан өзен арнасының бойында серуендеп жүретiн болды. Кезiккен кәрi де, жұптасқан жастар да құрылысшыларға рақметтерiн жаудырып, мәз-мейрам болып жүр.

Бiрақ, кейде өзiмiзге-өзiмiз жасайтын бейбастығымыз дұшпандықтан кем түспей жатады. Мысалы, өткен жылы осы Есентай өзенi Шевченко көшесiне дейiн көрiктi етiлiп-ақ жасалған болатын. Әйтсе де, қыруар қаражат жұмсалып жасалған жерлердiң биылдың өзiнде әжептеуiр әрi кетiп қалғанын байқайсың. Жаңбыр жауса болды, жақын маңға орналасқан жатақханада тұратын студенттер орындықтың арқасына тауықтар секiлдi шоқиып шығып алып, лас бәтеңкелерiмен адам отыратын жердi басып отырады. "Қарақтарым-ау, бұларың не?" деп бiр-екеуiн ұятқа шақырамыз деп ауыр сөздер естiп қалған соң, көрсек те көрмеген болып айналып өтетiн дәрежеге жеттiк.

ХIХ ғасырдың ортасында немiс ғалымы Штейн (Stein) Лоренц фон "Әлеуметтiк мемлекет өз азаматтарын экономикалық және қоғамдық дамуға дағдыландырып, үйретуге мiндеттi, себебi, бiрiнiң дамуы – екiншiсiнiң дамуына шарт болуы қажет, әлеуметтiк мемлекеттiң негiзгi мәнi де осы болып табылады" деп айтыпты. Осы тұжырымдаманы берiк ұстанған немiстер Еуропадағы ең жоғары өркениетке қол жеткiзiп отыр. Осыған байланысты қазақтардың немiстерден несi кем деген сұрақ туады. Азаматтарымызды жаппай мәдениеттiлiкке, ұқыптылыққа, қоғам мүлкiне өз мүлкiндей қараушылыққа дағдыландыру үшiн бар болғаны ыждаһаттылық қана жетiспейдi.

Жоғарыда жанталасып iстеген жiгiттермен бiрге, жаз бойы сүйретiлiп жүрген "жалқау" субмердiгерлер де болғаны рас. Құрылыстың тапсырылуына екi апта қалғанда ғана, олар шошып оянғандай болып, жанұшырып жұмысқа қызу кiрiстi. "Белгiленген уақытта бiтiруге үлгеремiз" деп жұмыстарын сапасыз жасамаса екен деп көптеген тұрғындардың алаңдаулы жүргенi де шындық.

Мәселен, Мақатаев көшесi мен Райымбек даңғылының аралығындағы жұмыстар бастапқы уақытта жаман жүрген жоқ. Тiптi, жұрттың алды болып осылар бiтiредi деген "бәс тiгулер" де болды. Бiрақ соңынан бұл субмердiгерлер де қожырап кеттi. Дегенмен де, олар да тыпырлап, ең соңғы қуалама метрлерге бетон құйып жатыр. Жалпы Есентай өзенi кәдiмгiдей реттелiп, көрiктi орынға айналып қалғаны бiрден көзге түседi. Сөйтсе де көзiм көрген төмендегi екi "әттеген-айды" жазбай кетуге тағы болмады. Сонымен…

Бiрiншi әттеген-ай: Райымбек даңғылына шамамен 100 метрдей жетпей, өзеннiң екi жағына жаяу жүргiншiлер жүретiн асфальт жол төсеу тоқтапты. Себебi, осы 100 метр аралықта өзеннiң екi жағалауына тұрғын үйлер, қоймалар, ТЖО, кафе т.б. орналасқан. Осыншама қыруар қаражат жұмсалған соң, өзеннiң екi жағынан тым болмаса 2 метр жердi мемлекет меншiгiне алу қажет. Сонда ғана өзен аңғарымен соғатын таудың салқын самалы Райымбек даңғылын кесiп өтетiн болады. Бұдан басқа, Алматы мен Алатаудың шын мәнiндегi көркi көзге жарқ етiп бiрден түсетiн болады.

Екiншi әттеген-ай: Райымбек даңғылына тiрелер жерде, Есентай өзенiне қаншама жылдан берi иiсi мүңкiп, жүректi айнытатын кәрiз (канализация) суы үлкен құбырдан толассыз құйылып жатыр. Осы құбыр мен басқа да зиянды қалдықтар ағатын құбырлардың аузын бiржолата бекiту туралы шешiмдi кiм қабылдау керек? Сұрастырсақ, ешкiм де бiлмейдi?! Бұл жайды ерекше қозғап отырған себебiмiз, келесi жылдың жазғы ыстығында, бүкiл болмысымен өзiне тартып айнадай жарқырап жататын салқын суға, өзен бойында тұратын барлық шибұт балалардың толассыз шомылатыны даусыз. Әлгiндей ашық кәрiзден құйылған сасық суға шомылған балалардың жұқпалы аурумен ауыруы ықтимал. Сондықтан, оның алдын алу әлдеқайда арзанға түсетiнiн өмiрдiң өзi қаншама рет дәлелдеп берген жоқ па!

Алматы қаласының Әкiмдiгi, Алматы қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен осы құрылыстың Бас мердiгерi: "Дәулет-Дорстрой" ЖШС осы айтылған екi олқылықтан халыққа жайлы тиетiн қорытынды шығарар деген үмiттемiз.

Қалдархан ӘЛIСЕЙIТҰЛЫ