Жаңалықтар

“ҚАЗАҚТЫҢ БАУЫРЖАНЫ”

ашық дереккөзі

“ҚАЗАҚТЫҢ БАУЫРЖАНЫ”

Жуырда Алматыдағы "Цезарь" кинотеатрында Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының "Қазақтың Бауыржаны" атты деректi фильмiнiң тұсаукесер көрсетiлiмi болды. Фильмнiң сценариiн жазған Елзат Ескендiр, режиссерi — Қалила Омаров.

Бұл кино Баукеңнiң 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жарыққа шығып, көрермендердiң көзайымына айналған ерекше туынды. Небәрi жарты сағатқа созылатын нақты дерегi мол фильм Советтер Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының майдандағы өмiр жолдарынан тың деректер бередi. Немiс-фашистерiнiң екпiнiн Мәскеу түбiндегi ақтық шешушi шайқаста Қазақстанда жасақталған Панфиловтың дивизиясы тоқтатқанын жұрт жақсы бiледi. Бұл екiншi дүниежүзiлiк соғыста шешушi рол атқарды. Сол жеңiске қол бастаған Баукеңнiң қосқан үлесi зор. Солардың айғағы ретiнде батыр мұрағатынан алынған қанды майдан жылдарындағы фотосуреттер пайдаланылған. Кино Қазақстанда, Ресейдiң Мәскеу қаласы мен Волоколамскi ауданында түсiрiлiптi. Кинода Баукеңнiң көзiн көргендер мен бауыржантанушылар өз пiкiрлерiн ортаға салып, батырдың ерлiк iстерiн әр қырынан танытады.

"Бауыржантану" ғылыми-зерттеу орталығының жетекшi маманы, профессор Мекемтас Мырзахметов:

– Екiншi дүниежүзiлiк соғыстың алдында, бiздiң ұлттық санамыз ұйықтап кеткен едi. Баукеңнiң ерлiгiнен кейiн халықтың ұлттық санасы көтерiле бастады. Оның ең басты ерекшелiгi – халықтың рухын көтергенi. Соны өкiмет сезiп, Баукеңнен қорқа бастады. Баукеңнiң көп жағдайда оппозицияға тән кереғар мiнез көрсететiнi сондықтан. Екiншiден, Баукең халықтың патриоттық рухын көтердi. Сол әлемдiк алапат соғыста бiздiң ұлтымыздың даңқын аспанға көтерген де Баукең едi. Ол шын мәнiндегi намыстың ұлы болды.

Момышұлының келiнi Зейнеп Ахметова:

– Атаның баяғыда жазып кеткен өлеңi бар. "Қадiрiңдi бiлмеппiз ғой тiрi кезде, деп жылар қайран қазақ мен өлгенде. Сексен мен жүздiгiмдi ортақ атар, кәрiлiктiң түкпiрiнен сөз келгенде". Сексен жылдығында Мәскеудегi Кремльде елу жыл жатқан "Алтын жұлдыз" ұлтымыздың төсiне тағылды. Өйткенi, тiлек халықтiкi болған. Соны Елбасы Назарбаев жүзеге асырды. Мiнеки, жүз жылдығы жер-жерде тойланып жатыр. Ата қазақпен мерейлi болатын. Қазақ атамен мерейлi болды. Атаның бiзге қалдырып кеткен керемет бiр өсиетi бар. "Қайда барсаңдар да алдарыңнан шығамын". Бiз соны жасырақ кезiмiзде түсiнген жоқпыз. Мiне, ендi түсiнiп жатырмыз. Бүгiн де, мiнеки, алдымыздан ата тағы шығып отыр. Мына фильмнiң өмiрi ұзақ болғай.

Деректi фильм батырдың ұлы Бақытжан Момышұлының сөзiмен ашылады. Ол "Алтын жұлдызды" алақанында ұстап тұрып:

– Бұл Қазақстанға келген Советтер Одағының Батырына берiлетiн ең соңғы жұлдыз. Өкiнiшке қарай, мұны әкем көре алған жоқ. Бұл жұлдыз елу жылдай Кремльдiң тас қамалының арғы жағында иесiне жете алмай жатты. Содан кейiн ғана бұл жұлдыз қазақ халқының кеудесiне тағылды. Әлi есiмде. Бала кезiм. Аулада бiр топ балалар бiрге ойнайтынбыз. Әкемнiң менiмен сөйлескiсi келедi. Ал менi ойынның қызығына батқан балалар тартады. Әкем: "Сен менен ылғи қашқың келедi. Бұл ақылға қонбайды. Мынаны есiңде сақта. Я приговорен к славе, ты обречен быть сыном"

Жазушы Шерхан Мұртаза:

– Баукеңнiң аталары Үсеннен тараған. Одан Момынәлi, Момынқұл дегендер болған. Момынәлi Бауыржанның әкесi. Кейiн оны жұрт Момыш деп атап кеткен. Ол кезiнде молда болған адам. Бауыржан кiшкентайынан әкесiнен ел iшiндегi көп жайды естiп, құлағына сiңiрген.

Бауыржан Шымкенттегi қазiргi Сыпатаев атындағы орта мектепте 1923-1928 жылдарда оқыған. Батыр көзiнiң тiрiсiнде бұл мектепте бiрнеше рет болып, балалармен, ұстаздар ұжымымен кездесулер өткiзгенi бар. Мектеп Баукеңдей, Әбдiлда Тәжiбаевтай түлектерiмен даңқты. Кинода солардың мектеп қабырғасына iлiнген суреттiк бейнелерiн тiзбектей көрсетедi. Режиссер назарынан бұлар қағыс қалмаған.

Кинода Волоколамскiдегi 28- гвардиялық панфиловшылар атындағы мұражайдағы дивизия тарихынан мол мағлұматтар көрсетiлдi. Сондай-ақ, соғыс ардагерлерiнiң Баукеңнiң ерлiк iстерi туралы естелiктерi көрермендердi бей-жай қалдырмады. Әсiресе, әскери ардагер Ким Серiкбаевтың сөзi ұтымды шыққан. Ол Баукеңнiң жауынгерлерiн қоршаудан еш шығынсыз қалай алып шыққанын көрермендерге тәптiштеп түсiндiре отырып, сол тәсiлдiң күнi кешеге дейiн әскери айла-тәсiл ретiнде қолданылып келгенiнен хабардар еттi. Оның бейбiт өмiрде де өнгелi iстерiн өзгелерге үлгi тұтты.

Ақын Олжас Сүлейменов:

– Баукең Куба сапарының алдында маған: "Менiмен бiрге жүр. Адьютантым болып барасың", – деп едi. Мен Сирияға жүргелi жатқанымды айтып, бара алмайтынымды бiлдiрдiм. Баукең: "Өкiнесiң", – дедi. Сол айтқаны рас болды. Баукең Кубадан келген соң үйiне барып, сәлем бердiм. Куба батырды аса құрметпен қарсы алып, бiрнеше кездесулер өткiзiптi. Тiптен бiр дивизияға Баукеңнiң атын берген. Сол кездесулерiнен әсерлi әңгiмелер айтқанда, бiрге бармай қалғаныма қатты өкiндiм.

Кинода хроникалық көрсетiлiмдер ұтымды пайдаланылған. Ең бастысы, Баукеңнiң кейiнгi ұрпаққа арнап айтқан тарихи ұлағатты сөзi жан тебiрентедi. Өз елiңе деген сүйiспеншiлiгiңдi арттырып, патриоттық сезiмiңдi оятады. Деректi фильм осынысымен де құнды. Жарты сағаттық бұл фильмде Бауыржан Момышұлының қан майдандағы қол бастаған ерлiк iстерi түгелiмен ашылған деп айту қиын. Жарты сағатқа оның майдан өмiрiн түгел сыйғызу да мүмкiн емес. Бұл алдағы үлкен iстiң бастамасы ғана.

Көлбай Адырбекұлы