Жаңалықтар

БИЫЛ "ӘТТЕГЕН-АЙЛАР" БОЛМАЙДЫ ДЕЙДI...

ашық дереккөзі

БИЫЛ "ӘТТЕГЕН-АЙЛАР" БОЛМАЙДЫ ДЕЙДI...

Алмағайып тiршiлiк… Жаз шықты, қысқа қамдану қажет, қыс түстi, жазға дайындалу қажет. Бiрiнiң етегiн бiрi басып, өмiрiңдi оздыра беретiн, шет-шегi жоқ тiрлiк. Бiр қызығы – былтырғы қыстағы кемшiлiк, "әттеген-айлар" келер қыста тағы қайталанады. Әйтеуiр, қылышын сүйреткен "кәрi құда" бiр жағынан алып ұрады.

Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша биыл 25 қазандық күрделi жөндеуден өткiзiлуi керек. Бүгiнде соның 24-i жөнделдi. Оның iшiнде Түркiстан қаласында 8, Кентау қаласында 3 қазандық қысқа әзiрленiп, тиiстi қабылдаудан өткiзiлдi. Шағын қалалардағы жылу мәселесi талай жылдан жыр болып келе жатқан әңгiме. Осыны ескерген болуы керек, Түркiстанның №1 және №2 шағынаудандарындағы жылу қазандықтары құрылысын аяқтауға биыл облыстық бюджеттен 235 млн. теңге қаржы бөлiндi. Сондай-ақ, Кентау қаласындағы №5 жылу-электр орталығының қуатын арттыру үшiн алтыншы турбинаны iске қосудың қам-қарекетi жасалуда. Оған облыстық бюджеттен 53,3 миллион теңге қаржы қаралған.

Жылыту маусымына дайындықта күйiп тұрған мәселенiң бiрi – Төлеби ауданындағы қазандық болып тұр. Аудан орталығын – Ленгiр қаласындағы 2,7 шақырымдық жылу жүйесi бар қазандықты қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 81,5 миллион теңге қаралған. Қазiргi уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргiзiлуде. Жұмысшылар оны 1 қазанға дейiн бiтiрудi көздеп отыр.

– Қысқы маусымға қажеттi қатты және сұйық отынмен қамту бiршама шешiлiп отыр. Облыс бойынша бюджеттiк мекемелерге биыл 99129 тонна көмiр қажет деп жоспарланған, – дейдi облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Серiкбай Ибадуллаев. – Арыс, Түркiстан, Кентау, Шымкент қалалары мен Қазығұрт, Отырар, Ордабасы, Сарыағаш, Түлкiбас, Шардара аудандары ертерек қамданып, қажеттi көмiрлерiн тасып алды. Ал, Бәйдiбек ауданында бұл жұмыс жартылай, Сайрам ауданында ширек бөлiгi ғана орындалып отыр. Қысқы маусымда мазут отынын тек Шымкент және Кентау қалалары ғана қолданады. Мұнай және газ министрлiгiнiң лимитi бойынша бұл отын 1 қазаннан бастап берiледi. Ол құбыр арқылы жеткiзiледi. "Сондықтан ертерек қамдана алмадық" деп уайымдаудың ретi жоқ. Ал, алғашқы кезекте пайдалану үшiн өткен жылдан қалған қорымыз да жетерлiк.

… Жыл сайын "100 пайыз дайынбыз" десе де, қақаған қыста жылу мәселесiнен дау шығатын "ыстық" нүктенiң бiрi – көпқабатты үйлер. Шырайлы Шымкенттiң бетiнен жылу кетiп, сұлу жүзi бiр күнде көкбеттенiп шыға келетiн кезi осы… Биыл бұл қаланың қысқа дайындығы қалай? Қазiргi кезде Шымкент қаласында көпқабатты әр тұрғын үйдiң кем-кетiктерiн жөндеп, ескiрген құбырларын ауыстыру жұмыстары қолға алынуда. Бұрын осыған байланысты "3-Энергоорталық" пен тұрғындардың, үй комитеттерi басшыларының арасында талай келiспеушiлiк туындайтын. Дегенмен, жергiлiктi билiк өкiлдерi биыл бұл мәселеде оңтайлы шешiм тапқан сияқты. Тұрғындардың келiсiмiмен жылу құбырларын жөндеу арнайы бригадаларға жүктелiп отыр.

– Биыл қала бюджетiнен iшкi орамдық жылу құбырларының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 120 миллион теңге бөлiндi, – дейдi Шымкент қаласының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi энергетика секторының меңгерушiсi Нұрлан Жаманкөз. – Сығымдауға 5,6 миллион теңге, жылу құбырларын орау, қымтау жұмыстарына 33,7 миллион теңге бөлiндi.

Қаланың оңтүстiк бөлiгiнде жылу құбырларын жаңартуға биыл 176 миллион теңге қарастырылып отыр. Ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген жылу құбырларын ауыстырумен "Энергосервис-2010" ЖШС айналысуда.

Сонымен жергiлiктi шенеунiктердiң сөзiне сенсек, қысқа тас-түйiн дайын сияқтымыз. Әйтсе де, шенеунiктiң алдындағы мәлiмет толы қағаз қысқа отын болмайтыны анық. Сондықтан облыс басшыларының алдында терлеп-тепшiп отырып, осы мәлiметтердi жалпыға жария қылған әкiмдерiмiз қыстың қақ ортасында дәл солай терлеп-тепшiп, өтiрiгi шығып, ұяттан қысылып қалып жүрмесе болғаны, әйтеуiр…

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ