Жаңалықтар

АЛМАТЫ – БОТАНИКА БАҒЫ

ашық дереккөзі

АЛМАТЫ – БОТАНИКА БАҒЫ

Алатау – төрде отырған қариясы,

Халық шат Алматыдай бар ұясы.

Үркердей көктекшеден көз тартады,

Қазақтың бас обсерваториясы.

Батысы – көрме елдiң бар асылы,

Шығысы – Университет қалашығы.

Ортада Ботаника бағы жатыр,

Үйлесiп алабына жарасымы.

Келемiн көңiлiмнен күй үзiлмей,

Қойтас тұр жол шетiнде киiз үйдей.

Қу бұтақ ну iшiнен ағараңдар

Мамонттың музейдегi мүйiзiндей.

Сүйсiнтiп судан салқын самал ескен,

Судырлар қамыс, қоға жағада өскен.

Көрмесi өсiмдiктiң жанды баурап,

Бiр сәтке шығарады қаланы естен.

Бұталар – бейне сәндеп ат күзеген,

Шалғынын кешсең келер нақ тiзеден.

Ақ қайың – бишi грузин қыздарындай

Жеңдерiн желбiретiп сап түзеген.

Ақ тиын үйеңкiден еменге ыршып,

Күтедi бiр мейiрiм сенен тыншып.

Дiр еткен жапырақтың тiл ұшынан

Домалап кеттi кенет төмен бiр шық.

Сылдырап құлағында сырға бүрi,

Қарағай қашан көрсең бiр қалыбы.

Карика ағашының басында өсiп,

Биiкте Бразилия тұр қауыны.

Тiкенек Африка алоэлары,

Алынған әр түрiнен талай дәрi.

Суырған қылыш, сұсты шоқпарларға

Ұқсайды қарап тұрсақ қалай бәрi.

Апельсин тұр әне өсiп лимон, банан,

Көрсе де көзiң, көңiлiң иланбаған.

Бейтаныс жемiс алшақ бойлықтағы

Бiр бақтың маңдайына сыйған заман!

Осы бақ бiздiң жерге шықпас түрлi

Ағашты аяғынан тiк бастырды.

Көбелек көлбең етiп жылдам тапты

Өзiне өрнек, түсi ұқсас гүлдi.

Сыйлық қып таратамыз әлемге кең,

Раушанды "Алматыдан сәлем" деген.

Бiр ғана раушан гүлдiң түрi қанша?

Бар дейдi ғажаптары әлi өнбеген!

Аялап сол гүлдердi жүрегiмен,

Сұлуын ұстап аппақ бiлегiнен.

Бозбала мана кiрген, шықпай қойды

Сан алуан шырмауықтың тунелiнен.

Серуендеп сенде өтуде бос күндерiм,

Алдыма алуан сырды тостың менiң.

Патша селосынан артықсың сен,

Жетсем деп армандамас Пушкинге кiм?!

Аралас алуан ағаш өндiр мейлi,

Бiрiне бiрi қауiп төндiрмейдi.

Бiр күннен жапырақтары шуақ алып,

Үп еткен желге бiрге желбiрлейдi.

Қара орман әлем халқын салады еске,

Әр адам жайқалған бiр тал емес пе?!

Әр елдi алақанда аялаған,

"Жер" дейтiн ортақ бiр бақ бар емес пе?

Ертеден кезсем дағы қаракешке,

Құмарым қанған емес тарап әсте.

Өзi де Алматының ойлап тұрсақ,

Теңсiз бiр ботаника бағы емес пе?

Жер – бақта бейбiт жасар адам қашан?

Себеп көп тағдырына алаңдасам.

Төндiрiп жерге қауiп суық соғыс

Қайтедi әлекедей жаланбасаң?!

Бақтағы менше әлемде сайран құрып,

Бар ақын күн болар ма сайрар күлiп?

Бақытын бейбiт күннiң мадақтаған

Шаттығы жырының бас айналдырып.

Оразақын АСҚАР