Жаңалықтар

Ғазиза ӘБДIНӘБИЕВА: ӨНЕРГЕ КЕЛСЕҢ, ЖАРҚ ЕТIП ЖАНА БIЛ

ашық дереккөзі

Ғазиза ӘБДIНӘБИЕВА: ӨНЕРГЕ КЕЛСЕҢ, ЖАРҚ ЕТIП ЖАНА БIЛ

Кейде дидарласқың келген кейбiр кiсiмен әңгiмелесудiң сәтi түспей, ұзағырақ жүрiп алатының бар. Ғазиза апай да бiраздан берi ойда жүрген. Әсiресе, тоқсаныншы жылдары өнер әлемiне жақсы жол сала келген телесериалдарда Әбдiнәбиеваның ерекше қолтаңбасы бар екенiн өнер сүйер қауым ешқашан ұмытпас. Актрисаны жақсы бiлетiндер әлi күнге "тетя Роза" деп атайтынын да талай құлағымыз шалып қалғаны бар.

Ол кiсiнiң бiзге ұнаған айрықша бiр қасиетi – өзiнен гөрi өзгелер: әрiптестерi, қатарлас-сахналастары жайлы көбiрек айтқанды жақсы көретiнi ерiксiз тәнтi еттi. Жаны жақсы адамдар әрқашан осындай ғой. Қазақстанның еңбек сiңiрген артисi, "Құрмет" орденiнiң иегерi Ғазиза Әбдiнәбиеваны сырттай жақсы бiлгенiмiзбен, бұрын-соңды шүйiркелесiп көрмеген актрисамыз едi. Кабинетiне кiргенiмiзде диванның үстiнде жатқан юбканы қолына алып иiскелеп қойды да: – Бiлесiң бе, мына юбка Сабира апамның юбкасы, қасиетiңнен айналайын, өзiне ұқсап мол пiшiлгенiм де пайдасын тигiзiп жатыр, – деп риясыз күлiп алды да әңгiмесiн жалғастырып кеттi. – Академиялық театрға ауысып келгендегi менiң бiр ұтқаным да осы болды-ау деп ойлаймын. Сабира апам ойнаған спектакльдерде ойнай бастағаным, сол шығармаларда ол кiсi киген мына киiмдерiнiң менiң қолыма түскенi, бәрi де тегiн емес. Сабира апамның юбкасы театрда менен басқа ешкiмге шақ келмейдi. Әлi күнге құлағымыздан даусы кетпейтiн ерекше дарын иесi. Сабира Майқанованы еске алуға арналған биылғы "Театр көктемiнде" сол кiсi ойнаған спектакльдер арасынан бас жүлденi жеңiп алып, жазда Анталияда дем алып келдiм. Бұл да болса "Жақсының шарапаты" болар. Ал, қазiр ұлттық бояуы қанық "Айналайын, немерем" атты телесериалға түсiп жүр едiм. Көрермен жақсы қабылдаған "Ағайындылардан" есiмi жақсы таныс Ақан Сатаевтың басшылығымен түсiрiлiп жатыр. Иманжүздi, бiлiмдi әрi өте қарапайым жiгiт. Олай дейтiнiм, рөлде ойнап жүрген кез келген артистiң жағдайына қарай жұмыс жоспарлайды екен. Сосын, шығармадағы кейiпкердiң қысқа да нұсқа характерiн бiр жапырақ қағазға жазып қолыңа бередi, сол талаптан шығуың керек. Бұл жұмысты ұйымдастыра бiлудегi жақсы үлгi ғой, өзiме ұнады. Жалпы, өз басым қаншама киноға түсiп жүрсем де, театрдағы жұмысыма кедергi келген, не болмаса сұранып көрген жан емеспiн. "Перекресток" не "Саранчада" да бiрде-бiр рет театрдағы репетициядан қалып көрмеппiн. Киноға шақырған топқа осындай мiндеттеме қоямын. Келiседi. Қашанда театр сахнасы мен үшiн бәрiнен биiк.Осы жолы да жұмыс солай жүрiп жатыр. Түсiрiлiм таңғы сегiзден басталады. Жастар театрында жиырма бес жылдай еңбек еттiм. Содан кейiн төрiнде талай марқасқалардың iзi қалған, киелi шаңырақ – Әуезов театрына келдiм. "Жыртық үйдiң құдайы бар" дегендей, әсiресе, Майқановадай ерекше дарын иесiнiң мол пiшiлген киiмдерi менiң алдымнан құт болып шықты. Сабира апайды киiндiрген Әсия деген қыз бар. Жылына бiр рет апайдың киiмдерiн маған берiп қояды. Тозыңқырап қалған бiр етiгiн жөндетiп қойдым. Бiр етiгiн киiп жүрмiн. Мына юбканы да тазалатып, жыртылған жерлерiн өңдетiп, арасында маңдайыма басып тәбәрiктей тәу етiп қоямын. Толғанай-Сабираның киiмдерi маған ғана шақ етiп тiгiлгендей. Соған бақыттымын. Жазушы Дулат Исабеков Сабира апама арнап пьеса жазған. Сол "Мұрагерi" 1978 жылдары жазылған дүние ғой, ол кiсi өмiрден өткен соң тоқтап қалған екен, мен келгеннен кейiн сахнаға қайта шықты. Оразхан Кенебаев қайта қойды. Қазақстанның еңбек сiңiрген артисi Бақыт Жанғалиева екеумiз ойнадық. Сабира апайға ұқсамасақ та кейбiр тұстарда дауыс мәнерiне, сахнадағы жүрiс-тұрысына елiктеп қоямыз. Содан кейiн спектакльде режиссердiң, қатар ойнайтын актерлердiң көзқарастары, жылы қарым-қатынастарына көп нәрсе байланысты. – Жастар театрында ұзақ жыл еңбек еттiм дедiңiз. Өнердегi сол алғашқы қадамыңыз жайлы әңгiме өрбiтсек… – Ол ендi тарихы тереңде жатқан, екiншi курста оқып жүргеннен-ақ табанымның ыстығы қалған сахна – жастар театры ғой. Өнер деген өзi адамға күш беретiн, желпiндiретiн, көңiлiңдi көтеретiн қасиеттi сала емес пе? Студенттердiң бәрi массовкаға қатысамыз. Әрi мамандығымызға бейiмделемiз, әрi бiр сомнан ақша төлейдi, соған мәзбiз. Сахнада әрi-берi жүгiремiз де жүремiз. Бiр күнi "неге мен жүгiре беруiм керек" деп, жүгiрiп өткен топтан бөлiнiп, сахнада жан-жағыма жалтақтап қарап қалып қойдым да, сәлден кейiн соңдарынан тұра жүгiрдiм. Залда қарап отырған режиссер: "мына қыз кiм, маған шақырыңдаршы",– дедi орысша. Өзiм бiрауыз орысша бiлмеймiн, түсiнбеймiн де. Қасымдағылар да аң-таң. Сөйтсем, әлгi қимылым ұнаса керек, " репетициядан қалмай, келiп жүрсiн" дептi. Содан театрдан шықпайтын болдым. Сөйтiп жүрiп спектакльдегi жанама рөлдермен қатар, жеке бейнелерге қол жеттi. Үшiншi курста жүргенде "Махаббат неге оянбады?" деген спектакльде ойнадым. Бұл менiң алғашқы жасаған жеке образым. 80-шi жылдары Арал жаққа гастрольде жүрiп, қиырдағы бiр ауылда бiр үйге тоқтадық. Мұғалiмдер отбасы екен. Сонда әлгi үй иелерi сол спектакльде танысқанын айтып, мыжылып қалған ескi билеттерiн көрсетiп, мәре-сәре болып қалдық. Менiң де жастау кезiм, әлгi билеттi, спектакльдiң программасын не болмаса әлгi жас жұбайлардың аты-жөндерiн жазып алмағаныма қазiр қатты өкiнемiн. Жастар театры болғаннан кейiн жас қыз-келiншектердiң рөлiн ойнап жүрiп, алғаш Әкiм Таразидiң "Жақсы кiсi" спектаклiнде Балзия деген ананың рөлiн ойнадым. Жанат Хаджиев қойды. "Алдымызда апаларымыз бар ғой" десем, "қашанғы қыз болып жүре бересiң, саған бетбұрыс жасау керек" дедi. Талай режиссерлармен қызметтес болдым. Болат Атабаевтың қаталдығы, Әубәкiр Рахимовтың iскерлiгi риза етсе, ондағы қызметтес, сахналас болған актер-актрисалардың өнерiне қалай сүйсiнбессiң!? Күләй Мұратәлиева деген актрисамыз болды, қос жанары шарасынан шығып кете жаздап сахнаның төрiнде отырғанда бiр керемет! Бибiза Құланбаева ше, аңыраған үнiн сол бойы қолдана алмадық та. Мәкiл Құланбаевтардың отбасы ғой, сондықтан да сахналастарымның әрқайсысының шығармашылық ғұмырымдағы әсерi мейлiнше мол. Мариям Жақсымбетова деген күн дидарлы актриса болды. Оның қайталанбайтын сұлулығы әлi күнге оны бiлетiндердiң жүрегiнде. Ақмаңдайлының өзi, сахнаға шыға келгенде төңiрегiне сәуле шашып, зал нұрланып кетер едi. Кейде ойлаймын, солар жайлы қағазға түсiрейiншi деп, бiрақ қол тимейдi. Солардың жалғыз көзi Қасым аға қалды, бүгiнде ол да елеусiз. Сексен жылдығын атап өте ме, өтпей ме, белгiсiз… Жастар театры – менiң жастық шағым, өмiрiмдегi ең бiр қимас кезеңдерiм өткен жер. Ұлылардың iзi – Жәкiбаев Қасым ағамнан басқа ешкiм қалмады, жүректi ауыртпайын деп көп бас сұға бермеймiн. "Гамлеттi" Алтынбектей ойнаған ешкiм жоқ шығар. Әмина апам қандай керемет! Осылар жайлы тiптi кейде ауызға да алынбай жатады, iшiң ашиды-ақ. Өмiрiмнiң ең бiр қимас шақтары, бақытты кезеңдерi сол театрда өттi. Гүлжамал Қазақбаеваның бiр жақсы қасиетi бар, ол үнемi қойын дәптерiне жазып жүредi. – Сiзден бiр байқағаным, өзiңiзден гөрi өзгелер жайында айтқанды ұнатады екенсiз. Бұл жақсы қасиет-ау… – Қазақ айтады ғой, "Илегенiң бiр терiнiң пұшпағы" деп. Өнер деген үлкен бiр қасиеттi шаңырақтың астында, көрермендердiң қуанышына бөленiп жүргеннен кейiн, сол талғамы терең көпшiлiкке ұсынатын ортақ дүниелер үшiн тер төккен қайран аға-апаларымыздың жүрiп өткен бүкiл ғұмырлары үлгi-өнеге ғой. Ал өзiмнен кейiнгiлердiң бәрi сыйлап тұрса, өнерiңдi бағалап тұрса, бiлмегенiн сұрап тұрса, әрине, ақыл-кеңесiң жетiп жатса, бiрлесе жұмыс iстегенге не жетсiн. Театрда бiр бөлмеде "тұратын" Данагүл, Гүлшаттар маған дейiн де көрерменi қалыптасқан актрисалар. Бiздiң алдымыздағы толқын, тiптi керемет. Марқұм Шолпан апай Жандарбекова, Хадиша Бөкеева, Елебекова Хабиба апайлар ше? Шәрiпова Фарида апамның өнерi түгiлi, сахнадағы жүрiс-тұрыстарына әлi күнге ғашық болып келемiз. Сөйлеу мәнерi, дауысы, құлаққа жағымды үнi, кербез жүрiсiнен әлi күнге таймаған сұлу! Кейiпкерлерiмен бiрiгiп, тұтасып кететiн рөлдерi қандай! Әлгi кейiпкерлерiнiң образына кiрiгiп кеткендерi сонша, сөздерiн жаттап алғандары сонша, өз сөздерiмен толығып-толысып әдемi бiр иiрiмге түсiп алған. Өнердегi қара шалдарды айтпағанның өзiнде Сабира, Бикен, Әмина апайлар, шын мәнiнде қайталанбайтын тұлғалар ғой. "Бiржан салдың" түсiрiлiмi кезiнде Хабиба апаймен Бурабайда он екi күндi бiрге өткiздiм. Әңгiмешiл-ақ. Таңды таңға ұрып әңгiме-дүкен құрамыз. Жiгiттерге ән салғызады. Сонда бiз кәдiмгiдей шаршап қаламыз, ал ол кiсi өзiн соншалықты сергек ұстайды. Тiптi қай жылы, қай күнi қандай спектакльдiң премьерасы қалай жүрдi, бәрiн жатқа айтады. Есте сақтау қабiлетiне таң қалдық. Сонау, тоқсаныншы жылдардың басында, тоқырауға ұшыраған заманда бiраз талантты азаматтарымыз театрмен қоштасып, күнкөрiс қамымен қызмет ауыстырып жатты. Бертiнде де бiраз қыз-жiгiттер, әсiресе, жiгiттер кетiп қалды. Дегенмен де, бүгiнде театрда әр толқынның өзiнше жас шамаларына қарай қалыптасқан шығармашылық топтары бар. Қазақ өнерiн қалыптастырған, iргесiн қалаған небiр дарынды актерлер жайлы күн-түн әңгiмелеуге болар едi, әрине… Бiз актрисаның әлденеге алаңдап, "Қазақфильмге" түсiрiлiмге асығып отырғанын iшiмiз сездiк те, сұрағымызды телесериалдарға бұрдық. – Өзiңiз тоқырау деп қалдыңыз, ал сол жылдары елiмiздiң төл туындылары қатары ұзын-сонар телесериалдармен толықты. Бұл таза өнерге жата ма, әлде өмiрiмiзге күнкөрiс қамымен енген жаңалық па? – Әрине, өнер! Бұл тоқырау жылдарындағы халықтың әл-ауқатының төмендеп, елiмiздiң экономикасы ақсап тұрған өлiара кезеңде, халықтың көңiл-күйiн басқа бiр жақсы нышандарға бөлу мақсатында ұйымдастырылған шаралар. "Перекресток" орыс тiлiнде болғанымен, менталитетi таза қазақша жоба. Қазақи тәрбие, ата-әже, немере, келiн, күйеу бала орыс тiлдерiнде "сайрағанымен" тiрлiктерi, тек қалада өтiп жатқан оқиғалар дегенiңiз болмаса, таза қазақи тiршiлiк. "Ағайындыларды" қалай төл туындымыз демеске, өйткенi, қазақтың ұлттық тәлiм-тәрбиесi, үрдiсi аңқып жатқан жоқ па?! Қазақтың қаны тасып жатыр, ағайындылардың бiр-бiрiне мейiрiмi, бауырмалдығы былай тұрсын, көршiлерiне дейiн қазақи ауылдың ғана емес, қалалықтардың да тiрлiгiне жақын әрi таза төл туындыларымыздан бiрде кем емес. Әңгiмелерi былай тұрсын, үй-жай, қора-қопсықтарына дейiн қазақтың тiрлiгi емес деп көрiңiзшi? Экранға көз салғаннан жүрегiң жылып сала бередi. Теледидардың да мүмкiндiгi мол. Қазiр "Айналайын немерем" түсiрiлiп жатыр. Гүлжамал Қазақбаева, Бекжан Тұрыс, Кәдiрбек Елеусiзов және мен. – Бүгiнде актер-әншiлер тойшыл деген пiкiрге қалай қарайсыз? – Қай заманда да әншi-актерлер сал-серi болған. Оның үстiне, тойхана ма, театр ма, халықтың алдының бәрi сахна ғой. Той иелерiнiң өзi соны мәртебе санайтын жағдайға жеттi, "пәленшенiң тойында анау әншi болыпты" дегеннiң өзiне марқаятын қазақтар баршылық. Сондықтан мен үшiн әбестiгi жоқ. – Сiздi комедияда да, трагедияда көрiп жүрмiз. Жаныңызға қай жанр жақын? – Мен негiзi трагикомедияны жақын көремiн. Жылап отырып күлiп, күлiп отырып ағыл-тегiл жылау дегенiңiз, жан-дүниеңiздiң жаңаруы ғой. Бiрақ, өкiнiшке қарай, бұл жанр көп жазыла бермейдi, шығармалар жоқ болған соң қойылмайды. Өте сирек. Әрине, "Ана – Жер-Ана", "Қаракөздiң" орны бөлек. Әркiм өзiнiң жанына жақын шығарма жазады ғой, өмiрге әкелген әр перзентiңнiң тағдыры да әрқилы болатыны сияқты, шығармашылық ғұмыр да дәл солай. Өз басым Сұлтанәлiнiң көркем дүниелерiн, әсiресе, арнау шығармаларын жақсы көремiн, жаныммен қабылдаймын. Таза сезiмге құрылған шығарма қай заманда да шынайы болмақ. Балғабаев сияқты драматургтер театрмен байланысын үзбесе, театр репертуарына жаны ашып, ат салысып тұрса, артистердiң де шабытына шабыт қосылар едi. Қазақ әдебиетiнде құнды дүниелер жеткiлiктi-ақ, дегенмен, тiршiлiктен алыстап кетпейтiн сезiм, шынайы бауырмалдық, махаббат, өмiр жайлы туындылардың халыққа көптеп ұсынылуы қажет-ақ. Жалпы, өнер адамдары қос тағдырлы ғой, өз ғұмырың, сахнадағы ғұмырың. Тiптi, кейде екi жүрек бар сияқты деп ойлаймын. – Әңгiмеңiзге қарағанда, театрда да, өмiрде де бақытты сияқтысыз. Өнер адамының бақыты неде? – Әрине, қыз баланың өмiрге келгеннен кейiнгi негiзгi мiндетi – тұрмыс құрып, сәби сүю ғой. Тiршiлiктегi сәттiлiктердiң бәрi отбасынан бастау алатыны белгiлi. Өз ошағында бақытты адам қызметте де жолы болғыш, айы оңынан туып тұрады. Бұл жағынан менiң маңдайымның бағы бар актрисамын. Жолдасым да, ата-енем де өнерге жандары ауырып тұратын, түсiнетiн жандар болып кездестi. Ал балаларымды өзiмнiң кәсiбiме баулуға жүрексiндiм. Тiптi, сенсеңiз, бiрде-бiр рет театрға алып келмеппiн. Кейде бұл қылығыма өкiнемiн де, өйткенi, бойында өнерге деген ынта-ықыласы бар адам өте әсершiл, адам жанын тез ұғатын, мейiрiмдi болып өседi. Ер балалар болған соң солай ұстанған болуым керек, кәсiптерi жаман емес. Дегенмен, кейде бойларынан жылт ете қалған жасудай әсерлi қылық көрсем, "әй, осыдан актер шығар ма едi" деп қалатыным бар. Өнердiң жолы өте ауыр екенiн сезiнгендiктен де, өнерге келдiң екен жарқ етiп, жарық жұлдыздай жануың керек деп ойлаймын. Ал жолың болмады екен, басқа кәсiп iзде. Ер азаматтың отбасының тiрегi, асыраушысы екенiн ескерiп кейде ұлдарымның басқа мамандықты қалағандарына тәубә деймiн. Актер танымал болуы керек, барған, жүрген жерлерiнде бiреулердiң танып-бiлiп жатқанын жаның қалап тұрады… Өнер адамдарын ел бiлiп, халық танып жатқанымен де, еңбектiң еленiп жатқаны да жаныңа жылылық сыйлайтыны ақиқат екенiне көз жеткiзгендей болдық. Өнердiң үш тармағында да өзiндiк қолтаңбасы қалыптасқан актрисаны Алматының жоғары жағында орналасқан "Қазақфильм" ғимаратына дейiн шығарып салып тұрып, өнердегi өмiрiнiң ұзақ болуын тiледiк… Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ