Жаңалықтар

КҮНГЕЙДЕГI КИЕЛI МЕКЕН

ашық дереккөзі

КҮНГЕЙДЕГI КИЕЛI МЕКЕН

Оңтүстiк Қазақстан облысының өткенi мен бүгiнi

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ

Адам санасы өсiп, даму сатысында жоғары деңгейге өрлеген сайын жан-тәнiмен шынайы сүйетiн, бас иiп, құрметтейтiн әрi табынатын нәрселерi азая беретiнi өмiр заңы. Адамзаттың балалық кезеңiнде жұмыр басты пенделер отқа да, суға да, тағысын тағы көптеген заттар мен құбылыстарға тәу етсе, сатылап даму барысында мұның көбiнен арылғаны белгiлi. Солай бола тұра адамзат жер-ана, туған жерге деген құрмет пен сүйiспеншiлiктен ешқашан қол үзе алмайды. Туған жерге құрметiн жоғалтқан, сағыныштан айрылған пенде адам атын алып жүруге лайық па?! Шексiз құрметтен шынайы сүйiспеншiлiк туындайтыны да табиғат заңы. Туған жерiн шын сүюге қабiлетсiз адамдар жел айдаған қаңбақ, тамырсыз өскен дара. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Туған жерден асқан не бар? Оның үстiне, ол шынында да сұлу болса! Алатау мен Тянь-Шаньнiң асқаралы сiлемдерi және биiкте жатқан көкөрай шалғындары, Шарын шатқалының қайран қалдырар арналары мен құлама сарқырамалары, сонадайдан көз тартар Үстүрттiң тылсым кеңiстiгi, iнжу-маржан Балқаштың көгiлдiр айдыны, жасыл желек жазира, самал желмен жайқалған ақ селеулi даласы, кербез сұлу Бурабайдың бишiдей бұралған ақ қайыңдары мен шыршалы ормандары, өркеш-өркеш таулары мен айна көлдерi, толқындары тулаған қарт Каспийдiң шетсiз-шексiз, шалқар айдыны тамсантпай қояр ма!" – деп тебiрене айтуы кiндiк кескен туған жерiн ерекше құрметтеп, шексiз сүйетiн қазақ халқының шын сырындай.

ГЕРОДОТ НЕГЕ ТАҢҒАЛДЫ?

Қазақ даласының сандаған ғасырлық тарихында ежелден халық ең көп қоныстанған шуақты да шырайлы оңтүстiк өңiрi – Оңтүстiк Қазақстан облысының киелi жерi аса маңызды рөл атқарған. Күн сәулелi күнгей аймағы ерте замандардан-ақ айналадағы халықтарға кеңiнен таныс әрi етене жақын едi. Гүлмайса өңiрдегi көптеген қалалардың базарларында Батыс пен Шығыстан әкелiнген түрлi тауарлар сатылып, сандаған бай керуендер ырғалып-жырғалып, көз сүйсiндiре шартарапқа аттанатын. Күнгейдiң байырғы киелi жерiне иелiк еткендер ұлан-байтақ Ұлы Даланың да кiлтiн уысында ұстайтын едi. Сондықтан қазақ даласының шежiресi, алты алаш тарихының қай кезеңiн алсақ та Оңтүстiк Қазақстанды айналып өту мүмкiн емес. Күнгейдiң көрiктi жерiнсiз, оның ұлағатты, тамыры терең тарихынсыз Қазақ елiнiң тарихы толық бола алмайды. Расында, ғажайып сұлулық пен тәлiмдi-тәрбиелi тарих осынау киелi өлкенi мәңгiлiкке тұрақ еткен секiлдi. Бұл аймақты ерте замандардан адамдар мекен етiп, бiздiң заманымыздан бұрынғы II мыңжылдықта айтарлықтай өркениетке қол жеткiзген. Бiлiктi зерттеушiлер мен ғалымдардың айтуынша, ең алғаш жабайы иттi қолға үйретiп, таутеке, бұғы, тағы басқа да аңдарға ит қосып аулады, садақ атуды жетiк меңгердi және құс аулауды кәсiп еттi. Әсiлi, алғыр иттi жетi қазынаның бiрiне жатқызғандар да осы өңiрдегi байырғы аңшылар болса керек. Ең бастысы, келешекте Шымкентте аңшы иттерге ескерткiш қойылар болса, оны заңдылық деп те қабылдау ләзiм. Күнгейдегi өмiр сүруге қолайлы жерлерге қоныстанған ежелгi адамдар әскери және жүк арбаларын кеңiнен пайдаланып, жылқы және түйе өсiрдi. Осылайша б.з.б II мыңжылдықтың басында кiндiк Азияның көкжиекпен астасқан кеңiстiгiнде салт атқа мiнген сайыпқырандар: ауыздық пен жүгендi, үзеңгiнi ойлап тапқан дүлей мiнездi далалықтар әлем тарихын түбегейлi өзгерттi. Қазақстанның оңтүстiгiн мекендеген сақ және массагет тайпаларының жауынгерлiк даңқы мен байлығы төрт құбылаға кеңiнен жайылып, көршi елдердiң қызғанышын туғызушы едi.

Бiздiң заманның I ғасырындағы ежелгi тарихшы Үлкен Плиний: "Яксарттың арғы жағында скиф тайпалары өмiр сүредi. Парсылар оларды жалпы сақтар деп атайды. Сақ халықтарының саны шексiз. Олардың ең атақтылары сақтар, массагеттер, исседондар, аримаспылар", – десе, "тарихтың атасы" атанған әйгiлi грек тарихшысы Геродот жоғарыда айтылған массагеттер туралы: "Бұл халық саны көп және жауынгер халық деп есептеледi, Аракс (Сырдария) өзенiнiң арғы жағында, Шығыста – исседондарға қарсы тұста өмiр сүредi. Киiм киiсi, тұрмыс салты жағынан массагеттер скифтерге өте ұқсас… Атқа салт мiнiп және жаяу соғысады. Соғыстың бұл екi әдiсiн де бiледi; садақ пен найза қолданып шайқасады; әдетте айбалта да ұстап шығады. Олардың заттарының бәрi алтын мен мыстан жасалған…", – деп таң-тамаша қалып, сүйсiне жазғаны тарихтан мәлiм. Арада сандаған ғасырлар, мыңдаған жылдар, небiр қиын-қыстау заман өтсе де, Геродот әңгiме қылған Оңтүстiк Қазақстан өңiрiн мекендеген байырғы жұрт – қазақтардың өршiл рухы да, байлығы да бiр мысқал азайған емес.

Қазiргi Оңтүстiк Казақстан облысы да республиканың ең маңызды, тоғыз жолдың торабындағы аса дамыған аймақтардың бiрi болып саналады. Шығысында – Жамбыл, солтүстiгiнде – Қарағанды, батысында – Қызылорда облыстарымен шекараласады. Ал оңтүстiгiнде көршiлес Өзбекстанмен қоян-қолтықтасып жатыр. Облыстың жалпы аумағы – 117,3 мың шаршы шақырым, халқының саны 2,5 млн. шамасында.

Облыстың құрамына 8 қала, 11 ауылдық аудандар кiредi. Оңтүстiк өңiр Қазақстан бойынша халық ең көп және тығыз орналасқан аймақ. Елiмiздегi әрбiр төртiншi қаракөз сәби қасиеттi күнгейде iңгәлап дүние есiгiн ашады.

Төле би бабамыз "Берекенi көктен тiлеме, бiрлiгi мол көптен тiле" дегендi бекер айтпаған. Бiрлiгi мол елдiң тiрлiгi де берекелi болатыны белгiлi. Әсiресе, Оңтүстiк Қазақстан өңiрiне оралмандарды қоныстандыру жөнiндегi қолға алынған кешендi жобалар бағдарламасы баршаға үлгi боларлықтай-ақ iс. Оның нақты көрiнiсi – "Асар" шағын ауданының дүниеге келуi болатын. Жанға жайлы, адам тұрмысына қажеттi барлық жағдайлар қарастырылған әсем үйлер әркiмнiң де әуесiн келтiретiнi күмәнсiз. Өткен жылы осы жоба бойынша 250-дей үй пайдаланылуға берiлген болатын. Әр үйдiң қасындағы жылыжай тұрақты табыс көзi болумен қатар жаңа қоныстанушылардың тұрғын үй несиесiн өтеуiне де қолайлы мүмкiндiк бередi. Ең бастысы, "Асар" жобасы бойынша облыста 1725 коттедж салыну қарастырылған және оның әрбiр шаршы метрiнiң құны небары – 368 доллар. Бұл жайт облыстың әлеуметтiк жағдайын тұрақтындырып, экономикалық әлеуетiн өсiре түсетiнiне күмән жоқ.

Оңтүстiк Қазақстан облысы территориялық көлемi жағынан елiмiздегi ең кiшкентай әкiмшiлiк аймақтардың бiрi болғанымен оның Қазақстан экономикасында алатын орны ерекше. Әсiресе, ауыл шаруашылық өнiмдерi – түрлi көкөнiстермен iшкi нарықты қамтамасыз етуде күн шуақты күнгейдiң мүмкiндiгiн жиi еске алуға тура келедi. Бүгiнде облыс әкiмдiгi тарапынан ауыл шаруашылық техникасының қосалқы бөлшектерiн жасауға ерекше назар аударылып отырғаны да бекер емес. Кейбiр деректерге қарағанда, қолдағы техниканың 40 пайызы қосалқы бөлшектердiң жетiспеушiлiгiнен жарамсыз болып есептеледi. Тек осы саланы дамыту арқылы материалдық-техникалық базаны жақсартуға, техниканың пайдалану мерзiмiн ұзартуға болады дейдi бiлiктi мамандар. "Оңтүстiк Қазақстан машина жасау зауыты" акционерлiк қоғамы қажеттi бөлшектi шығаратын iргелi зауыттардың бiрi. А.Балабаев мырза басшылық жасайтын аталмыш акционерлiк қоғам бiр күндiк табысты ойлау ғана емес, болашақтың негiзiн бүгiн қалауға ұмтылатын ұжым екенiн дәлелдеуде. Осы зауытта биыл iске қосылған полимер цехы зауыттың жұмысын тұрақтандырып қана қоймай, келешекте өңiрде ауылшаруашылық өнiмдерiнiң көптеп өндiрiлуiне кең жол ашатын iлкiмдi жоба болмақшы. Облыс әкiмi Асқар Мырзахметов мырза елiмiзде қолға алынып отырған үдемелi индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының өңiрде мейлiнше тиiмдiлiгiн танытуына мүдделi жандардың бiрi. Ол өз iсiнде өңiрдегi барлық ауыл, елдi мекендердi өз көзiмен көрiп, тыныс-тiршiлiгiмен тiкелей танысуды парыз санайды.

ЖОЛДАР ШАҚЫРАДЫ…

Облыс әкiмi Асқар Мырзахметов мырзаны жолдар шақырады… Алыс жолдардың ерекше бiр қасиетi – адамның күнделiктi қат-қабат шаруалары мен тындырылған сандаған iстерiн қайтадан ой елегiнен өткiзiп, асықпай сарапқа салуға мүмкiндiк беретiнi. Жайшылықта соншалықты маңызды көрiнетiн ұсақ жайттар екiншi қатарға сырғып, басты мәселе ауқымдана, жан-жақтылана түсетiндiгiнде.

Соңғы кезеңде елiмiздiң билiк сатыларында қалыптасқан аса бiр жағымсыз жайтты айналып өту мүмкiн емес. Ол – түрлi деңгейдегi әкiмдердiң ел тұрмысымен, қарапайым көпшiлiктiң тыныс-тiршiлiгiмен танысуға салғырттығы, аймақтағы жұртшылықпен бiте қайнасып кете алмайтындығы. Тiптi, соңғы жиырма-жиырма бес жыл көлемiнде қасиеттi топырағына облыс әкiмдерi түгiлi, аудан әкiмiнiң да аяғы тимеген қоңыр ауылдар бар. Ал қоңыр ауылдарда қордаланған түйткiлдердi толығымен шешпей тұрып, Қазақстан дамудың жаңа деңгейiне ешқашан көтерiле алмайтыны аян. Қазақ елiнiң тарихы жер сауып, маңдай терiн төккен ауыл адамдарынсыз ешқашан толық бола алмайды.

…Бiздiң заманымызға дейiнгi I мыңжылдықтың аяғында Оңтүстiк Қазақстанда – орталығы Сырдарияның бойындағы Битян қаласында iрге тепкен қуатты Қангюй мемлекетiнiң даңқы асқақтады. Түркiтiлдес қангюй халқы ғұндардан тараған болатын және олар темiр қорытып, ұсталар өткiр орақ, түрлi балта, пышақ, жебе ұштарын, сүйектен әйгiлi құрама садақтардың қаптамаларын, қымбат түйреуiш, бекiтпе айылбастар, түрлi әшекейлiк бұйымдар жасаған. Бiр сөзбен түйiндесек, ұсталық пен зергерлiк өнер оңтүстiкте ежелден дамып, адамдардың тұрмысына тереңдеп енген өнер. Зерттеушiлердiң жазуларына қарағанда, мал өсiру мен егiншiлiк те қатар дамып, кеңiнен тараған. Түрлi теңгелер, Қытай мен сасанидтер әулетiнiң ақшалары, Шығыс Еуропадан әкелiнген қымбат әшекей заттарын кеңiнен пайдаланып, салтанатты өмiр кешiптi. Ержүрек қангюйлер Жiбек жолының Сырдария бойымен өтетiн бөлiгiн өз бақылауларында ұстады әрi айналадағы беймаза көршi елдер олардың айбатынан сескенетiн. Бiздiң заманымызға дейiнгi II ғасырдың ортасындағы Қытай жазба деректерiнде өр мiнездi, қайсар, өжет мiнездi қангюйлер туралы: "Қангюй тәкаппар әрi өр, бiздiң елшiлер алдында бас июге әсте келiспейдi. Оған мұрагерден жiберiлген кiсiлердi усун елшiлерiнен төмен отырғызады", – деп өкiнiшке толы шарасыздықпен жазғандары тарихтан жақсы белгiлi. Яғни, күнгейдегi жұртқа жан-жақтан елшiлер ағылып, сауда керуендерi шартарапқа тоқтаусыз жөнелiп жататынын осынау қысқа тарихи деректен-ақ жақсы аңғаруға болатын секiлдi.

Ал мұндай халықаралық тығыз қарым-қатынас жақсы ұйымдастырылған әрi аласапыран уақытта мықтап қорғалатын жолдарсыз жүзеге асырыла қоймайтындығы айтпаса да түсiнiктi.

Ұлы қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев: "Түркiстан – екi дүние есiгi ғой, Түркiстан – ер түрiктiң бесiгi ғой", – деп жырлағандай, ежелгi Түркiстан өңiрiнiң киелi бөлшегi – Оңтүстiк Қазақстан облысы, әсiресе, киелi Түркiстан қаласы аңызға толы жерұйық, осы өлкеде болып өткен барша тарихи оқиғалардың басты куәгерi. VI ғасырда ежелгi Түрiк қағанаты қалыптасып, оның ұлан-байтақ жерi Тынық мұхиттан Қара теңiзге дейiн созылып жатты. Жерорта теңiзi мен Қытайды жалғастырған Ұлы Жiбек жолының Оңтүстiк Қазақстан және Жетiсу жерлерi арқылы өтетiн солтүстiк немесе Ұлы даланы кесiп өтетiн екi тармағының кiлтi де нақ осы көкжал түркiлердiң уысында едi. Төрткүл дүниенi дүбiрлеткен түркiлер сол уақыттағы Византия, Иран, Қытай, Үндiстан секiлдi аса iрi мемлекеттердiң саяси өмiрiне ықпал жүргiзiп, экономикалық қарым-қатынасты, сауда-саттықты нығайтумен болды.

Жiбек жолының Сырдария бойымен өтетiн өңiрiнде Отырар (Фараб), Испиджаб, Сайрам, Суран, Ясы-Түркiстан, Сығанақ секiлдi iрi шаһарлар шұрайлы аймақтың сәнiн келтiрiп, шуға толы базарлары аңызға айналды. Ал iрi қалалардың дамып, өркендеуiне қан тамырларындай жан-жаққа таралып жататын жолдардың ерекше рөлi болатыны бесенеден белгiлi.

Мыңдаған шақырымға созылған жолдар бүгiнде де Оңтүстiк Қазақстан өмiрiнде ерекше мәнге ие болып отыр. "Жол – экономиканың күре тамыры" дейдi дана халқымыз. Қазiргi уақытта Оңтүстiк Қазақстан облысындағы автокөлiк жолдарының жалпы ұзындығы 5209 шақырымды құраса, оның 4423 шақырымының облыстық маңызы бар. Кеңестер Одағы кезiнде де Қазақстандағы автожолдар торабының ең дамыған өлкесi бұрынғы Шымкент облысы болып табылатын. Жасыратыны жоқ, ел экономикасы құлдыраған 90-шы жылдары облыс аумағындағы жолдардың 70-80 пайызға жуығы техникалық күтiмi болмай, тозғындауға жеткен болатын. Облысқа жаңа әкiм Асқар Мырзахметов тағайындалғалы берi облыстағы автокөлiк жолдарын жақсартуға ерекше назар аударыла бастағанын айта кеткен жөн. Мәселен, өткен жылы Оңтүстiк Қазақстан облысындағы автокөлiк жолдарын жақсарту үшiн 16,8 млрд.теңге қаржы жұмсалды: жергiлiктi маңызы бар 1600 шақырымға жуық жол жөнделiп, 11 әсем көпiр салынған, 36,6 шақырым автокөлiк жолы жаңартылды. Осындай шешiмдi iстердiң нәтижесiнде, өткен жылы облыс жолдарымен 69 млн. тонна жүк жеткiзiлiп, жалпы саны миллионға жуық жолаушылар тасымалданды. Облыстың жаңа деңгейге көтерiлуiне "Жол картасы" мемлекеттiк бағдарламасы зор көмегiн тигiзуде. Көрiктi күнгейде "Жол картасы" бағдарламасы биыл да қызу жалғасуда…

Жаңабек ШАҒАТАЙ