ҚЫРҒЫЗСТАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨМЕГIНЕ ЗӘРУ
ҚЫРҒЫЗСТАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨМЕГIНЕ ЗӘРУ
Астана гуманитарлық көмектi арттырып отыр
Алатаудың ар жағындағы айыр қалпақты ағайынның уайымы сейiлер емес. Елдiң берекесiн қашырған бейберекетсiздiк қаншама жанның көңiлiне қаяу салған. Атыс-шабыстан әбден мезi болған олардың ендiгi тiлейтiнi – тыныштық пен бейбiт өмiрдiң орнауы ғана.
Қырғызстанда болған дүрбелең елдiң экономикасын да тығырыққа тiредi. Онсыз да жұмыс көзiне зәру халықтың жағдайы ауырлай түскен. Бүгiнде жоқшылық қолын байлаған қырғыз халқына әлемдiк қауымдастық көмек берiп келедi. Атап айтқанда, АҚШ экономикалық-әлеуметтiк жағдайы күрт төмендеп кеткен Қырғызстанға 9,5 миллион доллар бөлсе, бауырлас Түркия мемлекетi де өз көмегiн Қазақстанмен бiрлесе отырып көрсетудi қолға алған. Осы бағытта ЕурАзЭҚ ұйымына қатысушы мемлекеттермен бiрге, әсiресе Ресей мен Қазақстанның белсене қатысуымен осы ұйымның банкiнен 290 миллион доллар қаражат бөлу көзделген. Ал, әу бастан көршi халыққа қолұшын созып келген Қазақстан гуманитарлық көмегiн ешқашан үзген жоқ. ЕҚЫҰ тiзгiнiн ұстаған қазақ елi аумалы-төкпелi сын сағаттарда-ақ бейбiт халықтың жапа шекпеуi үшiн туындаған мәселелердi шешуге арнайы келдi. Елбасы Н.Назарбаев қиын жағдайды бастан өткерiп отырған қырғыз халқына жан-жақты қолдау көрсетiп, әсiресе, елдiң экономикасын қайта қалпына келтiруде қолда барды аянып қалмауды тапсырған едi. Осы тұрғыда көршiге деген қамқорлықты қымбат санайтын Қазақстан тарапы бiраз шаруа тындырды. Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовтiң төрағалығымен таяуда өткен отырыста көршiлес Қырғызстан елiнiң дағдарыстан шығуына көмек беру мәселесi қаралды. Ресми мәлiметтер бойынша, мамыр мен маусым айларында Қырғызстанның оңтүстiгiн шарпыған жаппай қақтығыстар кезiнде 2 мыңға жуық ғимараттың күл-талқаны шыққан. Сондықтан, инфрақұрылымы қираған аймаққа құрылыс материалдары ауадай қажет. Бүгiнде 1880-дей отбасы баспанасыз қалып отырған жайы бар. Төтенше жағдайлар министрi Владимир Божконың айтуынша, қырғыз елiне 184 тонна металл шифер, 128 тонна жарма мен қарақұмық және 1000 тоннадан астам күрiш өнiмдерi, 48 вагон тақтай және ағаш материалдары, басқа да тұрмысқа қажеттi заттар жөнелтiлген. Бұдан бөлек 900 тонна арматура, сондай-ақ көмiр мен жанар-жағармайдың қажеттi мөлшерi жеткiзiлетiн болады.
Қырғызстанның Қаржы министрi Өсербек Имашев қиын шақта алғашқы болып көмек қолын созған Қазақстанға, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Үкiметiне Қырғызстан халқының атынан үлкен ризашылығын бiлдiрдi. Бiр айта кетерлiгi, олар Бiшкекте халықаралық донорлық конференция өткiзу iсiне мұқтаж болып отырғандығын жеткiздi. Қашан да мәрттiктiң үлгiсiн көрсетiп келетiн Қазақстан бұл шараның өтуiне белсендi түрде атсалысып, халықаралық деңгейде ұйымдастыру iсiн мойнына алатын болды.
Қырғыз жұртын мазалап отырған тағы бiр мәселе – екi елдiң арасындағы кеден бекеттерiнен адамдар мен тауарларды өткiзу. Бұл ел экономикасына елеулi қиындық тудырып отырғанға ұқсайды. Шын мәнiнде, бұл жайтқа Қазақстан тарапынан кедергi жоқ. Мұны Қазақстан, Беларусь, Ресей мемлекеттерi бiрiгiп құрған Кеден комиссиясы шешетiндiгi қырғыз делегациясының қаперiне салынды. Дегенмен, қырғыздың экономикасына керi әсерiн тигiзiп отырған бұл кiлтипанның тез арада ретке келуi премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеевке тапсырылды. Өз кезегiнде Өмiрзақ Шөкеев Қазақстан Үкiметi Кеден одағы комиссиясының талқысына қырғыз елiнде шығарылған тауарларды баж салығынсыз әкелу туралы мәселенi талдауға әзiр екендiгiн мәлiм еттi. Оның айтуынша, баж салығы жеңiлдiктерi басқа елдерде өндiрiлiп, Қырғызстанда оралатын тауарларға жүрмеуi шарт. "Егер тауар Қырғызстан Үкiметi бекiткен қағазбен бiрге келетiн болса, онда бiз бұл тауарды сол елде шығарылған деп санаймыз. Және баж салығын алып тастау туралы мәселенi шешу үшiн, оны Кеден одағы комиссиясының күн тәртiбiне қоюға әзiрмiз", – дедi Өмiрзақ Шөкеев.
Осылайша, Қырғызстан өзiнiң экономикалық ахуалын дұрыстауға кiрiсiп кеттi. Бiрақ елде басталып кеткен сайлауалды үгiт-насихат науқаны халықтың дегбiрiн қашырып отырғанға ұқсайды. Өйткенi, билiк тiзгiнiне жармасқан партиялардың жаға жыртысуы да ықтимал. Қырғызстандық ақпарат құралдарының жазуынша, қазiрдiң өзiнде елдегi 145 саяси партияның 57-сi сайлауға қатысуға ниет бiлдiрiп отыр. Әзiрге Орталық сайлау комиссиясы 26 партия өкiлдерiн тiркеуден өткiздi. Қазан айының 10-ы күнi Парламенттiң төрiнен бұйыратын 120 орынға 3500 адам таласпақшы.
Қырғызстандық билiк алдағы сайлаудың әдiл өтетiнiне сенiмдi. Жергiлiктi халық елдiң әл-ауқаты мен экономикасының тұрақтануы үшiн жаңа құрылымдағы билiкке үлкен сенiм артып отыр. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердiң СIМ басшыларының бейресми саммитiнде сөйлеген сөзiнде Қырғызстан халқын өз елiнiң даму перспективасы туралы ойлануға шақырды. "Қырғызстанда өткен, жаңа Конституция мен президенттi бекiткен референдум, осы елдiң болашағына қатысты сауалдардың аздаған бөлiгiне ғана жауап бердi. Алдағы сайлау қорытындысында азаматтар өткеннiң қателiгiн қайталамайтындай және ең алдымен экономикалық және әлеуметтiк саладағы реформалардың жүргiзiлуiн қамтамасыз ететiн билiк құрулары тиiс", – деп атап көрсеттi Елбасы.
Жәнiбек ӘШIМ