Жаңалықтар

КҮДIК КӨП, СЕНIМ ЖОҚ

ашық дереккөзі

КҮДIК КӨП, СЕНIМ ЖОҚ

Көпбалалы анаға көмек көрсетiле ме?

Газетiмiздiң №35 cанында (2.09.2010) "Бес баласымен пәтер жалдап… Көпбалалы анаға көмек керек" атты материал жарық көрген едi. Онда жалғызбасты ана Гүлнәр Сәбденбаеваның шиеттей 5 баласын оқу жылы басталып кетсе де, мектеп-интернатқа орналастыра алмай жүргендiгiн жазып едiк. Қыркүйек айының жартысы ауса да, ол балалар әлi күнге мектептiң есiгiн ашқан жоқ. Жалғызбасты ана жабырқау көңiлiне демеу таппай шарқ ұрып жүр.

Осы мақалаға орай, Алматы қалалық Бiлiм басқармасына №17 орта бiлiм беретiн қазақ мектеп-интернатының директоры Т.Ж.Абайлдадан келген жауап-хатты қаз-қалпында берiп отырмыз.

"Түркiстан" газетiнде жарияланған мақаламен таныстық. Көтерiлiп отырған мәселе, әрине, өте күрделi. Мектеп-интернат басшылығы да, ұжымы да әр ата-анаға өздерiнiң мүмкiншiлiгiнше көмек көрсетiп келедi. Қазiр интернатта 320 баланың орнына 405 оқушы оқып, тәрбиеленуде, яғни, 85 бала шамадан, санитарлық талаптардан тыс деген сөз.

Үстiмiздегi 2010 жылы шiлде, тамыз, қыркүйек айларында бала орналастыруға келген ата-аналар легi жылдағыдан жоғары болды. Оның iшiнде қаланың бұрыннан тұрақты тұрып келе жатқандары емес осы соңғы жылда, соңғы айларда қалаға қоныс аударып, расы бар, өтiрiгi бар паспорттық тiркемеге тұрып алғандар.

Бұндай сұранысты қала бюджетi ешқашан да қанағаттандыра алмайды-ау деп ойлаймын.

Бiрiншiден, мақала кейiпкерi мектеп-интернатқа тiкелей келген жоқ. Екiншiден, келген күнде де мақалада жазылғандай ол кiсiде қалалық паспорттық тiркеме жоқ. Ондай балалар мектептерге келiп, бiр күндерi белгiсiз, жоқ болып кетiп жатқандары қаншама. Ал бiзде "Всеобуч" Заңы барын өзiңiз бiлесiз.

Үшiншiден, жалғызбастылығын дәлелдейтiн құжаттары бар-жоғы тағы белгiсiз.

Төртiншiден, мектеп-интернат жатақханасына қосымша төсек қоятын орын жоқ, сыныптағы партаны айтпағанда.

Осы себептердi алға тарта келе бүгiнгi күнi мақала кейiпкерiне қол ұшын берер мүмкiншiлiк болмай тұр.

Егер қалалық паспорттық тiркемесi, тұрақты үй-жайы болса, әкесi туралы мәлiмет болса мектеп-интернат Г.Сәбденбаеваның сұранысы мен өтiнiшiн оқу жылы iшiнде балалардың қозғалысына қарай қарауға және қанағаттандыруына болады".

Ал, Алматы қалалық Бiлiм басқармасы бастығының орынбасары Г.Саматокинадан: "Директордың жауабына сәйкес, Гүлнәр Сәбденбаева деген азаматша мектеп-интернатқа хабарласпаған. Аталған мәселенi шешу үшiн барлық құжаттарымен мектеп-интернаттың директорына тiкелей жолығуы қажет. №17 мектеп-интернатының директоры Т.Ж.Абайлда мүмкiндiгiнше мәселенi шешуге тырысады" деген жауап алған едiк.

Г.Саматокина ханым сенiм отын жаққанмен, мектеп-интернат директоры Т.Ж.Абайлда "бүгiнгi күнi мақала кейiпкерiне қол ұшын берер мүмкiншiлiк болмай тұр" деп үмiт отын қайта сөндiредi. Тiптi, ол бұл мәселенi оқу жылы iшiнде ғана шешу мүмкiндiгi болатынын айтады. Сонда оған дейiн перiштедей балалар бiлiм ошағының есiгiн ашпай жүре бермек пе?! Елбасының тiкелей тапсырмасымен мемлекеттiк деңгейде өтетiн "Баланы мектепке даярлайық!" акциясынан бұл балалар тыс қалды деген осы шығар.

P.S. Қасиеттi Рамазан айында жазылған жайдың көп ұзамай шешiмiн табатынына әлi де үмiттiмiз. Газетiмiзге хабарласып, қамқорлығын бiлдiрiп жатқан барша оқырманның тiлегi де сол. Әрине, бiз жоғарыдағы жауаптардан мектеп-интернатта орын тапшылығының қатты сезiлiп отырғандығын байқадық. Әйтсе де, өзiмiздiң қазақтың қаракөз балаларын өзектен теуiп, жәутеңдетiп қойғанымыз қоғамға сын емес пе?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ