Жаңалықтар

“ШЕТЕЛГЕ АТТАНҒАНША, ӨЗ ЕЛIМIЗДI АРАЛАҢДАР”

ашық дереккөзі

“ШЕТЕЛГЕ АТТАНҒАНША, ӨЗ ЕЛIМIЗДI АРАЛАҢДАР”

Премьер-министр әкiмдерге осындай ұсыныс айтты

Дүйсенбi күнi Үкiметтiң кезектi селекторлық отырысында Кәрiм Мәсiмов елдегi индустрияландыруды ұлттық идея деңгейiне дейiн көтеру қажеттiгiн қадап айтты. Бұл Елбасының тiкелей пәрменi екен. Сонымен қатар кеңес барысында Премьер-министр әкiмдер мен ұлттық холдингтер, компаниялар басшыларына қатаң талап қойды. Ендi инновациялық, экспортқа бағытталған және жоғары өнiм шығаратын кәсiпорындар заң органдары тарапынан жүргiзiлетiн түрлi тексерулерден босатылады.

"КӘСIПОРЫНҒА ҚОЛ ТИГIЗБЕҢIЗ"

Селекторлық кеңесте 2010-2014 жылдарға арналған үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жан-жақты талқыланды. Бағдарлама бойынша жасалған жұмыстарға тоқталып, баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрi Берiк Қамалиевтiң мәлiметтерiне жүгiнсек, ағымдағы жылы құны 840 миллиард теңгенi құрайтын 144 жобаны жүзеге асырудың жоспары жасалған. Жоспар жүзеге асса, елiмiзде 20 мыңнан астам еңбек күшi жұмыспен қамтылады. Ал үстiмiздегi жылдың алғашқы жартысында 131 миллиард теңгенiң 72 жобасы жүзеге асқан. Сәйкесiнше 12 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкiндiк бар. Екiншi жарты жылдықта құны 559 миллиард теңгенi құрайтын 72 жоба жүзеге асуы керек тұғын. Әзiрге оның 4-еуi iске қосылған. "Мемлекет басшысы барлығымызға ортақ тапсырма бердi: инновациялық-индустрияландыруды ұлттық идея деңгейiне дейiн көтеру қажет, сәйкесiнше бiз барлық жұмысымызды осыған арнауға тиiспiз" – дедi кеңестi жүргiзген Премьер-министр. Мәсiмовтiң бұл сөздерiне сәйкес, кеңесте Елбасының тiкелей бұйрығымен жүзеге асатын арнайы жоспар дайындау туралы шешiм қабылданды. Кәрiм Мәсiмов мырза аталмыш жоспардағы негiзгi мiндеттердiң бiрi ретiнде Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы және "Бизнестiң жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында жұмыс iстейтiн барлық кәсiпорындардың жұмысын тексеруге мораторий жариялауды ұсынды. "Барлық бақылаушы заң органдары осындай кәсiпорындарға қол тигiзушi болмаңдар! Мен Елбасына индустриализация мен "Бизнестiң жол картасы" бағдарламасы аясында жұмыс iстейтiн кез келген кәсiпорынды тексеруге мораторий жариялау керектiгi жөнiнде ұсыныс бiлдiремiн", – дедi үкiмет басшысы. Кәсiпорындарды тексеруге белгiлi деңгейде тыйым салу керектiгiн вице-премьер, Индустрия және жаңа технологиялар министрi Әсет Исекешов ұсынған болатын. Өз кезегiнде Исекешов: "Оларды (кәсiпорындарды – Ә.Б) барынша қорғауымыз керек, өйткенi олар экономиканың негiзгi тетiгi – дей келе, – олар қалыпты жұмыс iстеуi керек және оларды әкiмшiлiк қыспаққа алу тыйылғаны дұрыс", – деп мәлiмдедi.

Жиын барысында Кәрiм Мәсiмов бiр айдың iшiнде мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп, шетелдiк инвестицияларды тарту, ғылыми және инновациялық жобаларды қолдау бойынша нақты көрсеткiштердi бекiту жөнiндегi ұсыныс енгiзуге тапсырма бердi. Әсет Исекешов Индустрия және жаңа технологиялар министрi мен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры және басқа да мемлекеттiк органдар бiрiге отырып, 150 инвестициялық жоба бойынша 21 мемлекеттiң инвесторларымен жұмыс жүрiп жатқанын айтты. Сондай-ақ, бекiтiлген Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру үшiн елiмiз өңiрдегi инвестиция тартушы аймаққа айналу керек. Сол себептi, шетел инвестицияларын бақылайтын арнайы комиссия құрылуы тиiс. Бұл – бұдан былай шетел инвесторларының талап-тiлектерi мен ұсыныс-уәждерi мұқият қаралып, өз деңгейiнде жүзеге асырылады деген сөз. Вице-премьер әуежайлар мен басқа да тиiстi мекемелерде шекара қызметiнен берiлетiн кей рұқсатнамаларды алуда да инвесторларға қолайлы жағдай жасау керектiгiн айтты. Өз кезегiнде, Кәрiм Мәсiмов облыстар мен Алматы, Астана қалаларының әкiмдерiне жеке инвестицияларды тарту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ, мемлекеттiк органдардың, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың басшыларына және өңiрлердiң әкiмдерiне екi ай iшiнде өздерi жетекшiлiк ететiн бағыттар бойынша ғылыми-инновациялық даму бағдарламасын дайындап, қабылдау жүктелiп отыр. Ал Индустрия және жаңа технологиялар минстрлiгiне, Экономикалық және сауда, Қаржы, Әдiлет министрлiктерiмен бiрге бiр айдың iшiнде Үкiметке Индустрияландыру картасын актуаризациялау жөнiндегi қаулының жобасын енгiзудi тапсырды.

ТАҒЫ БIР МЕРЕКЕ ҚОСЫЛА МА?

Селекторлық отырыс барысында тағы бiр мәселе көтерiлдi. Үкiмет индустриализациялау бағдарламасы бойынша үгiт-насихат жұмыстарын күшейтудi қолға алмақшы. Осы орайда, Байланыс және ақпарат министрi Асқар Жұмағалиев индустриализациялау күнiн белгiлеп, тiптi индустриализациялаудың әнұранын шығару туралы ұсыныс бiлдiрдi. "Индустриализациялау бойынша үгiт-насихат жұмыстарын Индустриализациялау күнiмен аяқтаған жөн. Мұндай күн әлi болмаған, дегенмен бұл күн жыл сайынғы жұмысымыздың шырқау шегi болса деймiз", – деп министр мырза өз ұсынысын Премьерге жеткiздi. Бұған қоса, Асқар Жұмағалиев телеарналардан арнайы реалити-шоу ұйымдастыру керектiгiн де ұсынды. Байланыс және ақпарат министрiнiң аталмыш идеясы Мәсiмовке ұнаған сыңайлы. Ендi тек бұл идеяны Мемлекет басшысының қолдауы ғана қалып тұр. Егер Асқар Жұмағалиевтiң ұсынысы Елбасының көңiлiнен шықса, мемлекеттiк мерекелер тiзiмiне тағы бiр күн қосылмақ. "Әкiмшiлiктер бұл жұмыстың барлығы не үшiн жасалып жатқанын түсiндiру үшiн үгiт-насихат жұмыстарын күшейту керек" – дей келе, әкiмшiлiктерге екi апта iшiнде жүзеге асатын әрбiр жобаны өз көлiктерiмен тексерудi ұсынды. "Мемлекеттiк ресурстар атынан шетел туризмiн дамытқанша, өз елiмiздi аралаңдар" – деп қадап айтты Мәсiмов. Премьер-министрдiң әкiмдiктерге берген бұл бұйрығы қалтқысыз орындалып жатса құба-құп…

ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

Сондай-ақ кеңесте алдағы қысқа дайындық жұмыстары да жан-жақты талқыланды. Елiмiздiң Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы iстерi жөнiндегi агенттiктiң төрағасы Серiк Нокиннiң айтуынша, тұтынушылардың коммуналдық қызметтерi үшiн қарызы маусым айындағы көрсеткiштен 1,7 млрд. теңгеге төмендеген. Бүгiнгi таңда коммуналдық қызметтер үшiн жалпы қарыз құны 8,4 млрд. теңгенi құрап отыр. Үкiметбасы барлық облыс әкiмдерi, ұлттық компания басшылары мен министрлiктерге қысқы маусымға дайындық жұмыстарында жiберген қателiктерiн түзеп, шұғыл түрде жинақталуды қатаң бұйырды. Кәрiм Мәсiмов: "Өйткенi қыс түседi, таяу күндерi қар жауады. Сондықтан жiтi қадағалаңыздар. Кемшiлiктер болса, ренжiмеңiздер" – дегендi баса айтты. Сонымен қатар Үкiмет басшысы арнайы комиссия мектептерде қысқа дайындық жұмыстарын тексергенiн, тексеру нәтижелерi таяу арада жарияланатынын атап өттi.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ