Жаңалықтар

ӨРТПЕН АЙҚАСҚАН ОРМАНШЫНЫҢ ЕРЛIГI

ашық дереккөзі

ӨРТПЕН АЙҚАСҚАН ОРМАНШЫНЫҢ ЕРЛIГI

Алапат өрт 7 адамның өмiрiн жалмады

Ресейдiң орманын көк түтiнге ораған алапат өрт Қазақстанға да келдi. Өткен аптада елiмiздiң Павлодар облысында төтенше жағдай орын алып, жетi бiрдей жанның жантәсiлiм еткенiн естiгенде тұла-бойымыз түршiгiп сала берген.

Әп-сәтте күшiне мiнген тiлсiз жау үш елдi мекенге қауiп төндiрген. Өртке қарсы тойтарыстың арқасында маңайдағы басқа ауылдарға өрттiң ұшқыны жете қоймады. Соған қарамастан, Шарбақты ауданындағы "Ертiс орманы" табиғи резерватының аумағында тiркелген үш өрт ошағын құтырынған дүлей жел небәрi екi сағаттың iшiнде өршiтiп әкеткен. Тiптi, мамандар өрекпи түскен желдiң секундына 25-30 метрге дейiн соғып тұрғанын айтады. Әп-сәтте айналасын шарпып үлгерген алапат өрт табиғатқа едәуiр залал әкелгенiмен қоймай, бiр мезетте жетi адамның өмiрiн жалмап үлгердi. Тiлсiз жауды ауыздықтау барысында "Ертiс орманы" резерватының Бесқарағай филиалының директоры Ержан Байкетаев, тракторшы Н. Самусь пен мемлекеттiк инспектор

Е. Молғаждаров ерлiкпен қаза тапты. Ал, жолға шыққан Жабағылы ауылының төрт тұрғыны аждаһа жалыннан құтыла алмаған. Олардың үшеуi көлiктiң iшiнде жанып кетсе, тағы бiр тұрғын орманда отқа оранған.

"Ертiс орманы" резерватына қарасты Көкжал, Майқарағай және Бесқарағай орман шаруашылықтарын шарпыған қызыл жалынның бетiн қайтаруға бар күш-жiгерiн салған азаматтар ажалының өрттен келетiнiн сезген де жоқ шығар. Өз еңбегiне адал мамандар елiмiздiң жасыл байлығын тiлсiз жаудан аман алып қалу үшiн ажалмен бетпе-бет арпалысты. Олар қара басының қамын күйттеген жоқ! Керiсiнше, бейбiт тiрлiк кешiп жатқан қарапайым халықтың зардап шекпесi үшiн, табиғаттың адамзат баласына берген сыйы – орман алқаптарын қорғау үшiн жан алысып, жан берiстi. Қандай көзсiз ерлiк десеңiзшi! Қиын-қыстау күн туған кезде кейбiр азамат өртке қарсы тұрмақ түгiлi, бас сауғалап қашып кетуден тайынбас едi. Тiптi, қарапайым адамдарды былай қойғанда, жауапты қызмет атқаратын лауазымды басшылардың мұндай сын сағатта iзiн суытып үлгеретiнiне таңқалмаймыз. Десек те, Павлодар облысындағы төтенше оқиғадан соң өз iсiне аса жауаптылықпен, құрметпен қарайтын жанкештi азаматтардың бар екендiгiне куә болдық. Олар тiлсiз жауға тойтарыс беру кезiнде ажал құшып кете барды.

Оқиға болған жерге жеткен Төтенше жағдайлар министрi Владимир Божко ел байлығын аман сақтап қаламын деп жан тапсырған бұл азаматтардың ерлiктерi ескерусiз қалмайтынын айтып өттi. Тiптi, ержүректiк пен батырлық көрсеткен марқұмдарды мемлекеттiк наградаға ұсыну туралы да сөз болды. Көзсiз ерлiк танытып, бақилық сапарға аттанған аптал азаматтарды қалай құрметтесек те жарасады. Қалың өртке қаймықпай қарсы ұмтылған қаһармандардың ерлiкке толы ғұмыры әрбiр қазақ баласына үлгi, өршiл рухымызды асқақтатар мәңгiлiк өсиет!

Павлодар облысының әкiмi Бақытжан Сағынтаев өрттен үрейi ұшқан халықты сабырға шақырып, қайтыс болған әрбiр отбасы мүшелерiне жан-жақты көмек берiлетiнiн, қаза болғандарды жерлеуге кететiн шығынды жергiлiктi билiк өз мойнына алатынын жеткiздi. “– Тас түскен жерiне ауыр. Қайтыс болған кiсiлердiң туыстарына көңiл айтқым келедi. Бiз бақилық болған азаматтардың отбасына 1 млн. теңге көлемiнде көмек берудi ұйғардық. Бұдан өзге мал жайылымы жанып кеткен ауыл тұрғындарына жем-шөп және отын жағынан қарасатын боламыз”, – дедi облыс әкiмi.

Елiмiзде соңғы жылдары тiркелген ең iрi көлемдегi табиғи апаттың орын алуы халықтың құтын қашырды. Алдын ала жасалған болжам бойынша, тiлсiз жаудан 2350 гектар қарағайлы орман күлге айналған. Апаттың келтiрген шығынын арнайы құрылған комиссия анықтап жатыр. Орман алқабынан шыққан өрттiң тұтануына электр бағанасы сымдарынан тараған ұшқын себеп болған деген болжам бар. Қазiргi кезде қауiпсiз жерлерге көшiрiлген Бәйiмбет және Жабағылы ауылдарының тұрғындары үйлерiне қайтып оралды.

Ауылшаруашылығы министрi Орман және аң шаруашылығы комитетiнiң төрағасы Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, қазiр қалған кiшiгiрiм өрттердi сөндiру жалғасып жатқан көрiнедi. Табиғаттың тосын мiнезiн ауыздықтау барысында барлық техникалық база жұмылдырылса да, нәтиже көңiл көншiтерлiк емес. Тiптi, елiмiздегi өрт сөндiру техникасының сапасыз әрi тозығы жеткенiн айтудан жалықпайтын Төтенше жағдайлар министрi Владимир Божко әлi күнге жаңа құралдардың жеткiлiксiз екенiн баса айтып келедi. Бiрақ, министрдiң сөзiн құлаққа iлiп жатқандар әзiрге саусақпен санарлықтай…

Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Лебяжi ауданының тұрғындарымен кездесiп, қайтыс болған орманшылардың отбасы мүшелерiне көңiл айтты. "Ертiс орманы" резерватындағы өрттiң қаншалықты ауқымды екенiн анықтаған кеңесте мұндай қайғылы оқиғаның алдын алу үшiн келешекте өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiнiң күшейтiлетiнiн жеткiздi. Шекарааралық орман өрттерiн сөндiруге көмектесу үшiн ресейлiктермен үкiметаралық келiсiм бекiтiлмекшi. Арнайы техника мен құрал-жабдықтарды алуға бөлiнетiн қаражаттың екi есеге артатыны да осы кеңесте сөз болды. Сондай-ақ, Кәрiм Мәсiмов Үкiметтiң отандық өрт сөндiру техникаларын шығару мәселесiн қолға алуы мүмкiн екендiгiн қадап айтты.

Жәнiбек ӘШIМ