Жаңалықтар

ОҢТҮСТIКТIҢ ҮЗДIК ТАУАРЛАРЫ

ашық дереккөзі

ОҢТҮСТIКТIҢ ҮЗДIК ТАУАРЛАРЫ

Жеңiмпаздар Астанаға жолдама алды

Оңтүстiк Қазақстан облысы отандық тауар өндiру саласында ойып тұрып орын алады. Ресми мәлiметтерге қарағанда, облыс нарығындағы тауарлардың жартысынан астамын отандық тауар құрайды екен. Тұтынушылық әлеуетi зор оңтүстiкте тауар өндiру iсi де кейiнгi жылдары айтарлықтай өскен. Оған кешегi аптада өткен "Қазақстанның үздiк тауарлары" өңiрлiк көрме-конкурсы дәлел.

Алдымен Шымкенттегi көркемсурет галереясында ұйымдастырылған байқаудың маңыздылығына тоқталайық. Аталған шара Қазақстан Президентiнiң "Алтын сапа" сыйлығын алуға арналған конкурсқа және "Қазақстанның үздiк тауары" республикалық көрме-конкурсына қатысатын тауарөндiрушiлердi iрiктеу мақсатында жыл сайын өтедi.

Конкурсқа қатысушылар үш номинацияға таласа алады. Олар "Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк тауарлар", "Халық тұтынатын үздiк тауарлар" және "Үздiк азық-түлiк тауарлары" номинациялары. Биылғы байқауға қатысуға облыстың түкпiр-түкпiрiнен 50-ге жуық кәсiпорындар өтiнiш бiлдiрген.

Байқаудың мақсаты тек бәйге алу емес, сондай-ақ, кәсiпорындар мен олардың шығаратын тауарларына қатысты сапа проблемаларын шешу үшiн мемлекеттiк органдардың, өнеркәсiптiк, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын аудару. Бiр сөзбен айтқанда, алыс-берiс жасау, тәжiрибе алмасу, жаңа жобаларға қатысу болып табылады. Бұл, әсiресе, кәсiпкерлiк саласында ендi ғана танылып келе жатқан кәсiпорындарға айтарлықтай қолдау. Сондай қолдауға ие болғандардың бiрi облыс орталығынан шалғайда жатқан Шардар ауданынан келген "Төбелдi" шаруақожалығы. Аталған шаруашылық елтiрi өңдеумен айналысады.

– Қазiр басты мәселе тауар өндiру емес, тауарды өткiзу. Осы байқауға қатысу арқылы бiз өз тауарларымызға деген қызығушылықтың зор екенiне көз жеткiзiп отырмыз. Бүгiнгi шараның өзiнде 7-8 кәсiпкер өнiмдерiмiзге сұраныс бердi. Мұның алдында бiз Қараөткел жәрмеңкесiне қатысып, "Алтын белгiнi" иелендiк. Сол шара барысында бiр топ көкшетаулық кәсiпкерлермен келiсiм жасасқанбыз. Тапсырыстар қабылдадық. Осындай iс-шаралар жиi өтiп тұрса деген тiлегiмiз де бар,–дейдi аталған шаруақожалығының төрағасы Жаппар Кәрiмов.

"Төбелдi" шаруақожалығы 2001 жылы құрылған. Алғашында өздерiнiң жұмыстарын мақта шаруашылығынан бастаған екен. Кейiннен мал өсiруге қолайлы Қызылқұм қойнауында асыл тұқымды қаракөл қойын көбейтуге ден қойған. Өз iстерiн ғылыми негiзде, нақты жобамен бастаған шаруақожалығына мемлекет тарапынан қолдау да көп көрсетiлiптi. Оңтүстiк батыс ғылыми зерттеу институтымен бiрлесiп жасаған жобасы үздiк деп танылып, 9 миллион теңге грант ұтып алған. Қазiр шаруашылықта 4 мыңнан аса асыл тұқымды қаракөл қойы өсiрiледi. Елтiрiнi илеу, өңдеу, одан сұранысқа сай киiм тiгу жұмыстары арнайы цехтарда жүргiзiлiп отыр.

– Әрине, кәсiпкерлiк салада шешiлмеген проблемалар да бар. Бiз өз жұмысымызды бастағанда банктен несие алдық. Бiрақ мемлекет тарапынан берiлетiн субсидияға да мұқтажбыз. Ал, субсидия бүгiнде асыл тұқымды малды сатып алғанға да, сатқанға да берiлiп жатыр. Бұл дұрыс емес. Бiздiң ойымызша, субсидия тек малдың аналығына берiлуi тиiс. Сонда ғана бiзде асыл тұқымды малдың тегi бұзылмай сақталады. Мал басы көбейедi,– дейдi Жаппар Кәрiмов.

Шымкентте биыл ғана iске қосылған, бiрақ аз уақыт iшiнде сапалы тауарларымен нарықты жаулаған кәсiпорындар жетерлiк. Солардың бiрi – мотор майын шығаратын "High Industrial Lubricants & Liguids Corporation" компаниясы. Зауыт "Fastroil" тауар белгiсiмен жылына 70 тонна жағар май шығара алады. Шығарылған тауарлардың iшiнде өнеркәсiптiк майлар, темiр жол, жүк, әуе көлiктерiне арналған майлар, барлық автомобиль қозғалтқыштарына арналған майлар және автоматты берiлiс қораптарына арналған трансмиссиондық майларды ерекше атауға болады.

Сонымен байқауда бағы жанып, "Жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар" атанғандар кiмдер? "Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк тауарлар" номинациясы бойынша бiрiншi орынды "HILL corporation" ЖШС, екiншi орынды "Казмедприбор" ЖШС, үшiншi орынды "Кентау трансформатор зауыты" АҚ иелендi. "Халық тұтынатын үздiк тауарлар" номинациясы бойынша бiрiншi орынды дәрi-дәрмек өндiрiсiнiң авангарды "Химфарм" АҚ, екiншi орынды "Фараб Комбинаты" ЖШС, үшiншi орынды "Төбелдi" шаруақожалығы еншiледi.

Ал, "Үздiк азық-түлiк тауарлары" номинациясы бойынша бiрiншi орынға "Барыс-2007" ЖШС, екiншi орынға "ЮНИКС" ЖШС, үшiншi орынға "Балмұздак" ЖШС лайық деп танылды.

Жеңiмпаздарды облыс әкiмiнiң орынбасары Ерлан Айтаханов және Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiне қарасты техникалық реттеу және метрология комитетi төрағасының орынбасары Т.Момышев марапаттады. Ендi үздiктер қарашада Астанада өтетiн республикалық байқауда бақ сынайтын болады.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы