Жаңалықтар

АУЫЛЫМДЫ СУ БАСҚАНДА...

ашық дереккөзі

АУЫЛЫМДЫ СУ БАСҚАНДА...

Кiмнiң кiм екенiн бiлдiк

Жолда келе жатқанымызға да он сағаттың шамасы. Алматы мен Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жәнтiкей ауылының арасы мың шақырым. Ұзақ жолдан автобуста отырған кейбiр балалар қыңқылдап, мазалары кете бастады. Ал менiң ойым сан сақта. Туған жерге жақындаған сайын жүрегiмнiң лүпiлi үдей түскендей. "Ауылымды су басты" деген хабардан берi күнi-түнi ойымнан бiр шықпай, талай түндердi ұйқысыз өткiздiм.

Алғашында ауылдан ағам хабарласып, "ауылды су басып кеттi, бiз шатырда отырмыз" дегенiн естiгенде ең алдымен жетпiстегi анам есiме түстi. Япырмай, аяғынан әзер басып жүрген анашым шатырға қалай көтерiлдi екен… Көзiме жас үйiрiлдi. Қолыма телефон тұтқасын ала салып, 071 арқылы Шығыс Қазақстан облысының әкiмшiлiгiнiң, төтенше жағдайлар бөлiмiнiң, аудандық әкiмшiлiктiң номерлерiн алып, телефон соға бастадым. Жауап беруге ерiнiп, дөрекi сөйлеп, тұтқаны лақтыра салған үлкен қызметте отырған адамдардың мемлекеттiк қызметкер этикасын да бiлмейтiнi өкiнiштi екен. Сасқанымнан облыстың ресми сайтына кiрiп, облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаевқа хат жiбердiм. Бiрден жауап келдi. Әкiмнiң кез келген мәселелерге мән берiп, жете тексеретiнi, қызметiне жауапкершiлiкпен қарайтыны осыдан-ақ байқалады. Б.Сапарбаев ауылды өзi аралап, бiзде "модаға" айналған әдет бойынша тек әкiмдермен ғана кездесiп қоймай, қарапайым ауыл адамдарының әрқайсысымен жеке сөйлесiп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, қолынан келген бар жағдайды жасағанына, нағыз адамгершiлiгiне ауыл адамдарының атынан алғысымды бiлдiрем. Көптеген лауазымды аға-апаларымыздың бiлiктiлiктерi мен адамдығын арттыру курсына Б.Сапарбаевқа жазылғандары жөн болар едi…

Жүрегiме ауыр тиген осы хабардан берi қарай жерлестерiме қалай көмектессем, менiң қолымнан не келедi деген сұрақтар мазамды алды. Жәнтiкей ауылын су басқан күннiң ертеңiнде-ақ жұмысқа келгенiмде қызметтестердiң көпшiлiгi менiң сол ауылдан екенiмдi естiп, қайта-қайта ауылдың жағдайын менен сұрап тұрды. Бiзден қандай көмек керек деп келген азаматтарға шын көңiлiммен риза болдым. Осындай қиын жағдайда өзiм жұмыс атқарып жатқан "ҚАЙНАР" университетiнiң ректоры Еренғайып Сәлiпұлының ауылға көмек ретiнде қомақты ақша бөлiп және оны апарып табыстау үшiн сол ауылдың түлегi ретiнде маған тапсырғаны өзiм үшiн артылған үлкен сенiм әрi аса жауапкершiлiктi жұмыс екенiн ұқтым. Университеттiң ұжымы да "көп түкiрсе – көл" дегендей, Еренғайып Сәлiпұлын бiрауыздан қолдап, әркiм жағдайына қарай қосымша қаржы жинап бергенiне қалай риза болмассың.

Мен келе салысымен Жәнтiкей ауылындағы төтенше жағдайға байланысты ауыл балалары көршi Екпiн ауылының мектебiне орналастырылғанын бiлiп, сол жаққа атбасын бұрдым. Жәутеңдеген бүлдiршiндер алдымнан жүгiрiп шықты. Әкелген сыйларымды алып, мәз-мейрам болған балалар кiшкентай қолдарымен менiң қолымды қысып-қысып қояды. Қуаныштарында шек жоқ. Әкемнiң жиi қайталап айта беретiн "Қуантсаң баланы қуант" деген нақылы есiме түсiп, осы сөздiң мағынасын жете түсiнгендеймiн.

Қазiргi кезде ауылға жаңадан үй салып, жағдайлары түзелiп келедi. Бiрақ, қиын кезде кiмнiң кiм екенi бәрi алақанға салғандай байқалып қалды. Қабырғасы қайысып, халықпен бiрге бар қиыншылықты көтерiскен ел ағаларын iштей мақтан тұтсаң, онсыз да зардап шегiп отырған адамдарды сайқымазаққа айналдырған кейбiр дөкейлерiмiздiң жасаған iстерi зығырданыңды қайнатады. ШҚО ауылшаруашылық басқармасының бастығы Д.Селиханов мырзаның теледидарға берген сұхбатында:

– Тасқын су малдарды ағызып кеткен жағдайда, өлiктi iздеу керек. Заңгерлер тiлiмен айтқанда: "Мәйiт болмаса, iс те қозғалмайды" демекшi, жергiлiктi әкiмдердiң басқаруымен бiздiң мамандар, мал өлiгiн таппай, өтемақы жөнiнде сөз де болмайды" – дегенiнде, не күлерiмдi, не жыларымды бiлмедiм. "Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды" деген рас-ау.

Гүлназ СҰЛТАНҒАЗЫҚЫЗЫ,

Алматы қаласы