Жаңалықтар

ЖАЙЫҚТЫ ЖАҒАЛАЙ ШАПҚАН ЖЫЛҚЫЛАР

ашық дереккөзі

ЖАЙЫҚТЫ ЖАҒАЛАЙ ШАПҚАН ЖЫЛҚЫЛАР

"Бетегелi белге бiтем…

Найза ұстаған ерге бiтем," –

деген екен, желмен жарысқан, қыл құйрықты жануар. Бұл-жануардың атам қазақпен бiте қайнасқаны, тұтасып кеткенi соншалық, күнi кешеге дейiн ажырату қиын едi. Тiптi қазақтың өзi де бұрын "жылқы мiнездi" болса керек. Рас, қазiр жылқы мiнбек түгiлi, одан алыстан қашатын қазақтың баласын көргенде, бұрынғының бәрi көзге ертегiдей елестейдi.

Ықылым заманнан қазақтың кең даласын емiн-еркiн жайлаған жылқының басына Кеңес өкiметiнiң алғашқы дәуiрiнде қара бұлт төндi. Тарихта қанды атын қалдырған Ф.Голощекин қолдағы бар малды, соның iшiнде жылқыны күшпен тартып алғаннан кейiн ғана 2,5 млн. қазақты аштан қыруға мүмкiндiк алды. Сонан кейiн Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ жылқылары мен түйелерi майдан қажетiне кеңiнен пайдаланылған. Тек соғыстан кейiн ғана Қамбар Ата түлiгiне мемлекет тарапынан көңiл бөлiне бастаған.

Оған дәлелiмiз, сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдары негiзi қаланған жылқы зауыттарының Батыс Қазақстан облысының аумағындағы белсендi iс-әрекетi. Өңiрiмiздегi мал шаруашылығы саласының бiлгiр маманы, еңбек ардагерi Федор Федорович Скобычкин былай дейдi:

– Сонау жылдары өңiрiмiзде № 35, № 67, № 103, № 171 және басқа жылқы зауыттары болып, онда жегiске және жұмысқа арналған жануарлар көп өсiрiлдi. Өзiм № 35 Пятимар жылқы зауытында жұмыс iстедiм. Зауытта қазақтың жабы жылқысы орыстың орел, ағылшын, кейiн Дон жылқысымен будандастырылып, тұқымын асылдандыру бағытында әжептәуiр iстер тындырылды. Көшiм асыл тұқымды қазақ жылқысы, сондай сан жылғы мал тұқымын асылдандырудың толымды нәтижесi.

Федор Федоровичтiң айтуынша, өткен ғасырдың елуiншi жылдары облысымыздағы жылқы зауыттарына сонау Мәскеуден орыстың атақты маршалы Семен Буденныйдың өзi келiп тұрған. Жылқыны жақсы көретiн маршал жағдаймен нақты танысып, көбiне зауыттарға қомақты көмегiн берсе керек. Бiр қызығы сол, жер қайыстырған қалың жылқы табындарынан басқа зауыттарда өзге түлiк те, соның iшiнде түйе де өсiрiлген. Мәселен, сол Буденный атындағы № 67 жылқы зауытында кезiнде 4,5 мың бас жылқы, 2 мың түйе болыпты.

Коммунизм құруға асыққан Н.Хрущев билiк басына келе салысымен, жылқы мен түйенi құртуға кiрiстi. Оның үстiне атты әскердiң атымен жойылуы және ауыл шаруашылығына сан алуан техниканың келе бастауы қыл құйрықты жануардың "мәртебесiн" бiрден құлдилатып жiбердi.

– Мiне, соның нәтижесiнде,-дейдi облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы Қали Ақон, – жылқы өсiру саласы әлi де еңсе көтере алар емес. Күнi кеше ғана, яғни, 1994 жылы облысымызда 122800 бас жылқы болған. Ал 2010 жылдың 1 қаңтарына шақсақ, қолда бар қылқұйрықтың жалпы саны-65200 бас ғана. Арада өткен 15 жылдың iшiнде екi есеге дейiн азайған. Бұл – көңiл алаңдатарлықтай жәйт.

Рас, "Ахуал тым жаман" деп, ауызды қу шөппен сүрту де дұрыс емес. Өңiрiмiзде жылқы өсiрiп жатқан шаруа қожалықтары көп. Мәселен, Ақжайық ауданындағы "Жамбыл" шаруа қожалығының бiр өзiнде 1153 бас қылқұйрық бар. Облыс бойынша жылқы өсiрумен 7 асыл тұқымды шаруашылық және 3 зауыт айналысады. Көшiм тұқымды жылқы өсiретiн шаруашылықтың саны бүгiнде бесеуге жеттi. Жалпы соңғы жылдары жылқыны асылдандыру бағытындағы атқарылған iстер қомақты. Оған бiр дәлел – өткен жылы асыл тұқымды шаруашылық мәртебесiн алған Ақжайық ауданындағы "Сәбит" ұжымы. Алайда жалпы алғанда, жылқы өсiру саласында асыл тұқымды малдың үлесi әлi де төмен.

Iрi-iрi шаруа қожалықтарын есептемегенде, 24 шаруашылық саны жүзден астам жылқы ұстайды. Жылқының басым көпшiлiгi Жаңақала, Бөкей Ордасы, Ақжайық, Қазталов, Сырым, Жәнiбек және Зеленов аудандарында. Бөрлiде, Шыңғырлауда, Тасқалада жылқы аз болса, Теректiде екi шаруашылық қана бар. Жерi де шөбi де үйлесiмдi бола тұра, қаратөбелiктердiң жылқыны сирек ұстауы таңдантады.

ӨСIМ ДЕ, ҚОЛДАУ ДА БАР

Соңғы жылдары жылқының төлi есебiнен көбеюi де қуантады. Өткен жылы жалпы облыс бойынша әр жүз биеден 75-тен құлын алынды. Сөйтiп, алдыңғы жылмен салыстырғанда мал басы – 6,9 пайызға өстi.

Сондай-ақ, мемлекеттiк қолдау да әртараптандырылуда. Бүгiнгi қойылар талап – сапалы да сiңiмдi жылқы етi және қасиеттi қымыз қазақ елiнiң брэндiсiне айналуы тиiс. Ендi өнiмдi өндiру аз, оны халықаралық талаптарға сай өңдеп, сыртқа шығару мiндетi қойылып отыр. Биыл мемлекет тарапынан өңiрiмiз бойынша жылқы етiне 13 млн. теңге, қымыз өндiрiп, өңдеп шығаруға 3 млн. теңге көмек қаржы қаралған. Әрине, айтарлықтай мол ақша болмағандықтан, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Қазақстан Республикасының Үкiметiнен оны көбейтудi сұрап отыр. Нәтижесi әзiрге белгiсiз.

Зеленов ауданындағы "Қымыз" СТК-i мемлекеттен 80 миллион несие алып, биенi автоматты жүйемен сауып, өнiмiн өңдеудi iске асырмақ. Күнi кеше ғана құрылған "Ұлттық тағам" кооперативiнiң (төрайымы Дина Зейнуллина) де келешегiнен күтерiмiз көп.

– Тек қыл құйрықты асыл жануардың әзiрге терiсi мен тұяғын ғана кәдеге жарата алмай жүрмiз, – дейдi Қали Ақон. – Бұрын қазақ жылқы терiсiнен торсық, мес жасап, қылын құрылысқа пайдаланған ғой. "Үмiтсiз шайтан", мүмкiн, келешекте бұл түйiннiң де шешiмi табылар…

Өткен жылы ағылшын ғалымы Алан Аутрем жылқыны 5500 жыл бұрын бүгiнгi Қазақстан жерiнде ата-бабаларымыздың қолға үйреткенiн дәлелдеп, ендi бұл жаңалықтың ғылыми айналымға мықтап енетiнiн айтты. Қасиеттi түлiк – жылқы жануарын елiмiзде көптеп өсiру Қазақстанның ауылшаруашылық саласын алға сүйрейтiн игi қадам. Ендiгi мiндет – қолда барды қадiрлей бiлу ғана.

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ