Жаңалықтар

АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ БОЙЫНДАҒЫ АЙТУЛЫ IСТЕР

ашық дереккөзі

АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ БОЙЫНДАҒЫ АЙТУЛЫ IСТЕР

Көптен күткен "көгiлдiр отын"

Әрiдегiнi қозғамағанда, құрылғанына алдағы жылы 210 жыл толатын Бөкей хандығы өз тарихында не көрмедi дейсiз. Едiл мен Жайық аралығына Бөкей сұлтан бастап көшiп, Жәңгiр хан ордасын орнатқанымен, патшалық Ресейдiң шеңгелiнен шыға алмады. Кеңес өкiметi Қазақстанда алғашқылардың қатарында осы Ордада орнағанымен, оның қайырын бөкейордалықтар тағы көре қойған жоқ. Ол ол ма, 1952 жылы Нарын құмының қасиеттi жерi әскери полигонға берiлiп, Орданың халқы жан-жаққа тентiреп көштi.

"Халық мұңын хан қайтсiн тағындағы,

Қабырғаны ойлатпас қарын қамы.

Қалың елдiң көргенi – қайғы ғана,

Қап-қара бұлт қоршап тұр Нарынды әлi.

Ала дауыл Азғырдың аспанында,

Ақырзаман келе ме қасқағымда?!

Алай-түлей жасап бiр ажал-құйын,

Адамдардың ойнайды бастарында.

Кiмдер екен әкелген жұртқа қайғы,

Қайсысы ендi шығарар сыртқа жайды.

Қазақ байғұс iшедi құдығынан,

Келiмсектер бұл суды ұрттамайды,"

– деп кезiнде жырлағанымыздай, осылайша жерiн пайдаланып, Нарынның байлығын тоз-тоз қылғанымен, елдiң әлеуметтiк жағдайын көтеру кейiнге ысырыла бердi. Ресейдiң көршiлес ауылдарына тақтайдай тегiс жол, "көгiлдiр отын" сынды өркениет игiлiктерi әлдеқашан жасалса, бөкейордалықтар бұдан тыс қалды. Тек Батыс Қазақстанға әкiм болып Бақтықожа Iзмұхамбетов тағайындалғаннан кейiн ғана сең қозғалып, көптен күткен газ құбыры тартылды.

Мұндай қуанышқа биыл Сырым, Қаратөбе аудандарының тұрғындары да кенелiп, тезек тасып, күл шығару машақатынан құтыла бастады. Сөйтiп, әкiм келгеннен бергi үш жылдың iшiнде облыстағы аудан орталықтарының бәрiне табиғи газ жеткiзiлдi. Облыс басшысы халықпен кездесуiнде берген бiр уәдесiн осылайша орындап, сөзi мен iсiнiң әрдайым қабысып отыратынын дәлелдедi.

ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАН ЖОБАЛАР

Бақтықожа Салахатдинұлы қолға алған басты шаруалардың бiрi- өңiрдiң энергетикалық тәуелсiздiгiн қамтамасыз ету болатын. Осы бағытта биылғы маусым айында Зеленов ауданы Новенький ауылы маңында газтурбиналы электр стансасының бiрiншi кезеңi пайдалануға берiлдi. Аталмыш станса толық қуатына көшкенде сағатына 54 МВт электр қуатын өндiрумен бiрге Орал қаласының зәулiм үйлер көптеп салынып жатқан сегiзiншi және тоғызыншы шағынаудандарын жылумен де қамтиды. Ең бастысы, бұл – электр қуатымен қамтуда Ресейге тәуелдiлiктен құтылудың бiр жолы.

Елбасы тапсырмасына сәйкес өңiрде жалпы құны 271 млрд. теңге болатын 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатса, 90,6 млрд. теңгеге бағаланған тоғыз жоба республикалық индустрияландыру картасына енгiзiлген. Соның iшiнде 57,9 млрд. теңге тұратын төртеуi биылғы бiрiншi жартыжылдықта iске қосылса, тағы төрт жоба биылғы жыл аяғына дейiн аяқталмақ. Өңiрдiң өндiрiстiк қуатын арттыруға бағытталған мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғаспақ. Әрине, қандай да болмасын жаңа iстi бастау үшiн қаржы керек.

Өңiрде салық базасын нығайту, бюджетке түсiмдi молайтумен бiрге қаржының орнымен жұмсалуын қадағалау бағытында да көптеген шаруалар атқарылуда. Жыл сайын мемлекет қазынасына түсетiн салық та, облыс бюджетi де молайып келедi. Мәселен, өткен жылы облыс бюджетi 91,6 млрд. теңгенi құраған болатын. Ал биыл шiлде айында облыс бюджетi 3 миллиардтан астам теңгеге нақтыланып, жетi айда 87 млрд. 229,6 млн. теңгеге жеттi. Өткен жылы өңiр экономикасына 238,6 млрд. теңге инвестиция құйылды, бұл 2008 жылғыдан 2,2 пайызға артық.

Осы орайда айта кететiн бiр жайт, бұрын Қарашығанақ жобасына қатысушы шетелдiк компаниялар облыстың әлеуметтiк жобаларына жылына 10 млн. АҚШ долларын бөлiп келсе, облыс басшысының тынымсыз iс-әрекетi нәтижесiнде ендi олар 20 млн. доллардан бөлетiн болды. Облыс әкiмi Бақтықожа Iзмұхамбетовтың биылғы ақпандағы өңiр жұртшылығымен кездесуiнде атап өткенiндей, соңғы екi жылда Қарашығанақ альянсынан әлеуметтiк жобаларға 120 млн. доллар тартуға қол жеткiзiлдi. Осыншама уақыт iшiнде мұншама қаражат шетелдiк компаниядан бұрын-соңды тартылып көрген емес. Бұл қаржы облыстағы ең өзектi мәселелердi шешуге, мәселен, газдандыру, әлеуметтiк салада мектеп, балабақша сынды жаңа нысандарды салуға жұмсалып отыр.

Елiмiзде дағдарысқа қарсы шаралар аясында "Жол картасы" бағдарламасы оң нәтиже бергенi анық. Бұл жағынан да облыс көздеген межеден шығып келедi. Мәселен, өткен жылы 5073,4 млн. теңгеге 81 инвестициялық жоба дiттеген жерiне жетiп, соның нәтижесiнде 8926 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл облысымызда "Жол картасын" жүзеге асыруға 5498,4 млн. теңге қаралса, соның iшiнде 60 инвестициялық жобаға 4705,2 млн. теңге бөлiндi. Тамыздың 1-iне дейiн 3708,5 млн. теңге бөлiнiп, соның 3593,6 млн. теңгесi игерiлдi немесе 98,5%. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында 5083 жаңа жұмыс орны ашылып, соның арқасында 4256 адам еңбекке тартылды.

Өңiрде қай сала болмасын ауыз толтырып айтарлық алға басулар бар екенiн айқын аңғаруға болады. Мәселен, 2009 жылы облыста 67,3 млрд. теңгенiң құрылыс жұмыстары атқарылып, бұл алдыңғы жылғыдан 12,2 пайызға асып түскен болатын. Биылғы жетi айда 43,3 млрд. теңгенiң құрылыс жұмыстары атқарылып, өткен жылғыдан 35,2 пайызға өстi. Әлемдегi қаржы дағдарысына қарамастан, облыста жаңа денсаулық сақтау, бiлiм беру нысандарының, тұрғын үйлердiң көптеп салынып, iске қосылуы қажырлы еңбектiң нәтижесi екенi даусыз. Биыл тұрғын үй құрылысына 2,4 млрд. теңге бағыттау жоспарланса, қазiрдiң өзiнде бұған 3,9 млрд. теңге жұмсалды. Жетi айда 85,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлдi, бұл өткен жылғыдан 4,1 пайызға артық.

ЖАНАШЫР

Кәрiм Мәсiмовтiң өңiрге биылғы шiлде айындағы жұмыс сапары кезiнде жаңа нысандардың ашылуымен қатар облыс басшысының болашақты ойлап, Премьер-министрдiң назарын кейбiр түйткiлдi мәселелерге аудара бiлгендiгiнiң куәсi болдық. Айталық, облыс диқандарының биылғы қиын жағдайы жан-жақты сарапқа салынып, соның нәтижесiнде облысқа 150 мың тонна астық бөлiнiп, шаруалардың алған қарыздарын өтеу кейiнге қалдырылатын болды. Сондай-ақ, Орал қаласының ескi әуежай ауданындағы халықтың тұрмыс-тiршiлiгiмен таныстыра отырып, осы маңда 1200 орындық мектеп пен 320 орындық балабақша салуға облыс басшылығының ұсынысымен "ҚПО б.в." компаниясының 20 млн. доллар бөлгенiн жеткiзген әкiм тағы бiр балабақша құрылысына қаржы қарастыруды Үкiмет басшысынан өтiндi, сол бойда уәдесiн де алды. Сол секiлдi Зашаған кентi тұрғындары үшiн маңызы зор подстанса құрылысының тоқтамауы үшiн қосымша қаржы бөлiнуi керектiгiне көз жеткiзе бiлдi.

Президент тапсырмасына сәйкес бүлдiршiндердi балабақшамен қамту мәселесiн де облыс басшысы үнемi қадағалап келедi. Соның нәтижесiнде 2007 жылы мектепке дейiнгi тәрбиемен қамту 41 пайыз болса, қазiр ол 73 пайызға жетiп отыр. Бұл – республикадағы жоғары көрсеткiштердiң бiрi.

Облыста мемлекеттiк тiлге ерекше бетбұрыс жасалып, барлық маңызды жиындардың қазақ тiлiнде өтiп келе жатқаны шындық.

Өңiрде негiзгi азық-түлiк өнiмдерiнiң бағасы ұдайы бақылауда ұсталып отыр. Мәселен, тұтыну бағаларының индексi 103,9 пайыз деңгейiнде қалыптасты, бұл республикалық көрсеткiштен 0,5 пайыздық тармаққа төмен. Сондай-ақ, елiмiздiң өзге аймақтарымен салыстырғанда, жоғары сортты астық, сары май, шұжық, балық және басқа өнiмдер арзан болып отыр.

Кеңес дәуiрiнде және одан кейiнгi жылдары жетiм балаларға баспана там-тұмдап қана берiлсе, кейiнгi кезде билiк орындары бұл мәселенi жедел қолға алды. Облыс басшысының оң көзқарасы мен талабы нәтижесiнде 2009 жылы жетiмдерге 51 пәтер берiлсе, биыл олар тағы 57-сiне қоныс тепкелi отыр.

Бақтықожа Iзмұхамбетовтың елге жанашырлығын өз басымыздан өткен жайтпен сабақтастыра кеткеннiң артықтығы болмас. Солақай жекешелендiрудiң салдарынан баспанасынан айырылып, ақыры "көшпелi жұртқа" айналған, кезiнде Қасым Аманжолов, Жанғали Набиуллин, Рахымжан Отарбаев сынды атақты ақын-жазушылар қызмет еткен қара шаңырақ – облыстық "Орал өңiрi" және "Приуралье" газеттерi редакцияларының ауыр жағдайы Бақтықожа Салахатдинұлының жүрегiн ауыртқаны күмәнсiз. Облыс басшысының тiкелей қолдауымен баспаханасына қоса, iшi-сырты бiрдей жарқыраған дербес ғимарат осы газеттердiң басын қосып отырған "Жайық Пресс" ЖШС-iне берiлдi. Жалпы, әкiмнiң рухани салаға жақындығын тек бұнымен шектеуге болмас. Көптен көрiнбей кеткен аудандар көркемөнерпаздары есептiк концерттерiн қойып, облыс сахнасына шықса, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлi, Ескендiр Хасанғалиев сынды бiртуар тұлғаларымыздың мерейтойы өз дәрежесiнде аталып өтiлуде. Ақ Жайық ақын-жазушылары, биылдан бастап ай сайын стипендия алып тұратын болады. Сонымен бiрге өткен жылдан берi "Ақ Жайық қаламгерлерiнiң кiтапханасы" сериясымен жергiлiктi қаламгерлердiң туындылары жарық көруде.

Сегiз қырлы, бiр сырлы, Ақ Жайық елiмен етене болып кеткен әкiмнiң мұнай саласының бiлiктi ғалымы екендiгiне қоса домбыра шертiп, күй тартатынын жұрт бiледi. Жасынан арғымақтың жалына жармасып өскен Нарын құмының түлегi үстел теннисiн ұршықтай үйiрумен бiрге, зiлдей гiр тасын көтеруден де тайынбайды.

Бала кезiнен өлең жазып, жыр шумақтарының шуағына бөленiп келе жатқан Бақтықожа Салахатдинұлының ақынжандылығына да сөз жоқ. Сондықтан мақала соңын:

Өттi қанша ата-баба аты iрi,

Бетке айтатын Махамбеттей батыры,

Есте қалар жалпақ елге жақыны,

Ақ Жайыққа келдi-ау, мiне, ақыры,

Ақындардың iшiндегi әкiмi,

Әкiмдердiң iшiндегi ақыны, – деген өлең жолдарымен түйiндегiм келедi.

Ғайсағали СЕЙТАҚ,

Батыс Қазақстан облысы