Жаңалықтар

МАҢ-МАҢ, МАҢ БАСҚАН...

ашық дереккөзі

МАҢ-МАҢ, МАҢ БАСҚАН...

Төрт түлiктiң төресi – түйе бұрын өңiрiмiзде көп өсiрiлiптi. Тарихи деректерге сiлтеме жасасақ, 1838 жылы тек Бөкей Ордасының өзiнде 91 мың бас түйе болған. Өткен ғасырдың ортасына дейiн түйе өсiру елiмiзде мал шаруашылығының жетекшi салаларының бiрi ретiнде қарастырылған. 1952 жылға дейiн Орданың табысты шаруашылық болып, дүрiлдеп тұрған №88 түйе зауытының бiр өзi неге тұрады?!

Өткен ғасырдың ортасында билiк басына келген Н.Хрущев түйе мен жылқының қас жауы болып шықты. Көнекөздердiң айтуынша, осы тасыр басшының тiкелей нұсқауымен барлық жерде, соның iшiнде Қазақстанда да түйе мен жылқы шаруашылықтары таратылып, орнына iрi қара, шошқа және қоян өсiруге басты мән берiлген. Нәтижесiнде қазақтың киелi қара нары мен желмен жарысқан жабағы жылқысы еш ескерусiз қалды. Л. Брежневтiң тұсында да ахуал күрт өзгере қойған жоқ. Рас, ол өркештi және қылқұйрықты жануарларға "өшiккен" де емес. Соны пайдаланып, көптеген кеңшарлар мен ұжымшарлар, әсiресе облыстың оңтүстiк аудандарында түйе мен жылқы санын там-тұмдап көбейте бастады. Сексенiншi жылдардың ортасында Жәнiбек ауданының тек Т. Жароков атындағы кеңшарында 300-дей түйе болып, оны Тоқабаевтар отбасы бағып-қағып, еселi еңбек үлгiсiн танытып жүрдi. Тек тәуелсiздiк жылдарынан соң, қазақ ата кәсiбiне қайта оралып, орнықты негiзде түйе мен жылқы санын өсiруге кiрiстi. Алайда күнi бүгiнге дейiн тек түйе өсiретiн шаруашылықтар облыс былай тұрсын, тiптi республика бойынша тым аз. Тек Алматы облысының Iле ауданындағы "Дәулет-Бекет" шаруа қожалығында 8 мың, ал Қызылордадағы "Құланды" шаруашылығында 2 мыңдай түйе өсiрiлуде. Бiздiң өңiрде ондай түйе өсiрумен айналысатын ұжым – Бөкейорда ауданындағы "Хан ордасы" асыл тұқымды ЖШС-i. Қазiр онда 246 түйе бар. Жалпы алғанда, облыс бойынша қазiр 3,5 мың бас Ойсылқара тұқымы есепке алынған. Соның 1800-i iнген. Егер "Ханордасын" мамандандырылған асыл тұқымды жалғыз шаруашылық деп қарайтын болсақ, басқа қожалықтардың да түйе өсiруге талабы бар. Мәселен, Жаңақала ауданындағы "Сүндетқалиев" шаруа қожалығында 135 бас түйе бағылып отыр. Бұдан басқа, Ақжайық ауданының "Жамбыл", "Нұртiлек", Бөкейордасының "Курорт", "Зейнолла", "Қайнум", "Есет", Жәнiбектiң "Әлем", "Ғазиз", Зеленовтың "Есет", Қазталовтың "Сарыөзен", Шыңғырлаудың "Жарас", "Өнiм" шаруашылықтарының әрбiреуiнде 20-30-дан түйе ұсталуда. Бәрiнiң күйi де, күтiмi де ойдағыдай. ТҮЙТКIЛДI ТҰСТАР Алайда мемлекет әлi күнге дейiн iрi қараға басымдық бере қоймай отыр. Мәселен, күнi кешеге дейiн асыл тұқымды сиырды сатқаны үшiн ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiге сатылған малдың әр килограмына 150 теңгеден көмекқаржы берiлiптi. Тап сондай мақсатты көмекқаржы асыл тұқымды жылқыны сатқанда 100, түйенi сатқанда 75 теңгенi құраған. Әрине, соңғы екi асыл түлiктi кемсiту көрiнiп тұр. Тек биылдан бастап, мемлекет асыл тұқымды түйенi нарықтық бағамен сатуға рұқсат еттi. Бұл жолы асыл тұқымды түйенi сатып алған шаруаға сол жануардың салмағының әр келiсiне 75 теңгеден көмекқаржы төленедi. Оған да шүкiр. Немесе мынадай мысал. Бiр iнгендi бағып-күту үшiн облыстық бюджеттен жыл сайын… 5 мың теңге ақша бөлiнген. Дұрысында киелi де кiрпияз жануардың бағым-күтiмi кемiнде 55-60 мың теңгенi құрайды. Айырмашылықты өзiңiз есептей берiңiз. Түйенiң жүнiне сұраныс болғанымен, оған мемлекет тарапынан бiр теңге де көмекқаржы бөлiнген емес. Қашан бөлiнерi де белгiсiз. ШҰБАТ Жанға – дауа, дертке шипа – шұбатқа келейiк. Бiр жақсысы, биыл шұбатқа мемлекет тарапынан көмекқаржы берiлетiн болды. Бүкiл облысқа бар болғаны 70 мың теңге. Көмекқаржы тек өндiрiп қана қоймай, шұбатты өңдеп, тауар ретiнде ұсынымға шығаратын шаруашылықтарға берiлмек. Өте дұрыс. Шұбаттың әр литрiне бөлiнетiн көмекқаржы 55 теңгеден аспайды. Әрине, мүлдем аз. Қазiр Орал қаласының қоғамдық тамақтандыру орындарында сатылатын, алыстан әкелiнетiн қызылордалық шұбаттың литрi – 650-700 теңгеден кем түспейдi. Ал бiзде iнген сауылғанымен, оны тауар ретiнде жүйелi өткiзу кемшiн. Шұбат өндiретiн шаруа қожалықтарының басым көпшiлiгi оңтүстiк аудандарда. Оны жедел жеткiзiп, халыққа өткiзе салу қиын. Демек, шұбаттың әр литрiне берiлетiн көмекқаржы көбейтiлуi керек. Бұл – бiр. Екiншiден, қымыз және шұбат өндiрушiлердiң өзара бiрлестiгi немесе кооперация құру қажет. Өткен айлардың бiрiнде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында өткен қымыз және шұбат өндiрушiлердiң жиынында осындай ортақ ұйғарымға қол жеткiзiлдi. Оларды бие және iнген сауатын аспаппен және өнiмдi өңдеп, пластмасса құтыға құйып, тауар күйiнде шығаратын технологиялар жеткiзудi мойнына алатын "Ұлттық тағам" өндiрiстiк кооперативi де өмiрге келу қарсаңында. Оның қашан және қалай iске асары келешектiң еншiсiнде. Серiк ЫҚСАНҒАЛИ, Орал қаласы Түйiн. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы Қали Ақонның айтуынша, өңiрiмiзде түйе өсiрудiң пайдаланылмай жатқан мүмкiндiктерi ұшан-теңiз. –Төрт түлiктiң төресi – түйе жарықтықтың өзге жануарлардан басты айырмашылығы –жылқы, қой, сиыр, ешкi жемейтiн өсiмдiктердi ашырқанып тұтынады. Сондықтан облыстың Жәнiбек, Орда, Жаңақала, Тайпақ, Қаратөбе аудандары – нағыз өрiсiн түйеге толтыратын аймақтар. Ауа райы негiзiнен алғанда шөлейт, жерi сортаң, шөбi жұтаң аталған аудандарда Ойсылқара ұрпағы өзiн еркiн сезiнедi. Әрине, түйе ыстыққа да, суыққа да төзiмдi. Дегенмен қысы қарсыз, жылылау болып келетiн сол аудандар түйе өсiруге мейлiнше ыңғайлы,-деп сөзiн аяқтады облысымыздың бас зоотехнигi. Расында Ойсылқара тұқымын өсiрiп қана қоймай, асылдандырып және шұбат өндiрудi, оны нарыққа шығаруды кеңiнен жолға қоятын шақ келдi. Сонау Израильда жебiрей ғалымдар шұбаттан балмұздақ жасап жатқанда, бiздiң сол шұбаттың өзiн сөрелерге самсатып қоя алмауымыз өте өкiнiштi-ақ…