Жаңалықтар

ЕЛБАСЫ АСТАНА ҚҰРЫЛЫСЫН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

ашық дереккөзі

ЕЛБАСЫ АСТАНА ҚҰРЫЛЫСЫН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

"Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының тиiмдi жобалары

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елiмiздiң бас қаласы – Астананың бүгiнгi тыныс-тiршiлiгiмен танысты. Аз ғана уақыттың iшiнде әсем де көрiктi қалаға айналған Елорданың экономикалық даму қарқыны да жылдан-жылға артып келедi. Зәулiм ғимараттар мен тұрғын үй кешендерiнiң аспанмен астасып салынуы қалаға ерекше реңк берiп қана қоймай, баспанасыздар мәселесiнiң шешiлуiне өз септiгiн тигiзуде.

Бүгiнде "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры сақалды құрылысқа айналған тұрғын үй кешендерiнiң қайта жандануына қаржылай қолдау көрсетiп келедi. Соның нәтижесiнде Астана мен Алматы қаласындағы құрылысы тоқтап қалған бiрқатар нысандар жұмысы қайта тiрiлiп, үлескерлер де қоныс тойын тойлап жатыр. Осы тұрғыда Астананың төрiнен салынып жатқан, қазiргi кезде бiтуге таяп қалған тұрғын үй кешендерiн аралауға "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Қайрат Келiмбетовтiң келуi заңды да. "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-ы, Астана қаласының әкiмдiгi және "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлiк қоры өкiлдерiнен құралған топ дағдарысқа қарсы мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес қабылданған жылжымайтын мүлiк нарығындағы проблемаларды шешу бойынша талай шаруаны жүзеге асыруға құлшына кiрiскен.

Елбасы Есiлдiң сол жағалауынан бой көтерген бiрнеше нысанды аралап көрiп, өзiндiк сәулет өнерiмен көз тартатын "Солтүстiк шұғыласы" тұрғын үй кешенi құрылысының жұмысына оң баға бердi. Еске салсақ, тұрғын үй кешенiнiң аяқталуын қаржыландыру туралы келiсiмнiң нәтижесiнде 2 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған. "Базис-А" компаниясы қолға алған тұрғын үй кешенi үш негiзгi ғимараттан және астыңғы қосарланған ортақ ғимараттан тұрады. Яғни, инфрақұрылымның бiр жерде шоғырлануы тұрғындарға өте тиiмдi. Кешен 165 бизнес-класты пәтерден тұрса, қалған 135 пәтер сатып алу құқығы бойынша жалға берiлмекшi. Ал, 30 пәтер үлескерлерге тиесiлi.

"Самұрық-Қазына" Жылжымайтын мүлiк қоры" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Нұрғалиевтiң айтуынша, бiр шаршы метр үшiн жалға алу бағасы 1300 теңгенi құрайды екен. Бүгiнде жылжымайтын мүлiк қорында 27 тұрғын үй құрылысы болса, соның 26-сы Астана қаласында.

Елбасы бұдан соң 39 қабатты "Изумрудный квартал" әкiмшiлiк кешенiне атбасын бұрды. 112 шаршы метрге созылып жатқан кешендi салып жатқан құрылыс компаниясы ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беретiндiгiн жеткiздi. Қос нысанды аралау барысында көңiлi тоқмейiлсiген Елбасы Н.Назарбаев Астананың бүгiнгi таңдағы көздiң жауын аларлық сұлулығына тәнтi болды. – Астананың iшiнде жаңа әрi тамаша ғимараттар iске қосылып жатыр. Астаналықтарға арналған ең жақсы, элиталы пәтерлер салынуда. Оның iшiнде мыңнан аса пәтер болса, астыңғы қабатында автотұрақ, дүкен жұмыс iстейдi. Астанадағы ең биiк 47 қабатты ғимарат пен тұрғын үй кешендерi келесi жылы салынып бiтсе, Елордамыз өркендеп дамитын болады, – деген Н.Назарбаев алған әсерiмен бөлiстi.

Елбасы сондай-ақ, мемлекеттiк қызметкерлерге лайықталып салынған мемлекеттiк үйлердiң бой көтеретiндiгiн тiлге тиек еттi. "Қазiргi кезде ақпарат құралдары Астананың ескi орталығындағы ғимараттарда жұмыс iстеуде. Ал, мұнда ең соңғы заманауи үлгiдегi байланыс орнатылған. Сол себептен де бұл жерден медиаорталық салынатын болады. Онда "Хабар" агенттiгi мен "Қазақстан" корпорациясы орналасады", – дедi Елбасы.

Сонымен қатар Тәуелсiздiк сарайының оң жағынан үлкен тарихи музей мен опера және балет театры орын теппекшi. Бұл бұл ма, Оқушылар сарайы мен Өнер университетi жанынан 4 мың орындық жаңа университеттiң кiрпiшi қаланбақ. Елбасының айтуынша, Астана қаласындағы тұрғын үй, әлеуметтiк-мәдени орталықтар, спорт, денсаулық сақтау нысандарының құрылысы Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына орай аяқталатын болады.

"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ жылжымайтын мүлiк нарығындағы мәселелердi шешу аясында екi тетiктi пайдаланып отыр. Бiрiншiсi – екiншi деңгейлi банктер арқылы тұрғын үй нысандарын аяқтау, екiншiсi –"Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлiк қоры арқылы жалдамалы тұрғын үй сатып алу. Қазiр бес банктiң қатысуы арқылы 5242 үлескер қаржы салған 14 нысанға қаржы құйылды. Бұдан бөлек жылжымайтын мүлiк қоры 89,3 млрд.теңгеге 24 нысанды аяқтау үшiн шарт жасасты. Сондай-ақ, ипотекалық несие алған азаматтардың мәселесiн шешу үшiн де қарымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесiнде былтырғы жылы ипотекалық несие алған азаматтардың қарыздары қайта қаржыландырылып, пайыздық көрсеткiш 9-11 пайызға төмендетiлдi. Бұл көмектiң арқасында 31400 отбасы өз қарызын 30 пайызға төмен төлеуге мүмкiндiк алды. Яғни, әр отбасында кемiнде 4 жан бар деп есептесек, бүгiнде шамамен 140 мың азамат "Самұрық-Қазынаның" шарапатын көруде.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ