“ЕСЕП”-тiң бiр ерi
“ЕСЕП”-тiң бiр ерi
Ел тәуелсiздiгi үшiн басын қатерге тiккен Зейнолла Игiлiкұлын еске алғанда
Кезiнде Қарағандыда орыстық шовинизмге қарсы “ЕСЕП” деген ұлттық ұйымның болғанын бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Соны құрушылардың бiрi – Қарағанды облысы, Шет ауданында тұратын жазушы Кәмел Жүнiстегiден сонау бiр қиын-қыстау жылдарда азапты күндердi бiрге өткiзген Зейнолла Игiлiкұлы деген азаматтың бар екенiн естiген едiк. Бүгiнгi әңгiмемiз де, репрессияның құрбандығына шалдыққан асыл азамат төңiрегiнде өрбiдi.
– Сонау бiр жылдары өзiңiзбен бiрге жасырын ұйымды құрысқан Зейнолла Игiлiкұлы туралы бiлгiмiз келген едi. Ол кiсiмен қалай таныстыңыздар және ол оқиға қалай басталған едi?!
– Иә, сол уақыттан берi тура жарты ғасыр өтiптi-ау. Зейнолла менен екi жас үлкен едi. Өмiр тәжiрибесi де менен молдау. Әскер қатарына шақырылып, мiндетiн де өтеп келген-тiн. Мiндеттi әскери борышын өтей жүрiп, кiшi лейтенант атағын да алған екен. Әскер қатарындағы өмiрiнiң қызық-шыжығымен көп бөлiсетiн. Елде де "целинник" боп келген мұжықтардың көтен-зорлығын көп көрген жiгiт ол жақтарда да жиi кемсiтушiлiкке кездесiп отырыпты. Бiрде оның атын атағысы келмей, "ендi сен Вовасың, ей, Вова" – деп, мазақ етiп шақырған орыспен өлердей болып төбелескенiн айтып едi. Бiр мың тоғыз жүз алпысыншы жылдың наурызының қара-қатқақ шағы. Зейнолла екеумiз шовинистiк зомбылық туралы түн жамылып, ұзақ сөйлестiк. Мен қандай iске бас тiксем де, соңыма еретiн азаматты тапқандай болдым. Партия мен үкiмет тарапынан қолдау тапқан шовинистер тоңмойындықпен бас көтерiп, исi қазаққа жасап жатқан қиянат жүрегiне кек боп қатқан Зейнолла не iстен болса да таймайтынын бiлдiрдi. Сол бiр шақты кәзiргi жастардың көз алдына елестету қиын. Қазақ мектептерiн жаппай жауып, орыс мектептерi ашылып, радиодан күндiз-түнi орыс әндерiн сарнатып, орысша жазғанда сәл қате жiбергендердi шетiнен қызметiнен қуып, тiптi ауылдарда қазақша концерт қоюға тыйым салды емес пе. Көше-көшеде ұрандатып жүретiн "целинниктер" кiмдi болса да қағып кету, балаларды допша тебе салу, зорлау, зомбылық көрсету әдетке айналған жағдай болған.
Бiз осыған қарсылықты әуелi қазақша концерт ұйымдастырудан бастадық. Соған дайындық құруға клубтың қаңырап бос тұрған залын бермей, кiтапхананың аядай бөлмесiн пайдаландық. Концерт болатын күнi үлкендердi өзiмiз көлiкпен тасып әкелдiк, қазақша ән естiген ақ жаулықты аналар жылап тұрып батасын берген едi. Жастарды осылай соңымызға ерте алдық. Жастардың еретiнiне көзiмiз жеттi.
– Басқа қызмет iстеп жүрген қазақ азаматтары ше?
– Қарапайым қызметкер қазақтың басынан кешiп жатқан күнiн жоғарыда айттым. Бiр орыстың "үп" дегенiнен қалмайды. "Әупiрiм" – десiп, әрең жүр олар. Облыс көлемiндегi қызметкерлермен тiлдесiп көрудi жөн көрдiк. Ол кезде обкомпартияның ғимаратына кiру аса қиын емес, аты-жөнiңдi жазып алады да, жiбере бередi. Қарағанды обкомында iстейтiн бiр қазақ инструкторына барып едiк, ол бiздiң "қазақ құрып барады" деген уәжiмiздi естiп, төбе шашы тiк тұрып, өзiнен жоғарылау бiреуiне апарып едi, онысы тiптi қарқ-қарқ күлiп, "ой, сендер де айтасыңдар-ау, жүрмiз ғой мiне, қазақ болып" деп, бөлiм бастығына сүйредi. Онысы бiздi тыңдап болып: "Әй, қателеспеңдер, неғұрлым тезiрек орыстансақ, қазаққа жеңiл болады" деп түйген едi, анау екеуi қоштай жөнелдi. Түңiлiп шықтық. Иә, ол кезде райком, обкомда iстеу үшiн КГБ-ның салпаңқұлақтары болу керек едi. Бiздi сол жерде ұстап бермегенiне тәубә. Ендi бiз күресуден басқа жол жоқ екенiн анық түсiндiк. Қазақ үшiн интернационализмнiң не екенiн бiз жете түсiндiк.
– Қызыл империя қаһарында едi ғой, одан бүкiл әлем сескенетiн. Сонысынан қорықпадыңыздар ма? Мақсаттарыңыз не едi?
– Иә, ол тура ажал оғы едi ғой. Оны аузынан ажал отын шашқан айдаһар десе болады. Ал, бiздi бәрiбiр өлетiнiн бiлген соң жасаулы мылтыққа қарсы ұмтылған, кегiмдi ала кетейiн деген жолбарысқа теңедi. Бiздiң Шет ауданының 48311 қазағынан 1933 жылы 5021 адам ғана тiрi қалған. Сонан 300-нен аса адамын отыз жетiншi жылы жалмаған. Ол қорқынышты жасымыздан бiлiп өстiк. Зейнолланың: "Ең болмаса, ел үшiн тұяқ серпiп өлейiк, ең болмаса, мынау әлем жұртының қарсылық көрсетiп өлуге жараған бiр қазақтың болмағаны ма, демесiн" деген сөзi есiмде. "Құрыдық қой, құрыдық. Ең болмаса табытқа салып көмбеңдер" деп сақалы жас жуған ақсақалдардың өкiнiш өксiгi бiздi сол азапты көруге айдады. Басшы қазақтардан түңiлдiк. Сөйтiп бiз келесi қадамға, ұйымға жасырын мүше тартуға, қазақтың бар қаласындағы студент жастарға үнпарақ (листовка) таратуға көштiк. Ұйым қатал тәртiпке құрылды. Бiр адам өзiн тартқан адамды ғана бiлетiнi, онан жоғарғы тұрған адамды бiлмеуi қатал бақыланды. Ұйымды ЕСЕП деп атадық (Елiн сүйген ерлер партиясы ), ал үнпарақтың астына Зейнолланың ұсынысымен "Жас Қазақ"деп жаздық. Үнпарақтардың бiрде-бiрi Қарағандыдан жөнелтiлген емес. Бұл да ұйымның адресiн құпия сақтауға керектi шара едi.
– Сонда Зейнолла аға көшбасшы болып қызмет атқарды ма?
– Бiраз iстi Зейнолла екеумiз өзара бөлiскендей болдық. Мен партияның бағдарламасы мен жарғысын жазып шықтым. Ал, Зейнолла негiзiнен ұйымдастыру шараларымен шұғылданды. Үнпарақтарды әртүрлi жолдармен тарату оның мойнында едi. Ұйымға тiзбектi әдiспен адам тарту да оған жүктелген. Әуелде үнпарақтарды қолмен жаздық. Бұл өнбейтiн жұмыс едi. Ақыры Саят деген жiгiт баспа машинкасын ебiн тауып әкелiп бердi. Машинканы тығып ұстау да Зейноллаға тапсырылды. Ол кезде баспа құралдары КГБ-ның есебiнде болатын. Машинаның әрiптерiн өзгерту қажеттiгi туындады. Мен Зейнолланы Рымқұл Сүлейменовпен таныстырдым. Рымқұл ескiрiп, бұзылған машинкалардың әрiптерiмен қамтамасыз еттi де, екеуi сол әрiптердi бiздiң машинкаға орнатып тынды. Кейiн КГБ-ның қармағына iлiнген тұста бiз машинкамыздың болғанын мойындамай кеттiк. Машинканы Аюлы тауындағы үңгiр маңына тығып , сол жерде Рымкеш деген қыздың көмегiмен листовкалар бастық. Кейiн, кесiктi мерзiмдi өтеп келген соң Рымкеш Зейноллаға тұрмысқа шықты.
– Жасырын ұйымының осы iстерiнiң нәтижесi сол кезде көрiндi деп айта аласыз ба?
– Әрине, болды. КГБ-нiң сабылып, қала-қаладағы студенттерден жаппай жауап алып жатқаны, шовинистiк билiктiң үрейлене дүрлiгуi нәтиже емес пе?! Тiптi бiзден басқа да үнпарақ таратушылар көбейiп кеттi. Оқу орындарында үнпарақтар алғашқыда қардай жауды десе болады. Қарағанды оқу орындарында бiз таратпасақ та, сонау Алматы, Гурьев, Ақмола жақтан үнпарақтар келiп жатты. Үнпарақтар жастар арқылы ауыл-ауылға да жетiп жатты. Қазақы тiршiлiктен күдерiн үзген қариялардың көзiнде ұшқын пайда болды. Талай сұмдықты бастан кешкен үлкендер: "Қалада солай болып жатыр екен, КГБ ешкiмдi аямайды, сендер тыныш жүрiңдер" деп, өзiмiзге сан ескерттi. Осы туралы жазушы, бүгiнгi сенатор Алдан Смайлов та мектеп бiтiрген тұста өзiнiң осы үнпарақтар туралы естiгенiн жазды. Бағана менен: "Мақсаттарыңыз не едi?" деп сұрап қалдың ғой. Әрине, бiз алып империяны құлатып тастау қолдан келмейтiнiн бiлдiк. Мақсат күдерiн үзген халыққа үмiттiң оты бар екенiн көрсету, "бiз тiрiмiз, ұлт үшiн күресе аламыз" деп шовинистерге сес көрсету, қазақ жастарының намысын ояту едi. Бұл мақсатқа жеттiк. Бiзден соң "Жас Тұлпар" пайда болды. Онан кейiнгi пайда болған ұйымдарда шек жоқ. Олар арнайы зерттелуi керек. Керек десеңiз, 1986 жылдың оқиғасы да сол тұтанған намыстың желiсi. Желтоқсан оқиғасынан кейiн КГБ-де тағы да осы оқиғаға бiздi идеялық дем берушi деп танып, тағы он жылға кесiп жiберу туралы мәселе де қаралғаны белгiлi.
– Зейнолла ағаның азаматтық танытқаны туралы да айтып едiңiз бiр кездерi…
– Оңай болмады. Осы жерде де Зейнолла азаматтыған танытты. Әуелде, тiптi менi танымаймын деп жатып алғанының өзi неге тұрады?! Менi қорғап қалуға тырысқан. Кейiн елге қайтып келген соң, Рымқұл Сүлейменовке: "Мен Кәмелдiң басын сақтап қалуға тырыстым. Ол елге бәрiнен де керек адам" деген екен. Кейiн оны Р. Сүлейменов өзiнiң сол кезеңдер туралы "Жұлдыз" журналында жазған естелiгiнде жариялады. Тергеу қысыммен өттi. Бәрiне төздiк. Зейнолла екеумiз мойнымызға пәленбай жылдық жазаны арқалап кете бардық. Саяси лагерьде де оңай болған жоқ. Тамақ жоққа тән, жұмыс ауыр. Ағаш кесiп, жарып, оны үюдiң нормасын екi адам түгiлi төрт адам орындай алмадық. Орындамасаң жаза тұр. Сонан бүкiл бригада болып, өзiмiзше норма белгiлеудi ұсынып, азаматтарды аралап шықтық. Әуелде не болғанын түсiнбеген надзирательдер, кейiн тiмiскiлеп жүрiп үгiтшiнiң мен екенiн бiлiп, карцерге сүйредi. Сонда Зейнолла: "Ол емес үгiтшi, менiң iсiм"деп араға түскен едi. Карцерге сан жапты. Тастай бөлме, терезе орнында шыны салынбаған үңгiрше. Еденге бұтағы сыртқа қаратылған бөрене төселген. Жатпақ түгiлi сол бұтақ арасынан отыруға орын таппайсың. Карцерден денi сау адам есеңгiреп шығады, ал науқас – бiржолата арғы жаққа бетiн түзейдi. Латыштың атақты Гунар деген азаматымен де сол жерде таныстық.
– Елге аман-есен оралдыңыздар. Ендiгi өмiр қалай жалғасты?
– Талай зорлықты бастан кешкен елдiң жүрегiнiң жылуын оралған соң сезiндiк. Бiрақ ел iшiнде мансап үшiн бәрiне баратындар да бар ғой. Тыңшылықты да солар атқарады, неше пәле-жаланы да ұйымдастыратын да солар. Зейнолла орталықтағы мектепте бiр қыс қана iстей алды. Келесi жылы алыстау тұстағы жетiжылдық мектепке мұғалiм болып кетуге мәжбүр болды. Ол мектепте де екi жылдай iстеп, мектеп жабылатын болған соң, аудандық клубқа меңгерушiлiкке орналасқан. Пәле тағы басталды. Қырағылық танытқан бiреу: "Бұл жерде “халық жауына” жұмыс iстеуге болмайды, мұнда микрофон бар" деп шыға келдi. Зекең тағы жұмыстан қуылды. Кiм көрiнгеннiң қолында жүретiн микрофон да сылтау болған заман-ай! Зейнолла ендi оқу бөлiмiне уақытша алынды. Сол бiр тұста ауданда музыка мектебi ашылып, соған лайықты басшы таппай, ақыры домбырашылығымен танылған Зейнолланы сол мектептiң меңгерушiсi етiп тағайындады. Зекең мектептiң жұмысын өзiнiң деңгейiне қоя бiлдi. Бiрер жылдан соң-ақ оның оқушылары халыққа өнер көрсете бастады. Тап осы жерде тағы пәле iздегендер жармаса кеткен. “Мектеп, оның басшысы Зейнолланың ықпалымен, балаларға зарлы күйлер мен мұңды әндердi үйретедi. Бұл коммунистiк қоғамға жат пиғыл” деген арыздар бұрқырап бердi. Ақыры оқу бөлiмi оны тағы да қызметтен босатуға мәжбүр болды. Кiшi лейтенант дәрежесi бар Зекең қазақ мектебiне әскери дайындық сабағының оқытушысы болып орналасқан. Тағы да бiрер жыл ың-шыңсыз қызмет атқарған едi, ендiгi пәле оқ салатын ұңғысы жоқ, не стволы пәленше жерден тесiлiп-кесiлген оқулыққа арналған мылтықтан шықты. Осындай мылтық бар жерде де “халық жауы” аталған адам жұмыс атқаруға болмайды екен, оны да "қырағы" көре қалыпты. Жұмыстан тағы қуылды. Бұл мәселенiң әдiлетсiз екенiн айтып ауданның бiрiншi басшысы М. Абақановқа барған Зекеңдi: "Сен “халық жауысың”, шық кабинетiмнен" деп қуып шықты. Адам темiр емес қой, темiрдiң де шыдамы, шегi бар. Өне бойғы қуғын-сүргiннен Зекең ауыра бастады. Жүрегi сыр бердi. Ендi ол мектепте болар-болмас жалақыға қазақ тiлiнен сабақ берген. Жыл өттi. Әлдебiр бастықтың баласының жазған шығармасында пәленбай қате жүрiп, Зекең "бес" деген баға қоя алмаған екен, ендiгi дау осыдан өршiп, бұл жұмыспен де қош айтысты. Зейнолла Игiлiкұлы ендi оқу бөлiмiне методист болып орналасты. Мен де ұзақ жылдар iстеген орыс мектебiн тастап, осы оқу бөлiмiне методист болып ауысқан едiм. Екеумiз бiр кабинеттемiз. Бiз отырған жердiң құрулы қақпан екенiн де бiлемiз. Аса көп әңгiмеге бармай, қағазға шұқшиямыз. Бiр-екi жыл өттi. Тыныш сияқты едiк. Ойда жоқта Талды мектебiндегi оқу-тәрбие iсi райкомның бюросында қаралды. Мектеп бiтiретiн бiр қыз бала жүктi боп қалыпты. Райкомның агит-пропаганда бөлiмi де (АПО) белсене кiрiсiптi. Сонымен ақырған хатшы Абақанов: "Оқу бөлiмiнiң жұмысы әбден ақсаған. Себебi, оны алашордашылар басып алған. Сондағы екi “халық жауын” да, олардың мектептегi жұбайларын да жұмыстан қуындар" деген нұсқау берген. Оқу бөлiмiнiң бастығы Т. Балықов ауруға шалдыққан Зекеңдi аяды бiлем, мәселенiң ушығып тұрғанын маған айтты. Зейноллаға қанша жеңiлдетiп мәселенi жеткiзсем де, оның түсi бұзылып, жүрегiн сипалап, орынынан зорға тұрды. Мiне, осы жағдайдан кейiн Зейнолла жиi-жиi ауруханаға түсе бердi. Асқынған ауру ақыры азаматты жеңдi. 1988 жылы Зейнолла Игiлiкұлы елу бiр жасында дүниеден өттi. Ол дүниеден өтер соңғы сәтiнде: "Егер мен дүниеге қайта айналып келер болсам, осы жасағанымды қайта iстер едiм. Не қорлық көрсем де өкiнбеймiн"– деген едi. Елiн сүйген азамат осылайша елi үшiн құрбан болып кете бердi.
Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАСОВА