Жаңалықтар

НҰР-МҮБАРАКТАҒЫ КЕЛIСТI КЕЛIСIМ

ашық дереккөзі

НҰР-МҮБАРАКТАҒЫ КЕЛIСТI КЕЛIСIМ

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениетi университетi және "Ислам мәдениетi мен бiлiмiн қолдау қоры" екi жақтың Жарғысы аясында келiсiмшартқа отырып, тұсаукесерiн өткiздi.

ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес елiмiздегi мұсылман қауымының береке-бiрлiгiн дамыту және ислам дiнiнiң дұрыс бағытта өркендеуiне қолдау жасау мақсатында "Ислам мәдениетi мен бiлiмiн қолдау қоры" құрылып, оның жұмыс жасай бастағаны бiраз жұртшылыққа мәлiм.

Қордың негiзгi мақсаты – ислам мәдениетi, ғылымы мен бiлiмнiң дұрыс бағытта дамуына көмектесу.

Қордың iргелi қызметтерiнiң бiрi – дiни жүйенi қалыптастыру мен дамыту, ең алдымен Қазақстанның мұсылмандық ұйымдары үшiн Ислам дiнiнiң негiздерiн үйретiп, әдебиеттi көптеп шығару, медреселердiң жанынан ислам кiтапханаларын ашу, кiтап қорын жасау.

Ал Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениетi университетi – елiмiздегi жоғары бiлiмдi имамдар мен исламтанушылар даярлайтын жалғыз оқу орны.

Биылғы оқу жылында Қор университет студенттерiнiң кәсiби бiлiмiн, деңгейiн көтеру үшiн исламтану мамандығының 15 студентiне жылдық оқуақы бөлiп, сонымен қатар университеттiң ғалымдарын, оқытушыларын қаржылай қолдауға, т.с.с. iс-шараларға демеушiлiк жасауға ниеттенiп отыр.

Тұсаукесер рәсiмiнде Нұр-Мүбарак университетiнiң ректоры М.Ф.Хижази, ҚМДБ-ның аппарат жетекшiсi Қ.Жолдыбайұлы, ҚР Мәдениет министрлiгi, Дiни iстер комитетiнiң төрағасы А.Досжан, Қордың атқарушы директоры Б.Мырзаев, Нұр-Мүбарак университетiнiң проректоры Ш.Кәрiм сөз сөйлеп, Қор мен университет арасындағы келiсiм мәнiсiн бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiне жариялады.

Қордың атқарушы директоры Балғабек Мырзаев: "Қор алғаш ашылғанда қоғам қайраткерi, ғалым, мемлекет қызметкерлерiнен құралған 5 кiсi оның бастамасын бекiттi. Қордың басшысы боп Ардақ Досжан сайланды.

Қор алдында үлкен шаралар тұр. Сондай-ақ, "Қазақстандағы Ислам" журналын шығарып, онда Ислам дiнiнiң даму барысын, мемлекет тарапынан қаншалықты қолдау тауып отырғанын көрсетпекшiмiз. Дiни әдебиеттердi көптеп шығаруды көздеудемiз. Оның алғашқы қарлығашы ретiнде исламтанушы Қайрат Жолдыбайдың "Дiн мен дiл" кiтабын 25000 тиражбен шығардық", – десе, Дiни iстер комитетiнiң төрағасы А.Досжан алдағы уақытта Қор ТМД елдерiнiң Бас мүфтилерiн Қазақстанға шақырғалы жатқандарын атап өттi.

Рәсiм соңында Қор мен университет келiсiмшарт құжаттарына қол қойып, Қор грантын иеленген студентке алғыс бiлдiрдi.

Қасиеттi Рамазанның нұрлы жұмасында жүзеге асқан бұл келiсiм келiстi де жемiстi болғай!

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ