Жаңалықтар

ОРАЗА АЙТ МЕРЕКЕСI

ашық дереккөзі

ОРАЗА АЙТ МЕРЕКЕСI

Мұсылманшылдықты сан түрлi мiндеттерге жегiлуден немесе қатып-семiп қалған догмалардан тұрады десек қателесемiз. Ислам бейбiтшiлiк (арабшада "ислм" сөзi – бейбiт өмiр мағынасында) дiнi болғандықтан, адамзат баласын қуанышқа бөлеуге құмбыл тұрады. Әсiресе, мұсылман қауымының ынтымағы мен бiрлiгiн арттыруға ерекше басымдық бередi. Яғни, Хақ үкiмдерiнiң астарынан жұмыр басты пенделердi мәңгiлiк бақытқа жетелейтiн хикметтi ғана көре аламыз. Әсiлi, Алла Тағала құлшылық қылуды бұйыра отырып, адамзат баласын иллаһи шуағы мол ләззаттарға бөлейдi. Дiнiмiздегi әрбiр үкiм хикметке толы әрi адамды қуанышқа кенелтуге негiзделген. Тек, ол хикмет пен зор қуанышты хақ үкiмдерiн қалтқысыз орындаумен ғана терең сезiне аламыз.

Ислам дiнiндегi қойны-қонышы хикметке толы иллаһи зор қуаныштың бiрi – Ораза айт мерекесi екенi әмбеге аян. Мұсылман қауымы отыз күн тұтқан оразаның шүкiршiлiгi ретiнде Шәууал айының алғашқы үш күнiнде Ораза айт мерекесiн тойлайды. Алла Елшiсi (с.а.у) алғаш рет бұл мерекенi Мәдинаға көшкеннен кейiн 624 жылы атап өткен. Кейбiр дереккөздерге қарағанда Ораза айт мерекесi Мәдина халқының ескi мейрамының жаңартылған нұсқасы болып табылады. Дегенмен, Алла Елшiсi (с.а.у)-ның хадис-шарифтерiне қарағанда бұл мейрам ислам дiнiнiң төл мерекесi саналады.

Жафар бин Мұхаммедтiң жеткiзуiне қарағанда Алла Елшiсi (с.а.у) Ораза айт мерекесi күндерi әдемi киiмдерiн киiп жүретiн. Ораза айтының намазын оқымай тұрып, май мен құрма жейтiн. Хасан ас-Сабит: "Екi айтта да Хақ Елшiсi (с.а.у) бiзге әдемi киiнудi, жұпар иiс себудi, жағдайға қарай семiз малды шалуды бұйыратын едi", дейдi. Осы хадиске байланысты Ислам ғұламалары мұсылмандарды Ораза айтының таң сәрiсiнде бойдәрет алып, тiстерiн тазалап, мұнтаздай таза һәм әдемi киiмдерiн киiп жүруге үндейдi. Ораза айт намазынан бұрын пiтiр садақа берiп, мешiтке барып уағыз-насихат тыңдаудың мустахаб (амалдардың абзалы) екенiн айтады.

Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның "Мерекеңiздi тәкбiрмен (намаз) безендiрiңiз" деген хадисi Ораза айт намазы хақында айтылған. Ханафия мазхабының ғұламалары Кәусар сүресiндегi "Фасалли ли Раббикенi…" (Сондықтан, айт намазын оқы) Ораза айт намазына жасалған ишара деп бiледi. Осыған орай бiздiң мазхабымызда Ораза айтының намызын оқу уәжiп (мiндеттi) саналады. Ал, Шафийлер мен Маликилерде сүннет муәккада (уәжiпке жақын сүннет), Ханбалияда парыз кифая (ешкiм қылмаса, барлығына күнә жазылады) болып табылады. Ораза айт намазы күн найза бойы көтерiлгенде (кераһат уақытының шығуы, яғни, күн шыққаннан кейiн қырық бес минут өткен соң) мешiттерде оқылады.

Уахаб ибн Мүнаббихтiң жеткiзуiне қарағанда Алла Тағала жұмақты осы Ораза айт күнi жаратып, Туба (жаннаттағы өсiмдiк) ағашын осы күнi еккен. Жебiрейiлдi де осы күнi пайғамбарларға уаһи түсiретiн перiште ретiнде таңдап, перғауынның сиқыршыларының тәубасын да осы күнi қабыл еткен. Осы күнi шайтанның әскерлерi бiр жерге жиналып: "Сiз неге көңiлсiзсiз?", деп шайтаннан сұрағанда, ол: "Алла Тағала бүгiн мұсылмандарға кешiрiм жасады. Ендi оларды қайтадан нәпсiсiне бағындыру үшiн әуреге түсетiн болдық", деп мұсылман қауымының кешiрiмге ие болып, ұшпаққа шыққанына қатты өкiнедi екен.

Имам Ғазалидiң жеткiзуiне қарағанда осы күнi барлық перiштелер таң алакеуiмде жер бетiне түсiп: "Уа, Мұхаммедтiң үмбетi, оянып сыртқа шығыңыздар. Алла Тағала сiздердiң барлық күнәларыңызды кешiредi!", деп ораза ұстаған мұсылмандарды iзгi хабармен сүйiншiлесе, Алла Тағала мұсылмандардың Ораза айт намазын оқуға мешiттерге келгенiн көрiп: "Сендер куә болыңдар. Мен оларға шексiз ризамын. Оларды кешiрдiм!" дейдi екен.

Иә, Жаратушысына жүгiнген жұмыр басты пенде Ораза айт мерекесiнде перiштедей пәк күйге бөленiп, Хақ шұғыласына шомып, хақиқат сырларына қаныға алады. Ағайын-жұрағат арқа-жарқа болып, бiр сәт күйбең тiршiлiктегi өкпе-назды ұмытып, қойны-қонышына сыймаған қуанышын бiр-бiрiмен бөлiседi. Мұндай берекелi шақта бiр-бiрiне деген жылуар сезiмi атқақтап, көңiлдiң тұтастығы арта түседi. "Айт құтты болсын!" деп, ақ түйенiң қарнын жарып, ұлан асыр той жасайды. Ендеше, Құдай Тағала халқымызды осындай қуаныштан айырмай, дәйiм айттан айтқа аман есен жеткiзiп, ұлтымыздың мерейi тасып, бiрлiгi мен тiрлiгi арта берсiн деп тiлеймiз!

Ақмарал Сатыбалды, дiнтанушы