Жаңалықтар

АЛМАТЫДА МҰҒАЛIМНIҢ ЖАЛАҚЫСЫ АЗ

ашық дереккөзі

АЛМАТЫДА МҰҒАЛIМНIҢ ЖАЛАҚЫСЫ АЗ

Бұл қала әкiмiн қатты алаңдатады

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов жаңа оқу жылының басында облыс, қала басшыларымен тiкелей байланысқа шықты. Елiмiздегi бiлiм ұяларының қысқы жылу маусымына дайындығы мен жергiлiктi бiлiм саласы қызметкерлерiнiң мұң-мұқтажымен танысу үшiн Премьер-министр әкiмдерге сөз бердi.

Жаңа оқу жылы табалдырықтан аттағанмен, бiлiм ұяларының дайындығы мәз емес. Жазғы демалыстың өте шыққанын сезбеген кейбiр жергiлiктi бiлiм басшылары тығырыққа тiрелетiн түрi бар. Жақында Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң өзi мектептердiң оқу жылына әзiрлiгiн тексеру үшiн елдiң барлық аймағына инспекторлар жiберудi тапсырған болатын. Егер осы тексерудiң барысында қандай да бiр заңсыздықтар анықталса, осы саланың басы-қасында жүрген жауапты адамдар жылы орнын босатуы мүмкiн. Сондықтан да барлық әкiм-қаралар құрылысы аяқталмаған және жылыту құбырлары жөндеуден өтпеген бiлiм ошақтарына қатысты туындап отырған мәселенi тез арада шешуi тиiс болып тұр.

Тiлсiз жаудың тосыннан келетiн апат екенiн ескерсек, бiлiм ошақтарының жартысы ғана өрт дабылы жүйесiмен жабдықталған көрiнедi. Сол себептен де мектептегi өрт қауiпсiздiгiн сақтауды қаперiнен шығарып алған 3 жарым мың лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Мектептерге тексеру жүргiзген Төтенше жағдайлар министрi Божконың айтуынша, Қазақстан бойынша жалпы саны 2 мыңнан астам нысан тексерiлiп, 9 мың заңбұзушылық фактiсi анықталған. Iстi болған 3 мыңнан астам адамға 24 миллион 542 мың теңге айыппұл салыныпты. Ең сорақысы, қара тiзiмге iлiккен бiлiм ордаларының көпшiлiгi жаңа оқу жылын қаннен-қаперсiз бастап жiберген.

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовпен тiкелей желiге шыққан облыс, қала әкiмдерi жаппай антсу iшiп, осы мәселелердi межелi уақытында шешуге уәде бердi. Айтпақшы, осы байланыс кезiнде Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов ұтымды ұсыныс жасаған. Ол қаладағы мұғалiмдердiң жалақысын көтеру керектiгiн үкiмет басшысына құлаққағыс еттi. "Алматыдағы орташа жалақы көлемi 100 мың теңгенi құрайды. Алайда, жоғары санатты мұғалiм айына 47 мың теңге алады. Бұл – Алматы қаласының мұғалiмi өзге аймақтарға қарағанда айлықты аз алады деген сөз. Еңбегiн ақтамайтын азғантай жалақысы қаладағы өмiр талабына сай емес. Сондықтан мұғалiмдердiң жалақысы Алматы қаласындағы орташа айлықтың 70 пайызына жеткiзiлсе екен" деген Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов барша мұғалiмнiң көкейiнде жүрген мәселенi баса айтты.

Әкiм жасаған ұсынысқа оң қабақ танытқан Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бұл мәселенi алдағы уақытта бiлiм саласын дамыту бағдарламасын қарастырған кезде басты назарда ұстайтындығын жеткiздi. Егер ұсыныс билiк тарапынан қабылданып жатса, ұстаз қауымының еңсесi бiр көтерiлiп қалар едi.

Таңның атысы мен күннiң батысына дейiн алдындағы 20-30 оқушыға бар жиған-тергенiн сiңiретiн аяулы ұстаздың еңбегi қашан да ерен. Ата-анадан кейiнгi баланың тәрбиешiсi саналатын мұғалiмнiң көңiлi көтерiңкi болса, баланың да бiлiмi тереңге қанат жаяды. Оқушыға жан-тәнiмен берiлетiн ұлағатты ұстаздың еңбегiн мойындап, әрi бағалау адамзат алдындағы үлкен парыз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ